Орал қаласының тарихи ғимараттарының бірінде орналасқан «Домбыра» музейі екі жылға жуық уақыт ішінде өңірдің күйшілік дәстүрін, көне аспаптар тарихын және Батыс Қазақстаннан шыққан өнер тұлғаларының мұрасын бір арнаға тоғыстырған мәдени орынға айналды. Мұнда келуші домбыраның көне үлгілерінен бастап Құрманғазы оркестрінің тарихына дейінгі нақты жәдігерлермен таныса алады.
Музей туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар.
Жаңа мәдени нысан 2024 жылғы 7 шілдеде Ұлттық домбыра күніне орай іске қосылып, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі ретінде жұмысын бастады. Ұлттық домбыра күні Қазақстанда 2018 жылдан бері атап өтіледі. Президент Жарлығына сәйкес, бұл күн жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде өткізіледі. Оралдағы домбыра музейінің дәл осы мерекеге орай ашылуы кездейсоқ емес. Себебі Батыс Қазақстан өңірі қазақтың күйшілік дәстүрінде ерекше орын алады. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек секілді күй өнерінің ірі өкілдері осы өңірмен тікелей байланысты.
Музей Орал қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан. Бұл ғимарат та қала тарихына қатысты нысандардың бірі саналады. Ол XIX ғасырдың соңы, шамамен 1890–1900 жылдары салынған. Ғимарат бастапқы кезеңде қызметтік және тұрғын үй мақсатында пайдаланылған. Кейін әр жылдары түрлі мекемелер орналасқан. 1919 жылы Оралды қорғау кезеңінде бұл жерде 22-атқыштар дивизиясының 2-жеңіл артиллериялық дивизионының штабы болғаны айтылады. Қазір тарихи ғимараттың бір бөлігінде музей жұмыс істейді.

Музей экспозициясы төрт залдан тұрады. Әр зал белгілі бір тақырыпқа құрылған және домбыраның шығу тарихынан бастап кәсіби орындаушылық өнерге дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Бірінші зал – Домбыра тарихы залы. Мұнда домбыраның көне үлгілері, оның түркі халықтарына ортақ аспап ретінде қалыптасу жолы таныстырылады. Экспозициядағы маңызды нысандардың бірі – Алтай тауы аумағындағы үңгірден табылған, V ғасырдағы көне түркі дәуіріне жататын абыз домбыраның макеті. Бұл жәдігер домбыраның тарихы тек кейінгі ғасырлармен шектелмейтінін, оның тамыры ерте дәуірлерге кететінін көрсететін нақты археологиялық дерекке негізделген үлгі ретінде ұсынылған.

Осы залда XIX–XX ғасырларға жататын домбыралар коллекциясы да қойылған. Олардың арасында сал-серілер ұстаған аспаптарға ұқсас көне домбыралар, жөке ағашынан жасалған, сүйекпен әшекейленген үлгілер бар. Сондай-ақ музей қорындағы көне тұскиіз және тұрмыстық-этнографиялық бұйымдар да экспозицияның мазмұнын толықтырады. Бұл бөлімде домбыра жеке аспап ретінде ғана емес, қазақтың тұрмысымен, салт-дәстүрімен және орындаушылық ортасымен бірге көрсетіледі.
Екінші зал Құрманғазы Сағырбайұлына арналған. Құрманғазы – қазақ күй өнеріндегі ең ірі тұлғалардың бірі. Экспозицияда күй атасына қатысты материалдар, оның бейнесі, домбырасының көшірмесі, шежірелік деректер және музей қорындағы басқа да құнды жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ залда Құрманғазының 1962 жылы БҚО музей қорына алынған сауыты алғаш рет жеке экспозицияға шығарылған.

Бұл бөлімде тек Құрманғазы ғана емес, Батыс Қазақстан күйшілік мектебіне қатысы бар басқа да тұлғалар қамтылған. Махамбет Өтемісұлының бейнесі мен домбырасы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Оразалыұлы туралы материалдар қойылған. Сондай-ақ киіз үй көрінісі арқылы қазақтың дәстүрлі тұрмысы көрсетілген. Киіз үй ішіне облыстық музей қорынан кебеже, ер-тоқым, үй жабдықтары алынып, қойылған.

Үшінші зал Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрінің тарихына арналған. Бұл бөлімде оркестрдің қалыптасу кезеңі, алғашқы құрамы және дамуына үлес қосқан өнер адамдары туралы деректер беріледі. Құрманғазы оркестрін 1934 жылы Ахмет Жұбанов құрған. Кейін бұл ұжым қазақтың кәсіби халық аспаптар музыкасын дамытуда маңызды рөл атқарды.

Залда Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Лұқпан Мұхитов, Қамбар Медетов, Махамбет және Науша Бөкейханов секілді тұлғалардың фотосуреттері бар. Сонымен қатар Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Тұяқберді Шәмеловке тиесілі домбыралар, Шамғон Қажығалиевтің сахналық киімі, оркестрде қолданылған аспаптар қойылған. Экспозицияда домбыраның оркестрлік түрлері, бас домбыра, тенор домбыра, секунда домбыра секілді аспаптар да таныстырылады. Бұдан бөлек қобыз, сырнай, асатаяқ, жетіген, дабыл тәрізді ұлттық аспаптар оркестр мәдениетінің кең ауқымын көрсетеді.
Төртінші зал Батыс өңірінің домбырашылары мен дәстүрлі әншілеріне арналған. Бұл жерде Батыс Қазақстандағы күйшілік және әншілік мектеп өкілдерінің суреттері, сахналық киімдері, домбыралары және жеке заттары қойылған. Экспозицияда Мәмен Ерғалиұлы, Меңдіғали Сүлейменов, Ерғали Есжанов, Макар Жапаров, Мұхит Битенов секілді өнер иелері туралы мәліметтер бар.
Залда Ғарифолла Құрманғалиевтің сахналық киімі, дәстүрлі әнші Қаламқас Орашеваның киімі, Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова және басқа да өнер адамдарына қатысты жәдігерлер ұсынылған. Бұл бөлім Батыс Қазақстан өңіріндегі күй мен ән дәстүрінің сабақтастығын нақты экспонаттар арқылы көрсетеді.

Музей қорында кейбір жәдігерлердың түпнұсқасының орнына көшірме экспонаттары қойылған. Себебі құнды заттардың түпнұсқасы ескіруіне немесе басқа музей қорында сақталуына байланысты экспозицияға көшірме түрінде орналастырылған. Мысалы, Құрманғазы домбырасының, Дина Нұрпейісова киімінің және Ықылас Дүкенұлы қобызының көшірмелері келушілерге тарихи тұлғалар туралы түсінік беретін экспозициялық материал ретінде ұсынылады.
«Домбыра» музейінің ерекшелігі – экспозицияның бір ғана аспапқа емес, сол аспап арқылы қалыптасқан орындаушылық мектепке, күйшілік дәстүрге, оркестр тарихына және Батыс өңірінің өнер тұлғаларына құрылуында. Музейге келген адам домбыраның көне үлгілерінен бастап Құрманғазы оркестрі тарихына дейінгі деректерді бір кеңістікте көре алады. Орал қаласына барған туристер үшін бұл музей қаланың тарихи ғимараттарымен, көне көшелерімен және өңірдің өнер мұрасымен танысудың бір бағыты бола алады.
Музей туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар.
* Материалды әзірлеуде қол ұшын созған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне алғысымызды білдіреміз