Қыркүйек айындағы атаулы күндер мен мерейтойлар
Қыркүйек – жаңа оқу жылы басталып, қоғамның түрлі саласына арналған кәсіби және халықаралық күндер қатар келетін ай. Биыл сондай-ақ ғылым, әдебиет пен өнерде із қалдырған бірқатар қазақ тұлғаларының мерейтойлары аталып өтеді.
Атаулы даталар
1 қыркүйек – Білім күні
Бұл күні Қазақстанда жаңа оқу жылы басталып, мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау соғылады.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні
1998 жылы Президент Жарлығымен ресми мерекелік күн ретінде бекітілді. 2017 жылғы 31 қазанда Үкіметтің №689 қаулысымен мерекені 5 қыркүйекте атап өту белгіленді. Бұл күннің таңдалуы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Мерекенің мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, Қазақстандағы этностардың тілдері мен мәдениетіне құрмет көрсету және тілдік әралуандықты сақтау.
6 қыркүйек – Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні
Қазақстанда Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні қыркүйектің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл дата еліміздің кәсіби мерекелер күнтізбесіне Президенттің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығы негізінде енгізіліп, кейінгі редакцияларда қыркүйектің бірінші жексенбісіне бекітілді. Мереке мұнай мен газды барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларында еңбек ететін мамандарға арналған.
8 қыркүйек – Халықаралық сауаттылық күні
Бұл күнді белгілеуге 1965 жылы Тегеранда өткен сауатсыздықты жою мәселелері жөніндегі Дүниежүзілік білім министрлері конференциясы негіз болды. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы 1966 жылы 8 қыркүйекті Халықаралық сауаттылық күні деп жариялап, мереке әлемде 1967 жылдан бері жыл сайын аталып келеді. Оның мақсаты – сауаттылықтың адамның негізгі құқықтарының бірі әрі қоғам дамуының маңызды шарты екенін насихаттау.
13 қыркүйек – Отбасы күні
2013 жылы мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Содан бері ол жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді. Мерекенің басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.
13 қыркүйек – Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика саласы жұмыскерлері күні
Бұл – Қазақстандағы жаңа кәсіби мерекелердің бірі. 2025 жылғы 20 қаңтарда кәсіби мерекелер тізбесіне енгізіліп, қыркүйектің екінші жексенбісіне белгіленді. Мереке өндірістегі технологиялық процестерді өлшеу, бақылау және автоматтандыру жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін мамандардың еңбегіне арналған.
21 қыркүйек – Дүниежүзілік бейбітшілік күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді 1981 жылы бейбітшілік мұраттарын нығайту мақсатында бекітті. 2001 жылы 21 қыркүйек тұрақты дата ретінде белгіленіп, ол бүкіл әлемде зорлық-зомбылықтан бас тарту және атысты тоқтату күні деп жарияланды. Бұл дата халықтар арасындағы татулық пен бейбіт өмірдің маңызын еске салады.
27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні
Дүниежүзілік туризм күні 1980 жылдан бері жыл сайын 27 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл датаның таңдалуы 1970 жылғы 27 қыркүйекте Дүниежүзілік туристік ұйымның жарғысы қабылданған күнмен байланысты. Мерекенің мақсаты – туризмнің экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызын насихаттау.
27 қыркүйек – Машина жасаушы күні
Машина жасаушы күні – өндіріс саласындағы дәстүрлі кәсіби мерекелердің бірі. Қазақстанның кәсіби мерекелер тізбесінде ол қыркүйектің соңғы жексенбісіне белгіленген. Бұл күні машина жасау кәсіпорындарында еңбек ететін инженерлер, конструкторлар, технологтар мен жұмысшылардың еңбегі дәріптеледі.
27 қыркүйек – Еңбек күні
Қазақстанда Еңбек күні 2013 жылдың қарашасында бекітіліп, қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін болды. Оның мақсаты – адал еңбекті насихаттау, еңбек адамдарының беделін көтеру және кәсіби шеберлікті дәріптеу. Мереке аясында елімізде еңбек әулеттері мен үздік мамандарға құрмет көрсетіледі.
28 қыркүйек – Атом саласы қызметкерлерінің күні
Қазақстанда Атом саласы қызметкерлерінің күні 2008 жылдан бері аталып келеді. Кәсіби мереке атом өнеркәсібі, уран өндіру, ядролық ғылым мен технология салаларында еңбек ететін мамандарға арналған. Бұл күн сала қызметкерлерінің елдің ғылыми-технологиялық және өндірістік дамуына қосқан үлесін атап өтуге мүмкіндік береді.
30 қыркүйек – Әділет органдары қызметкерлерінің күні
Әділет органдары қызметкерлерінің күні Қазақстанда 2012 жылғы 28 тамыздағы Президент Жарлығымен белгіленді. Бұл кәсіби мереке заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау және құқықтық жүйенің жұмысын ұйымдастыру саласында еңбек ететін мамандарға арналған.
Мерейтойлар
2 қыркүйек – Ақжан Машановтың туғанына 120 жыл (1906–1997)
Қазақстандағы геомеханика ғылыми мектебінің негізін қалаған ғалымдардың бірі. Ол геологиямен қатар әл-Фараби мұрасын зерттеуге жол ашып, ұлы ойшылдың еңбектерін қазақ ғылымымен сабақтастыра зерделеген алғашқы зерттеушілердің қатарында болды.
12 қыркүйек – Тынышбай Рақымның туғанына 80 жыл (1946–1999)
Поэзия мен саз өнерін қатар алып жүрген қаламгер болды. «Алтайдан сәлем», «Бозорамал» секілді әндері ел арасына кең тарап, өлеңдері бірнеше тілге аударылды. Ақын Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлыққа да ие болған.
15 қыркүйек – Иса Қашқынбаевтың туғанына 135 жыл (1891–1948)
Дәрігерлік қызметті елдің қоғамдық-саяси өмірімен ұштастырған Алаш қайраткері. Ол Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне кандидат болып сайланып, кейін Батыс Алашорда жұмысына белсене араласқан.
15 қыркүйек – Ғабдол Слановтың туғанына 115 жыл (1911–1969)
Ғабдол Сланов қазақ прозасы мен журналистикасында өнімді еңбек етіп, ұзақ жылдар қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарды. «Дөң асқандар», «Жанартау» романдары мен «Арман ағысы» повесі арқылы қазақ прозасының дамуына үлес қосты, аударма саласында да еңбек етті.
27 қыркүйек – Серік Шәкібаевтың туғанына 100 жыл (1926–1999)
Серік Шәкібаев отыз екі жыл мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет етіп, сол тәжірибесін әдеби шығармаларында да пайдаланды. Оның «Үлкен Түркістанның күйреуі», «Төтенше комиссия», «Көтеріліс» секілді тарихи-саяси тақырыптағы еңбектері оқырманға кеңінен танылды.