Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған республикалық дөңгелек үстел өтті

Автор:
71
Материалға сурет: Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған республикалық дөңгелек үстел өтті

Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивте көрнекті тарихшы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған республикалық дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері, тарихшылар, архив мамандары, оқытушылар және жас зерттеушілер қатысты.

Жиында Манаш Қозыбаевтың отандық тарих ғылымының дамуына қосқан үлесі, ғылыми және қоғамдық қызметі, тарихи деректерді зерттеудегі әдіснамалық ұстанымдары талқыланды. Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін жаңа архивтік құжаттар негізінде зерделеуге, академиктің ғылыми мектебін дамытуға және зерттеушілер арасындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ерекше назар аударылды.

Манаш Қозыбаев – 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектің, соның ішінде 30 монографияның, 50-ден астам ұжымдық еңбектің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ғалымның зерттеулерінде ұлттық тарихты жаңаша пайымдау, аз зерттелген тарихи оқиғаларды зерделеу, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және Қазақстан мемлекеттілігін дамыту мәселелері қамтылған.

Дөңгелек үстел академиктің ғылыми мұрасын сақтауға және кеңінен насихаттауға, тарихи зерттеулерді дамытуға, ұлттық тарихи сананы нығайтуға арналды.