Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Санжар Асфендияровтың тағдыры мен мұрасы

2380
Санжар Асфендияровтың тағдыры мен мұрасы - e-history.kz

Санжар Асфендияров – ұлт тарихын ғылыми жүйеге түсірген тарихшы, қазақтан шыққан тұңғыш профессор, алғашқы дәрігер әрі университет ректоры. Өкініштісі аса дарынды тұлғаның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер саусақпен санарлық қана.

Санжар Асфендияров – ұлт тарихын ғылыми жүйеге түсірген тарихшы, қазақтан шыққан тұңғыш профессор, алғашқы дәрігер әрі университет ректоры. Өкініштісі аса дарынды тұлғаның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер саусақпен санарлық қана.

Санжар Асфендияровтың тек қызметтерінің өзін екі-үш бетке тізіп шығуға болады. Өйткені оның қызметі сан салалы. Алдымен Түркістанда, одан кейін Мәскеуде қызмет етті. Кейін Қазақстанға оралды. Дәрігерлік, халыққа білім беру, университеттерді құру, медицина саласы, ұлттық және мемлекеттік құрылыс, жер мәселесі, қазақ тарихын түгендеу, шығыстану бағытындағы зерттеулер – осының бәрінде оның ізі жатыр.

Санжар Асфендияров 1889 жылы 20 қазанда Ташкент қаласында дүниеге келген. Ол қазақтың екі бірдей ханының ұрпағы. Әкесі Сейітжаппар Асфендиярұлы   Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Айшуақтың шөбересі. Анасы Гүләндам Қасымова  Абылай ханның ұлы Қасымның немересі. Сейітжаппар мен Гүләндамның отбасында төрт ұл, төрт қыз дүниеге келген. Көзі ашық Сейітжаппар балаларының білім алуына ерекше көңіл бөлді. Қыздары Ташкент гимназиясында, ұлдары Ташкент реалды училищесінде оқыды.

Санжардың үш бауырының 1910 жылдан кейінгі тағдыры беймәлім. Мұстафа Шоқайдың естелігіне сүйенсек, Сейітжаппардың қалған үш ұлы революция жылдарындағы дүрбелеңнен аман қалмаған көрінеді.

Тарихи әдебиетте Санжарды Сейітжаппардың кенже ұлы деп көрсетеді. Алайда бұл жаңсақ пікір. Соңғы архивтік материалдарға сүйенсек, Мансұр оның ең кіші баласы болғаны анықталды.

Бала кезінен зерек әрі білімге құмар болған Санжарды әкесі тоғыз жасында Түркістан өлкесіндегі айтулы оқу орындарының бірі  Ташкент училищесіне береді. Санжар үшін алғашқы өмір мектебіне айналған бұл училище жаратылыстану бағытында әскери маманданған оқу орны еді. 1907 жылы училищені үздік аяқтап, куәлік алады. Бұл куәлікпен Ресей империясының ең үздік жоғары оқу орындарының біріне емтихансыз түсуге болатын. Осы себепті Санжар 1907 жылы жазда Санкт-Петербург университетіне құжат тапсырады. Алайда оқуға қабылданбайды. Бұл арманы жүзеге аспайды. Себебі өзінің сыныбында оқыған жалғыз мұсылман бала болғандықтан, латын тілін оқуға жіберілмей, дін сабағына да қатыстырылмаған. 

Осы кезде Санжардың маңызды шешім қабылдауына әпкесі Гүлсім ықпал етті. Әпкесінің кеңесімен Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық императорлық академияға түскен Санжар озық ойлы қазақ жастарының қатарына қосылды. Атақты хирург дәрігерлердің дәрістерін тыңдап, теориялық білім алды әрі госпитальдерде тәжірибе жинады.

Санкт-Петербургте оқыған жылдары Санжардың азаматтық және өмірлік көзқарасы қалыптасты. Әсіресе, Серәлі Лапин, Ахмет Бірімжанов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды қазақ зиялыларымен жақын араласуы оған үлкен әсер етті.

Өмірлік серігін де Санжар студент кезінде жолықтырды. Қазақтың белгілі қоғам қайраткері, шығыстанушы-заңгер Серәлі Лапиннің қызы Рабиға Лапинамен шаңырақ көтерді. 1912 жылы олардың Әлия есімді қызы, кейін Адалят атты екінші перзенті дүниеге келді.

Санжар Асфендияров 1912 жылы академияны бітіріп, әскери дәрігер дипломын алғаннан кейін Түркістан округіне қызметке тұрады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында полкімен бірге тұтқынға түседі. Дәрігерлік борышын бір сәтке де ұмытпаған ол басын қатерге тіге отырып, тұтқындарды ажал аузынан құтқару үшін аянбай еңбек етеді.

Майдан өтінде және тұтқында болған кезінде Санжар орыс отарлау саясатының қыр-сырын түсініп, саяси көзқарасы қалыптасып, дамиды. Патша билігіне, монархиялық режимге деген өшпенділік сезім оянады.

Санжар Асфендияровтың 1917-1918 жылдары Түркістан өлкесіндегі аштық кезінде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Тұрар Рысқұлов аштықпен күресетін Орталық комиссия құрды. Соған Санжар дәрігер ретінде өкілетті уәкіл болып кірді. Санитарлық пойыздар ұйымдастырып, ашыққан халыққа медициналық көмек көрсетті, жұқпалы аурулармен күрес жүргізді.  Жетім қалған балаларды арнайы жинап, аман алып қалу, ұлттық генофондты сақтау жолында үлкен еңбек етті. Бұл еңбегі әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді.

1919 жылы қазанда Санжар Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалды. Түркістан тарихында бұл салаға жергілікті ұлт өкілі басшылық еткен алғашқы әрі жалғыз кәсіби маман болды. Оның қажырлы еңбегі арқасында республикада жұқпалы аурулармен күрес жолға қойылып, жаңа ауруханалар ашылды. Асфендияровтың бастамасымен өлкеде дәрі-дәрмек шығаратын мекемелер мен алғашқы биохимиялық зертханалар, жұқпалы ауруларды зерттейтін орталықтар құрылды.

1919-1920 жылдары Түркістан мемлекеттік университетінде арнайы медицина факультетін ашуға ықпал етті. Соның арқасында жергілікті ұлт өкілдері арасынан жоғары білімді дәрігерлер шыға бастады.

Санжар жер-су реформасына да белсене қатысты. 1924 жылы Орта Азия республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу ісіне араласты. Жетісу мен Сырдария, қазіргі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының Қазақ Республикасының құрамына берілуіне үлкен еңбек сіңірді.

Санжар Асфендияров, Сейітқали Мендешев, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов сынды қайраткерлердің арқасында қазақ жерінің тұтастығы сақталды. Қазақ АКСР құрылып, халық саны бір миллионға артты.

Жан-жақты дарыны Санжар Асфендияровтың Мәскеуге жауапты қызметке шақырылуына себеп болды. 1927 жылы Мәскеудегі Нариманов атындағы Шығыстану институтының ректоры болып тағайындалды. Ресейдің ғылыми-академиялық ортасында беделге ие болды.

Кәсіби шеберлігі арқасында Санжар қазақтар арасынан алғаш профессор атағын иеленді. Мәскеуде жинақтаған тәжірибесін кейін Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастыруға пайдаланды.

1928 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болып шақырылды. Кейін бұл оқу орнын педагогикалық мамандар даярлайтын институтқа айналдыруға және еліміздегі тұңғыш медицина институтын ұйымдастыруға басшылық етті. Тағы бір еңбегі Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалауға жетекшілік етуі. Өзге ғалымдармен бірлесе отырып, академияны ірі ғылыми орталыққа айналдырды.

Өмірінің соңғы кезеңінде ғылыми-шығармашылық жұмысы жандана түсті. Қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазды. Мамандығы дәрігер бола тұра, тарихты, әдебиетті, өнерді, тіл білімін, биологияны терең зерттеді.

Ағылшын, француз, неміс, латын және шығыс халықтарының тілін жетік меңгерді. 1935-1936 жылдары «Қазақстан тарихы», «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс», «Қазақстанның дереккөздер мен материалдардағы өткені» атты екі томдық еңбегі жарық көрді.

Санжармен қызметтес болған, көзі тірісінде танысқан шәкірттері айтуынша, осы еңбектің екінші бөлігі де жазылған. Кеңес өкіметінің құрылуы, Азамат соғысы, Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасының тарихы, жаңа экономикалық саясат, жер-су реформалары осы кітапта қамтылған екен. Алайда Санжар Асфендияров 1937 жылы тұтқындалғаннан кейін бұл қолжазбалар жоғалып кетті.

Түрмеде отырған кезінде де жұмысты жалғастыруға рұқсат сұрап өтініш жазған. Өкінішке қарай, бұл өтініші орындалмады. 1937 жылы қазақтың өзге зиялыларымен бірге «халық жауы» атанып, бір жылдан кейін атылды. Сталиндік режимнің құрбанын небәрі 48 жаста еді. Санжар Асфендияровтың партия ұйымындағы жиналысында оған «қазақ хандарын, батырларын дәріптеді, қазақ тарихын ұлтшылдық көзқараспен жазды» деген айып тағылды.

Негізгі айыптар  пантүркішілдік, ұлтшылдық, антикеңестік ұйымдарға қатысы бар деген жалған негіздерге сүйенді. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіндегі материалдарға сәйкес, 1937 жылы тамызда тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда атылған. Ол тұтқындалған кезде Мәскеуде үлкен қызының үйінде тұрған.

Оған психологиялық қысым жасап, «халық жауы екендігін» мойындатқан. Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы бауырластар зиратына жерленген. Қазіргі таңда сол жерде қуғын-сүргін музейі бар, ескерткіш тақтаға есімі жазылған. 

Сталиндік қуғын-сүргін Санжар Асфендияровтың отбасын да шарпыды. Жұбайы Рабиға Серәліқызы «халық жауының жұбайы» ретінде сотталып, АЛЖИР лагеріне айдалды.

Ата-анасының жазықсыз жапа шеккені екі перзентіне ауыр соққы болды. Мәскеуде дүниеге келген үлкен қызы Әлия сонда қалып, тұрмыс құрып, Маша есімді қызын дүниеге әкелді. Кейін Израильге қоныс аударған.

Кіші қызы Адалят Ташкентте тұрып, Сұлтанов деген математикке тұрмысқа шыққан. Қызы София қазір Ташкентте тұрады. Оның Әлия атты қызы Қазақстанда жоғары оқу орнын бітірген. Олардың отбасы Қазақстанға қоныс аударғысы келген, бірақ өтініштері қабылданбаған. Қазір Лос-Анджелесте тұрып жатыр. Санжардың жұбайы мен қыздарына жазған хаттары мұрағатта сақтаулы. Бұл хаттардан оның отбасысына деген сүйіспеншілігі көрінеді.

Отанын, елін, ұлтын сүйген ұлы тұлғаның өмірі қасіретпен аяқталды. Қазақтың зиялы, патриот азаматтарын аяусыз қырған тоталитарлық жүйе Санжарды да аямай, тарих сахнасынан қиды. Дара тұлғаның рухани мұрасы – өскелең ұрпақ үшін сарқылмас қазына.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?