Бір әннің тарихы: «Келші, Айым»

Автор:
04.03.2026
59
Бір әннің тарихы: «Келші, Айым» - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Қазақ музыкасының тарихында тыңдарман жүрегіне ерекше әсер еткен, жылдар өтсе де ұмытылмай айтылып келе жатқан әндердіңң бірі – «Келші, айым». Бұл әнді естіген сәттен бастап оның бойынан бір жұмбақ мұң, сағыныш пен күту сезімі сезіледі. Көпшілік үшін бұл ән жай ғана махаббат туралы әуен болып көрінуі мүмкін. Алайда оның дүниеге келу тарихында шынайы өмірден туған ауыр тағдыр мен терең сезім жатыр.

Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Қараторғай»

«Келші, айым» әнінің әуенін жазған – қазақтың белгілі композиторы Мэлс Өзбеков. Ол 1938 жылы Жамбыл облысы, Құлан өңірінде дүниеге келген. Қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған сазгердің шығармалары тыңдарманға ерекше лиризммен, сезімтал әуенмен және қарапайымдылығымен жақын. Болашақ композитор бала кезінен музыкаға бейім болып өсті. Домбыра мен әнге құмарлығы ерте байқалып, мектеп жылдарынан бастап-ақ түрлі өнер үйірмелеріне қатысып, музыкалық қабілетін шыңдай бастайды. Музыкаға деген осы қызығушылық оны кейін Алматыға алып келіп, консерватория қабырғасында білім алуға жетелейді.

Консерваторияда оқып жүрген шағында Мэлс Өзбековтің өмірінде тағдырлы кездесу орын алады. Сол жылдары ол Алматы медициналық институтында білім алып жүрген Айымзада есімді қызбен танысады. Жастық шақтың алабұртып тұрған кезі, арман мен үмітке толы уақыт еді. Екі жастың арасындағы сезім біртіндеп тереңдеп, олар бір-бірін шынайы жақын тартады. Қала көшелеріндегі серуендер, көл жағасындағы кездесулер, болашақ туралы айтылған армандардың бәрі де жаңа ғана басталып келе жатқан мөлдір махаббаттың белгісіндей болатын.

Алайда жазғы демалыс басталған кезде олардың жолы уақытша екі айырылуға мәжбүр болады. Әрқайсысы өз ауылына қайтып, жаңа оқу жылы басталғанда қайта кездесуге уәделесіп қоштасады. Жаз бойы екеуі бір-біріне хат жазып, сағыныштарын сол хаттар арқылы жеткізіп тұрған. Қарапайым қағаз бетіне түскен сол сөздер жас жүректердің арасындағы нәзік байланысты сақтап тұрғандай еді. Бірақ уақыт өте келе Айымзададан келетін хаттар сирей бастайды. Соңғы хаттарының бірінде қыз: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деп ескерткен екен. Мэлс бұл сөзді түсіністікпен қабылдап, еш күмәнданбастан демалыстың аяқталуын күтеді. 

Күз түсіп, оқу жылы басталғанда Мэлс Алматыға үлкен үмітпен оралады. Бірақ ол армандаған кездесу енді ешқашан болмайтынын сол кезде білмеген еді. Курстас қыздардың бірінен ол Айымзаданың жазғы демалыс кезінде өзенге шомылып жүріп, суға батып кеткенін естиді. Бұл хабар жас жігіттің жан дүниесін төңкеріп жібереді. Күтпеген қайғы жүрегіне ауыр жара салып, оның бар үміті бір сәтте үзіліп кеткендей болады. 

Осы қайғылы хабардан кейін Мэлс ұзақ уақыт өзіне келе алмай жүреді. Сағыныш, өкініш, жүрекке түскен ауыр мұң оның жан дүниесін түгел билеп алады. Өткен күндердің елесі, бірге өткізген бақытты сәттер көз алдынан кетпей қояды. Сол кезде ішкі күйзеліс пен сағыныш біртіндеп әуенге айналып, жүректен шыққан сазға ұласады. Сөйтіп, жүректегі ауыр сезім мен мәңгілік сағыныштың үні болып «Келші, айым» әні дүниеге келеді. Бұл ән тек махаббат туралы лирикалық туынды ғана емес, орындалмай қалған арман мен жоғалған жастық сезімнің мұңды естелігі еді.

Әннің сөзін белгілі ақын Әбдірахман Асылбеков жазған. Ақын мәтінде сағыныш пен күту, жоғалған махаббатқа деген аңсарды нәзік әрі әсерлі жеткізе білген. Өлең жолдарынан алыста қалған сүйіктісін іздеген жанның ішкі күйзелісі, жүрек түкпіріндегі мұң анық сезіледі. Әсіресе әннің:

«Айдын көл, сен айтшы,

Самал жел, сен айтшы...» деген жолдары табиғатпен тілдескендей әсер қалдырып, жалғыздыққа душар болған адамның жан сырын бейнелейді. 

Әннің әуені мен сөзі бір-бірімен табиғи үйлесім тапқан. Музыкатанушылардың пікірінше, шығарманың әуендік құрылымы аса күрделі емес. Дегенмен дәл осы қарапайымдылық оның халық арасына тез таралуына ықпал еткен. Әуеннің баяу, толқынды ырғағы ән мәтініндегі мұң мен сағыныш сезімін толықтыра түседі.

«Келші, айым» әнінің кең таралуына 1975 жылы экранға шыққан «Гауһартас» көркем фильмі айрықша ықпал етті. Жазушы Дулат Исабековтің шығармасы желісімен түсірілген бұл туынды сол кезеңдегі қазақ киносының ең көрермен жинаған лирикалық фильмдерінің біріне айналды. Ауыл өмірінің шынайы көрінісін, адамдар арасындағы нәзік сезім мен тағдыр тартысын бейнелеген фильм көрерменнің жүрегінен орын алды. Фильмде актер Досхан Жолжақсынов домбырамен орындаған «Келші, айым» әні халыққа ерекше әсер қалдырды. Киноның бір көрінісінде баяу шертілген домбыра үнімен айтылған бұл ән фильмнің эмоционалдық өзегіне айналып, көрерменге терең әсер етті. Әуен мен кадрдағы көріністің үйлесуі әннің мұңды әрі лирикалық сипатын айқындай түсіп, оны көпшілікке бірден танытты.

Фильм экранға шыққаннан кейін «Келші, айым» әні ел арасында тез тарап, халық жиі орындайтын шығармалардың қатарына қосылды. Радио мен концерттік бағдарламаларда орындалып, түрлі сахналарда шырқала бастады. Көпшілік бұл әнді фильммен бірге қабылдап, оны қазақ музыкасының ең әсерлі лирикалық әндерінің бірі ретінде бағалады. Уақыт өте келе «Келші, айым» тек кино арқылы танылған ән ғана емес, қазақ тыңдарманының жадында сақталған, бірнеше буын қатар білетін шығармалардың біріне айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз