Тарихтың тегеурінді дөңгелегі сан тағдырды өз иіріміне салып, ұлт жадынан талай есімдерді көмескі етті. Уақыт зұлматы мен саяси бұрмалаулардың арасында ұлт руханиятының арқау жібін үзбей, елдік істе еңбек сіңірген талай тұлғалар ұзақ жылдар бойы тарих қамбасында қалды. Солардың бірі – Алаш қозғалысының өкілдерінің бірі, ветеринария саласының маманы, ұлт руханиятының жанашыры Ғұбайдолла Есқалиұлы Берді еді.
Ғұбайдолла Бердіұлының өмір жолы – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-мәдени бетбұрысын, білім мен ғылым арқылы ұлтты өркендету идеясын айқын көрсететін мысалдардың бірі. Оның өмірлік ұстанымы мен ізденіс жолы туған елінің өркендеуіне қызмет етуге бағытталды. Ғалымның тұлғалық қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік орта мен рухани дәстүр – Берді-Мүсірәлі әулетінің мәдени және ағартушылық миссиясымен тығыз байланысты. Бұл әулет әділдік пен өнерді, білім мен адамгершілікті ту еткен текті ұрпақтар шоғыры болатын.
Мүсірәлі Бердіұлының әділ би, күйші әрі ағартушы ретіндегі қызметі ұрпаққа рухани бағдар, ал оның әулеті қазақ даласындағы ағартушылықтың дәстүрлі тізбегіне айналды. Ғұбайдолла сол дәстүрдің заңды жалғасы ретінде арығарай жалғастырды. Ол Орал өңірінің рухани-мәдени ортасында білім алып, кейін Орал реалдық училищесінде және Қазан ветеринарлық институтында оқып, заманының ең білімді азаматтарының бірі болды.
Ғұбайдолла Бердіұлының Қазан қаласында алған еуропалық білімін туған еліне бағыттап, кәсіби маман болумен қатар, ұлттық сана мен мәдени дамуға үлес қосты. Оның замандастары – Халел, Жаһанша Досмұхамедұлдары, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Нұрғали Ипмағамбетов, Иса Қашқынбай сынды Батыс Орда қайраткерлерімен аралас-құралас болуы, оның өз заманының беделді азаматы болғанын аңғартады.
Орал реалдық училищесіндегі бағалау көрсеткіштері мен 1902-1903 жылдардағы аттестат, Қазанға жіберілген құжаттар және 1903 жылғы «стипендиялық» қолхат Ғұбайдолланың кәсіби бағыттағы таңдауы мен туған жерге қызмет ету міндеттемесін растайды. Осы деректер тұлғаның оқудағы жетістігінің және ең алғашқы ветеринар екендігін айшықтайды.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Ресей империясының ғылыми орталықтарының бірі болған Қазан қаласы қазақ жастары үшін жоғары білімге апаратын маңызды мекендердің біріне айналды. Бұл бағытта Қазан ветеринариялық институтының рөлі ерекше болды. 1877-1917 жылдар аралығында аталмыш оқу орнында барлығы 23 қазақ шәкірті оқыса, оның ішінде 17-сі оқуын сәтті аяқтаған. Бұл көрсеткіш ол кезеңдегі білім алуға ұмтылған қазақ жастарының әлеуметтік және интеллектуалдық әлеуетінің көрінісі. Қазақ шәкірттерінің негізгі бөлігі Омбы гимназиясы, Троицк гимназиясы мен Орал реалдық училищесінен шыққан. Бұл оқу орындары өз кезегінде Ресей империясы аясындағы прогрессивті білім ошақтары болып саналған.
Ғұбайдолла Берді Орал реалдық әскери училищесін жақсы аяқтаған соң, 1903 жылы 26 тамыз күні оның құжаттары Қазан ветеринарлық институтына негізі тізімдемеге жіберіледі. 1903 жылы 25 тамыз күні Ғұбайдола Қазан ветеринарлық институт директорына өтініш хат жазады. Өтініш хатта осы институтқа 7 сыныптық оқуғаны жайлы куәлік, Орал реалдық училищесін аяқтағаны жайлы аттестат, метрлік куәлік, екі фотографиялық карточка тапсырғанын айтып, тек латын тілін білетіндігін айтып, оқу жылының алғашқы жарты жылдығында латын тілінде оқу жайлы өтініш білдіреді. 1903 жылы 27 тамыз күні Орал облысының Вице-губернаторы Қазан Ветеринарлық инстиутының директорына: «Сіздің Құрметті Жоғары Мәртебеңізге мойынсұнып өтініш білдіремін. Сіздің қарамағыңыздағы Институтқа биыл Орал Әскери Реал училищесін бітірген киргиз Губайдулла Бердеевті студенттер қатарына қабылдау мүмкін бе екенін сұраймын. Оны ұсынып отырған себебім – қырғыз халқы үшін бұл аса маңызды, өйткені олардың басты байлығы – мал шаруашылығы, сондықтан ветеринар дәрігерлер қырғыз арасында тұрып, халыққа туыстық және тұрмыс-салт жағынан жақын болуы өте қажет» , – деп өтініш білдіреді. Бұл жайлы Қазан ветеринарлық институтының директоры 1903 жылы 2 қыркүйекте №9 1746 бұйрық бойынша қабылданған 1 курс студент Ғұбайдола Бердінің оқу жылының жарты бөлігінде латын тілін оқу керегін жазып, келісім алады. 1903 жылы 19 қыркүйек күні Ғұбайдолла Қазан ветеринарлық институтының ішкі заңына бағынуға, ішкі ережелерді бұзауға келісім беріп, негізгі ережелерге қол қояды. Институтқа оқуға қабылданған әрбір студенттен оқу орнын тәмамдаған соң өз еліне оралып, алған білімін халық игілігіне жұмсау жөнінде арнайы қолхат (міндеттеме) алу сол кезеңдегі қалыптасқан тәртіптің бірі еді. Бұл талап әсіресе мемлекет есебінен немесе жергілікті әкімшілік тарапынан стипендия алған жастарға қатысты болатын. Сол дәстүрге сай, Ғұбайдолла Бердіұлы да Қазан ветеринарлық институтына қабылданғаннан кейін Орал облыстық басқармасына арнап қолхат жазып, өзіне көрсетілген қаржылай көмектің өтеуі ретінде оқуын аяқтаған соң туған өлкесіне оралып, ветеринарлық басқарма саласында қызмет етуге міндеттенеді. Мұндай қолхаттар тек формалды шарт емес, сонымен қатар студенттің ел алдындағы азаматтық жауапкершілігін, кәсіби борыш сезімін білдіретін маңызды құжат саналған. Бұл арқылы отарлық әкімшілік жергілікті кадрларды даярлау ісін жүйелеуді көздесе, ал жастар өз кезегінде жаңа білім мен ғылымды меңгеріп, ел дамуына үлес қосуға ниет білдірген. Орал әскери реалдық училищесінің қосымша сыныбы бар аттестаты негізінде, Бердиев 1903 жылғы 9 қыркүйекте Қазан ветеринарлық институтының студенттері қатарына қабылданды. Ол ветеринарлық ғылымдардың толық курсын тәмамдап, сынақтарда өз білімін қанағаттанарлық жауаптармен дәлелдеді. Сондықтан, 1873 жылғы 8 мамырда бекітілген «Ветеринарлық институттар туралы ереженің» 44-бабына, және 1845 жылғы 18 желтоқсанда бекітілген «Ветеринарлық медициналық ғылыми дәрежелер туралы ережелерге» сәйкес, Қазан ветеринарлық институтының кеңесі 1908 жылғы 25 сәуірдегі мәжілісінде Ғұбайдолла Бердиевті ветеринарлық медицина ғылымдарының дәрежесіне лайық деп тапты.
Ғұбайдолла Есқалиұлы Берді тұлғасы бүгінгі күнге дейін ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттелмеген. Тарихи еңбектер мен энциклопедиялық басылымдарда оның есімі тек жекелеген эпизодтарда аталып, өмірі мен қызметі толық ашылмаған. Бұған негізгі себеп – тұлғаның ертең қайтыс болуы және кеңестік кезеңде жүргізілген идеологиялық саясат, ұрпақтарының қуғын-сүргін құрбанына айналуы еді. Тұлға туралы алғашқы ғылыми сипаттағы еңбектер XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында ғана жарық көре бастады. Бұл бағыттағы ізденістердің ішінде тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Дәметкен Сүлейменованың мақалалары мен баяндамалары айрықша орын алады.