Ұлттық музейде «Музей түні» өтеді

Автор:
12.05.2026
448
Ұлттық музейде «Музей түні» өтеді - e-history.kz

18 мамыр күні Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Халықаралық музейлер күніне арналған дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясын өткізеді. Іс-шара таңғы сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жалғасады. Акция Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

Ұлттық музейдегі «Музей түні» акциясы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашқы жылы шараға 23 мың адам қатысса, кейінгі жылдары келушілер саны тұрақты түрде артқан. 2023 жылы акцияға 48 мың адам келсе, 2024–2025 жылдары 30 мыңнан астам келуші тіркелген. Биылғы «Музей түні» бағдарламасы тарих, өнер және заманауи технологияны біріктіретін кең ауқымды мәдени алаңға айналмақ. Келушілер үшін интерактивті экскурсиялар, квест ойындары, театрландырылған қойылымдар, ғылыми дәрістер, шеберлік сабақтары мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Акция аясында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Балдырған гид» жобасы, оқушылар қатысатын «Мирас» үйірмесінің экскурсиялары және «Жан біткен жәдігерлер» квест сабағы өтеді. Сонымен қатар «Өткеннен бүгінге – жәдігерлер сыры» атты театрландырылған экскурсия барысында келушілер түрлі тарихи кезеңдерге саяхат жасай алады. Кеш бағдарламасында жаңа технологияларға да ерекше орын берілген. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қолдауымен қонақтарға скрипкашы Назым Мустафинаның орындауы, сондай-ақ гуманоид робот пен бионикалық робот-иттің қатысуымен арнайы көрсетілім ұсынылады.

Келушілер танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін «Жұлдызды гид» шоу-жобасын тамашалап, «Музейдегі түн» квест-ойынына қатыса алады. Сонымен бірге музейдің ғылыми қызметкерлері авторлық экскурсиялар өткізеді. Мәдени кеш «Наз» мемлекеттік би театры, Қазақ ұлттық хореография академиясы және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасады. Сонымен қатар халық әндерін заманауи ритммен үйлестіретін DJ-сет ұйымдастырылады. Іс-шара барысында қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп, келушілер зергерлік бұйымдар, керамика, киіз, кілем және мата бұйымдарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады.

«Музей түні – 2026» аясында бірнеше көрме ұсынылады. Олардың қатарында Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» және «Орталық Азия тағамдары» атты жапондық манга көрмелері, суретші Ғ. Иляевтің 110 жылдығына арналған «Қазғұрт туралы аңыз – “Кеме”», корейлік жаңа медиа суретшісі Хван Сонджонның «Планетарлық өрім: Жер ырғағы және тоғысқан естеліктер», «Қазақстан мәдениеті тұлғаларда» гравюра көрмесі және «Бозоқ – Ұлы Дала өркениеті» жобасы бар.

Толық ақпарат https://www.nmrk.kz/ сайтында 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз