«Әмірсана 30 мың қазақ жасағын бастап келеді»: қауесет пе, әлде Чиңнің шынайы қорқынышы ма?

65
«Әмірсана 30 мың қазақ жасағын бастап келеді»: қауесет пе, әлде Чиңнің шынайы қорқынышы ма? - e-history.kz

Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген, Қаһарман Мұқашұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітап негізінде желілес беріліп келе жатқан мақаламызды жалғастырамыз. Бұл жолы Чянлұңның 21-жылы 7-айдың 28-күніне, яғни 1756 жылғы 23 тамызға қатысты сарай жазбасын талдаймыз. Көлемі шағын болғанымен, бұл дерек Чиң империясының Әмірсана төңірегіндегі үрейін, қазақ күшіне деген сақтығын және ақпараттық соғыстың сол дәуірдегі рөлін аңғартады.

Чянлұңның 21-жылы 7-айдың 28-күні

(1756 жылы 23 тамыз)

Батысты орнықтырушы қосының бұрынғы генералы Черің былай деп мәлімдейді: кезіндегі жасауыл Жұңчию ойрат Байынды тұтқындап шатырымызға айдап әкелген еді. Біз оның Әмірсана 30 мыңдай қазақ жасағын бастап осылай келгелі жатыр деген мойындама сөзін тәптіштеп сұрадық. Бұл оның жұрт сенімін шайқалту үшін әдейі таратып жүрген қауесеті екен. Сондықтан Байынды табан астында өлтірдік. Хабардар болыңыздар.

(517-бума, 17-18-беттер)

***

Бір қарағанда, бұл – әскери тәртіпке қатысты шағын ғана эпизод. Бірақ осы қысқа жазбаның астарында үлкен саяси ахуал жатыр. Өйткені 1756 жылдың тамызына қарай Чиң империясы үшін Әмірсана мәселесі толық шешілген жоқ еді. Бұған дейінгі жарлықтарда Чянлұң Абылай ханға бірнеше рет арнайы хат жолдап, Әмірсананы ұстап беруді талап етті. Тіпті 1756 жылғы мамырдағы жарлықта қазақ жеріне қарай бір түмен әскер ішкерілеп бара жатқаны, егер қазақтар Әмірсананы паналатса, “тып-типыл жойылатыны” туралы қатаң ескерту де жасалған болатын.

Демек, бұл кезеңде Чиң сарайы үшін басты қауіптің бірі – Әмірсананың қазақ жерінде тірек табуы еді.

Осы тұрғыдан қарағанда, «Әмірсана 30 мың қазақ жасағын бастап келеді» деген сөз кездейсоқ емес. Мұндағы “30 мың” санының өзі әскери үрей туғызатын көлемде айтылған. Бұл жай шекаралық топ емес, үлкен соғыс қаупін елестететін күш ретінде берілген. Сондықтан Чиң қолбасшылығы мұндай сөзді қарапайым өсек ретінде емес, әскердің рухына әсер ететін қауіпті ақпарат ретінде қабылдаған.

Жазбада Байын бұл қауесетті “жұрт сенімін шайқалту үшін әдейі таратқан” деп көрсетіледі. Сөйтіп ол сол жерде бірден өлтіріледі. Бұл жерде Чиң армиясының соғыс жағдайындағы тәртібі де көрінеді. Әскер ішіндегі жалған ақпарат, әсіресе Әмірсанаға қатысты қауесет – мемлекет қауіпсіздігіне қарсы әрекет саналған.

Алайда осы жерде бір маңызды сұрақ туады: егер бұл мүлде негізсіз, ақылға сыймайтын өтірік болса, неге Чиң әскері оған соншалықты алаңдады?

Мәселенің түйіні де осында жатыр. Өйткені XVIII ғасыр ортасындағы тарихи жағдайға қарасақ, Әмірсана мен Абылай арасындағы байланыс шын мәнінде болған. Мұны тек Чиң құжаттары ғана емес, кейінгі ойрат және моңғол тарихи деректері де аңғартады.

Моңғол шежірелік материалдарында Әмірсана бірнеше рет Абылай ордасына барғаны, Абылай ханның оны жақсы қабылдағаны, өзіне жақын тартқаны айтылады. Онда Әмірсана мен Давачидің 1751 жылы қазақтың Орта жүзіне барғаны, Абылай оларды қолдағаны, кейін Әмірсана Давачимен қайта араздасып, тағы да қазақ жеріне келгені баяндалады.

Тіпті кейбір моңғол деректерінде 1756 жылы Әмірсана мен қазақ қолы Чиң әскерімен бірге соғысқаны туралы мәліметтер де ұшырасады. Әсіресе Қожаберген батырмен бірге Далданға жасағына қарсы жеті күн соғысқаны туралы жолдар назар аудартады.

Әрине, мұндай деректердің барлығын сол күйінде бұлжымас ақиқат деп қабылдау қиын. Өйткені моңғол тарихи жадында Әмірсана көбіне азаттық үшін күрескен тұлға ретінде сипатталады. Ал Чиң сарайы оны үнемі “қарақшы”, “опасыз”, “бүлікші” деп жазды. Екі тараптың саяси көзқарасы екі бөлек.

Дегенмен дәл осы қарама-қарсылықтың өзі маңызды. Чиң құжаттарында қазақтардың Әмірсанаға қатысы көбіне кішірейтіліп, “шекара адамдарының арандауы”, “қауесет”, “жаңсақ әрекет” ретінде беріледі. Ал ойрат-моңғол деректерінде Абылай мен Әмірсана арасындағы байланыс әлдеқайда жақын сипатталады.

Сондықтан 1756 жылғы 23 тамыздағы мына жазбадағы “30 мың қазақ жасағы” туралы сөзді толық ойдан шығарылған өтірік деп біржола кесіп айту да қиын. Керісінше, Чиң әскері ішінде “Әмірсана қазақ қолын өз жағына шығарып жіберуі мүмкін” деген шынайы қауіп болған сияқты.

Мұны жазбаның өз логикасы да аңғартады. Егер Чиң қолбасшылығы мұндай мүмкіндікті мүлде жоқ деп санаса, Байынның сөзіне бола соншалықты қатаң жаза қолданбас еді. Демек, мәселе қауесеттің жалғандығында ғана емес, оның сенуге болатын қауіпті сөз ретінде таралуында жатқан тәрізді.

Бұл жерде тағы бір нәрсе анық байқалады: қазақ факторы 1756 жылға қарай Чиң әскері үшін әскери-психологиялық күшке айналып үлгерген.

Бұған дейінгі жазбаларда қазақ қолының Іле өңіріне кіргені, Давачиге қарсы әрекет еткені, тіпті оны тұтқындап кетуі мүмкін екені айтылған болатын. Кейін Чянлұң Абылайға қайта-қайта хат жазып, Әмірсананы паналатпауын талап етті. Ал енді, міне, қазақ жасағы туралы сөздің өзі Чиң лагеріндегі сенімді шайқалтуға жеткілікті болып отыр.

Бұл – қазақтардың XVIII ғасыр ортасындағы аймақтық саясаттағы ықпалының қаншалықты өскенін көрсететін белгі.

Сонымен бірге бұл жазба Чиң империясының ақпаратқа қаншалықты сақ қарағанын да байқатады. Байынның сөзі бірден қабылданбайды. Оны “тәптіштеп сұрайды”. Тергеу жүргізеді. Бұған дейінгі құжаттарда да Чиң сарайы қазақтарға, Әмірсанаға, Давачиге қатысты әрбір хабарды бірнеше рет тексеріп отырғанын көреміз. Өйткені шекарадағы әрбір қауесет үлкен соғысқа себеп болуы мүмкін еді.

1756 жылғы тамыздағы бұл ахуалдан Чиң империясының ең үлкен қорқынышының бірі анық сезіледі: Жоңғария толық бағынбай тұрып, Әмірсана мен қазақ күшінің бірігіп кетуі.

Себебі ондай одақ пайда болса, Чиңнің Іле мен Жоңғариядағы жаңа билігі әлдеқайда ауыр соғысқа тап келуі мүмкін еді. Сондықтан “30 мың қазақ жасағы” туралы сөз әскери шындықтан бұрын саяси үрейдің көрінісі іспетті.

Қысқа ғана осы сарай жазбасы XVIII ғасыр ортасындағы дала кеңістігінің қаншалықты күрделі болғанын көрсетеді. Мұнда бір жағында алып империя тұрса, екінші жағында жойылып бара жатқан Жоңғар мемлекетінің соңғы қарсылығы бар. Ал үшінші тарапта – осы өзгерістердің бәріне ықпал ете алатын қазақ күші тұр.

Сондықтан бұл құжаттағы басты мәселе Байынның өлімі ғана емес. Негізгі мәселе – Чиң сарайының қазақ пен Әмірсана арасындағы ықтимал байланыстан шынымен қауіптенуі. Ал “30 мың қазақ жасағы” туралы қауесет сол қорқыныштың нақты көрінісіне айналған тәрізді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз