Қазақ байлары салған ауыл мектептері
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында мектеп ашу, мұғалім даярлау және ана тілінде білім беру мәселесі ұлттық қозғалыстың ең өзекті бағыттарының бірі болды. 1917 жылғы «Сарыарқа» газетінің материалдары сол кезеңдегі қазақ зиялыларының оқу-ағарту ісіне қалай қарағанын ғана емес, ұлттық мектеп қалыптастыру жолындағы нақты әрекеттерін де көрсетеді.
Бастауыш мектеп бастамасы
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғаны белгілі. Сондықтан халықтың күнделікті тіршілігі малмен тығыз байланысты еді. Бірақ елдің болашағы үшін малдан да маңызды мәселе бар екенін қазақ зиялылары сол кездің өзінде ашық айта бастады. Оның бірі – бала тәрбиесі мен білімі.
«Сарыарқаның» №7 санында жарияланған «Оқытушылар шығаратын медіресе туралы» мақаласы осы мәселені ерекше өткір көтереді.
Автор қазақтың бала тәрбиесіне деген көзқарасын сынай отырып: «Малды кім болса, сол асырайды. Баланы кім болса, сол асырап, анық адам қыла алмайды», – деп жазады.
Бұл бір қарағанда қарапайым пікір сияқты көрінгенімен, астарында үлкен қоғамдық мәселе жатыр. Автордың ойынша, баланың қарны тоқ, киімі бүтін болуы оның дұрыс тәрбиеленіп, толыққанды азамат болып қалыптасқанын білдірмейді. Баланың ақылы, мінезі, намысы, жігері мен қайраты да назардан тыс қалмауы керек. Мақалада:
«Баласының мінезі, ақылы, ойы, намысы, жігері, қайраты жағына көбірек көз салып асырауды біздің қазақ білмейді», – деген сын айтылады.
Осыдан кейін мектеп пен медресенің қоғамдағы рөлі айқындалады. Білім беру мекемесі баланы тек хат танытып, есеп үйрететін орын емес, оның адамдық қасиеттерін қалыптастыратын орта ретінде қарастырылады. Автор мұны:
«Осындай адамның адамдық сырларын күшейтіп, үлгілі, көргенді ету – түзу жолға салынған мектеп-медіресе жұмысы», – деп түсіндіреді.
Демек, сол кезеңдегі қазақ зиялылары үшін мектептің міндеті тек сауат аштырумен шектелмеген. Мектеп арқылы жаңа тұлға, жаңа азамат қалыптастыру көзделген. «Сарыарқа» мақалаларынан қазақ қоғамындағы оқу-ағарту мәселесіне қатысты ішкі қайшылықты да аңғаруға болады. Халық білімнің қажеттігін түсінгенімен, оны нақты іске айналдыруда енжарлық танытқаны сыналады. №7 санда жарияланған «Оқытушылар шығаратын медіресе туралы» мақаласында автор: «Біздің қазақ бала оқытуды жеңіл-желпі жұмыстың бірі көреді. Мал асырауға салған көңілді бала асырауға салмайды», – деп жазады. Бұл жерде мәселе халықтың білімге мүлде мән бермеуінде емес. Керісінше, бала тәрбиесі мен оқу ісіне деген жауапкершіліктің жеткіліксіз болғаны сөз болады. Автордың пайымынша, қазақ баланың киімін бүтіндеп, тамағын тоқ ұстауды оның жақсы тәрбиеленгені деп түсінгенімен, білім мен тәрбие арқылы оның ақылын, мінезін, жігерін қалыптастыруға жеткілікті көңіл бөлмеген.
Оқу-ағарту ісіндегі тағы бір мәселе – бұл жауапкершіліктің санаулы ғана оқыған азаматтардың мойнына түсіп қалуы еді. Қазақ қоғамындағы сауатты адамдардың саны аз болғандықтан, олардың бүкіл елге мектеп ашып, бала оқытып, мұғалім даярлауы мүмкін емес болатын. Сондықтан ағартушылықты жеке зиялылардың міндеті емес, бүкіл халықтың ортақ ісіне айналдыру қажет еді. Осы ойды автор: «Жұрт жұмысы дегенде, жалғыз оқығандар борышты болып, оқымағандар тайып шықпасқа керек», – деп нақты білдіреді. Демек, «Сарыарқа» көтерген мәселе – тек мектеп санының аздығы емес, оқу-ағарту ісіне деген қоғамдық жауапкершіліктің әлсіздігі. Газет қазақ зиялыларын ғана емес, жалпы халықты да мектеп ашуға, мұғалім даярлауға және ұлттық білім ісін қолдауға атсалысуға шақырды.
Сол кезеңдегі қазақ қоғамының оқу-ағарту саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – білікті мұғалімдердің тапшылығы еді. Мектеп ашу қажеттігі айқын болғанымен, сол мектептерде сабақ беретін ұстаздар жеткіліксіз болды. Сондықтан қазақ зиялылары мәселені мектеп санын көбейтумен ғана шектемей, ең алдымен мұғалім даярлау ісін жолға қою қажет екенін түсінді. «Сарыарқаның» №7 санында жарияланған «Оқытушылар шығаратын медіресе туралы» мақаласында осы мәселенің нақты шешімі ұсынылады:
«Саусаққа салып санарлықтай оқығандар бүкіл жұртқа жетпейді. Бірақ түгел жетерліктей әдіс табады. Ол әдіс – оқытушылар шығаратын медіресе ашу».
Яғни елдегі санаулы оқыған азаматтарға ғана сүйену жеткіліксіз еді. Қазақ даласына білім тарату үшін жаңа буын мұғалімдерін жүйелі түрде даярлайтын арнайы оқу орнын ашу қажет болды. Бұл ұсыныс сол кездегі ағартушылық қозғалыстың кездейсоқ бастамасы емес, ұлттық білім жүйесін қалыптастыруға бағытталған нақты қадам еді. Оқытушылар даярлайтын медресе ашу туралы мәселе Семейде өткен сиезде де арнайы қаралып, оны ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылданады. Медресеге қажетті қаржыны халық болып жинау көзделеді. Алайда қаулы қабылданғанымен, оның орындалуы бірден жүзеге аса қоймайды. Бұл жағдайды «Сарыарқа» ашық сынап: «Одан бері үш ай өтті, әлі ешқайдан жиналып келген бір тиын ақша жоқ», – деп жазады. Газет мұны «ауызбен айтып, істерде қайтып» қалу қаупі ретінде бағалайды. Осы арқылы басылым ел ішінде оқу-ағарту ісін қолдауға деген ниет пен оны нақты әрекетке айналдырудың арасында алшақтық барын көрсетеді. Соған қарамастан, қазақ зиялылары халықтың қаржы жинауын күтіп, істі кейінге қалдырмайды. Оқу жылы жақындаған соң, Семейдегі оқытушылар ұйымы мен облыстық қазақ комитеті оқытушылар даярлайтын медресені өз күштерімен ашуға кіріседі. Олар Уақытша үкіметтен қаржы сұрап, медресеге ғимарат беру жөнінде де тиісті орындарға өтініш жасайды. Осы тұста «Сарыарқа» материалдарынан сол кезеңдегі зиялылардың ұстанымы анық көрінеді: мүмкіндікті күтіп отыру емес, қолда бар жағдаймен істі бастап кету. Олар үшін мұғалім даярлау – кейінге қалдыруға болмайтын, ұлттық мектептің болашағын айқындайтын негізгі міндеттердің бірі болды.
Оқытушылар даярлайтын медресені ашу ісін нақты қолға алған қазақ зиялылары оны іске қосу үшін қажетті материалдық мүмкіндіктерді де қарастырды. Бұл ретте олар мемлекеттік қолдауға үміт артқанымен, бар жауапкершілікті үкіметке жүктеп қойған жоқ. «Сарыарқа» газетінің мәліметінше, медресенің жұмысын бастап кетуге қажетті қаражат ретінде Уақытша үкіметтен 25 мың сом сұралған. Газетте бұл туралы: «Алғаш істі бастап жүргізіп кетерлік мөлшермен 25 мың сом ақша сұралды», – деп жазылады.
Сонымен қатар «Алаш» қаласында бос тұрған, бұрын шаруашылық ғылымын үйреткен мектеп ғимаратын жаңа медресеге беру туралы облыстық комиссариатқа өтініш жасалады. Яғни сол кездегі зиялылар оқу-ағарту ісін тек идея деңгейінде қалдырмай, оған қажетті қаржы, ғимарат, мұғалім және ұйымдастыру мәселелерін қатар шешуге ұмтылған. Дегенмен мемлекеттен қажетті қолдау бірден көрсетілмеуі де мүмкін еді. Сондықтан облыстық қазақ комитеті медресені үкіметтің шешіміне қарап тоқтатып қоймауды көздейді. Газетте: «Егерде ақша да, үй де берілмесе, обласной Қазақ камитеті өз күшімен ашпақ», – деген жолдар бар. Бұл жердегі «өз күші» деген сөз жай ғана комитеттің мүмкіндігін білдірмейді. Оның ар жағында халықтың бұрын берген уәдесі мен елдің қолдауы тұр. Яғни қазақ зиялылары оқу-ағарту ісін сырттан келетін көмекке ғана сүйеніп емес, халықтың өз қаражаты мен ортақ жауапкершілігіне арқа сүйеп дамытуға ұмтылды. Осы тұста «Сарыарқаның» халыққа жасаған үндеуі де назар аударарлық: «Сөйтіп оқығандар іске кіріскенде жұрт та «әуп!» деп сүйеуі жөн». Бұл қысқа ғана сөйлемнің өзінен сол дәуірдегі қоғамдық жауапкершілік идеясы анық аңғарылады. Оқығандар істің басын бастайды, ал оның әрі қарай жүруі халықтың қолдауына байланысты. Сондықтан мектеп пен медресе ашу санаулы зиялылардың ғана шаруасы емес, бүкіл ел болып көтеретін ортақ міндет ретінде көрсетіледі.
Ұлттық мектеп туралы талап
«Сарыарқа» газетінің №10 санында жарияланған «Оқу уақыты жетті» мақаласы осы ағартушылық бағытты одан әрі жалғастырып, мәселені ұлттық мектеп деңгейіне көтереді. Мақалада «Алаш» қаласында өткен облыстық қазақ сиезінің оқу-ағарту саласына қатысты қаулысы еске алынады. Сиезде қазақ балалары үшін ашылған мектептердің барлығын ұлттық мектепке айналдырып, онда білімді қазақ тілінде беру жөнінде шешім қабылданғаны айтылады:
«Қазақ үшін арналып ашылған школдардың бәрі ұлт мектебіне айналдырылып қазақша оқытылсын».
Бұл шешім сол кезеңдегі қазақ қоғамы үшін айрықша маңызды еді. Өйткені мәселе енді жекелеген мектептерде қазақша сабақ берумен ғана шектелмей, бүкіл білім беру жүйесін ұлттық негізде қайта құру деңгейінде қойылды. Яғни қазақ баласының қандай мектепте, қай тілде және қандай мазмұнда білім алатыны ұлттың болашағына тікелей қатысты мәселе ретінде қарастырылды. 1917 жылғы саяси өзгерістерден кейін қалыптасқан жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, қазақ зиялылары мектеп санын көбейтіп қана қоймай, олардың жұмысын ұлттық мүддеге бейімдеуге ұмтылды. Осыған байланысты мақала авторы халықты енді бейқам отырмай, оқу ісіне белсене кірісуге шақырады: «Енді қазақ халқы ғафыл жата бермей мектепті көбейтіп, көркейтіп тырбану керек». Бұл үндеуден сол кезеңдегі зиялылардың негізгі мақсатын аңғаруға болады. Олар үшін ұлттық мектеп – балаларға ана тілінде білім беретін қарапайым оқу орны ғана емес, ұлттың тілін, әдебиетін, тарихын және мәдени жадын сақтайтын маңызды қоғамдық институт болды. Мақалада мектеп пен ұлттық әдебиеттің өзара байланысы да ерекше назарға алынады. Өйткені ана тілінде білім беретін мектеп қалыптаспайынша, қазақ тіліндегі оқулықтар мен кітаптардың да кең таралуы қиын еді. Сондықтан ұлттық мектепті қалыптастыру ісі қазақ тілінің қоғамдық қолданысын кеңейтіп, ұлттық әдебиеттің дамуына жол ашатын негізгі тетіктердің бірі ретінде түсіндірілді. Осы тұрғыдан алғанда, «Оқу уақыты жетті» мақаласы – жай ғана оқу маусымының басталғанын хабарлаған жазба емес. Ол қазақ қоғамын ұлттық білім жүйесін қалыптастыруға шақырған бағдарламалық сипаттағы мақала болды. Мектепті көбейту, оны қазақша оқыту және оқу ісін халықтың өз қолына алу идеялары кейінгі ағартушылық бастамалардың да негізгі бағыттарының біріне айналды.
«Оқу уақыты жетті» мақаласының назар аударарлық тұстарының бірі – автордың мектеп пен ұлттық әдебиетті бір-бірімен тығыз байланысты қарастыруы. Сол кезеңдегі қазақ зиялылары үшін мектептің міндеті балаға сауат аштырып, белгілі бір пәндерді үйретумен ғана шектелмеді. Ұлттық мектептің қалыптасуы қазақ тіліндегі әдебиеттің, оқулықтардың және жалпы ұлттық ойдың дамуына тікелей ықпал ететін фактор ретінде бағаланды. Мақала авторы ұлттық мектептің қысқа мерзіммен ғана шектелуінің салдарына алаңдап, білім беру жүйесінің ұзақ мерзімді болашағына назар аударады. Егер қазақ баласы өз тілінде тұрақты білім ала алмаса, сол тілдегі кітап пен әдебиеттің де кең өріс жаюы қиын екенін ескертеді:
«Екі жылдық мектеп бен ұлт әдебиеті өркендемейді... Өз тілінде кітаптар жазылмай қалмақ. Өз тілінде кітаптар болмаған жұрт ілгері баспақ емес».
Бұл пікірден сол дәуірдегі зиялылардың мектеп, тіл, кітап және ұлттық даму арасындағы өзара байланыстытерең түсінгенін көруге болады. Мектепте қазақша білім беру үшін қазақ тіліндегі оқу құралдары қажет. Ал оқу құралдарының пайда болуы жаңа әдебиеттің қалыптасуына жол ашады. Өз кезегінде ана тіліндегі кітап пен әдебиет баланың ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, тілдің қоғамдық қызметін кеңейтеді. Сондықтан «Сарыарқа» көтерген мектеп мәселесін тек білім саласына қатысты тар мәселе деп қарауға болмайды. Оның астарында ұлттық тілдің болашағы, әдебиеттің дамуы және халықтың рухани дербестігі туралы үлкен мәселе жатыр. «Өз тілінде кітаптар болмаған жұрт ілгері баспақ емес» деген тұжырым сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ағартушылық көзқарасын дәл танытады. Олар үшін ұлттық мектеп – білім берудің ғана құралы емес, тілді сақтайтын, әдебиетті дамытатын және ұлттық сананы қалыптастыратын негізгі тірек болды.
Мақала авторы мектеп ашу мен оқу ісін дамыту тек оқыған азаматтардың немесе арнайы ұйымдардың міндеті емес, бүкіл халықтың ортақ жауапкершілігі екенін тағы да ескертеді. Елдің өзі оқу ісіне белсенді араласпайынша, ұлттық мектепті қалыптастыру қиын болатын. Сондықтан «Сарыарқа» халықты енжарлықтан арылып, заман талабына сай әрекет етуге шақырады. Осы орайда мақалада:
«Жалқаулық, селқостық қылып жата берсек, қатарымыздағы басқа жұртқа жем болып кеткеніміз», – деген өткір ескерту жасалады.
Бұл сөздер сол кезеңдегі қазақ зиялыларының қоғамның білім жағынан артта қалуына алаңдағанын көрсетеді. Олар заманның өзгеріп жатқанын, өзге халықтардың мектеп ашып, ғылым-білімге ұмтылып жатқанын жақсы түсінді. Сондықтан қазақтың да ұлттық мектептерін көбейтіп, білім жүйесін қалыптастыруы уақыт талабы ретінде қойылды. Мұнда білімнің мәні жеке адамның сауат ашуымен ғана шектелмейді. Білім – халықтың өзге жұрттармен қатар өмір сүруіне, ұлттық дербестігін сақтап, қоғамдық және мәдени тұрғыдан алға жылжуына қажетті негізгі күш ретінде танылады. Осы себепті мектеп ашу мәселесі елдің болашағымен тікелей байланыстырылды. Мақала соңындағы: «Біз қатардан қалмауды ойлап тұрған жұрт емеспіз, қара – үзіп озып кеткен елді қуып жетеміз деп отырмыз», – деген сөз де осы ұстанымды айқын көрсетеді.
Бұл жерде қазақ зиялыларының мақсаты тек өзге жұрттардан қалып қоймау емес, озып кеткен елдердің қатарына жету, тіпті олармен тең дәрежеде даму екені байқалады. Сондықтан бұл сөздер сол кезеңдегі қазақ қоғамының ағартушылық идеясындағы жігер мен ұмтылыстың көрінісі деуге болады. «Сарыарқа» үшін мектеп – артта қалмаудың ғана емес, ұлтты алға сүйрейтін құрал. Ал сол мектептің дамуы халықтың өз қолдауына, мұғалімдердің еңбегіне және білімнің ұлттық негізде ұйымдастырылуына байланысты болды.
«Алаш» қаласы – оқу-ағартудың орталығы
«Сарыарқаның» №10 санында жарияланған «Алаш» дуанындағы мектептер» атты мақалада ұлттық мектепті қалыптастыру жолындағы нақты ұйымдастырушылық жұмыстар кеңірек баяндалады. Бұл материалдың ерекшелігі – мұнда мектеп ашу туралы жалпы пікір ғана емес, сол кездегі Алаш қаласындағы оқу орындарының жағдайы, оларды басқару, мұғаліммен қамтамасыз ету және қаржыландыру тәртібі нақты көрсетіледі.
Мақалада Алаш қаласында бұған дейіннен үш мектептің жұмыс істеп келгені айтылады. Алайда бұл оқу орындарының әрқайсысы өз алдына дербес жұмыс жүргізген. Қазақ оқытушыларының ұйымы мен облыстық қазақ комитеті осы мектептердің басын біріктіріп, оқу ісін ортақ тәртіпке келтіру қажет деп есептейді. Осы мақсатта 1917 жылғы 13 тамызда арнайы жиын өткізіліп, қаладағы мектептердің болашағы талқыланады.
Жиында сол кезеңдегі оқу-ағарту ісінің негізгі қағидаларының бірі айқындалады. Мақалада: «Барлық қазақ мектебін бір ізде болмағын, заман мәдениеттікі болып, «ескі, жаңа» деп тартысып тұру жарамайтынын», – деген пікір келтіріледі. Бұл сөздерден мектеп ісіндегі түрлі көзқарастардан гөрі ортақ ұлттық мүддені жоғары қою қажеттігібайқалады. Яғни қазақ қоғамы үшін енді мектептердің бір-бірінен оқшау жұмыс істеуі емес, олардың оқу бағдарламасы, мұғалім даярлау ісі мен ұйымдастырылуы белгілі бір жүйеге түсуі маңызды болды.
Жиында тағы бір маңызды мәселе – мектеп ісінің бүкіл халыққа ортақ міндет екені. Қазақ комитеті жалғыз өзі барлық оқу мәселесін шеше алмайтынын айтып, халықтың да бұл іске белсенді араласуы қажеттігін түсіндіреді. Мұның өзі бұған дейінгі «Сарыарқа» мақалаларында айтылған халықтың оқу ісіне жауапкершілікпен қарауы керек деген оймен сабақтас. Жиын нәтижесінде Алаш қаласындағы мектептердің оқу тәртібін белгілеу және мұғалімдерді тағайындау ісі Қазақ оқытушыларының ұйымына тапсырылады. Осылайша мектеп жұмысына жауапты нақты ұйым белгіленіп, оқу ісін жүйелеуге қадам жасалады. Ал мектептердің материалдық жағдайын қамтамасыз ету мәселесі қала тұрғындарының өз мойнына жүктеледі. Үш мектептің шығынын Алаш қаласында тұратын қазақтар көтеруге келіседі. Ол үшін арнайы кісілік комиссиясайланып, мектептің қаржы мәселесін ұйымдастыру міндеті соған беріледі. Комиссия құрамына қаланың имамдары, байлары мен оқытушылары кіргізіледі. Бұл да мектептің бір ғана әлеуметтік топтың емес, қоғамның түрлі өкілдері бірігіп атқаратын ортақ ісі ретінде қабылданғанын көрсетеді.
Мектепке қажетті қаржы уәжіп, садақа, ерікті садақа және қала қазақтарына салынатын арнайы салық арқылы жиналмақ болады. Тіпті халықтың тұрмыстық жағдайына қарай салық мөлшері де белгіленеді. Үш мектептің бір жылдық шығыны шамамен 10 мың сом деп есептелген. «Алаш» қаласындағы мектептерді ұйымдастыру тәжірибесінен сол кезеңдегі ұлттық білім жүйесінің қалыптасу барысын нақты көруге болады. Мектептерді біріктіру, оқу тәртібін реттеу, мұғалімдерді белгілеу, қаржы жинау және жауапты адамдарды сайлау – барлығы жүйелі түрде қарастырылған.
Бұл бастамалар Алаш қаласының біртіндеп қазақтың оқу-ағарту ісінің маңызды орталығына айнала бастағанын көрсетеді. Мұнда мектеп тек балалар білім алатын орын ретінде емес, ұлттық білім жүйесін қалыптастыратын қоғамдық орталық ретінде қарастырылды. Ал оны ұстап тұру мен дамытуға қала халқының өзі жауапты болды. Осы тұрғыдан алғанда, ««Алаш» дуанындағы мектептер» мақаласы сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ұлттық мектеп туралы ойының нақты іске айнала бастағанын көрсететін құнды дерек. «Оқытушылар шығаратын медіресе» ашу туралы бастама мұғалім даярлауға бағытталса, Алаш қаласындағы үш мектепті біріктіру әрекеті сол мұғалімдер еңбек ететін жүйелі ұлттық мектеп қалыптастыруға жасалған келесі қадам болды.
Мектепті халық қалай қаржыландырды?
Сол кезеңдегі ұлттық мектеп қалыптастыру ісінің тағы бір маңызды қыры – оның қаржылық негізін ұйымдастыру. «Сарыарқаның» №10 санындағы «Алаш» дуанындағы мектептер» мақаласынан мектепті ұстап тұруға қажетті қаражатты халықтың өзі жинауға ерекше мән берілгенін көреміз. Яғни оқу-ағарту ісі сырттан келетін көмекке ғана тәуелді болмай, жергілікті қауымның ортақ жауапкершілігіне негізделді. Алаш қаласындағы үш мектептің жылдық шығынын қалада тұратын қазақтар көтеруге шешім қабылдайды. Қаражатты жинаудың бірнеше жолы қарастырылған. Атап айтқанда, уәжіп, садақа, ерікті садақа және арнайы салық көзделген. Мұндай жүйе мектепті тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталды. Сонымен қатар салық мөлшері халықтың әлеуметтік жағдайына қарай белгіленген. Ауқатты адамдардан көбірек, жағдайы төмендерден азырақ қаржы алынуы көзделді. Белгіленген мөлшер бойынша бірінші топқа – 200 сом, екінші топқа – 100 сом, үшінші топқа – 30 сом, төртінші топқа – 10 сом, бесінші топқа – 5 сом, алтыншы топқа 1 сом салынбақ болған. Осылайша мектеп шығынын өтеу белгілі бір адамның немесе бірнеше ауқатты отбасының мойнына ғана түспей, қала қазақтарының ортақ ісі ретінде ұйымдастырылды. Үш мектептің бір жылдық шығыны шамамен 10 мың сом деп мөлшерленген. Бұл дерек сол кезеңдегі қазақ қоғамында білімге деген көзқарастың өзгере бастағанын көрсетеді. Мектеп енді жекелеген балалардың ата-анасы ғана ойлайтын мәселе емес, бүкіл қауымның болашағына қатысты қоғамдық міндет ретінде қабылданды. Халықтың өз қаржысына мектеп ұстауға келісуі – ұлттық білім беру ісіне деген жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бір жағынан, бұл жүйе сол дәуірдегі экономикалық мүмкіндіктің шектеулі болғанын көрсетсе, екінші жағынан, «мектепті халық өзі ұстайды» деген қоғамдық ұстанымның қалыптаса бастағанын аңғартады.
«Алаш» қаласындағы мектеп жүйесін ұйымдастыру барысында қыз балалардың білім алуына да арнайы көңіл бөлінгені назар аудартады. Бұл сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы ағартушылық көзқарастың кеңейіп, білім мәселесінің біртіндеп бүкіл қоғамды қамти бастағанын көрсетеді.
«Сарыарқаның» №10 санындағы ««Алаш» дуанындағы мектептер» мақаласында қаладағы мектептерді қайта ұйымдастыру жоспары баяндала отырып, ер балалар үшін екі мектеп, ал олардың арасындағы мектепті қыз балаларға арнау көзделгені айтылады. Сонымен бірге оқу орындарының қалыпты жұмыс істеуі үшін бес мұғалім мен үш мұғалима алу жоспарланған. Қыздар мектебіне ұстаз табу мәселесіне де газет арнайы назар аударған. Мақалада: «Оқытушылар шығаратын медересе мен «үлгі мектебіне» арналып аталғандар: Биахмет Саренов, Мәнән Тұрғанбаев, Мақсұд Қыдырбаев, Мұстақым Малдыбаев, Сейтбаттал Мұстафа ұлы, Ахмет Мамыт ұлы. Екі мектепке арналып аталғандар: Ғұмырхан молла Күзембаев, ХАйролла Ибраһим ұлы, Мұхамедғали Тырамбай ұлы, Ғалымжан Дәулет-яр ұлы, Дүйсембай Иман-құл ұлы. Қыздар мектебіне арналған 3 мұғалиманы табуға ізденіп тиісті орындардан сұрап отырмыз.», – деген хабар жарияланған.
Бұл қысқа ғана хабардың өзі сол кезеңдегі әйелдер білімінің жағдайын түсінуге мүмкіндік береді. Қыздарға мектеп ашу туралы шешім қабылданғанымен, оны жүзеге асыру үшін арнайы мұғалималар қажет болған. Демек, мәселе қыз балаларды оқуға қабылдаумен ғана шектелмей, оларға білім беретін әйел ұстаздарды даярлау және табу қажеттігін де қамтыған. Мұның әлеуметтік мәні де зор еді. Қазақ қоғамында қыз баланың білім алуы бұрынғыдай тек отбасы аясындағы мәселе болып қалмай, қоғамдық деңгейде талқылана бастаған. Қыздардың сауатын ашу – ұлттық мектептің ауқымын кеңейтіп, білімді ана, сауатты отбасы қалыптастырудың бір жолы ретінде қарастырылды.
Осылайша Алаш қаласындағы мектептерді ұйымдастыру тәжірибесінен ұлттық білім беру идеясының ер балалармен ғана шектелмегенін көреміз. Қазақ зиялылары жаңа мектеп жүйесін қалыптастырғанда қыз балалардың да білім алуына орын беріп, олар үшін арнайы мектеп пен мұғалима мәселесін қатар көтерді. Бұл ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында әйелдер білімінің қоғамдық маңызы арта бастағанын көрсететін маңызды дерек.
«Сарыарқа газетінің оқу-ағарту мәселесіне арналған мақалаларын тұтастай қарастырғанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында мектеп мәселесінің қаншалықты маңызды болғанын анық көруге болады. Газет үшін мектеп – жай ғана балаларға білім беретін мекеме емес, ұлттың тілін, әдебиетін, мәдениетін және қоғамдық санасын қалыптастыратын негізгі орын болды.
«Сарыарқа» мектептің қажеттігін айтып қана қоймай, оның алдында тұрған нақты мәселелерді де ашық көрсетті. Олардың қатарында мұғалім тапшылығы, мектептің аздығы, оқу құралдарының жетіспеуі, қаржы мәселесі және халықтың оқу ісіне белсенді араласа қоймауы болды. Газет бұл түйткілдерді көтерумен бірге, олардың шешу жолдарын да ұсынды. Соның бірі – оқытушылар даярлайтын медресе ашу. Өйткені қазақ даласында мектеп көбейгенімен, онда сабақ беретін мұғалім болмаса, ұлттық білім жүйесін қалыптастыру мүмкін емес еді.
Газет жарияланымдарынан тағы бір маңызды ұстаным анық байқалады: мектеп ісі мемлекетке немесе санаулы оқыған азаматтарға ғана қарап қалмауы керек. «Сарыарқа» халықтың өзін оқу-ағарту ісіне жұмылдыруға тырысты. Алаш қаласындағы мектептердің шығынын халықтың өз мойнына алуы, арнайы қаржы жинау жүйесінің құрылуы – осы қоғамдық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Сонымен бірге газет ұлттық мектептің мазмұнына ерекше мән берді. Қазақ мектептерін қазақша оқыту, ұлттық мектептерді көбейту, қазақ тілінде кітаптар мен оқулықтар шығару мәселелері өзара байланыста қарастырылды. Бұл жерде мектептің міндеті тек сауат аштыру емес, ана тілін сақтап, ұлттық әдебиетті дамыту және жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру деп түсінілді.
«Сарыарқа» материалдарындағы тағы бір маңызды бағыт – қыз балалардың білім алуы. Алаш қаласында қыздар мектебін ашу, оған мұғалима іздеу мәселесінің көтерілуі ұлттық ағартушылық идеясының қоғамның барлық мүшесін қамти бастағанын көрсетеді.
Ал Өскемен уезі Ұлан еліндегі мектеп туралы жазба мектеп ісінің сөз жүзінде қалмағанын аңғартады. Халықтың өз қаражатына мектеп салуы, мұғалім ұстауы, оқу құралдарымен қамтамасыз етуі және кейін сол мектептен білім алған жастардың мұғалімдік курстан өтіп, туған жеріне ұстаз болып оралуы – ұлттық білім жүйесінің төменнен жоғары қарай қалыптаса бастағанының нақты мысалы.
Осы деректердің барлығы «Сарыарқаның» оқу-ағарту мәселесіне жүйелі түрде қарағанын көрсетеді. Газет бір жағынан халықтың енжарлығын сынаса, екінші жағынан оқығандарды нақты іске шақырды. Бір жағынан мектептің жоқтығын көрсетсе, екінші жағынан мұғалім даярлау, қаржы жинау, оқу орындарын басқару сияқты нақты шешімдерді ұсынды.
Сондықтан «Сарыарқаның» мектеп туралы мақалаларын сол дәуірдегі ұлттық білім жүйесін қалыптастырудың публицистикалық бағдарламасы деуге болады. Газет бетінде айтылған әрбір ұсыныс – мектеп ашу, мұғалім даярлау, қазақша оқыту, оқулық шығару, қыздарға білім беру, халықтың қаржылай қолдауын ұйымдастыру – бір ғана мақсатқа бағытталды. Ол – білімді, сауатты, ұлттық санасы қалыптасқан жаңа ұрпақ тәрбиелеу.