Мағжан мен Чолпан шығармашылығындағы Түркістан бейнесі

339
Материалға сурет: Мағжан мен Чолпан шығармашылығындағы Түркістан бейнесі

Сурет: ЖИ.Жылқыбайұлы

ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының қоғамдық және мәдени өмірінде Түркістан ұғымы жаңа мазмұнға ие болды. Бұған дейін тарихи-географиялық атау ретінде қолданылып келген бұл ұғым біртіндеп ортақ мәдени кеңістік, тарихи жады және ұлттық бірегейлік мәселелерімен сабақтаса бастады. Әсіресе осы кезеңдегі әдебиетте Түркістан бейнесі халықтардың өткенін тану, бүгінгі жағдайын пайымдау және болашағы туралы ой қозғаудың көркемдік құралына айналды. Бұл үрдісті қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев пен өзбек ақыны Абдулхамид Чолпанның шығармашылығынан анық байқауға болады.

Екі ақынның Түркістан туралы түсінігін танытатын шығармаларының бірі – Мағжанның «Түркістан» өлеңі мен Чолпанның «Озод турк байрами» («Азат түрік мерекесі») туындысы. Тақырыптық және идеялық тұрғыдан бір-бірімен үндес болғанымен, бұл шығармаларда Түркістан әртүрлі көркемдік қырынан бейнеленеді. Мағжан оны түркі халықтарының тарихи және өркениеттік мекені ретінде танытса, Чолпан шығармасында Түркістанның саяси дербестігі, халықтың азаттыққа ұмтылысы мен ұлттық жаңғыру мәселелері алдыңғы орынға шығады.

Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңі ақынның тарихи дүниетанымын, түркілік бірегейлік туралы көзқарасын танытатын көлемді туынды. Өлең:

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой», –

деген жолдармен басталады. Ақын Түркістанды белгілі бір аймақтың атауы ретінде ғана қарастырмайды. Оған түркі халықтарының тарихи қалыптасуы мен мәдени дамуы байланысты кеңістік ретінде мән береді. «Ер түріктің бесігі» метафорасы осы түсініктің көркемдік негізін құрайды. Бесік – туған жер, тарихи бастау және ұрпақ сабақтастығының белгісі. Сондықтан өлеңдегі Түркістан бейнесі географиялық сипаттан гөрі кең тарихи-мәдени мағынаға ие.

Ақын Түркістан атауын Тұран ұғымымен байланыстыра отырып, оның тарихи ауқымын кеңейтеді:

«Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен».

Өлеңде Тұран түркі халықтарының ортақ тарихи кеңістігі ретінде көрінеді. Мағжан оның табиғатын, географиялық ерекшеліктерін, өзендері мен көлдерін, тауларын суреттеу арқылы тарихи мекеннің көркемдік панорамасын жасайды. Тянь-Шань, Алтай, Памир, Тарбағатай, Балқаш, Арал, Ыстықкөл секілді географиялық атаулардың берілуі шығарманың кеңістіктік ауқымын танытады. Бұл мекендер ақынның поэтикалық жүйесінде бір-бірінен бөлек орналасқан географиялық нысандар ғана емес, ортақ тарихи кеңістіктің құрамдас бөліктері ретінде қабылданады.

Ақын өлеңнің кейінгі бөлігінде жалпытүркілік тарихи кеңістік қазақ халқының тарихымен тікелей байланыстырылады. Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан және Кенесары есімдері арқылы ақын Тұран тарихындағы қазақ мемлекеттілігінің орнын көрсетеді. Әсіресе:

«Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған», 

деген жолдарда тарихи кеңістік пен ұлттық тарихтың сабақтастығы айқын көрінеді. Осылайша, Мағжан Тұранды жалпытүркілік өркениетпен байланыстыра отырып, қазақ халқының тарихи орнын да сол кеңістіктің құрамында қарастырады.

Чолпанның «Озод турк байрами» өлеңі басқа тарихи жағдайда дүниеге келген. Шығарма 1917 жылғы Түркістан автономиясының жариялануымен байланысты. Ақын бұл оқиғаны халықтың саяси өміріндегі маңызды өзгеріс ретінде қабылдап, өлеңінде автономия, құқық, бостандық және ұлттық бірлік мәселелерін көтереді.

«Кўз очинг, боқинг ҳар ён!
Қардошлар, қандай замон!
Шодликка тўлди жаҳон!
Фидо бу кунларга жон!»

деген жолдармен басталады. Алғашқы шумақтың өзінде ақынның оқырманға үн қату тәсілі байқалады. «Көз ашыңдар, жан-жаққа қараңдар!» деген мағынадағы тіркес халықты болып жатқан өзгерістерді түсінуге, жаңа кезеңді сезінуге шақырады. Мұнда жеке адамның көңіл күйінен гөрі қоғамдық қуаныш пен ортақ тарихи оқиғаға деген көзқарас басым. Өлеңнің қайырмасы оның негізгі идеясын жинақтайды:

«Туркистонлик — шонимиз, 

Туронлик — унвонимиз,
Ватан — бизнинг жонимиз,

фидо ўлсун қонимиз!»

Бұл жолдарда Түркістандық және Тұрандық ұғымдары қатар қолданылады. Бірінші ұғым белгілі бір тарихи мекенге тиесілілікті білдірсе, екіншісі түркілік мәдени және тарихи бірегейлікті танытады. Ақын осы екі ұғымды Отан түсінігімен байланыстырады. Қайырманың әр шумақтан кейін қайталануы шығарманың идеялық тұтастығын сақтап, оған ұрандық сипат береді.

Чолпанның өлеңіндегі маңызды ерекшеліктің бірі – халықтың ортақ «біз» бейнесі арқылы берілуі.

«Бизлар темир жонлимиз!
Шавкатлимиз, шонлимиз!
Номусли, виждонлимиз!
Қайнаган турк қонлимиз!»

деген жолдарда ақын халықтың намысын, жігерін және түркілік бірегейлігін алға шығарады. Бұл жерде жеке тарихи тұлғалардың орнына тұтас халықтың бейнесі ұсынылған. Өлеңнің негізгі кейіпкері – өзінің тарихи тағдырына араласуға ұмтылған қоғамдық қауымдастық. Шығарманың саяси мазмұны мына шумақта анық көрінеді:

«Бўлди кенглик, зўрлик йўқ,
Берилди бизга ҳуқуқ!
Тараққийга йўл очуқ!
Жаҳолатга йўл ёпуқ!»

Ақын зорлықтың жойылуын, құқықтың берілуін, дамуға жол ашылуын және надандықпен күресті жаңа кезеңнің негізгі белгілері ретінде көрсетеді. Бұл жолдардан Чолпанның ұлттық жаңғыруды тек саяси өзгерістермен шектемегенін байқауға болады. Ол үшін қоғамның дамуы біліммен, құқықпен және әлеуметтік жаңарумен де байланысты.

Келесі шумақтағы «Мухторият олинди» деген тіркес шығарманың нақты тарихи негізін айқындайды. 1917 жылғы қарашада Қоқан қаласында жарияланған Түркістан автономиясы өлкедегі ұлттық саяси қозғалыстың маңызды оқиғаларының бірі болды. Чолпанның өлеңінде осы автономия халықтың өз тағдырын өзі шешуге ұмтылысының көрінісі ретінде қабылданады. «Миллий маршлар чолинди» деген жол да жаңа саяси кезеңнің қоғамдық және рәміздік сипатын аңғартады.

Чолпанның «Озод турк байрами» шығармасында Отанға адалдық пен оны қорғау идеясы да ерекше орын алады. Ақын:

«Ҳуррият — байроғимиз,
Адолат — ўртоғимиз», –

деп, бостандық пен әділетті ұлттық өмірдің негізгі құндылықтары ретінде көрсетеді. Мұнда бостандықтың туға теңелуі және әділеттің серік ретінде бейнеленуі өлеңнің көркемдік жүйесін айқындайды. Ал «Ватан — бизнинг жонимиз» деген қайырма жолы туған жерге деген сүйіспеншілікті халықтың ортақ жауапкершілігімен байланыстырады.

Екі ақын шығармашылығындағы ең айқын ортақтық Түркістанды түркі халықтарының тарихи бесігі ретінде тануынан көрінеді. Мағжан:

«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой», –

десе, Чолпан:

«Турк бешиги — Туркистон!» –

деп жырлайды. Екі шығармада да «бесік» метафорасы тарихи бастау мен ұрпақ сабақтастығын білдіреді. Бұл ұқсастық Түркістан туралы ортақ мәдени түсініктің қазақ және өзбек әдебиетіндегі көрінісін аңғартады.

Сонымен бірге екі ақынның көркемдік шешімдерінде айырмашылық бар. Мағжан Түркістанның тарихи болмысын кең уақыт пен кеңістік аясында қарастырады. Оның өлеңінде көне дәуір, тарихи тұлғалар, географиялық мекендер мен қазақ мемлекеттілігі өзара байланысып, тұтас көркемдік жүйе құрайды. Чолпан болса, Түркістанның сол кезеңдегі саяси жағдайына назар аударады. Оның шығармасында автономия, құқық, бостандық, әділет және ұлттық даму мәселелері негізгі орын алады.

Мағжан мен Чолпанның Түркістан туралы көзқарастарын салыстыру олардың шығармашылығындағы ортақ тарихи-мәдени негізді тануға мүмкіндік береді. Екі ақын да туған жер ұғымын жеке географиялық мекен шеңберінде қалдырмай, оны халықтың тарихи тәжірибесімен, мәдениетімен және болашағымен байланыстырады.