Қазақстандағы тұңғыш әйел академик

Автор:
47
Материалға сурет: Қазақстандағы тұңғыш әйел академик

Тұтас бір ғылыми бағыттың қалыптасуына ықпал етіп, әйелдер үшін бұрын қолжетпестей көрінген биікке көтерілген ғалымдар арасында Нәйлә Оразғұлқызы Базанованың орны бөлек. Ол – Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел академик, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы және ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясының отандық ғылыми мектебін қалыптастырған көрнекті зерттеуші. Бүгін сол кісінің өмір жолымен таныс болайық.

Нәйлә Оразғұлқызы Базанова 1911 жылғы 11 қарашада қазіргі Бішкек қаласында дүниеге келген. Оның ғылымға бет бұруына отбасындағы тәрбие, әсіресе әкесі Оразғұл Базановтың мамандығы ерекше ықпал етті. Оразғұл Базанов 1898 жылы Қазан ветеринария институтын тәмамдаған алғашқы қазақ мамандарының бірі болған. Кейін Жетісу өңірінде мал дәрігері болып еңбек етіп, өмірін мал шаруашылығы мен ветеринария саласына арнаған. Ол кішкене кезінде әкесінің малды күтіп-баптауын, ауырған жануарларға ем жасауын бақылап өскен. Әкесі де қызының сұрақтарына жауап беріп, мал ағзасының ерекшеліктерін түсіндіруге тырысқан. Кейін бала күнгі осы қызығушылық оның өмірлік мамандығына айналды. 1929 жылы Нәйлә Базанова Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны 1932 жылы тәмамдады. Жоғары білім алғаннан кейін сол оқу орнында қалып, ассистент ретінде ғылыми-педагогикалық қызметін бастады. Ол қарапайым оқытушылық қызметтен доцент, профессор және кафедра меңгерушісі дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін Нәйлә Базанова басқарған физиология кафедрасының ғылыми дәстүрі қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жалғасын тапты. 

1930 жылдары әйелдердің жоғары оқу орнында білім алып, ғылыммен кәсіби түрде айналысуы сирек кездесетін. Соған қарамастан, Нәйлә Базанова зерттеу жұмыстарын үзбей жүргізді. 1936 жылы биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап, ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясын терең зерттеуге кірісті. Оның алғашқы ғылыми ізденістері күйіс қайыратын малдың ас қорыту жүйесіндегі микробиологиялық үдерістерге, қан айналымы мен тыныс алудың жас ерекшеліктеріне арналды. Ғалым жануар ағзасын дайын күйіндегі жүйе ретінде емес, туғаннан бастап біртіндеп қалыптасып, қоршаған орта мен азықтану жағдайына бейімделетін күрделі құрылым ретінде қарастырды.

1945 жылы Нәйлә Базанова ауыл шаруашылығы жануарларындағы қан айналымы мен тыныс алуды реттеу жүйесінің онтогенез барысында қалыптасуына арналған докторлық диссертациясын қорғап, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы атанды. 1946 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді. Сол жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылған кезде Нәйлә Базанова академияның алғашқы құрамына корреспондент-мүше ретінде сайланды. Ал 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі – академик атанып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел академик мәртебесіне ие болды.

Нәйлә Базанова жүргізген қолданбалы зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі – мал азығын сүрлеу технологиясы. Ғалым мен оның әріптестері сүрлем дайындау кезінде пропион қышқылды бактерияларды пайдаланудың тиімділігін зерттеді. Мұндай бактериялық ашытқы азықтың дұрыс ашуына, құнарлы заттардың жақсы сақталуына және сүрлемнің сапасын арттыруға ықпал ететіні анықталды. Бұл бағыттағы зерттеулер кейін «Пропион қышқылды бактерияларды сүрлем дайындау мен ауыл шаруашылығы жануарларын азықтандыруда пайдалану» тақырыбындағы еңбектерде жинақталды. 

1948–1951 жылдары Нәйлә Базанова Қазақ КСР Ғылым академиясының Эксперименттік биология институтын басқарды. 1951 жылдан бастап Ғылым академиясының биология және медицина ғылымдары бөлімінде академик-хатшы қызметін атқарып, республикадағы биологиялық және медициналық зерттеулерді ұйымдастыруға қатысты. 1966 жылы ол Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры болып тағайындалды. Ғалым бұл мекемені жиырма жыл басқарып, 1986 жылдан кейін институттың құрметті директоры әрі ғылыми кеңесшісі ретінде қызметін жалғастырды. Оның басшылығы кезінде физиология институтында ас қорыту, қан және лимфа айналымы, лактация, жүйке жүйесі, зат алмасу және қоршаған ортаға бейімделу мәселелері зерттелді. Нәйлә Базанова зерттеу бағыттарын қалыптастырумен қатар, жас ғалымдарды даярлауға ерекше көңіл бөлді. Осы еңбектің нәтижесінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясының дербес ғылыми мектебі қалыптасты. Оның шәкірттері кейін биология, ветеринария және мал шаруашылығы саласында зерттеу жүргізіп, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарында еңбек етті. 

Нәйлә Базанова ғылыми зерттеумен қатар, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар әзірлеуге де қатысты. Оның авторлығымен және бірлескен авторлығымен ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясына арналған кітаптар мен ғылыми жинақтар жарық көрді. Солардың ішіндегі ең танымалдарының бірі – «Физиология сельскохозяйственных животных» оқулығы. Кітапта қан жүйесі, тыныс алу, ас қорыту, зат алмасу, сүт бөлу, көбею, жүйке жүйесі және жануарлардың сыртқы ортаға бейімделуі секілді негізгі физиологиялық үдерістер қамтылды. Бұл оқулық бірнеше рет толықтырылып, қайта басылды. Нәйлә Базанованың еңбектерінің құндылығы – күрделі физиологиялық құбылыстарды ауыл шаруашылығы өндірісімен байланыстырып түсіндіруінде. Оның ғылыми тұжырымдары малдың ағзасын тануға ғана емес, оны дұрыс азықтандыру, күтіп-баптау және өнімділігін арттыруға да бағытталды.

Нәйлә Базанова қоғамдық-саяси өмірге де белсенді қатысты. 1946–1962 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің II, III, IV және V шақырылымдарының депутаты болып сайланды. Бесінші шақырылымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Одақ Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен бірге бейбітшілікті қорғау жөніндегі кеңестік және қазақстандық ұйымдардың жұмысына қатысып, Қазақ бейбітшілікті қорғау комитетін басқарды. Ғалымның қоғамдық қызметке араласуы оның ғылымнан алыстағанын білдірмеді. Керісінше, ол ғылыми кадр даярлау, зерттеу мекемелерін дамыту және әйелдердің білім мен ғылымға араласуына жағдай жасау мәселелерін қоғамдық деңгейде көтере алды.

Оның жары Фазыл Мұхамедғалиев те белгілі ғалым, академик және ауыл шаруашылығы ғылымдарының көрнекті өкілі болды. Ол мал шаруашылығы, биотехнология және жануарлардың көбею физиологиясы салаларын зерттеді. Олардың балалары да ғылым жолын таңдады. 

Нәйлә Базанова ғылым мен қоғамға сіңірген еңбегі үшін Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1960 жылы оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді.

Көрнекті ғалым 1993 жылғы 10 қаңтарда Алматы қаласында өмірден өтті. Ол сексен жылдан астам ғұмырының алпыс жылға жуық уақытын ғылымға, білімге және ғылыми кадрлар даярлауға арнады. 

2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздің үздік ғалым әйелдеріне арналған Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапатты тағайындады. Марапат ғылыми жаңалық ашқан, қолданбалы зерттеулерге елеулі үлес қосқан және жоғары нәтижеге жеткен зерттеуші әйелдерді қолдауға бағытталған. Марапат алғаш рет 2025 жылы табысталса, 2026 жылы екінші рет ұйымдастырылып, ғылымның түрлі салаларында еңбек етіп жүрген 66 әйел зерттеушіге берілді. Академик есімімен аталатын марапаттың жыл сайын табысталуы оның өмір жолын қазіргі ғалым әйелдерге үлгі ретінде ұсынудың бір көрінісіне айналды.

2024 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі кафедралардың бірі «Н.У. Базанова атындағы жануарлар биологиясы кафедрасы» болып қайта аталды. Мұнда бүгінгі студенттер жануарлар физиологиясы, анатомиясы, биохимиясы, жасушалық биология және ветеринариялық пәндер бойынша білім алады.