З.Гөкалып пен Мағжан поэзиясындағы Тұран идеясы

27
Материалға сурет: З.Гөкалып пен Мағжан поэзиясындағы Тұран идеясы

Сурет: ЖИ:Жылқыбайұлы Ж

ХХ ғасырдың басындағы түркі халықтарының қоғамдық және әдеби ойында Тұран идеясы маңызды орын алған ұғымдардың бірі болды. Ол тек көне тарихи мекеннің атауы емес, түркі халықтарының ортақ тарихын, тілін, мәдениетін және тарихи байланыстарын қайта тануға бағытталған идеялық түсінік болды. Әсіресе Ресей империясы мен Осман империясы саяси және әлеуметтік өзгерістерді бастан өткерген кезеңде бұл идея жаңа мазмұнға ие болды. Түркі зиялылары өз халықтарының өткені мен болашағы туралы ойлана отырып, ортақ мәдени негіздерді іздеді.

Осы кезеңде Тұран идеясын кеңінен танытқан тұлғалардың бірі – түрік ойшылы, әлеуметтанушы және ақын Зия Гөкалып еді. Оның 1911 жылы жарияланған «Тұран» өлеңі түрікшілдік идеясының әдеби тұрғыдан көрініс табуындағы маңызды шығармалардың бірі саналады. Өлеңде ақын түркілердің Отанын қазіргі Түркия немесе Түркістан аумағымен ғана шектемейді. Ол Тұранды түркі халықтарының ортақ тарихи және рухани кеңістігі ретінде бейнелейді. З. Гөкалыптың «Тұран» өлеңін жолма-жол аударғанда төмендегідей болады: 

Nabızlarımda vuran duygular ki tarihin
Тамырларымда соққан сезімдер – тарихтың

Birer derin sesidir, ben sahifelerde değil
Терең үндерінің жаңғырығы, мен оларды кітап беттерінен емес,

Güzide, şanlı, necip ırkımın uzak ve yakın
Таңдаулы, даңқты, текті жұртымның алыс-жақын

Bütün zaferlerini kalbimin tanininde
Барлық жеңістерін жүрегімнің жаңғырығынан

Nabızlarımda okur, anlar, eylerim tebcil.
Тамырымнан оқимын, түсінемін әрі ұлықтаймын.

Sahifelerde değil, çünkü Atilla, Cengiz
Кітап беттерінен емес, өйткені Аттила мен Шыңғыс

Zaferle ırkımın tetviç eden bu nasiyeler,
Жұртымның жеңістеріне тәж болған осы ұлы тұлғалар,

O tozlu çerçevelerde, o iftira-âmiz
Сол шаң басқан шеңберлерде, сол жалаға толы

Muhit içinde görünmekte kirli, şermende;
Ортада кірленген, масқара болған күйде көрінеді;

Fakat şerefle nümâyân Sezar ve İskender!
Ал Цезарь мен Ескендір болса, абыроймен асқақтап көрінеді!

Nabızlarımda evet, çünkü ilm için müphem
Иә, тамырларымда, өйткені ғылым үшін беймәлім

Kalan Oğuz Han'ı kalbim tanır tamamıyla
Болып қалған Оғыз ханды жүрегім толық таниды.

Damarlarımda yaşar şan-ü ihtişamıyla
Ол өзінің даңқы мен салтанатымен тамырларымда өмір сүреді.

Oğuz Han, işte budur gönlümü eden mülhem:
Оғыз хан – міне, менің көңіліме шабыт берген де осы!

Vatan ne Türkiye'dir Türklere, ne Türkistan
Түріктердің Отаны – Түркия да емес, Түркістан да емес.

Vatan, büyük ve müebbet bir ülkedir: Turan
Отан – ұлы әрі мәңгілік бір өлке: ол – Тұран!

З.Гөкалып үшін «Түріктердің Отаны – Түркия да емес, Түркістан да емес, Отан – ұлы әрі мәңгілік өлке – Тұран». Мұнда Тұран нақты мемлекеттік шекарасы белгіленген аумақтан гөрі, ортақ тарихи жады мен мәдени бірегейліктің символы ретінде көрінеді. З.Гөкалыптың түрікшілдік туралы көзқарасы оның басқа еңбектерінде де жүйеленді. Әсіресе 1918 жылы жарық көрген «Түріктену, исламдану, заманауилану» (Türkleşmek, İslamlaşmak, Muasırlaşmak) еңбегінде ол түрік ұлттық болмысының үш негізгі бағытын өзара сабақтастықта қарастырды. Кейінгі «Түрікшілдіктің негіздері» (Türkçülüğün Esasları, 1923) еңбегінде бұл ұстанымдарын кеңінен түсіндірді. Демек, Гөкалып үшін түрікшілдік тек тарихи өткенге оралу емес, ұлттық мәдениетті жаңғырту және оны заман талабына сай дамыту мәселесі болды.

Тұран идеясы қазақ әдебиетінде де ерекше көркемдік сипат алды. Оның ең көрнекті өкілдерінің бірі – Мағжан Жұмабайұлы еді. Ақын шығармаларында түркі халықтарының тарихы, ортақ мәдени мұрасы, тарихи мекені және болашағы кеңінен жырланды. Бұл тақырыптар әсіресе «Түркістан», «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма», «Тұранның бір бауында» сияқты өлеңдерінде айқын байқалады.

Мағжанның «Түркістан» өлеңі – Тұран идеясын қазақ поэзиясында көркемдік тұрғыдан дамытқан маңызды туынды. Өлеңнің алғашқы жолдары-ақ ақынның тарихи кеңістік туралы түсінігін танытады:

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.

Бұл жерде Түркістан мен Тұран географиялық атаулар ретінде ғана қолданылмайды. Олар түркі халықтарының тарихи жадымен байланыстырылады. Ақын Түркістанды түркі өркениетінің маңызды орталығы ретінде көрсетіп, оның тарихын қазақ халқының өткенінен бөліп қарастырмайды. Мағжан Тұран тарихын баяндағанда Афрасиаб, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Ұлықбек, әл-Фараби сияқты тарихи тұлғалар мен ойшылдарды атайды. Осы арқылы түркі дүниесінің әскери, саяси және ғылыми-мәдени мұрасын біртұтас тарихи кеңістік аясында қарастырады.

Ақынның:

Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!

деген жолдары да назар аударуға тұрарлық. Мұнда қазақ халқы түркі дүниесінен бөлініп қалған жеке қауым ретінде емес, ортақ тарихи мұраның маңызды жалғастырушысы ретінде танылады. «Қара шаңырақ» ұғымы арқылы ақын қазақтың тарихи сабақтастығына ерекше мән береді. Мағжан үшін Тұран  өткеннің даңқын еске алатын мекенне бөлек, ол халықтың өзін тануына, тарихи санасын қалыптастыруына және болашағын елестетуіне мүмкіндік беретін көркемдік кеңістік. Сондықтан ақынның Тұран туралы өлеңдерінде тарих, ұлттық жады және болашаққа деген үміт өзара байланысып жатады. Зия Гөкалып пен Мағжан Жұмабайдың шығармашылығын салыстырғанда, ең алдымен, олардың Тұранды ортақ тарихи-мәдени кеңістік ретінде қабылдағанын байқауға болады. Екеуі де түркі халықтарының тарихына, тіліне, мәдени мұрасына және өзара байланысына ерекше назар аударды. Алайда олардың Тұран идеясын түсіндіруінде өзіндік ерекшеліктер бар.

З.Гөкалып Тұран ұғымын түрік ұлттық идеологиясының аясында қарастырып, оны түркі халықтарының мәдени бірлігі туралы түсінікпен байланыстырды. Оның шығармаларында ұлттық бірегейлік, тіл және қоғамдық тұтастық мәселелері басым. Ал Мағжан бұл идеяны қазақ халқының тарихи тәжірибесімен және ұлттық санасымен сабақтастырды. Оның поэзиясында Тұран кеңістігі қазақтың тарихи мекенімен, Түркістанмен, көне түркі мұрасымен және Алаш дәуіріндегі ұлттық ояну идеясымен ұштасады.

Осы тұрғыдан алғанда, Гөкалыпта Тұран көбіне түркілік ұлттық идеяның тұжырымдамалық бейнесі болса, Мағжанда ол тарихи жады мен көркемдік қиял арқылы жасалған поэтикалық әлем ретінде танылады.

Бұл кезеңде түркі зиялылары арасында идея алмасу кеңінен жүрді. Исмаил Гаспралының ағартушылық қызметі, Әли бек Хұсайынзаденің түрікшілдік көзқарастары, татар және әзербайжан зиялыларының еңбектері ортақ интеллектуалдық кеңістіктің қалыптасуына ықпал етті. Сондықтан Мағжан мен Гөкалып шығармашылығындағы үндестікті осы кең тарихи және мәдени байланыстар аясында қарастырған орынды.

Тұран идеясының маңызды қырларының бірі – оның әдебиет арқылы таралуы. ХХ ғасырдың басында ақындар мен жазушылар тарихи тақырыптарды ұлттық сананы оятудың, халықтың өткенін қайта пайымдаудың бір жолы ретінде пайдаланды.

Гөкалып үшін поэзия түрікшілдік идеясын көпшілікке түсінікті тілде жеткізудің құралы болды. Ал Мағжан тарихи тақырыптарды көркем бейнелер, символдар, романтикалық сарын және эмоционалдық толғаныс арқылы жеткізді. Оның поэзиясындағы от, тау, дала, күн және тарихи тұлғалар бейнелері Тұран кеңістігінің көркемдік сипатын қалыптастырады.

Кеңестік кезеңде түркішілдік пен Тұран тақырыбына қатысты шығармаларға идеологиялық шектеулер қойылды. Мағжан мұрасының ұзақ уақыт бойы оқырманға толық жетпеуі де осы тарихи жағдайлармен байланысты. Кейін ақын шығармашылығы қайта зерттеле бастағанда, оның Тұран, Түркістан және түркілік тарихи жады туралы өлеңдері қазақ әдебиетінің маңызды мұрасы ретінде бағаланды.

Зия Гөкалып пен Мағжан Жұмабаевтың Тұран туралы көзқарастары ХХ ғасыр басындағы түркі халықтарының тарихи өзіндік санасын іздеу үдерісімен байланысты. Екеуінің шығармашылығында да ортақ тарихқа, тілге және мәдени мұраға деген қызығушылық байқалады. Бірақ бұл идея әрқайсысының шығармашылық дүниетанымында әртүрлі сипат алды. Тұран тақырыбының Мағжан поэзиясындағы маңызы да осы, ол қазақ әдебиетіне тек жаңа тарихи тақырып әкелген жоқ, сонымен бірге ұлттық тарихты кең түркілік мәдени кеңістікпен байланыстыра қарастырудың көркемдік үлгісін қалыптастырды.