Бір әннің тарихы: «Қимай сені барамын»

Автор:
15.04.2026
114
Бір әннің тарихы: «Қимай сені барамын» - e-history.kz

Бүгін – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Шөмішбай Сариевтің туған күні. Ол қазақ эстрадасында кең тараған көптеген әндердің мәтінін жазып, ұлттық музыка қазынасына елеулі үлес қосты. Ақынның сөзіне жазылған туындылардың ішінде халық арасында ерекше танылған әндердің бірі – «Қимай сені барамын». Осы орайда көпшілікке жақсы таныс бұл әннің қалай дүниеге келгеніне тоқталып көрейік.

Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Дудар-ай»

«Қимай сені барамын» әнінің әуенін белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов жазған. Алғашында сазгердің қолында тек дайын әуен ғана болған. Композитордың айтуынша, бұл әуен қараша айының бір қоңыр таңында пайда болған. Ерте оянған сазгер сол сәтте табиғаттағы өзгерістерге назар аударады. Күздің соңғы күндері, салқын ауа, баяу жылжып жатқан уақыт – бәрі де адам өміріндегі кейбір кезеңдерді еске түсіргендей болады. Жаздың артта қалып, күздің қыспен алмасуы табиғаттағы қалыпты құбылыс болса, адам өмірінде де осындай қоштасу сәттері кездесетінін байқайды. Дәл сол көңіл күй сазгердің ойына әуен болып оралады. Кейін композитор осы әуенге лайықты сөз жазу үшін ақын Шөмішбай Сариевке жүгінеді. Ақын әуенді тыңдап, оның ішкі көңіл күйін, әуендегі қимастық пен сағыныш сезімін дәл жеткізуге тырысады. Соның нәтижесінде ол ән мәтінінің бірнеше нұсқасын жазады. Жалпы алғанда, Шөмішбай Сариев сазгерге алты түрлі өлең ұсынып, әрқайсысы әуенге лайықты болатындай етіп дайындайды. Төлеген Мұхамеджанов барлық мәтінді әуенге салып көріп, олардың ішінен ең үйлесімдісін таңдайды. Сөйтіп соңғы нұсқа ретінде «Қимай сені барамын» деген атаумен белгілі мәтін бекітіледі. 

Дайын әнді орындау жас әнші Меруерт Түсіпбаеваға ұсынылады. Ол кезде Меруерт өнер жолына енді ғана қадам басып жүрген жас орындаушы еді. Жоғары оқу орнын аяқтап, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына актриса болып қабылданған кезең болатын. Театрдағы жұмыстарымен қатар ән айтып жүрген жас актрисаның дауысын композитор Төлеген Мұхамеджанов тыңдап көріп, жаңа әнді орындап көруге мүмкіндік береді. 

Әннің алғашқы жазбасы Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының дыбыс жазу студиясында жасалады. Ән радиодан беріле бастағаннан кейін тыңдарман назарын бірден аударады. Әсіресе Меруерт Түсіпбаеваның қоңыр дауысы мен әннің лирикалық әуені үйлесіп, туындының кең таралуына ықпал етеді. Көп ұзамай «Қимай сені барамын» халық арасында кең танылып, Меруерт Түсіпбаеваның шығармашылық жолындағы алғашқы ірі табыстарының біріне айналады. 

Әннің танымал болуына бейнебаян да үлкен әсер етті. 1990-жылдардың басында қазақ эстрадасында клип түсіру әлі кең тарала қоймаған жаңа құбылыс еді. Сол кезеңде жас режиссер Данияр Чункенеев «Қимай сені барамын» әніне бейнебаян түсіруді қолға алады. Түсірілім өте қарапайым жағдайда жүзеге асады. Арнайы техника мен кәсіби жарық құралдары көп болмағандықтан, кадрлар қолда бар мүмкіндіктермен түсірілген. Жел әсерін жасау үшін қарапайым тәсілдер қолданылып, жарықты бағыттау үшін айна пайдаланылған. Бейнебаянның түсірілімі бір күннің ішінде аяқталады. Клипте Меруерт Түсіпбаева басты кейіпкер ретінде көрініп, әннің мазмұнын лирикалық көңіл күйде жеткізеді. Клип республикалық арналардан бірнеше рет эфирге шыққаннан кейін ән тез арада танымалдыққа ие болды. Әсіресе 90-жылдары теледидар мен радио арқылы жиі берілген бұл туынды көпшіліктің есінде сақталды десе де болады. 

Бұл ән тек әсем әуенімен ғана емес, Шөмішбай Сариевтің жүрекке жақын, нәзік сезімді жеткізетін сөздерімен де ерекшеленеді. Ақынның қарапайым әрі әсерлі жолдары композитор Төлеген Мұхамеджановтың лирикалық әуенімен үйлесіп, тыңдарманға жақын туындыға айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз