Шахтада еңбек ету – жүрек жұтқан ер азаматтың ғана қолынан келеді - кенші

28.08.2025
1366
Шахтада еңбек ету – жүрек жұтқан ер азаматтың ғана қолынан келеді - кенші - e-history.kz

Елімізде жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде кеншілер (шахтер) күні аталып өтіледі. Атаулы күн тәуелсіз Қазақстанда кәсіби мерекелер тізбесіне 2003 жылғы қарашада енгізілген. Осынау мереке қарсаңында жер асты кеншілерінің бір күндік өмірін білмек үшін «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты «Жыланды» шахтасының кеншісі Еркебұлат Есімғазиновпен әңгімелесуді жөн көрдік.

- Еркебұлат, амансыз ба! Алда келе жатқан кеншілер күні құтты болсын! Жердің астын қазып, пайдалы қазбалармен елдің ырысын арттырып келесіздер. Кенші жолы оңай еместігі мәлім. Бұл кәсіпке қалай келдіңіз? 

- Рақмет, бауырым! Жезді өлке – Жезқазған кеншілердің мекені. Бұл қаланың тең жартысы өмірін шахтаға арнаған еңбек адамдары. Кенші болу оңай жұмыс емес. Өмірімнің жарты ғұмырын жер астында өткізудемін. Цифрмен айтсам, жиырма бес жылдан бері кенші болып еңбек етіп келемін. Бұл жұмыстың қиындығы да бар, қауіптілігі де жетерлік. Шахтада газдың зияны, түрлі қауіп-қатер бар. Сондықтан мұндай жұмысты кез келген адам істей бермейді, нағыз ер жігіттер ғана шыдайды. Біз ең бастысы бала-шағамызды асырайық, халқымызға пайдамыз тисін деп тер төгіп жүрміз.

Мен бала кезімнен шахтаға қызығып өстім. Кейін шахта ісін оқып, білім алдым. Жезқазған техникалық колледжін бітірдім. Содан кейін 2001 жылы жұмысқа орналастым. Сол уақыттағы №57 шахтада кеншілік жолдағы мансабымды бастадым. Оған дейін ағаларыма қарап кенші болсам деп қызықтым.  Ағаларым да шахтада кенші болып жұмыс атқарды. Соларға еліктеп, мен де шахтер болуды таңдадым.

- Жер астында еңбек ету ауыр жұмыс. Тіпті жердің астына түсуде қорқыныш сезімін тудырады. Сол қорқынышты қалай жеңдіңіз?

-  Жиырма бес жыл ішінде түрлі жайттарды көрдік. Кейбір жігіттер жұмысқа келіп, ауырлығынан қорқып, шыдамай кетіп қалған кездері де болды. Расында, шахтада еңбек ету – жүрек жұтқан ер азаматтың ғана қолынан келетін жұмыс. Кәсібімді жақсы көріп таңдағандықтан ба?, ауыртпашылығы бар жұмыс болса да, таң атысымен жұмысқа асығып жетемін. Жиырма бес жылдан аса уақыт жұмыс істеген соң, жұмысым оңай болып кеткендей сезіледі. Бірақ шын мәнінде шахтадағы еңбек өте қиын, ауыр кәсіп. Алғаш шахтаға түскендей қорқыныш, үрей болғанын жасырмаймын. Кейін келе-келе үйренісіп кеткен соң, ол қорқыныштың бәрі басылды. 2001 жылғы шахта мен қазіргі шахтаның жұмысын салыстыруға да келмейді. Сондықтан ол кездегі қорқыныш кімді де болсын үрейлендірді. Жердің асты, қараңғы завойлар, жақпар тастар, құмды төбелер, ұзын дәлізді үңгілер қорқынышты болатын. Қазір бәрін жаңа технологиялардың арқасында жылдам жарықтандырып, жол төсемелерін ыңғайлап, төбелерін бетондап тастайды. Тіпті жердің асты өсінше бір қаланың өмірі сияқты болып кеткен. Жолдары бар, жарықтары бар, бөлмелері бар дегендей.  

- Жер астындағы қызу жұмыс қалай басталады? Кенші үшін басты қағида не?  

-  Әр шахтер таңертең үйден шыққанда бала-шағасының маңдайынан сүйіп, аман-есен оралуын тілеп кетеді. Өйткені бұл оңай жұмыс емес, ер азаматтарға ғана лайық ауыр кәсіп. Шахта – тілсіз жау, таспен арпалысқан аса қауіпті орта. Қай күні қандай жағдай боларын ешкім білмейді. Сондықтан біз үнемі амандықты тілейміз. Одан кейінгі басты ереже – қауіпсіздік техникасы ережесін барынша сақтау. Шахтада қатаң тәртіп керек. Сол тәртіптің арқасында жұмыс та жасалынады. 

- Жер астындағы жұмыстың барысын айтып өтсеңіз. Жұмыс алдымен қандай реттілікпен басталады? 

- Біз – кен қазушылармыз. Мысалы, жұмыс дәл сол шпур бұрғылаудан басталады. Біз «ұсақ шпур әдісімен» жұмыс істейтін кен қазушылармыз. Біздің еңбегімізден кейін негізгі қазу жұмысы басталады. Алдымен атқыштар жарылыс жасайды, содан кейін руданы тиеп алып шығады. Тиелген руда байыту комбинатына жіберіліп, одан мыс алынады. Осылайша жұмыс процесі айналып, қайта жалғасып отырады. Кен қопару жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүреді. Бұл жерде әрбір уақыт маңызды рөл атқарады. Ең бастысы қауіпсіздік жұмысын назарған ұстаған жөн. Мәселен, қазбаны дайындау үшін алдымен «ОКНТ» деп аталатын бригада жұмыс істейді. Олар дайындық жүргізеді. Одан кейін «карипан» деп аталатын бөлім кіреді, соңынан катер кіріп тазалау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан соң «Раборт» деген техника іске қосылады. Қазір қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін бізге болтпен, яғни анкерлі болтпен бекіту жасайды. Содан кейін біз қайтадан өз жұмысымызды жалғастырамыз. Осылайша еңбек тоқтамай, үздіксіз жүріп отырады.

- Жоғарыда әңгіме барысында «ағаларым кеншілік жолды таңдағандықтан, менде осы жолды таңдадым» деп қалдыңыз. Кеншілік кәсіпті отбасылық династияға айналдырып келе жатырсыздар ғой. Бұл жолды балаларыңыз да таңдаған шығар. 

- Мен 1982 жылдың 16 ақпанында Ұлытау өңірінде, Сарыкеңгір совхозында, Малшыбай ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем сол ауылда шопан болып, мал баққан еңбекқор жандар еді. Отбасымызда 6 баламыз. Ағаларымның барлығы да шахта саласына өмірін арнады. Осылайша барлығымыз кеншілік жолды таңдап, осы сала да аянбай еңбек етіп келеміз.

Үлкен ағам – Қанатбай Тілекенұлы. Шахтаға бала жастайынан ерте араласып, қиын жұмыстарды атқарды. Ол уақыттағы қазіргідей мықты заманауи техникалар жоқтың қасы. Ол уақытта ағам шахта төбелерін қолмен бекітіп, болттарды қолмен бұрап орнататын. Сол кісілердің еңбегі нағыз ерлік еді.

Екінші ағам – Қайрат Тілекенұлы. Ол ағамда шахтада көп жылдар бойы жұмыс атқарды. 

Үшінші ағам – Марат Тілекенұлы. Қазір шахтада электрик болып істеп жүр. Ол шахтаның техникалары мен қондырғыларына, жалпы алты мыңнан астам жарық жүйесіне тоқ береді. Аллаға шүкір, бүгінде елу бес жасқа келсе де, әлі күнге дейін бала-шағасының қамы үшін шахтада еңбек етіп келеді.

Төртінші ағам – Өтепберген Тілекенұлы. Ол кісіде шахта саласында еңбек етті. Кеніштен шыққан руданы, электровоз айдап тасымалдады. Қазір еңбек демалысында.

Бесінші ағам – Жаңбырбай Тілекенұлы. Ол шахтаның қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істеді. Қазбаларды бекіту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына жауапты болды. Қазір ол ағам да еңбек демалысында.

Ал қазір өзімнің ұлым –Дәурен де менің жолымды жалғастырып, менің учаскемде ауысыммен жұмыс істеп жүр. Аллаға шүкір, ол да «тау-кен мастері» болып, біздің кәсібімізді жалғастыруда.

- Шахта саласында ілгерілеушілік бар ма? Жұмыстарыңыз заманауи техникаларпдың арқасында жақсарды ма? 

- Қазір еңбек етіп жатқан орным – Жыланды кеніші, Қарашошақ шахтасы, 11-участік. Алғаш шахтаға жұмысқа орналасқанда 18 жаста едім. Қазір шынын айтқанда, шахтаның жағдайы біршама жақсарды. Бүгінгі таңда әлдеқайда жақсарып, жаңа технологиялармен, жаңа техникалармен қамтамасыз етілді. Бұл да жұмыстың өнімділігі мен еңбек күшінің сәлде болса, жеңілдеуіне мүмкіндік туғызды. Біздің алдымыздағы ағаларымыз «УБШ» деп аталатын бұрғылау техникасымен жұмыс істейтін. Ол «забой өткізу» техникасы болатын. Бұл техникалар біршама қиындықтар туғызатын. Жұмыс кезінде ауа компрессоры арқылы берілетін қысым күшіне байланысты бұрғылау каретасы айналады. Егер ауа жіберетін жүйеде ақау болса, бұрғылау дұрыс жүрмей қиналатынбыз. Сол кездер алғашқы ең ауыр тәжірибелеріміз еді. Мен 19 жасқа толғанда, 2002 жылдары жаңа техникалар келе бастады. Тампере компаниясының (Финляндия) «Параматик» атты қуатты машиналары әкелінді. Бұл техникалар бұрынғыдан әлдеқайда ыңғайлы әрі өнімді болды. Сол уақыттан бастап руданы да көптеп өндіре бастадық. Қазір корпорацияда заманауи электронды-гидравликалық машиналар қолданылады. Соның бірі – «Мономатик». Қазіргі таңда біз «Мономатик-61» деп аталатын, бір стрелаға арналған техникамен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір ақпараттық технологияның дамуына байланысты корпорацияның жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Біз тек мыс қана емес, Менделеев кестесіндегі көптеген элементтерді өндіріп жатырмыз. Өндіріс көлемі артып, кәсіпорынның әлеуеті жоғарылап келеді. Еңбеккерлерге төленетін жалақы да жаман емес. Егер жұмыс жоспарын жақсы орындап, норманы толық атқарсақ, айлығымызды уақытында аламыз. Отбасымызды асырауға жетеді. Бұдан бөлек, сыйақы да беріліп тұрады. Мысалы, «он үшінші айлық» деген қосымша төлем бар. Сол сияқты ынталандыру жүйелері жұмысшыларға үлкен қолдау болып отыр.

- Жоғарыда жер астында жұмыс істеу оңай емес дедіңіз. Дегенмен бұл жұмыс адам денсаулығына әсері бар шығар? Жалпы кеншілерді толғандырған сауалдар бар ма?

- Өзім жиырма бес жылдан бері шахтада еңбек етіп келемін. Артымыздан еріп келе жатқан жастарды үйретіп жатырмыз. Бірақ біз де мәңгі жүре бермейміз ғой, денсаулық сыр бере бастайды. Сондықтан шахтерлердің атынан, жігіттердің атынан айтатыным: жиырма жыл бойы қазба жұмысында, яғни аса қауіпті өндірісте еңбек еткен адамдарға жиырма жылдан кейін еңбек өтіліне қарай зейнетақыны толық көлемде тағайындаса деген ұсынысым бар. Басқа елдерде дәл осылай жасалады екен. Сол сияқты бізде де осындай жүйе енгізілсе дейміз. Бұл - шахтерлердің басты талабы. Әйтпесе жағдайымыз жаман емес, бірақ осы мәселе шешілсе, біз үшін үлкен жеңілдік болар еді. Сондай-ақ, тәжірибелі кеншілер зейнетке шықса, жастарға да жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл – барлығы үшін тиімді шешім болар еді.

- Алда келе жатқан кеншілер күнінде барша әріптестеріңізге айтар тілегіңіз? 

- Алда келе жатқан Кеншілер мерекесі құтты болсын! Барша әріптестеріме отбасы амандығын, шахтаға аман-есен түсіп, аман-есен шығуды тілеймін. Еңбектеріңіз жансын, биіктерден көріне беріңіздер. Жас мамандар үлкендердің жолын қуып, жақсы маман болып қалыптассын деймін.
 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз