Ағартушылықтың алтын көпірі: Ыбырай мен Жамалледдин

Автор:
15.04.2026
133
Ағартушылықтың алтын көпірі: Ыбырай мен Жамалледдин - e-history.kz

Жамалледдин Бейсенов – Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған қазақтың жаңа үлгідегі білім беру жүйесінің алғашқы буынында тұрған, ағартушылық мұратты өміріне серік ете білген ұстаз. Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде білім алып, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін тәмамдаған ол бар саналы ғұмырын ел баласын оқытуға, қазақ қоғамының көзін ашуға арнады. 

Шәкірттерінің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың өмірлік жолын айқындауға ықпал етті. Ыбырай Алтынсариннің шәкірті әрі ізбасары Ж.Бейсенов қазақ педагогы, жазушы Спандияр Көбеевті алғаш мектепке жетелеп, оқу үйретіп, білім берген. Спандияр Көбеевтің «Орындалған арман» мемуарлық романында: «Жамалетдин Бейсеннің баласы еді. Орынборда оқытушылар даярлайтын мектепті бітіріп шыққан жас оқытушы болатын... Бағымызға қарай, Жамалетдин де, Досмағұл да, тіпті Ыбырайдың өзі де келіпті. 

Біз аттан түсіп, мектеп үйіне қарай жүріп келе жатқанда, Жамалетдин қарсы шықты. Әкеммен сәлемдескеннен кейін:

- Немене, ақсақал, Спандиярды оқуға әкелдің бе? деп сұрады.

- Иә, шырағым, оқысын деп әкелдім. Өзің айтып кіргізіп көр, - деді әкем.

- Мақұл, Көбеке, жүріңіз, - деп Жамалетдин бізді мектепке ертіп жүрді. Біз таялып келгенде сыпайы киінген, қолында қара папкасы бар, орта бойлы бір жас жігіт мектептен шықты. Досмағұл Тоқтабаев екен. Жамалетдин онымен бір-екі ауыз орысша сөйлескеннен кейін, Досмағұл бізді ертіп кеп мектепке кіргізді» деп жазғанынан  аңғаруға болады [1,81-82 б.].

Бейсенов Жамалледдин 1874 жылы Торғай облысы, Николаев уезі, Обаған болысындағы №2 ауылда туған. 2 сыныптық Қостанай орыс-қазақ училищесін бітірген соң, 1891-1895 жылдары Орынбор қазақ мұғалімдер мектебінде білімін жалғастырады. Оны аяқтаған соң "бастауыш мектеп мұғалімі" деген біліктілік беріледі. Мұғалімдер мектебін бітірген жылы Орал облысындағы Қараоба болыстық орыс-қазақ мектебінің 2-ші мұғалімі болып тағайындалады [2]. 

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музей қорында Ы.Алтынсариннің шәкірті және ізбасары Бейсенов Жамаледдин, ол фотопортреті мен 1907-1908 жылдарда Ж.Бейсеновтың отбасымен түскен фотосуретінің көшірмесі сақталған. Қостанай қаласында түскен отбасылық суретте Бейсенов Жамалетдиннің өзі, әйелі Кенжекей, қызы Мәриям, ұлы Ғабдрашит бар [3]. 

Халық мұғалімі Жамаледдин Бейсенов отбасымен, 1907-1914 жылдары, Қостанай қаласы

1905 жылдан Жітіқара-Шұбар болыстық мектебінің меңгерушісі болады. 1909 жылы Жамалледдин жайындағы мәліметте: «Заведующий Джаляляддин Бейсенович Бейсенов. В службе с 1895 г., в должности с 1905 г.Ок.к. Оренбургской киргизской учительской школы» деп беріледі. Өмірінің соңғы жылдарында Қостанай уезіндегі Забеловка 2 кластық училищенің меңгерушісі міндетін атқарады [5]. Забеловкада қызмет атқарып жүргенде, кенеттен науқастанып, 1913 жылы қайтыс болады. Мектеп ашып, ағартушылық қызмет еткені ескеріліп "Іждағаттығы үшін" (За усердие) атты күміс медальмен марапатталған. Бұл күміс медаль өте сирек берілетін болған. Осыдан-ақ Жамаледдин Бейсеновтың еңбегін қалай жоғары бағалағанын білуге болады.  

Шолпан Әбділдә келінінің «Мәриям-Бике кім еді?» естелігінде Жамалетдиннің қызы, қоғам қайраткері Мәрияш Бейсенова жайында былай баяндайды: «Бұл – қажылыққа барған Бейсен деген туысымыздың Жамалидден деген ұлынан қалған тұяқ. Лауазымды қызметтер атқарған. 1931 жылы арнаулы жолдамамен Мәскеуге әскери академияға барып, оны бітірген. Сонда оқып жүрген Мерғали Серәлиев деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Жеңгелері еркелетіп оны Мәриям-Бике деп айтатын. Жалғыз інісі Ғабдраш та оқыған азамат еді, жастай қайтыс болды.

Әкесі Жамалидден де көзі ашық, оқыған кісі болатын, оқу инспекторы болып қызмет істеді. Біздің жас шағымызда үш ат жегіп, пауескемен жүретін. Пауескенің қоңырауы алыстан естілуші еді жарықтықтың. Ауылдың балалары алдынан жүгіріп шыққанда пауескенің есігін ашып кәмпит үлестіретін. Ал оның әкесі Бейсен болса кезінде түйемен алыс жүріп, Мекке барып, қажы атанған. Содан елге зәмзәм суын ала келеді. Қажылықтан оралған соң келіншегінің аяғы ауырлап, ұл туады. Атамыз оған Зәмлиден деп ат қояды. Кейіннен ол Жамалидден атанып кетеді [6.304].

1913 жылы қайтыс болған кезде оған деген ел құрметі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ««Айқап» басқармасына хат» мақаласынан аңғарылады: «Өткен октябрь жұлдызының 26-сында Троицкідегі "Русско-татарская школдың" бас учителі Латифолла мырза Ғабдулғазизов дүниеден қайтты. 29-шы октябрьде, бейсенбі күні жаназасы оқылып, аса қадір-құрметпен жамбасы жерге тиді. Марқұм ес біліп, ержеткеннен бері қарай татар міллетіне көп еңбек сіңірген, сақалсыз балалар былай тұрсын, көп сақалды балалардың көзін ашқан, Троицк шәһәрінде не түрлі жақсылық істерге себепші болған бір кісі еді. Сонысына қарай өлімі де жұртқа қадірлі болды. Медреселерде дәрістер (сабақтар) тоқтатылып, қайғысына ортақтасты. Рухына құран хатым айттырылды. Жаназасына жер қайысқан кісі жиылды. Бас адамдары қабірінің қасында марқұмның қылықтарын сөйлеп, көңіл көздерінен күйікті жастар моншақтатып ұмытпайтындықтарына уағда етті. Міне, көздері ашылып, көңілдеріне сәуле кіре бастаған жұрт балалары оқытушының қадірін қалай біледі. Мұнан, бір жұма бұрын, 23 октябрьде Қостанай уезі, Обаған болысының қазағы Жамаллиддин мырза Бейсенов Қазанға ауруын қарата барғаннан кейін қайтып келе жатып, үйіне жете алмай, Троицк шәһәрінде опат болды. 

Марқұм "Русско-киргизская школдың" заведующийі еді. Қыршын жас жақсы қазақ балаларының школға кіруіне көп көмегі тиген, қазақшылық ісінде шын мұсылман бір адам еді. Мұның өлімінің жай қазақтың өлімінен көп айырмасы болмады. Бұл біздің қазақта оқытушының құны не дәрежеде қымбатты екенін көрсетеді. Байқаңыз, біздің оқытушылық қалай көмілді, бізбен туысқан, қатарымыз деп жүрген татардың оқытушысы қалай көмілді?

Ердің еңбегін ер білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туардағы? Бірақ қашан? Қайда? 1913. Троицк қаласы» [7].

Жамалледдин Бейсеновтың өмірі мен қызметі қазақ білім беру тарихында өшпес із қалдырды. Ол – Ыбырай салған сара жолды адал жалғастырып, ұлт болашағына қызмет еткен нағыз халық мұғалімі.

Салтанат ӨТЕЛБАЕВА.,

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай

өңірлік университетінің магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Көбеев Спандияр. Орындалған арман: Романдар мен мысалдар. Алматы: Җазушы, 1988.--272 бет.- суретті, портр.

2. ҚР МОА 95-қор. 2-тізбе. 85-іс. 3, 6, 15-п.

3. Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің  ҚК 374, ҚК 389 қоры

4. Адрес-календарь Тургайской области на 1909 г. б.м. б.г. 107-бет.

5. Справочная книжка и адрес-календарь Тургайской области на 1912 г. Оренбург, 1912 г. бет. 

 6. Әлім Қ., Меңдібай С. Терең тамыр: Тарихи-этнографиялық хикаят. – Астана: Фолиант, 2009, 848 б. 

7. С.Торайғыров. Шығармалары. 2-том, А., "Ғылым", 1993, 166-167 -беттер.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз