ХХ ғасырда алғаш Түркістаннан Стамбұл барған жастар кімдер?
Осман мұрағаттарындағы ізденіс барысында Құлжа өңірінен шыққан және Стамбұлдағы әскери оқу орнында білім алған бірқатар адамның аты-жөні анықталды.
Бұл деректер Шығыс Түркістан мен Осман империясы арасындағы білім, әскери дайындық және қоғамдық байланыстардың болғанын көрсетеді.

Солардың бірі — Хұсайынеддин мырза, Құлжа өңірінде тұрған Зейнелабидин мырзаның ұлы. Құжатта оның Стамбұлдағы Mekteb-i Fünun-ı Harbiye әскери оқу орнының шәкірті болғаны көрсетіледі.

Келесі тұлға — Абдуррахман мырза, Хұдаверди мырзаның ұлы. Әкесі Құлжа қаласында бастауыш мектеп мұғалімі болған. Абдуррахман мырза да Стамбұлдағы әскери оқу орнында білім алған.

Мехмед Дүрсүн мырза — Мехмед Азиз мырзаның ұлы. Құлжада тұрған, кәсібі ағаш ұстасы ретінде көрсетілген. Ол да әскери училищеде білім алған жастардың қатарында болған.

Ибраһим Мухсин мырза —Шәмір қажы мырзаның ұлы. Құлжада мата саудасымен айналысқан әулеттен шыққан. Ибраһим Мухсин мырзаның да Стамбұлдағы әскери оқу орнында оқығаны туралы дерек бар.

Хасан мырза — Абдулла мырзаның ұлы. Құлжада былғары зауытының директоры болған Абдулланың баласы ретінде көрсетіледі. Хасан мырза әскери оқу орнында білім алған.

Тағы бір тұлға — Ахмед мырза, Мехмедшах мырзаның ұлы. Құжатта оның Құлжада тұратын саудагер болғаны және әскери оқу орнында білім алғаны көрсетіледі.

Ерекше назар аударуға тұрарлық тұлғалардың бірі — Абдулқадыр мырза. Ол Шейх Маңсұр мырзаның ұлы ретінде көрсетілген. Деректе оның Қытайдан шыққандығы, Құлжа өңірінде тұрғаны және Қадирия тариқатының шейхы болғаны жазылған. Сонымен бірге оның Стамбұлдағы әскери оқу орнында білім алғаны көрсетіледі. Бұл дерек сол кезеңдегі діни орта өкілдері мен әскери білім арасындағы байланысты зерттеу үшін де маңызды.

Месуд мырза —Сабыр қажы мырзаның ұлы. Түркістанның Құлжа өңірінде тұрған саудагер ретінде сипатталған. Ол да Стамбұлдағы әскери оқу орнында білім алған.

Ал Мехмед Сейіт мырза — Низамеддин мырзаның ұлы. Құжатта оның Құлжада тұрғаны, мата саудасымен айналысқаны және шыққан тегі қытай деп көрсетілген. Ол да әскери оқу орнында білім алған жастардың қатарында.
Бұл есімдердің барлығы бір ғана мәселені көрсетпейді. Керісінше, олар Құлжа мен Стамбұл арасындағы тарихи байланыстың бірнеше қырын ашуға мүмкіндік береді. Олардың арасында саудагерлердің, мұғалімдердің, қолөнершілердің, өндіріс орындарының басшыларының және діни қайраткерлердің отбасыларынан шыққан жастар болған.
Ең маңызды сұрақтардың бірі — осы Құлжадан Стамбұлға барып, әскери білім алған жастардың арасында қазақтар болды ма? Қазіргі анықталған деректерге сүйеніп, олардың барлығын қазақ деп айтуға әлі ерте. Өйткені Осман құжаттарында адамның этникалық шығу тегі әрдайым қазіргі түсініктегі нақты ұлттық атаумен көрсетіле бермейді. Сондықтан бұл есімдерді Құлжа өңірінің тарихи тұрғындары ретінде қарастырып, олардың нақты этникалық және әлеуметтік шығу тегін басқа дереккөздер арқылы салыстыра зерттеу қажет.
Бұл бағытта Құлжа мен Шығыс Түркістанға қатысты қытай деректері, Ресей империясының мұрағаттары, жергілікті шежірелер, әулеттік құжаттар, мұсылман қауымдарының жазбалары және фотосуреттер маңызды рөл атқарады.
Әсіресе осы адамдардың Стамбұлда сақталған фотосуреттері зерттеу үшін құнды. Фотосурет арқылы адамның сыртқы келбетімен қатар, киім үлгісі, әскери формасы, әлеуметтік ортасы және белгілі бір тарихи кезеңдегі мәдени байланыстар туралы қосымша мәліметтер алуға болады.
Құлжа — қазақ тарихы үшін де аса маңызды тарихи кеңістік. Сондықтан бұл есімдерді анықтау Қытай Түркістаны, қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар, татарлар және басқа да түркі-мұсылман қауымдарының Стамбұлмен байланысын зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.
Бір қарағанда жеке адамдар туралы шағын ғана құжат болып көрінетін бұл мәліметтер шын мәнінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Құлжа–Түркістан–Стамбұл арасындағы білім, сауда, діни және әскери байланыстардың тарихын қайта қарауға жол ашады.
Самат Жұматайұлы,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
Астана қаласындағы филиалының ғылыми қызметкері