Оспан батырға көмекке келген АҚШ тыңшысы Дуглас Маккиернан деген кім еді?

13.03.2026
300
Оспан батырға көмекке келген АҚШ тыңшысы Дуглас Маккиернан деген кім еді? - e-history.kz

Тарихи деректерде Оспан батырға көмекке келген АҚШ тыңшысы - Дуглас Маккиернан туралы көп айтылады.

Дуглас Сеймур Маккиернан – ЦРУ-дың алғашқы қызметкерлерінің бірі және шетелде қаза тапқан агенттерге арналған «Қара жұлдыз» ескерткішінің бірінші иегері. 

Ол 1913 жылы Мексикада туған, полиглот (ағылшын, испан, француз, неміс және орыс тілдерін меңгерген), физика маманы (MIT-де оқыған, бірақ толық аяқтамаған). 

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында АҚШ армиясының әуе күштерінде криптограф және метеоролог болып қызмет етті. 

1943–1946 жылдары Үрімжіге жіберіліп, ауа райы станциясын орнатып, Кеңес Одағы аумағынан ауа райы мәліметтерін жинады. 1947 жылы ЦРУ құрылғанда оның алғашқы құпия қызметкерлерінің бірі болды. Ресми түрде АҚШ консулдығында вице-консул лауазымын жамылып, Шыңжаңда (Синьцзян) жұмыс істеді. 

Негізгі миссиясы – Кеңес Одағының атом қаруын сынауына байланысты барлау жүргізу (1949 жылы Семей полигонындағы алғашқы атом сынағын (RDS-1) жасырын құралдар арқылы алғашқылардың бірі болып анықтап, хабарлады).

Оспан батырмен байланысы

Тарихи деректерде Маккиернан Оспан батырға  көмек көрсеткен АҚШ өкілі ретінде жиі аталады. 1947 жылы Бәйтік шайқасы тұсында Оспанның одақтастарымен кездескен. 1949 жылдың қыркүйек–қазан айларында коммунистік әскерлер Үрімжіге кіргенде Маккиернан қаладан қашып, Оспан батырдың Баркөл көлі маңындағы ордасына барды. Ол Оспанмен бір айдан астам бірге болып, оған радио құралын, алтын және басқа көмек қалдырды. Оспанды «еркіндік үшін күрескен адам» деп бағалады және коммунистерге қарсы күресті жалғастыруға нұсқау берді.

Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (MSS) ресми мәліметтері бойынша, Маккиернан Оспанды тыңшылыққа және партизандық желі құруға үйреткен, оған «Қытай үкіметіне қарсы күресті жалғастыру» бұйрығын берген. 

Ал шын мәнінде Маккиернан Оспанға антикоммунистік күш ретінде қолдау білдірген.

Маккиернанның өлімі

1949 жылдың қыркүйегінде Маккиернан Үрімжіден қашып шықты. Қасында американдық антрополог Франк Бессак ( ол да ЦРУ-мен байланысы бар адам болған), үш ақ гвардияшы орыс (Василий Званцов, Леонид және Стефан) болды. Олар Оспанмен кездескен соң, Тибет арқылы Үндістанға қарай бет алды (Такла-Макан шөлі, Куньлун таулары, Чангтанг үстірті – шамамен 1600 шақырым жол). 

1950 жылдың 29 сәуірінде Тибет шекарасында тибеттік шекарашылар оларды қазақ киіміндегі коммунистер деп ойлап, оқ жаудырды. Маккиернан мен екі жолдасы (Леонид пен Стефан) қаза тапты. Бессак пен Званцов тұтқынға түсіп, кейін босатылды. 

Қытай тарабы «Маккиернан қаруын тастамаған соң жергілікті милиция оны атып өлтірді» деп түсіндірді. Тибет сол кезде де-факто тәуелсіз болғанымен, ҚХР оны өз жері деп есептеді. Тибет үкіметі кешірім сұрап, кінәлілерді жазалады, бірақ оқиға болған соң бес күн өткенде ғана рұқсат хабары жетті.

Бұл оқиға ЦРУ тарихындағы алғашқы «қара жұлдыз» болып табылады. Маккиернанның есімі ұзақ жыл құпия сақталып, 2000-шы жылдардың басында ғана ресми жарияланды.

Расы керек, бұл оқиға АҚШ үкіметі тарапынан ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келді. Сондай-ақ, Дуглас Маккиернан туралы деректер де онша ашық болмады. 

Осыдан оншақты жыл бұрын нақты айтар болсақ, 2017 жылы БАҚ беттерінде ер адам мен әйелдің фотосы тарады. Түсініктемесінде «АҚШ-тың Үрімжі қаласындағы консулы Дуглас Маккирнан әйелі Пегги Паркермен бірге. Ол Нұрғожай батыр бастаған қазақ көшінің Қытайдан Тибет арқылы Үндістанға жетуіне көмектескен, 1950 жылдары тибеттіктердің қолынан мерт болған» делінген. 

Шын мәнінде Маккирнан мен Оспан батырдың арасын не байланыстырады? 

1943 жылдан бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында елеулі қызметтер атқарған Дуглас атақты батыр, қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің басшысы Оспан батыр Сіләмұлымен бірнеше мәрте кездескен. 

Ол туралы  Оспан батырдың оққағары болған Нұрғожай батыр естеліктерінде айтылады. «Азаттықтың өшпес рухы» атты кітапта елшінің есімі «Мекернан», «Мәкнан», «Макернен», «Мәккерна», «Мәкінан» деп берілген. 

«Дуглас Маккирнан 1913 жылы Мексиканың Мехико қаласында дүниеге келген. Оның әкесі саяхаттағанды жақсы көретін. Бала кезінде Дуглас ағылшын, испан, француз және неміс тілдерін жетік білді. Атақты тыңшы туралы ашық деректерде оның Қытайдың Үрімжі қаласында қызмет істеген жылдары орыс тілін үйрене бастағаны айтылады. Ол отбасындағы үлкен бала болған, одан басқа Дункан, Ангус, Малкольм және Стюарт есімді  төрт ұл болған.

 «Кейін отбасы Массачусетс штатының Стоутон қаласына көшіп келді. Дуглас әкесіне көмектесу үшін жергілікті авто-жанармай құю стансасында жұмыс істеді. Радиоға өте құмар болған. 1932 жылы Маккирнан Массачусетс технологиялық институтына түсті, бірақ бірінші курстан кейін оқуды тастап, сол университетте лаборант болып жұмыс істеді», - делінген. 

Маккирнанның Оспан батырмен алғашқы кездесуі 1947 жылы маусым айында кездескен. 

Дәлелхан Жанымханұлының естеліктерінде Оспан батыр мен Маккирнанның алғашқы кездесуі Шонжы маңайында болған. Америка консулының орынбасары Мекернан Сентайдағы орыс әскерлерімен бірге келген. «Мекернан орысша біледі. Жанында Бисақ деген америкалық жігіт бар. Ол моңғолша және қытайша білетін доктор еді. Бұлар тегінде Алтайдан бірге келген орыс әскерінің бастығы Иосиф Самойловпен тілдес еді»», - делінген естелікте. 

Ал Пәтіхан Сүгірбаевтың естеліктерінде «...қасында өзінің ханзу тілінен аудармашысы бар Манат қосып берген Мәжит дейтін жігітпен бірге Мәкинан таң шеті сөгілмей жолға шығып, Бәйтіктегі Оспанның ауылына барады. Мәккирнан ол арада төрт күн тұрады. Оспанмен күндіз-түні құпия әңгімеде болады. Оспанға ханзушаны қазақ тіліне Құрманбай Тиянақұлы аударып беріп отырады. Екі күннен кейін Мәккирнан Жұнғо-Монғолия жақтың жер түзілісін суретке алады және картаға түсіреді», - деп атап өткен. 

Маккирнан Оспан батырға не мақсатпен келді?

Оспан Алтайдағы советтік тау-кен экспедициясы туралы нақты мәліметтер білді. «1946 жылы келген совет экспедициясы төрт түрлі руда қазып жатыр, біреуі маған мүлде беймәлім кен тасы», «Сарсүмбеге әуежай салып, әскер күзетіп тұр», «Алтайдың көп бөлігі советтік бақылауда», деп мәлімет берген. 

Маккирнан бұл деректерді Вашингтонға жіберген. Оспаннан алған белгісіз тастардан радиациялық сәуле шыққанын анықтап, «Байтағбогда қақтығысы уран кеніші үшін болуы мүмкін» деген қорытынды жасады.

Екінші бір нұсқа - антикоммунистік одақ мақсатында келген. АҚШ сол кезде Қытай коммунистерінің билігін мойындамаған, керісінше Тайуандағы Чан Кайши үкіметін қолдаған. Маккирнан Оспанға қару-жарақ, алтын (он келідей), мылтық, пулемет, граната беріп, қаржылық қолдау көрсетті. Оспанға «коммунистерге қайта жақындамау үшін» көмектесті. Кездесулерде Оспан Маккирнаннан «Генерал Дәлелханның билігіндегі Алтайды қызылдардан азат ету үшін» қару сұрады. Маккирнан «Оспан ешкімге бағынбай, еркін өмір сүруді қалайтын адам» деп бағалады.

1949 жылы қыркүйекте Маккирнан Үрімжіден шығып, Оспанның ауылына қайта келді. Бір айдай бірге болды. Оспан оған қазақ жолбасшыларын (Зәлебай, Қиса батыр, Қариға, Зиратбай) беріп, Тибет арқылы қашуға көмектесті. Қалибек хакімнің ауылында (Гаскөл) жарты долларды қақ айырып, «осы жартыны әкелген адам – дос» деген құпия белгі қалдырды (бұл деталь Годфри Лиастың «Kazakh exodus» кітабында да бар).

Яғни Дуглас Маккирнан Оспан батырға «дос» ретінде келген жоқ. Ол атом тыңшысы ретінде келді. Бірақ екеуінің мүддесі уақытша тоғысты: Маккирнан уран құпиясын ашты, Оспан – қытай коммунистеріне қарсы күресте қолдауға ие болды. 

Басындай айтып өткеніміздей, Дуглас Сеймур Маккиернан – күн райын бақылаушы-метеоролог, шифр маманы, АҚШ әуе күштерінің подполковнигі болған. 1943 жылы Үрімжіге келіп, ауа райы станциясын орнатып, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанша қызмет етті. Ол Кеңес Одағы аумағынан ауа райы туралы мәліметтер жинап, АҚШ стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

1947 жылы Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) құрылғанда оның алғашқы құпия қызметкерлерінің бірі болып қабылданды. Кейін Кеңес Одағы Шыңжаңда уран кенін ашып, Орталық Азияда атом қаруын сынауға дайындалып жатқанын анықтау мақсатында 1947 жылдың мамыр айында Үрімжіге қайта келді. Ресми түрде АҚШ консулдығының хатшысы (вице-консул) лауазымын жамылды.

Үрімжідегі АҚШ бас консулы Пакстон Байтагбогд оқиғасын тексеру үшін Маккиернанды қақтығыс болған жерге жіберді. Гоминьдан тарабы жол бастаушы және аудармашымен қамтамасыз етті, екі жақ та құпия сақтауға келісті. Маккиернан 1947 жылы тамызда АҚШ-қа қайтып, 1948 жылдың желтоқсанында Шыңжаңға оралды. Ол АҚШ-та болған кезінде Оуэн Латтимормен кездесіп, Шыңжаң мәселесі жөнінде кеңес алды.1949 жылы ол ең нәзік микрофондық және сейсмикалық құралдарды алып келді. Семей полигонына жақын аумақта арнайы құралдар орнатып, Алтайдың Көктоғай ауданынан уран кенінің үлгілерін жинап, АҚШ-қа жөнелтті. 

1949 жылдың 10 тамызында АҚШ мемлекеттік хатшысы Дин Ачесонға атом сынағын анықтайтын құралдарды іске қосқанын хабарлады.АҚШ Үрімжідегі консулдықты 1949 жылдың 15 тамызында жауып, бірақ Маккиернанды өңірде қалдырып, Кеңес Одағының атом сынақтары туралы мәлімет жинауды жалғастыру тапсырмасын берді. 

КСРО 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында алғашқы атом бомбасын (RDS-1) сынағанда, Маккиернан өз құралдары арқылы деректерді кодтап, Андрюс әскери базасына жедел жолдады.Алайда американдықтар бұл мәліметті бір ай бойы толық тексермеді. 

Кейін Аляскадан Жапонияға дейін ұшқан ұшақтың ауа сүзгісінен түскен радиоактивті тозаң арқылы сынақты растады. Маккиернанның деректері мен Аляскадағы ақпарат бірдей маңызға ие болды. Осының нәтижесінде АҚШ президенті Гарри Трумэн 1949 жылдың 23 қыркүйегінде Кеңес Одағы «соңғы бірнеше аптада» атом қаруын сынағанын әлемге мәлімдеді.

Маккиернан коммунистер билік алған соң Оспан батырмен кездесіп, қарсылықты жалғастыруды тапсырды. Оспанға алтын мен радио қалдырды. Ол қазақ жауынгерлерінің көмегімен Тибет арқылы қашып шығуға тырысты, бірақ 1950 жылдың сәуірінде тибет шекарасында қаза тапты. Аман қалған Фрэнк Бассис аман-есен отанына оралды. 

Тек 2006 жылы АҚШ ЦРУ-ы Дуглас Маккирнанды тапсырманы орындау кезінде қаза тапқан деп ресми мойындады. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз