Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген, Қаһарман Мұқашұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітап негізінде желілес беріліп келе жатқан мақаламызды жалғастырамыз. Бұл жолы Чянлұңның 21-жылы 4-айдың 24-күніне, яғни 1756 жылғы 22 мамырға қатысты жазбаны негізге алып, Әмірсана дағдарысы тұсында Чиң сарайының Абылай ханға жасаған қысымы қалай күшейгенін, қазақ-чиң қатынасының дипломатиялық ескертуден ашық әскери қоқанлоқыға қалай ойысқанын талдаймыз.
Чянлұңның 21-жылы 4-айдң 24-күні
1756 жылы 22 мамыр
Қазақтардың орта жүз (ханы) Абылайға былай деп хабарлаңдар: қарақшы Әмірсана қайрат көрсетерге қауқары қалмай Қазақ жеріне зытқан еді. Ол Тауын Жисай мен Ғалзыт (Жайсаң) елінің жайылымдық жерінде талан-таражылық істеуге қарашаларыңызды желіктіріп, көк қағанаты алдында сіздерді күнәға батуға шырғалауда және жаны алқымына келген санаулы сағатын ұзартуға ұрынуда. Қазір ұлыстарыңыздың оның тіліне еріп, көзсіздікпен мейілдерінше арандату жүргізген шекара маңындағы адамдары үлкен қосынмыз тарапынан жеңіліс тапты да, соғыста қолға түскен Құдайберді, Өсербай деген адамдарыңыз астанаға апарылып тергелді. Сонан сіздің нағыз жағдайдан хабарсыз екеніңізді ұқтық. Қолды болған екі қарашаңыз әсілінде өлімге бұйырлуға тиіс еді. Бірақ оларды Әмірсананың өсек-аяңына алданған шығар деп, қарашаларыңыздың бұрыннан айтқанымызды орындап келгенін де ескеріп, айрықша мейірімділік жасап босатып қайтардық әрі оларға төрт орам шахналық торғын сыйладық. Кезінде жасауыл Шұндана: сіздің қағанатымыздың мейір-шапағатына бөлену үшін тарту тартуға Бейжіңге елші аттандырғаныңызды, бірақ оларды жолда Әмірсана ұстап қалып, бізге жете алмағанын хабарлаған еді. Мен сіздің адал ниет, ізгі көңіліңізді ерте-ақ білгемін. Осы жарлығым қолыңызға тисе, қалайда Әмірсананы ұстап қағанатымыздың шеріктеріне дереу тапсырып беретін болыңыз. Сонда Тауын Жисайдың ауылын шапқан күнәларыңызды бүкілдей кешіріп қана қоймай, оның үстіне жақсылап жарылқаймын. Қазір біздің екі бағыттағы қосынымыздың қолбасшылары бір түмен жасақты бастап жерлеріңізге ішкерілеп барады. Егер сіздер Әмірсананың қулық-сұмдығына әлі де сеніп, райларыңыздан қайтпасаңыздар, онда қосындарымыздың қатарын бұрынғыдан да молайтып, (сіздерді де) тып-типыл жоятын боламыз. Алда үлкен өкінішке қалмас үшін, пайда мен зиянды мұқият салмақтағандарыңыз оң.
(511-бума, 16-17-беттер)
***
1756 жылғы 22 мамырдағы бұл жазба бұған дейінгі 1755 жылғы көктем, жаз, күз және 1756 жылғы 1 наурыздағы жарлықтардың заңды жалғасы. Алғашқы жазбаларда Чиң сарайы қазақтарды Жоңғария ішіндегі оқиғаларға араласуы мүмкін күш ретінде бақыласа, кейін Абылай ханмен дипломатиялық байланыс орнатуға ұмтылды. 1756 жылдың 1 наурызындағы жарлықта Чянлұң Абылайға Әмірсананы паналатпау жөнінде ашық талап қойып, оны ұстап берсе “мәңгі жарылқауында” болатынын айтқан еді. Ал 22 мамырдағы мәтінде осы талап бұрынғыдан да қатаң сипат алады: енді Чиң сарайы тек ескертіп отырған жоқ, қазақ жеріне қарай әскер кіріп келе жатқанын ашық мәлімдейді.
Жарлықтың басында Әмірсана тағы да “қарақшы” деп аталады. Бұл атау Чиң сарайының саяси тілінде кездейсоқ қолданылмаған. 1755 жылдың басында Әмірсана Давачиға қарсы жорықта Чиң үшін қажет тұлға болса, бір жылдан кейін ол империяға қарсы шыққан басты бүлікшіге айналды. Сондықтан Чянлұң оны жеке адам ретінде ғана емес, жаңа орнаған империялық тәртіпке қарсы қауіп ретінде көрсетеді. Жарлықта оның “қайрат көрсетерге қауқары қалмай Қазақ жеріне зытқаны” айтылады. Бұл сөйлем арқылы Чиң сарайы Абылайға: Әмірсана енді күшті одақтас емес, жеңілген, қуғындалған, тірек іздеген адам деген ойды сіңіргісі келеді.
Осы жазбадағы басты айыптың бірі – Әмірсананың қазақ қарашаларын Тауын Жисай мен Ғалзыт (Жайсаң) елінің жайылымдық жерлерін талауға айдап салуы. Мұнда Чиң сарайы кінәні екі жаққа бөліп көрсетеді: негізгі арандатушы – Әмірсана, ал соған ергендер – Абылайға қарасты шекара маңындағы адамдар. Бұл өте есепті құрылған саяси тіл. Чянлұң бір жағынан қазақтарды кінәлайды, екінші жағынан Абылайдың өзін толық айыптаудан тартынады. Себебі ол Абылаймен дипломатиялық арнаны үзгісі келмейді. Сондықтан “сіздің нағыз жағдайдан хабарсыз екеніңізді ұқтық” деп жазады. Бұл Абылайға қалдырылған саяси жол еді. Егер ол Әмірсанадан іргесін аулақ салса, кінәдан арылып, Чиңмен қатынасты жалғастыра алады.
Құдайберді мен Өсербайдың аталуы да осы құжаттың маңызды тұсы. Жарлықта олардың соғыста қолға түсіп, астанаға апарылып тергелгені айтылады. Демек, Чиң әскері қазақ шекарасына жақын өңірде нақты қақтығысқа кіріскен, тұтқын алған, оларды жай далада жазаламай, орталыққа жеткізіп тергеген. Бұл Чиң билігінің қазақ мәселесін жергілікті ұсақ оқиға емес, сарай деңгейінде қарастырғанын көрсетеді. Құдайберді мен Өсербайдың “өлімге бұйырылуға тиіс” екені айтылғанымен, олар босатылады, тіпті төрт орам шахналық торғын сыйланады. Мұның өзі империялық саясаттың екі қырын қатар танытады: қорқыту және өзіне тарту.
Осы жерде Чиң сарайының дипломатиялық есебі анық көрінеді. Егер тұтқын қазақтарды бірден өлімге кессе, Абылаймен арадағы қатынас күрт нашарлауы мүмкін еді. Ал оларды кешіріп, сыйлық беріп қайтару арқылы Чянлұң өзін “мейірімді әмірші” ретінде көрсетеді. Бұл “біз жазалай да аламыз, кешіре де аламыз; бәрі сіздердің Әмірсанаға қатысты таңдауларыңызға байланысты” деген қазаққа бағытталған саяси ишара деуге болады. Яғни Құдайберді мен Өсербай тағдыры арқылы Чиң сарайы Абылайға үлгі көрсетіп отыр: бағынсаң кешірім бар, қарсылассаң жаза бар.
Жарлықта Шұндана туралы да бұрынғы мәлімет еске салынады. Ол Абылайдың Чиң қағанатының мейір-шапағатына бөлену үшін Бейжіңге елші аттандырғанын, бірақ оларды жолда Әмірсана ұстап қалып, сарайға жете алмағанын хабарлаған еді. Бұл 1755 жылғы қыркүйек және желтоқсан жазбаларымен тікелей байланысты. Ол кезде Чиң сарайы қазақ елшілігінің Бейжіңге баруын ерекше маңызды санаған, ал Әмірсананың соған кедергі жасағанын түсінген. Енді 1756 жылғы мамырда сол мәселе қайта алға шығып отыр. Чянлұң Абылайдың “адал ниетін” бұрыннан білетінін айтады, бірақ сол адалдық енді нақты іспен дәлелденуі керек. Ол – Әмірсананы ұстап беру.
Бұл мәтіндегі ең негізгі шарт та осы: “Осы жарлығым қолыңызға тисе, қалайда Әмірсананы ұстап қағанатымыздың шеріктеріне дереу тапсырып беретін болыңыз”. Бұған дейінгі 1 наурыз жарлығында да дәл осы талап қойылған еді. Бірақ 22 мамырдағы мәтінде оның үні қатқылдай түскен. Енді бұл өтініш те, дипломатиялық ескерту де емес, орындалуы тиіс нақты бұйрық сипатында. Чиң сарайы Абылайды өзіне бағынышты адам ретінде сөйлетіп отыр, ал Абылай үшін бұл өте күрделі жағдай. Бір жағынан, Әмірсана Жоңғариядағы Чиңге қарсы күштің соңғы өкілдерінің бірі, қазақ жерінен пана іздеген тұлға. Екінші жағынан, оны паналату Чиңмен ашық қақтығысқа апаруы мүмкін.
Жарлықтағы “Тауын Жисайдың ауылын шапқан күнәларыңызды бүкілдей кешіремін” деген жолдар да маңызды. Бұл жерде Чиң сарайы қазақтарды кінәлі санап отыр, бірақ сол кінәні кешірудің шартын Әмірсананы тапсырумен байланыстырады. Басқаша айтқанда, кешірім де саяси құралға айналған. Чянлұң Абылайға: бұрынғы шабуылдарыңды ұмытамыз, тұтқындарыңды босаттық, сыйлық та бердік, енді сен де Әмірсананы бер деп отыр. Мұнда дипломатия, сауда, кешірім және әскери қысым бір мәтіннің ішінде қатар өрілген.
Ал жарлықтың соңғы бөлігі бұрынғыдан да өткір. “Қазір біздің екі бағыттағы қосынымыздың қолбасшылары бір түмен жасақты бастап жерлеріңізге ішкерілеп барады” дейді. Бұл ашық әскери қысым. Наурыздағы жарлықта “ауыр қолымыз іргеңізде тұр” деген ескерту бар еді. Енді мамырда ол нақты әрекетке жақындай түскен, яғни бір түмен жасақ қазақ жеріне ішкерілеп бара жатыр. Чиң сарайы Абылайға ойлануға уақыт қалдырмай, әскери жағдайдың ушығып келе жатқанын көрсетеді.
“Егер Әмірсананың қулық-сұмдығына әлі де сеніп, райларыңыздан қайтпасаңыздар, онда қосындарымыздың қатарын бұрынғыдан да молайтып, сіздерді де тып-типыл жоятын боламыз” деген жолдар осы жазбаның ең қатқыл тұсы. Мұнда дипломатиялық тілдің сыртында тұрған шынайы империялық күш ашық көрінеді. Чиң сарайы қазақты түгел жау деп жариялап отырған жоқ, бірақ қажет болса әскери жазалау шарасына баратынын жасырмайды. Бұл сөйлем арқылы Абылайға таңдау нақты қойылады: Әмірсананы ұстап беру – бейбіт қатынасқа жол; оны қорғау – Чиң әскерімен соғыс қаупі.
Осы жазбаны алдыңғы материалдармен байланыстыра қарасақ, қазақ-чиң қатынасындағы реңктің қалай өзгергені айқын байқалады. 1755 жылғы наурызда қазақтар Іле өңіріндегі әскери фактор ретінде көрінді. Маусымда Абылайға шекараны бұзбау туралы ескерту берілді. Қыркүйекте қазақ елшілігінің Бейжіңге баруы Чиң сарайы үшін маңызды мәселеге айналды. Желтоқсанда Абылайдың ниетіне күмән азайғандай болды. 1756 жылдың 1 наурызында Әмірсананы ұстап беру талабы ашық айтылды. Ал міне 22 мамырда сол талап орындалмаса, әскери жаза қолданылатыны нақты ескертілді. Демек, бірнеше айдың ішінде Чиң саясаты жұмсақ дипломатиядан қатаң қысымға қарай ауысқан.
Бұл құжат Абылай ханның сол дәуірдегі сыртқы саяси жағдайының қаншалықты күрделі болғанын көрсетеді. Ол бір мезгілде бірнеше күшпен есептесуге мәжбүр еді. Бір жағынан, жоңғар қаупі әлсірегенімен, оның соңғы өкілдері қазақ даласынан пана іздейді; екінші жағынан, Чиң империясы Жоңғарияны бағындырып, қазақ шекарасына тікелей жақындап келеді; үшінші жағынан, қазақ руларының шекара маңындағы еркін қозғалысы, жайылым, олжа, бұрынғы кек сияқты факторлар орталық биліктің дипломатиялық есебін қиындатады. Сондықтан Абылай үшін Әмірсана мәселесі тек бір адамды ұстап беру не бермеу туралы шешім емес, Қазақ хандығының жаңа алып көршімен қатынасын қалай құру керек деген үлкен тарихи сынақ еді.
Мәтінде Чиң сарайының қазақтарды толық бағынған ел ретінде көрсеткісі келетіні байқалғанымен, шын мәнінде оның әр сөйлемінен сақтық та сезіледі. Егер қазақ толық бағынышты болса, Чянлұң бұлай ұзақ түсіндіріп, кешірім ұсынып, сыйлық беріп, Абылайдың “адал ниетін” қайта-қайта еске салмас еді. Демек, Чиң қазақты толық бақылаудағы халық емес, ықпал етуге, көндіруге, қажет болса қорқытуға тура келетін дербес күш ретінде қабылдаған. Бұл құжаттың қазақ тарихы үшін ең маңызды астарларының бірі жеуге болады.
1756 жылғы 22 мамырдағы жазба бізге Чиң империясының Жоңғардан кейінгі кеңістікте қандай жаңа тәртіп орнатқысы келгенін де көрсетеді. Ол тәртіптің негізгі шарты – шекарадағы әрбір күш Чиң мүддесін мойындауы керек. Әмірсана сол тәртіпке қарсы шыққан соң “қарақшы” атанды. Ал оны паналауы мүмкін қазақтар да империялық қысым нысанына айналды. Бұл Жоңғар хандығы құлағаннан кейін қазақ даласының шығысындағы геосаяси ахуалдың түбегейлі өзгергенін көрсететін құжат іспетті.
Қорыта айтқанда, 1756 жылғы 22 мамырдағы жарлық – Абылай ханға бағытталған Чиң қысымының ең айқын көріністерінің бірі. Мұнда империя бір жағынан Абылайдың бұрынғы елшілік жібергенін, адал ниетін мойындайды; екінші жағынан, Әмірсананы ұстап беруді талап етеді; үшінші жағынан, қазақ тұтқындарын кешіріп, сыйлық беріп, өзін мейірімді билік ретінде көрсетеді; ал ең соңында әскер кіргізіп, “тып-типыл жою” қаупін де жасырмайды. Бұл мәтін қазақ-чиң қатынасының жай дипломатиялық байланыс қана емес, қатты қысым, сақтық, есеп және аман қалу саясаты қатар жүрген күрделі тарихи кезең екенін айқын аңғартады.
***
- Мәртебелі мансаптар
- Чянлуң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 29 ақпан
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 1 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 6 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 10 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 ж 8 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 9 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 17 маусым
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 29 маусым
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 11 желтоқсан
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1756 жылы 1 наурыз
- Әмірсананы сұрату үшін Чиң патшасы Абылайға қандай хат жазды?