Алаш арыстары арқа сүйеп, Оспан батыр пір тұтқан Зуқа батыр жайлы екі кітап жарық көрді
Астанада қазақ халқының тарихи тұлғалары Зуқа батыр Сәбитұлы мен Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында Зуқа батырдың мерейтойына арналған «Қаракөпір» және «Қорған» кітаптарының таныстырылымы мен тұсаукесері өтті.
Семинарда Зуқа батырдың өмір жолы, ел қорғаудағы ерлігі, қоғамдық және діни қызметі, қазақ тарихындағы орны мен мұрасын зерттеу мәселелері талқыланды. Жиынға жиынға отандық зиялы қауым өкілдерімен қатар, Моңғолия, Германия және Австриядан келген қоғам қайраткерлері мен Зуқа батырдың ұрпақтары қатысты.

Солардың бірі - Зуқа батырдың немересі Қызырхан Шолпан. Бүгінде Австрияның Вена қаласында тұрады. Қоғам қайраткері, Ол атақты батырдың ұрпағы болу үлкен мәртебе ғана емес, тарихи жауапкершілік екенін атап өтті. «Зуқа батырдың немересі болу бір жағынан қуаныш, бір жағынан үлкен жауапкершілік. Осыдан 10 жыл бұрын Зуқа батырдың 150 жылдығына орай 11 елде 150-ге тарта шара өткіздік. Бүгінде оның ұрпақтары АҚШ, Австрия, Ұлыбритания, Швеция және Түркия секілді әлемнің 11 елінде тұрады. Оларды біріктіретін ортақ құндылық — ата-баба тарихына құрмет пен қазақтың рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізу», - дейді ол.
Қызырхан Шолпан атасының әлеуметтік әділеттілікті ту еткен ұлы тұлға болғанын, қойшы мен биді қатар отырғызып, адамды кісілік қасиетіне қарап бағалаған адам екенін айтады.
«Зуқа батырдың бір ерекшелігі – кедей-кепшікке пана болған. Үйіне қойшы келсе де, би келсе де, екеуін қатар отырғызған. Ешкімді мансабы мен байлығына қарап бағаламайды екен. Екіншісі – әділеттілігі. Ол кезде арғы бетте Қытай патшалығына қарайтын төрелер билеген. Сол уәлилердің әділетсіздігіне қарсы шыққан», – дейді ол
Бірнеше тіл білген сұңғыла азамат болған. Сонымен қатар Зуқа батырдың 1904 жылы қажылық сапары кезінде Ыстанбұлда Осман империясының сұлтаны II Абдулхамидтің қабылдауында болғаны туралы деректерді де атап өтті.
Сондай-ақ ол Ол атасының тек қару ұстаған батыр емес, білімге ден қойған, заманындағы саяси өзгерістерден хабардар адам болғанын да атап өтті. Немересінің айтуынша, Зуқа батыр Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеяларын Алтайдың арғы бетіне таратуға көмектескен. Қызырхан Шолпан тағы бір тарихи оқиғаға тоқталды. Оның айтуынша, 1904 жылы Зуқа батыр қажылық сапары кезінде Ыстанбұлда Осман империясының сұлтаны II Абдулхамидтің қабылдауында болған.

Ал Германияның Мюнхен қаласынан келген қоғам қайраткері, журналист Өмірхан Алтын Зуқа батырдың мұрасы Қазақстанда әлі де жеткілікті зерттелмегенін және насихатталмай жатқанын айтып қалды. «Ата біздікі болғанымен, батыр жалпы қазақтың ортақ тұлғасы. Батыр бабаларымыздың аты өз елінде насихатталып, өскелең ұрпаққа үлгі болуы керек», - дейді ол. Сондай-ақ ол жалпы қазақ тарихын бір ғана елдің дүниесі деп шектеп қарауға болмайтынын, Алтайдың арғы бетіндегі күрескерлердің де ортақ ұлттық мұра екенін атап көрсетті.
Жиында басындай айтып өткеніміздей, «Қаракөпір» және «Қорған» кітаптарының тұсауы кесілді. Жинаққа Зуқа батырдың шыққан тегі, өмір жолы, ерлігі мен тарихи қызметі туралы зерттеулер, мақалалар, өлеңдер мен жыр-толғаулар енгізілген. Сондай-ақ, қос кітап ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Еңбек тарихшыларға, зерттеушілерге, әдебиетшілерге және қалың оқырман қауымға арналған.
«Ұлт тарихының көмескі тартқан беттерін қайта жаңғыртуға бағытталған бұл бастама шетелдегі қазақ қауымдастықтары мен атажұрт арасындағы рухани байланысты нығайтуға да мүмкіндік береді», - дейді қос кітаптың құрастырушысы журналист Бейсен Ахметұлы Бұқарбай.
«Қаракөпір» кітабына Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Түрік әлемінің «Түрік бірлігі» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай алғысөз жазған екен.
«Бұл - ұлт тарихын ұлықтап, ел азаттығы мен бірлігі жолында қызмет еткен тарихи тұлғалардың өмір жолын жас ұрпаққа танытуға мүмкіндік беретін маңызды белес. Зуқа батыр Сәбитұлы - елге пана, көпке тірек болған батыр, қоғам және дін қайраткері. Ол ұлтқа, дінге және әлеуметтік жағдайға бөлмеген адам. Мұқтажға, әлсізге және пана іздеген жандарға қорған болған тұлға ретінде халық жадында сақталған. Оның өмір жолы - елдік пен ерліктің, имандылық пен адамгершіліктің, әділдік пен қайсарлықтың өнегесі. Әділдік үшін күресіп, қаруын тастамаған Зуқа батыр қойнына енген жыландай сатқынның кесірінен қашан қапыда мерт болғанша басқыншыны басындырмаған кісі. Ол – Алтай бетіндегі азаттық соғысының, ұлттық қарсылықтың бір дәуірін жасаған кісі.

Батырдың өмірі мен қызметін зерделеу — өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Бұл - ұлттық тарихи сананы жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жас буынның бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру жолындағы маңызды қадам. Зуқа батырдың ел қорғаудағы ерлігі мен адамгершілік ұстанымдары бүгінгі қоғам үшін де тағылымдық мәнін нығайта түседі.
Зуқа батыр Сәбитұлының 160 жылдығы - тарихи тұлғаның есімін ұлықтап қана қоймай, оның өнегелі өмір жолын ұлт руханиятының ажырамас бөлігі ретінде келер ұрпаққа аманаттау мүмкіндігі. Оның мұрасын кеңінен насихаттау - ел тарихына құрмет, ұлттық құндылықтарға адалдық және болашақ алдындағы жауапкершілік деп білемін», - делінген алғысөзде.
Ал «Қорған» кітабының алғысөзін белгілі тарихшы-ғалым, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы жазыпты.
«Батырдың өмірі мен қызметін зерделеу — өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Бұл — ұлттық тарихи сананы жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жас буынның бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру жолындағы маңызды қадам. Зуқа батырдың ел қорғаудағы ерлігі мен адамгершілік ұстанымдары бүгінгі қоғам үшін де тағылымдық мәнін жоғалтқан жоқ.
Зуқа батыр Сәбитұлының 160 жылдығы — тарихи тұлғаның есімін ұлықтап қана қоймай, оның өнегелі өмір жолын ұлт руханиятының ажырамас бөлігі ретінде келер ұрпаққа аманаттау мүмкіндігі. Оның мұрасын кеңінен насихаттау — ел тарихына құрмет, ұлттық құндылықтарға адалдық және болашақ алдындағы жауапкершілік.

1866 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Кендірлік өңірінде дүниеге келіп, 1929 жылы 19 қыркүек күні Алтайдың арғы бетінде шейіт болған Зуқа батырдың тағдыры — қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдерімен сабақтас. Оның есімі Қажығұмар Шабданұлының «Пана», Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр», Талғат Кеңесбаевтың «Қараңғы түннің жұлдызы» атты шығармалары және батырдың өмірі мен ерлігіне арналған өзге де әдеби, деректі еңбектер арқылы кеңінен таныла түсті.
Зуқа батырдың 150 жылдығына орай Қытай, Моңғолия, Түркия және басқа да елдерде тағылымды іс-шаралардың өткізілуі оның мұрасының шетелдердегі қазақ қауымдастықтары үшін де маңызды екенін аңғартады», - дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Зуқа батыр Сәбитұлы (1866–1929) — қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Кендірлік өңірінде дүниеге келген ел қорғаған батыр, қоғам және дін қайраткері. Ол ұлтқа, дінге және әлеуметтік жағдайға бөлмей, кедей-кепшікке, әлсізге және пана іздеген жандарға қорған болған тұлға ретінде халық жадында сақталған.
Оның өмір жолы - елдік пен ерліктің, имандылық пен адамгершіліктің, әділдік пен қайсарлықтың өнегесі. 1929 жылы Алтайдың арғы бетінде қаза тапқан батырдың тағдыры қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдерімен сабақтас.
Зуқа батыр өмір сүрген кезең қазақ халқы үшін өте қиын уақыт болды. Бір жағынан Ресейдегі төңкерістер мен азамат соғысы, екінші жағынан Қытайдағы Цин империясының құлауы мен ішкі тұрақсыздық шекаралас Алтай өңіріндегі қазақтардың өміріне тікелей әсер етті. Жергілікті төрелер мен уәлилердің озбырлығы, ауыр алым-салық, қарулы топтардың шапқыншылығы қарапайым халықты қатты қиналтып жіберді.
Осындай алмағайып заманда Зуқа батыр елдің мүддесін қорғауға белсене кірісті. Ол ұлтқа, дінге немесе әлеуметтік жағдайға қарамастан, кедей-кепшікке, жетім-жесірге және пана іздеген жандарға қорған болды. Үйіне қойшы келсе де, би келсе де, екеуін қатар отырғызып, адамды мансабы мен байлығына емес, кісілік қасиетіне қарап бағалаған. Бұл оның әділеттілігі мен адамгершілігінің жарқын көрінісі еді.

XX ғасырдың басында, әсіресе 1920 жылдары ақтар мен қызылдардың қақтығысынан ығысқан қарулы топтар Алтайға жеткен кезде Зуқа батыр жергілікті билікпен бірлесіп, олардың қазақ қоныстарына енуіне тосқауыл болды. Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романында суреттелгендей, ол Ертісті өрлеп моңғол жеріне ауған Ақ гвардия әскерін Алтайдың кезеңінен оқпен қайырып, елді шапқызбай өткізіп жіберген.
Зуқа батыр оншақты жыл бойы қаруын тастамаған. Ол Алтай бетіндегі азаттық соғысының және ұлттық қарсылықтың бір дәуірін жасаған қайраткер. Қапыда мерт болып, басы жерге тигенше маңайындағы бейбіт халықты ешкімнің талауына беріп, басындырмаған. Тіпті басы кесіліп, қала дарбазасының басына ілінгеннен кейін де оның рухы халық жадында өшпеген. Бұл - оның қайсарлығы мен беріктігінің ең жоғары көрінісі.
Оның ықпалы кейінгі ұрпаққа да жетті. Әйгілі Оспан батырдың өзі Зуқаны «пірім» деп бағалаған. Алтайдағы бір ауыл әлі күнге дейін «Пірім» ауылы деп аталады. Себебі Зуқа батыр Оспанға бата берген екен.
Зуқа батырдың ерлігі қазақ әдебиетінде де кеңінен көрініс тапты. Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романында оның лидерлік қасиеті, тұлғалық бітімі, билігі мен парасаты әсерлі сомдалған. Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» және Талғат Кеңесбаевтың «Қараңғы түннің жұлдызы» шығармаларында да оның күрескерлік болмысы, адамгершілігі және тарихи кезеңнің күрделі оқиғалары суреттелген.