Астананың 30 жылдық тарихы көрмеде таныстырылды
2026 жылғы 19 тамызда Астанада «Тарихтан тағылым, бүгінге тағзым, болашаққа бағдар» атты фотоқұжаттар көрмесі өтті. Астана қаласының Мемлекеттік архиві ұйымдастырған мәдени-танымдық шара архивтің құрылғанына 30 жыл толуына арналды.
Көрме Тарлан-Астана жеңіл метрополитені жүйесінің «Бәйтерек» станциясында ұйымдастырылды. Мұнда архив қорларында сақталған тарихи құжаттар мен фотоматериалдар арқылы елорданың қалыптасу кезеңдері, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы, сондай-ақ бүгінгі келбеті көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – архив қорларындағы құнды деректер арқылы Астана тарихын кеңінен таныстыру, тарихи мұраны насихаттау және қала тарихына деген қызығушылықты арттыру.

Көрме мазмұны шартты түрде үш бағытқа бөлінді. «Тарихтан тағылым» бөлімінде қаланың өткен кезеңдері мен қалыптасу тарихына қатысты архивтік деректер ұсынылса, «Бүгінге тағзым» бөлімі елорданың кейінгі жылдардағы әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуын қамтыды. Ал «Болашаққа бағдар» бағыты Астананың заманауи келбеті мен алдағы даму үдерісіне арналды.

Шараның ашылуында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы сөз сөйлеп, архив қорларындағы тарихи деректерді қоғамға танытудың және оларды келер ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталды.

Одан кейін Астана қаласы Мемлекеттік архивінің қызметкері Еркеназ Жақсылыққызы қатысушыларды көрме экспозициясымен таныстырды. Ол ұсынылған фотоқұжаттар мен архив материалдарының мазмұнына тоқталып, олардың елорданың әр кезеңдегі тыныс-тіршілігін танып-білудегі маңызын түсіндірді.

Көрмеге қойылған материалдар Астананың тарихын бір ғана кезеңмен шектемей, қаланың өткені мен бүгінін сабақтастықта көрсетуге мүмкіндік берді. Архивтік фотосуреттер мен құжаттар арқылы елорда келбетінің қалай өзгергенін, қаланың даму жолын және әр кезеңнің өзіндік ерекшелігін байқауға болады.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы да көрермен назарына ұсынылды. Астана қаласының Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жанынан құрылған «Атамекен» өнер ұжымы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін және өзге де шығармаларды орындап, көрмеге ерекше рухани реңк берді.

Шара соңында ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы сөз алып, тарихи құжаттарды көпшілікке қолжетімді форматта таныстыратын мұндай көрмелердің маңызын атап өтті. Ол архив материалдары өткенді тануға ғана емес, тарихи жадыны сақтап, оны кейінгі буынға жеткізуге қызмет ететінін жеткізді.

Астана қаласының Мемлекеттік архивінің 30 жылдығына арналған көрме елорда тарихының әр кезеңін архив деректері арқылы қайта танып, өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсетуге мүмкіндік берді.