Неслихан Өзтүрік: «Мұстафа Өзтүріктің қызы ғана емес, қазақтың қызы деп қабылдағанын сезіндім»

423
Неслихан Өзтүрік: «Мұстафа Өзтүріктің қызы ғана емес, қазақтың қызы деп қабылдағанын сезіндім» - e-history.kz

Бір адамның тағдыры кейде бір халықтың сағынышын арқалап жүреді. Кейде бір адамның көзіне үйірілген жас – тұтас ұлттың жүрегіндегі сағыныштың табы болады. «Тарих söile» жобасының кезекті қонағы Неслихан Мұстафақызы Өзтүрікпен әңгіме барысында дәл сондай күй кештік. 

Ол – аты аңызға айналған таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің қызы. Бірақ сұхбат барысында оның бойынан «атақты адамның қызы» деген анықтамадан әлдеқайда терең бір болмысты көрдік. Ол шетелде өссе де, бойындағы қазақы болмысты жоғалтпаған жан. Қазақшаны енді үйреніп жүрсе де, оның әр сөзінен шынайылық пен сағыныш аңғарылып тұрды. Әсіресе Қазақстан туралы айтқанда дауысының дірілдеп кетуі, «ішім толқып кетті, жылағым келді» деуі құр эмоция емес, түп-тамырын іздеген адамның жан күйі еді.

«Менің миымда тек Қазақстан бар»

Сұхбаттың алғашқы минуттарынан-ақ Неслиханның соңғы жылдары неге Қазақстанға жиі келіп жүргенін түсіне бастайсың. Бұл жай туристік қызығушылық емес. Бұл – рухани оралу.

Ол қазір Германияда тұрады. Өмірі, отбасы, жұмысы – бәрі сол жақта. Бірақ соған қарамастан, «менің миымда тек Қазақстан бар» дейді. Тіпті бұрын айналысып жүрген музыкасын да, өзге жоспарларын да кейінге ысырып қойғанын жасырмай айтты.

«Кейбір кісілер маған “дауысыңыз жақсы екен, неге қазақша ән айтпайсыз?” дейді. Айтқым келеді. Бірақ алдымен тілімді дұрыс үйренгім келеді», – дейді ол.

Қазір ол домбыра үйреніп жүр. Қазақша подкаст тыңдайды. Қазақша сөйлеуге қысыла бермейтінін айтады. «Қате болса да айта беремін» дейді.

«Неге өз тіліңізде сөйлемейсіз?»

Неслихан Қазақстанда жүргенде өзін қатты ойландырған бір дүниені жасырмады. Ол – қазақ жастарының өзара орысша сөйлеуі. «Мен шетелде туып өстім. Қазақшам толық емес. Бірақ сөйлей беремін. Ал өз жерінде туып өскен жастар неге қазақша сөйлемейді?» – дейді ол.

Бұл сөзді ол өкпе ретінде емес, жанашырлықпен айтты. Атыраудағы, Шымкенттегі жастардың қазақша көбірек сөйлейтініне қуаныпты. Ал Алматы мен Астанада орыс тілінің басымдығын байқаған.

Бір оқиға тіпті жүрегіне қатты тиген. Ол көшеде жол сұрап, қазақша сөйлегенде бір қазақ әйел оны түсінбей, орысша жауап беріпті. Неслихан қайтадан: «Мен орысша білмеймін, қазақша айтсаңыз жақсы болар еді», – деген. Бірақ әлгі әйел тағы да орысша жауап берген.

«Сонда ойладым: өзі қазақша білмесе, баласына қалай үйретеді?» – дейді ол.

Бұл сөздердің астарында сырттан келген қазақтың ішкі күйзелісі жатыр. Өйткені ол Қазақстанды қазақтың тілі тірі тұрған жер ретінде елестеткен.

Мұстафа Өзтүрік туралы үйдегі әңгімелер

Сұхбат барысында Неслихан әкесі туралы айтқанда ерекше толқыды. Әсіресе Мұстафа Өзтүріктің Қазақстан жайлы айтқан әңгімелерін еске алғанда көзіне жас үйірілді.

«Әкем Қазақстан туралы айтқанда көзі ерекше болатын. Біз кішкентай болып, қарап отыратынбыз. Ол кісі “сендер Қазақстанның қандай екенін білмейсіңдер” дейтін», – деп еске алды ол.

Мұстафа Өзтүрік Қазақстанға алғаш келгеннен кейін Германияға оралғанда, үйдегі дастархан басында ел туралы үздіксіз айтқан екен. «Дүниенің бәрін көрдім. Бірақ Қазақстан мүлде басқа. Өте ыстық…», – деп отырады екен.

Қызы сол сөздің мәнін енді ғана толық сезініп жүргенін айтады.

«Өзтүрік» фамилиясы қалай пайда болды?

Сұхбаттағы қызықты тақырыптардың бірі – «Өзтүрік» фамилиясының шығу тарихы болды. Неслиханның айтуынша, оның атасы Кәбен өте мықты балуан болған. Түркияда бір күресте ешкім жеңе алмаған атақты түрік балуанын жығыпты. Сонда жұрт: «Бұл өзіміздің өзтүрік сияқты екен», – деп таңғалған.

Содан кейін «Өзтүрік» атауы қалып қойған. Демек, бұл жай фамилия емес, тағдырға жазылған тарихи белгі секілді.

Әже сағынышы

Неслихан Өзтүрік әңгіменің ең әсерлі тұстарында әжесін еске алды. Ол кісіні «апам» деп атайды. Гималай асып, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен көштің қасіреті олардың отбасын да айналып өтпеген. Неслиханның айтуынша, жол азабынан оның әжесі бірнеше баласынан айырылған.

Бірақ сол қиындықтарға қарамастан, апасы өте мейірімді, кең жүректі адам болыпты. «Қазақстанда бір ақ жаулықты апаны көрсем, өз апам есіме түседі. Құшақтағым келеді», – дейді ол.

Таэквондо және талапшыл әке

Мұстафа Өзтүрік қызына ешқашан жеңілдік жасамаған. «Сен қызсың деп бөлек қарамайтын. Басқалармен бірге жаттығасың дейтін», – дейді Неслихан.

Жаттығу кезінде қатал болғанымен, үйге келгенде өте мейірімді әке болыпты. «Үйге келген соң құшақтап, “айналайын, жаным” деп отыратын», – дейді ол.

Неслихан таэквондомен бірнеше жыл ғана айналысқан. Әкесі қайтыс болған соң спортты тастап кетіпті. Бірақ қазір оның кіші қызы таэквондоға барып жүр.

Әкені қайта тану

Сұхбаттағы ең ауыр әрі ең терең сұрақтардың бірі – «Сіз әкеңізді қашан таныдыңыз?» деген сауал болды. Неслихан ұзақ ойланып барып жауап берді.

«Мен әкемді сегіз-тоғыз ай бұрын қайта танығандай болдым», – деді ол. Яғни бала кездегі әке бейнесі кейін халықтың махаббаты арқылы мүлде басқа биік тұлғаға айналған.

«Қазақстанға келген сайын адамдардың пікірлері, жазған сөздері, кездесулер… бәрі әкемнің қандай үлкен адам болғанын сезіндіреді», – дейді ол.

Мұстафа Өзтүріктің мұрасы

Қазір Неслихан әкесінен қалған мұраларды жинап жүр. Сертификаттар, дипломдар, қара белбеу, шапан, құжаттар, фотолар, бейнематериалдар – бәрін бір жерге топтастырмақ.

Ол бұл жәдігерлердің отбасында ғана жатқанын қаламайды. «Бұл заттар тек біздің отбасы үшін емес, халқымыз үшін керек. Жастарымызға күш беру үшін, үлкендеріміз әкемді еске алуы үшін керек», – дейді ол.

Сондықтан қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және архив мамандарымен сөйлесіп жүр екен. Тіпті болашақта Мұстафа Өзтүрікке арналған жеке музей ашылса деген арманы да бар.

«Мен тек Мұстафа Өзтүріктің қызы емеспін»

Сұхбаттың соңына қарай Неслихан ішіндегі ең үлкен миссиясын айтты. Ол өзін тек Мұстафа Өзтүріктің қызы ретінде танытқысы келмейді. Оның арманы – Еуропадағы, Түркиядағы қазақ жастарын Қазақстанға жақындату. Оның сөзі «Мен тек әкем үшін емес, халқым үшін жүрмін» дегенге саяды.

Ол Еуропадағы қазақ жастарының демалысқа Дубайға, Тайландқа, Америкаға барғанша, қазақтың отаны болған Қазақстанға келгенін қалайтынын және сол жағынан үлгі болғысы келетінін жеткізді. «Бір келіп көрсе, Қазақстанды жақсы көріп кетеді деп ойлаймын», – дейді ол.

Осы сөзді айтқанда оның даусынан өтініш те, үміт те сезілді. Өйткені ол өзі де дәл солай келген еді. Ал қазір сол сағыныш оны қайта-қайта Қазақстанға шақырып жүр...

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз