Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.
Мағжан.
Көкшені алаш баласы түгел біледі десек артық болмас, бірақ осы жер жауһары атанған ғажайып өлкенің әлі де ішіне бүгіп жатқан небір тылсым сыры бар екенін біреу білер, біреу білмес. Соның бірі – Көкшенің етегінде орналасқан Щучинск аймағына қатысты тарихи деректер.
Қазіргі күні Щучинск қаласын қазақшалап Бурабай деп атап жүрміз. Қалашықтың негізін Қотыркөл станицасына орналасқан казак-орыстар 1849 жылы балық аулауға, омартаға, шабындыққа ыңғайлы жер деп іргесін қалай бастаған екен деседі. Совет үкіметі Щучье станицасында күшпен орнады, табиғат байлығы жетерлік болғандықтан өз-өзімен өмір сүретін халық ауқатты еді. Сібір казак-орыс әскерінің қатарында қызмет ететін казак-орыс азаматтарының көпшілігі репрессияланды, бірталайы шетке қашып кетті. Қалған ел большевиктік билікті мойындады, енді бұл елді мекен село Шучинское аталды.
Осылайша жүргенде 1925 жылы Көкшетаудан темір жол келді, яғни елді мекен Щучинская станция атанды. Енді келіп темір жолды Щучинская станциясынан Қарағандыға қарай жалғастыру керек болды. Осылайша станция маңында темір жолдың табанына төсейтін қиыршық тас алатын орындар, одан кейін зауыт салынды. Бұл жерде паравоз, вагон жөндейтін депо, шыны зауыты сияқты басқа да өндіріс орындары болғаны сөзсіз, соның ішінен біз тақырыпқа қатысты болғандықтан қирышық тас зауытын ерекше атап жатырмыз.
1930 жылы Щучинскіде педагогикалық училище ашылды, 1934 жылы Степняктан тау-кен техникумы осы жерге көшірілді. Бірте-бірте Щучинскі ауылының халқы да өсіп, өндірісі де күшейіп 1939 жылы 20 мамырда қала дәрежесін иемденді. Соғыс кезінде бұл аймаққа неміс, шешен-ингуштар көптеп көшірілді, басқа да жер аударылғандар көп еді, қала көп этнос өкілдерінің өмір сүру мекеніне айналды.
Біз бұл мәселені неге айтып отырмыз? Щучинск станицасының ауылға, одан станцияға, одан қалаға айналу процесі өз бетінше қызық тақырып, бірақ бір гәп бар. Щучьеге дейінгі бұл аймақтың бірнеше мыңжылдық тарихы ұмытылып қалды! Қазіргі күні кез келген анықтамалықты қарасаңыз, бұл елді мекен өз тарихын 1849 жылғы Қотыркөл орыс-қазақтарының «выселогынан» бастайды. Сол себепті бұл қалашықтың атын өзгертейік, «Абылайхан» немесе «Оқжетпес» атайық т.б. деген ұсыныстар көп. Тіпті Бурабай демалыс аймағына тарихи негіздеме жасау үшін «Ботай» энеолит қонысының макетін орнату да бұл аймақтың тарихын білмеудің салдары.
Ең алдымен Щучинск аймағы қазақ заманында қалай аталды деген сұраққа жауап беру керек. Ізденіс барысында М.Ж. Көпейұлы жазбаларынан мынадай дерек шықты. Ғұлама ғалым «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» (Қазан, 1907) кітабында өз аталары туралы жаза келіп: «Мен өз атым – Жүсіп, қырық тоғыз жаста отырмын. Әкем аты-жөні Көпей, жылы барыс еді, жетпіс үш жасында, барыс жылы өліп, Баянаулаға қойылды. Оның әкесі Сермұхаммед, жетпістен асып өліп, Қызылтауға қойылды. Оның әкесі Ақжігіт, қырық тоғыз жасында өліп, Көкшетау бауырында «Шортан Қарағай, Қыздың қарасуы» деген жерге қойылды...» дейді. Қарапайым есепке қарағанда Ақжігіт ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген болып отыр, яғни сол кезде біздің Щучьеміз «Шортан Қарағай, Қыздың қарасуы» аталған. Автор «Көкшетау бауырында» дейді, қазіргі Бурабай ол кезде Көкшетау атымен белгілі, ал оның бауыры – бұрыңғы «Шортан Қарағай» қазіргі Щучинск қаласы, «Қыздың қарасуы» Щучье көлі болады.
Щучинск маңына қолдың саласындай қалың өскен қарағайға қарасаңыз, бұл жердің неге Шортан Қарағай атанғанын түсінесіз. Қазір бұрынғы қарағай орманның сиреп қалғанын ескеріңіз, көп жылдар бойы бей-берекет кесу, жаппай құрылыс орманға әсер етпей қоймайды. Щучье қарағайы түгілі Бурабайдың өз орманы да қазіргі күні сиреп қалған, бұрынғыдай шайыр иісін де сезбейсіз. Жарайды, Шортан Қарағай аты түсінікті, енді бір жақ жағалауын Жеке батыр, Сұңқар қия, екінші жағын Шортан Қарағай жиектеген әдемі көл неліктен «Қыздың қара суы» атанған деген үшінші сұрақ туындады.
Бұл сұраққа жауап беру үшін біз бірталай тарихты ақтардық. Соның ішінде біздің көзімізге оттай басылғаны – белгілі ғалым-тарихшы А.Н. Бернштамның «Находки у оз. Борового в Казахстане» деген Археология және этнография музейінің 1951 жылғы ХІІІ жинағында жарияланған мақаласы (СМАЭ. Т. XIII. М.-Л.: 1951. С. 216-229).
А.Н. Бернштам Эрмитажға тап болған кездейсоқ олжа туралы былай деп жазады: «В 1928 г. при каменоломных работах на гранитных сопках в Казахстане, в Щучинском районе, тогда Петропавловского округа, в 6 верстах на север от с.Щучьего и в 2 верстах от Боровского лесного техникума, в сосновом бору случайно обнаружили погребение. Оно было перекрыто гранитной плитой до 4000 кг весом, длиной в 4.5 м, шириной 1.5 м и толщиной 0.7 м. Под ней оказались ещё две плиты до 0.12 м толщиной. Под этими плитами в мелком щебне и крупной гальке оказался бронзовый сосуд – котёл, ниже которого была обнаружена могильная яма. В ней оказался сильно разрушенный костяк, от которого более или менее сохранился череп. Около покойника обнаружены: кинжал (очевидно наконечник копья) и наконечники стрел, конские удила, большое количество серебряных и золотых изделий. Часть из них составляют пластинки с тиснением, большая часть представляет собой украшения в виде пластинок с инкрустацией. Кроме того, были обнаружены отдельные находки бронзовых пряжек, крупные бусы, мелкие бусы из пасты и сердолика, две серьги и тому подобные предметы украшения».
Ғылыми әдебиетке «Бурабай қазынасы» деген атпен енген, біздің жыл санауымыздың IV-V ғасырларына жататын бұл тарихи жәдігерлік Қыздың қарасуының солтүстік-батыс жағында, қалың қарағайдың ортасындағы ғұн дәуірінің қорғанынан табылғандықтан «Қыздың қазынасы» десек те болар еді. Жоғарыда осы жерден ХХ ғасырдың 20-ншы жылдарының соңында темір жол құрылысына ұсақ тас (щебень) алғанын жаздық. Жақында осы қорғанда белгілі жазушы, өлкетанушы П. Косовичтің жолбасшылығымен болдым. Қазіргі күні «Қыздың қазынасы» табылған обаның орны, оның бетін жапқан тас плиталардың сынықтары жатыр. Құдайдың құдіретімен обаның үстінде қып-қызыл болып итмұрын өсіп тұр! Тарих жәдігерлікті жан-жағын қоршап, мемлекет қарауына алу, туристік нысан ретінде пайдалану керек-ақ!
Өкінішке қарай жергілікті елдің де, кәсіби тарихшылардың да бұл қазына туралы хабары шамалы. Тіпті кейбір анықтамалықта қола қазан, алтын және күміс әшекейлер, қапсырмалар, түймелер мен алтын алқа, садақ оқтары, найза ұшы, ауыздық сақ дәуірінде жасалған деп жазылып жүр. Егер байыптай қарасақ, әсіресе алтынмен зерлеу дәстүрі (инкрустация), алтын пластина үстіне орнатылған асыл тастар, қола қазан сақ дәуірінен кейін өмірге келген полихромды қолөнерді еске түсіреді, яғни бұл даусыз ғұн өркениетінің жәдігерлігі (суреттерді қараңыз). Орталық Қазақстандағы ғұндардың Қараағаш, Қанаттас обаларынан табылған әшекей заттардың да орындалуы жағынан Қыздың қарасуынан айырмашылығы жоқ. Ал енді садақ оқтары, қанжар Батыс Қазақстанда жиі кездесетін сармат тайпаларының қару-жарақтарымен сәйкес. Менің өзім де ертеректе М. Қадырбаевпен бірге Елек өзені бойындағы сармат қорғандарынан Қыздың қарасуында табылған оқтар мен қанжардың сыңарларын кездестірдім.
Бізде Ғұн өркениетін Қытаймен байланыстырып, оның өнер туындыларының тамырын сол жақтан іздейтін ғылыми дәстүр әлі де күшті. Шын мәнінде бұл Орталық Азиялық мемлекет және өнері де жергілікті болып табылады. Қыздың қарасуынан табылған алтын-күміспен құрсауланған, қынамен боялған, шыныдан жасалған түймелерді күні кешеге шейін біздің аналарымыз тағын жүрді. И. Бичуринді оқысаңыз түрлі-түсті шыны жасау Орталық Азия халықтарына ертеден тән өнер екенін білесіз: «Тай-ву (424 ж.) әулеті басқарған уақытта астанаға юечжи қарамағындағы елден келген саудагерлер тасты балқытып түрлі-түсті шыны жасай алатынын айтты, оны дәлелдемек болып таулардан кен алып келіп астанада балқытып сынады. Бұл тәжірибе сәтті шықты, тіпті батыс елдерінде жасалған шыны заттардан да көрі жылтыры көбірек болып шықты. Ежен хан осы шынымен тақ орналасқан орданы әшекейлеуді бұйырды» (Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Спб.,1851, ІІІ , с.166).
Әрине, А.Н. Бернштам ғұн өркениеті туралы жазбаларында бірталай тың пікірлер айтқан. Мысалы ол Еуропада «гот мәдениеті», немесе «варварлық мәдениет» деп танылып жүрген дүниелердің астарында ғұн өркениеті барын жазады. Бұл сол кезең үшін жаңалық еді, бірақ ол ғұн өркениетінің түп бастауында Еуразияның кіндік ортасын иемденген, заманында қола өндірісін жасаған тайпалар тұрғанын аңғарды деп айта алмаймыз. Дегенмен оның «наблюдение... даёт нам основания связывать и блестящие экземпляры находок у оз. Борового с эпохой гуннов, а так называемую культуру варварского типа рассматривать как культуру гуннов. Несомненно, что эта культура складывалась на базе разнообразных этнических племён, на базе предшествующих им культурных приобретений. Известно, как древен шнуровой орнамент на керамике, прослеженный здесь в бордюрах золотых и вызолоченных пластинок. Культ птицы чрезвычайно широко был распространён у кочевников и полуномадов» деп анықтап жазуы көп жайды аңғартса керек.
А.Н. Бернштамның «Находки у оз. Борового в Казахстане» мақаласындағы қорытынды пікір де өз күшін бүгінгі күні жоғалтқан жоқ деп ойлаймыз: «находки у оз. Борового являются ярчайшей документацией творческого процесса в области материальной и несомненно связаны с местной среднеазиатской культурой, а также с большим политическим подъемом кочевников IV-V вв. н.э. В последней связи и заключается большое историческое и историко-культурное значение находок золотых вещей у оз.Борового».
Орталық Азиялық мәдениетті ешқашан отырықшы және көшпелі деп бөлуге болмайды, бұл бір-бірімен тығыз байланысқан симбиоз. Шынында да Қазақ хандығының тарихын Түркістан-Ташкент өңірінен бөліп зерттей аласыз ба, бұл пікір Ғұн дәуіріне де тікелей қатысты.
Сонымен біз қандай қорытынды шығарамыз? Біріншіден, қазіргі күні Щучинск аталып жүрген қалашықтың арғы бастауында Шортан Қарағай атауы тұр. Екіншіден, Щучье көлі аталатын су айдыны ертеде «Қыздың қарасуы» аталған. Үшіншіден, Қыздың қарасуы өз атауын ғұн ханшайымы жерленген қазыналы обадан алғаны даусыз. Бұл жердің мыңдаған жылдар бойы қасиетті болатыны да осы ғұн ханшайымына тікелей қатысты.
Бурабай – Шортан Қарағай аймағы ғұн дәуірінде маңызды саяси орталық, хандар мекені болды деген пікірімізге Бұрабай көлінен Ханның қызыл ағашына (бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай ауылы) баратын жолдағы Абақай қыратында орналасқан құрмалдық шалатын қасиетті орын, оның басындағы бұғы тастар да дәлел (суретін қараңыз). Абақай – қазақтың көнерген сөздерінің бірі, үлкен жылан деген мағына береді, қазіргі уақытта Іле аймағын мекен ететін қызай арасында ғана сақталған. Бұл қызай аталарының Бурабай-Шортан Қарағай аймағына қатысты барлығының бір дәлелі. Абылай ауылының байырғы тұрғыны, қарт мұғалім Тоқан Көбенов бізбен әңгімесінде «бұл жерге Қалмақ ханының қызы жерленген, қазынасымен көмілген, біреу тиіссе күн бұзылады» деген еді. Шамасы «Қалмақ ханының қызының бейіті» деп жергілікті ел Шортан Қарағайдағы ғұн ханшайымының қорғанын айтқан деп ойлаймыз. Кейін келе бұл тарихи ақпарат ғұн дәуірінен қалған құрмалдық орнымен араласып кеткен, қазақ баласы исламға дейін дәуірді «қалмақ» деп атай береді.
Міне, осы біздің айтпақ болғанымыз!