Қазақ байы Серікбай қажының құлпытасы табылды

Автор:
92
Материалға сурет: Қазақ байы Серікбай қажының құлпытасы табылды

Мақалада XIX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың басындағы Аягөз өңіріндегі исламдық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен оның қазақ жаңашыл мектептерінің дамуына ықпалы Кіндікті медресесінің тарихы негізінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – Серікбай қажының ағартушылық қызметін, оның бастамасымен ашылған Кіндікті мешіті мен медресесінің өңірдің білім беру тарихындағы орнын жаңа деректер арқылы айқындау. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, микротарихи және деректанулық әдістер қолданылып, архивтік құжаттар, эпиграфикалық ескерткіштер, ауызша тарихи деректер мен далалық зерттеу материалдары кешенді түрде талданды. Зерттеу нәтижесінде Серікбай қажының 1870 жылы Кіндікті қыстауында мешіт пен медресе ашып, Бұхарадан мударис Ғалиақпар Мұхаметжанұлын шақырғаны, ал медреседе қалыптасқан білім беру дәстүрінің Әбдірахман қари мен оның шәкірттері арқылы жалғасып, Әбілғазы Иманбекұлының Сергиопольде тұңғыш қазақ мектебін ашуына негіз болғаны анықталды. Зерттеу Кіндікті медресесінің дәстүрлі исламдық білім беру мен қазақ жаңашыл мектептері арасындағы тарихи сабақтастықты қамтамасыз еткен өңірлік ағартушылық орталық болғанын дәлелдейді. Ғылыми жаңалығы – Серікбай қажының қызметіне қатысты бұрын ғылыми айналымға енбеген архивтік, эпиграфикалық және далалық материалдардың алғаш рет кешенді түрде ғылыми айналымға енгізілуінде.

Кіріспе

XVIII ғасырдың екінші жартысында қонтайшы Қалдан Цереннің қайтыс болуынан кейін Жоңғар мемлекетінде билік үшін өзара тартыс күшейіп, оның саяси қуаты әлсіреді. Осы жағдайды тиімді пайдаланған Цинь империясы 1757 жылы Жоңғар хандығын түпкілікті талқандап, мемлекетті тарих сахнасынан жойды. Нәтижесінде қазақтардың шығыс өңірге қайта қоныстануына мүмкіндік туды. Бұл үдеріске Қаракерей Қабанбай батыр, Ақтамберді жырау, Боранбай мен Байғара билер бастаған Найман рулары белсенді қатысты. Қазақ руларының шығыс өңірге қайта қоныстануы өңірде исламдық діни институттар мен дәстүрлі білім беру жүйесінің қалыптасуына негіз қалады.

Деректерге қарағанда, шығыс өңірге қоныс аудару барысында Байғара би өзіне діни тәлім берген Ғабділғани Әзизді Найман жұртымен бірге алып келген. Бұл оқиға Семей өңіріндегі исламдық білім беру дәстүрінің алғашқы кезеңдерінің бірі ретінде қарастырылады. Көп ұзамай Әбілпейіз сұлтанның қолдауымен Шыңғыстау өңіріндегі Қызылшілік қонысында «Ханым патша мешіті» ашылып, аймақтағы діни институттардың орныға бастағанын көрсетті.

XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Қазақстанда мешіттер мен медреселердің саны біртіндеп артты. Қазақ рулары өз қаражатына діни оқу орындарын ашып, Бұхара мен Ресей империясының мұсылман аймақтарынан қожалар мен молдаларды шақырды. Патша үкіметі 1788 жылы Орынбор мұсылман діни жиналысын құрып, қазақ даласындағы діни өмірді бақылауға алғанымен, XIX ғасырдың екінші жартысында мемлекеттік бақылаудың күшеюі өңірдегі бейресми діни білім беру дәстүрін толық тоқтата алмады.

Семей облысының көптеген мешіттері мен медреселері ресми бақылаудан тыс қызметін жалғастырды. Семейдегі «Сарт мешіті», Аягөздегі «Арапшах мешіті» сияқты діни орталықтармен қатар ауылдық жерлерде де бейресми медреселер жұмыс істеді. Бұл оқу орындарына Бұхарадан мударистер шақырылып, олардың қызметін жергілікті билер мен ауқатты азаматтар қаржыландырды. Осындай ағартушылық бастамалардың жарқын үлгілерінің бірі – Семіз-Найман елінің биі Серікбай қажы. Ол 1870 жылы Кіндікті қыстауында мешіт пен медресе салып, Бұхарадан мударис Ғалиақпар Мұхаметжанұлын арнайы шақыртты. Бұл өңірдегі исламдық білім беру жүйесінің Орта Азиядағы дәстүрлі ғылыми орталықтармен сабақтастығын айқын көрсетеді.

Қазіргі уақытта Кіндікті мешіті мен медресесінің тарихи орны сақталған. Бұл нысан XIX ғасырдағы Семей облысындағы исламдық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен қызметін зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи-мәдени мұра болып табылады.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамындағы білім беру үдерісі дәстүрлі діни оқу орындары мен жаңашыл мектептердің өзара сабақтастығы негізінде дамыды. Алайда осы сабақтастықтың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асқаны, әсіресе Аягөз өңіріндегі жергілікті қазақ элитасының діни білім беру ісін ұйымдастырудағы рөлі ғылыми әдебиетте жеткілікті қарастырылмаған. Соның ішінде Серікбай қажының ағартушылық қызметі, Кіндікті медресесінің қалыптасу тарихы және оның түлектері арқылы Аягөз өңіріндегі қазақ жаңашыл мектептерінің пайда болуына ықпалы арнайы тарихи зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Сондықтан Серікбай қажының ағартушылық қызметін, Кіндікті медресесінің өңірлік білім беру жүйесіндегі орнын және оның кейінгі қазақ мектептерінің қалыптасуына ықпалын жаңа архивтік, эпиграфикалық, далалық және ауызша тарихи деректер негізінде қарастыру зерттеудің өзектілігін айқындайды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы 

Зерттеу барысында алғаш рет Серікбай қажының құлпытасы ғылыми айналымға енгізіліп, өмір сүрген жылдары нақтыланды. Сонымен қатар Кіндікті медресесінің кейінгі қазақ жаңашыл мектептерімен сабақтастығы жаңа деректер негізінде дәлелденді.

Зерттеудің мақсаты

Серікбай қажының ағартушылық қызметін эпиграфикалық және далалық материалдар негізінде қайта қарастырып, Кіндікті медресесінің Аягөз өңіріндегі қазақ жаңашыл мектептерінің қалыптасуына ықпалын анықтау.

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі 

Карло Гинзбург пен Джованни Леви қалыптастырған микротарих тұжырымдамасы және Энтони Гидденстің тарихи агенттік теориясы құрайды. Бұл тәсілдер өңірлік деңгейдегі тарихи өзгерістерді жекелеген тұлғалар мен шағын қауымдастықтардың қызметі арқылы талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Пьер Бурдьенің мәдени капитал теориясы мен Эверетт Роджерстің инновациялардың диффузиясы тұжырымдамасы Кіндікті медресесінің білім беру кеңістігіндегі орны мен оның кейінгі қазақ жаңашыл мектептерінің қалыптасуына ықпалын түсіндіру үшін қосымша әдіснамалық негіз ретінде пайдаланылды.

Талдау

Серікбай қажы тұлғасы халық жадында сақталып, өңірлік тарихи жад пен шежірелік дәстүрде кеңінен айтылғанымен, оған қатысты деректердің басым бөлігі бүгінгі күнге дейін ғылыми айналымға толық енгізілген жоқ. Сондықтан оның ағартушылық қызметі, өңірдегі діни білім беру жүйесін дамытудағы рөлі және Кіндікті мешіт-медресесінің тарихы арнайы тарихи зерттеу нысаны ретінде жан-жақты қарастырылмаған.

Серікбай қажы туралы қысқаша мәлімет «Абай. Энциклопедия» еңбегінде берілген. Онда Серікбай бидің Найман елінің биі әрі батыры болғаны, Абай Құнанбайұлымен құдандалық қатынас орнатқаны, мешіт-медресе салдырып, балалардың білім алуына жағдай жасаған көзі ашық, ағартушылыққа жақын тұлға ретінде сипатталған (Нұрғали, 1995: 518). Энциклопедиялық деректе оның ұлы Құдайбергеннің Абайдың қызы Райханға үйленгені, кейін Райхан қайтыс болған соң Абайдың ұсынысымен Ақбердінің қызы Қарындашқа үйленуі көрсетіледі. Бұл мәліметтер Серікбай қажының XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік беделі және Абай әулетімен арадағы тығыз қарым-қатынасын айғақтайды.

Соған қарамастан, Серікбай қажының тарихи тұлғасы мен оның ағартушылық қызметі абайтану және өңірлік тарих мәселелерін зерттеген еңбектерде арнайы қарастырылмаған. Бұл ретте Абай жолы роман-эпопеясында оның есімі кездеспейді. Мұны нақты тарихи себеппен байланыстыруға жеткілікті дерек жоқ, сондықтан бұл мәселе қосымша зерттеуді қажет етеді.

Өңірлік тарих пен шежірелік әдебиетте Серікбай қажы туралы мәліметтер бар. Жазушы Ғабиден Құлахметтің еңбегінде (Құлахмет, 2020) Серікбай қажының өмірі мен шыққан тегі туралы деректер берілсе, шежірешілер Р. Қабдыкешов (Қабдыкешов, 2002) пен А. Кәрібаев (Кәрібаев, 2013) Кіндікті мешіт-медресесінің құрылу тарихын, оның өңірдегі діни-ағартушылық қызметін және Аягөздегі алғашқы қазақ мектептерінің қалыптасуымен сабақтастығын сипаттайды. Алайда бұл еңбектердің көпшілігі ғылыми талдаудан гөрі тарихи-өлкетанулық сипатта жазылғандықтан, олардың мәліметтері ғылыми деректермен салыстыра отырып қайта қарастыруды қажет етеді.

Серікбай қажы бейнесі көркем әдебиетте де көрініс тапқан. Жазушы Таласбек Әсемқұлов өзінің «Шымдан» повесінде Серікбай болыстың бейнесін айшықтап, оның ел арасындағы беделі, шешендігі, әділдігі және батырлық қасиеттерін көркемдік тұрғыдан бейнелейді (Әсемқұлов, 2020: https://otuken.kz/shymdan/). Сонымен бірге шығармада Серікбай қажының әкесінің есімі Әбдірахман ретінде берілген. Алайда қолда бар шежірелік және тарихи деректер бойынша оның әкесі – Садырбай. Ал Әбдірахман Серікбайдың ұлы. Демек, аталған повесть тарихи дерек ретінде емес, халық жадында сақталған мәліметтерді көркемдік тұрғыдан бейнелейтін әдеби шығарма ретінде бағалануы тиіс.

Осылайша, қолда бар еңбектерде Серікбай қажының есімі эпизодтық түрде ғана аталып, оның тарихи тұлғасы, Кіндікті мешіт-медресесін ұйымдастырудағы қызметі, Бұхарадан мударис Ғалиақпарды шақыртуы, медресенің қызметі және оның Аягөз өңіріндегі қазақ жаңашыл мектептерінің қалыптасуына ықпалы арнайы тарихи зерттеу нысанына айналмаған. Осыған байланысты мақалада алғаш рет архивтік құжаттар, эпиграфикалық материалдар, шежірелік деректер және далалық зерттеу материалдары негізінде Серікбай қажының ағартушылық қызметі мен Кіндікті медресесінің өңірдегі исламдық білім беру жүйесіндегі орны кешенді түрде қарастырылады.

Алынған нәтижелер: Серікбай қажының шыққан тегі 

Серікбай қажы Семіз-Найманның Әнет (Орыс) тармағынан шыққан. Шежірелік деректер бойынша Семіз-Найман батыры Жәнібек, Серікбай қажының төртінші атасы болып табылады. Әулет шежіресі Жәнібектен – Әнет, Әнеттен – Бекшойын, Бекшойыннан – Жаманбала мен Садырбай, ал Садырбайдан Серікбай мен Ахметжан тарайтынын көрсетеді (Кенжеханов, 2012: 396). Шежірелік мәліметтер Серікбай қажының шыққан тегін ғана емес, оның қалыптасқан әлеуметтік ортасын да айқындауға мүмкіндік береді.

Жаманбала мен Садырбайдың есімдері XIX ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің маңызды ескерткіштерінің бірі – Әріп Тәңірбергенұлының нұсқасындағы «Біржан мен Сара айтысында» да кездеседі:

Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,

Төлемген екі енені марқадайын,

Есілге, Едіреймен қамалған қу,

                            Көкмайса жерің бар ма Арқадайын (Әлбеков, 2013: 183).

Айтыста Найман ішіндегі ықпалды тұлғалардың қатарында Жаманбала мен Садырбайдың аталуы олардың өз дәуірінде өңірге кеңінен танылған беделді адамдар болғанын көрсетеді. Бұл дерек шежірелік мәліметтерді толықтыра отырып, Серікбай қажы қалыптасқан әулеттің жергілікті қоғамдағы әлеуметтік беделін айғақтайды.

Өңірлік тарихи деректер мен ауызша мәліметтерге сәйкес, Садырбай Бұхара, Шәуешек және Сібір бағытындағы сауда байланыстарын ұйымдастырған ауқатты әрі ықпалды тұлғалардың бірі болған. Мұндай экономикалық және мәдени байланыстар әулеттің Орта Азиядағы діни-ағартушылық орталармен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берген. Осы тұрғыдан алғанда, Серікбай қажының кейіннен Бұхарадан мударис Ғалиақпарды арнайы шақыртуы кездейсоқ құбылыс емес, әулетте бұрыннан қалыптасқан байланыстардың заңды жалғасы ретінде қарастырылуы мүмкін. Энтони Гидденстің тарихи агенттік теориясы тұрғысынан қарастырғанда, Серікбай қажының діни-ағартушылық қызметі жеке тұлғаның ерік-жігерінің ғана нәтижесі емес, оның әлеуметтік ортасы, әулеттік тәжірибесі және қалыптасқан мәдени байланыстары негізінде жүзеге асқан тарихи әрекет ретінде бағаланады.

Садырбайдың төртінші ұрпағы Амангелді Керімтаевтің айтуы бойынша Садырбай болашақты болжай алатын адам болған. Бірде Садырбайдың жылқысына жау тиіп, оның 18 жасар ұлы Серікбай жау соңынан аттанғалы жатып: «Әке-ай, мен қашанғы жалғыз боламын, артымнан ілесер інімсіз өтемін бе?» - дегенде әкесі: «Жалғыз ұлға Жасаған тем жар бола көр. Құдайым сағат тоғыз қатын алғызып, ұрпағынды ұлғайтсын» - деген батасын беріп жауға аттандырыпты (Керімтаев, 2007: 167). Бұл мәліметті тарихи факт ретінде емес, халық жадында сақталған ауызша тарихи дәстүрдің үлгісі ретінде қарастырған жөн. Дегенмен шежірелік материалдар аңыздағы кейбір мәліметтердің белгілі дәрежеде тарихи негізі болғанын аңғартады. Әулеттік деректер бойынша Серікбай қажының бірнеше әйелінен Керімтай, Құдайберген, Алдаберген, Тәңірберген, Құсайын, Әбдірахман, Смағұл, Хасен, Қанапия және Қиямади есімді он ұл дүниеге келген. Бұл дерек аңыздағы «ұрпағың көбейсін» деген батаның кейін халық жадында символдық мәнге ие болғанын көрсетеді. 

Серікбай қажы бір уақытта (18 жасында) Үйсін қызы мен Керейдің батыры Даудың қызы Өрім анамызды қалындыққа алады. Бұл оқиғаның тарихын А. Керімтаев былай баяндайды: «Серікбай жасынан күреске түсіп, ол өнерді бар болғаны 18 жасында мүлде доғарыпты. Оған мына оқиға себеп болған болу керек. Керей-Найман бас қосқан бір аста Серікбай Керейдің атақты түйе палуаны Даумен белдеседі. Белдескен бойда өзін сығымдай бүріп, табанын жерге тигізбей жерден қаңбақша жұлып алған күші басым жігітке Дау: «Балам, жауырыным жер иіскеп көрмеген еді. Сол қалпымда кетейін. Босат мені. Әкең Садырбайдың алдында батамды берейін» - дейді. Серікбай аға палуанның тілегін аттап кетпей, оны құрсауынан босатып жібереді. Дау Серікбайды жетектеген бойда әкесінің алдына әкеліп: «Байеке, ұлыңа менің он жақтағы отырған қызымды айттыр. Құдай қосқан құда болайық» - деп, табан астында ойына келген тілегін білдіріп жібереді. Садырбайдың: «Батыр, ұлым жалғыз болған соң Ұлы Жүз Үйсінге құда түсіп қойып едім. Мені қинамасаң қайтеді?» - деген жауабына тоқтамаған Дау: «Менің қызымды Серікбай алса, одан қари-қари ұл сүйеді, дәр-дәри қыз көреді. Және бір айтарым – менің қызымның үстіне ұлың тоғыз қатын алса да қой дерім жоқ. Әгәрәки қолқамды құп алмасаң, жалғызыңды қарғаймын да жалмаймын» - деп бір-ақ кеседі. Серікбайдың жолына жан айтуға даяр әке бардың қолқасына еріксіз қабылдап, сол жерде еріксіз төс қағыстырып, құда болып шыға келеді» (Керімтаев, 2007: 168). 

Керей батыры Даудың қызының есімі – Өрім болған. Өрім Садырбай әулетіне келін болып түскеннен кейін, Садырбай бұрын жасалған құдалық келісімін бұзбау мақсатында Серікбайға Өрімнің отауына уақытша баруға рұқсат бермеген. Кейін Ұлы жүздің Үйсін руына тиісті айып-ажырнасын өтеп, бұрын айттырылған қалыңдығын да Серікбайға қосқан. Шежірелік деректер бойынша, Үйсін қызынан дүниеге келген алғашқы немересі Мұхаметкерімді Садырбай өз қолына тәрбиелеуге алып, тұңғыш немересі болғандықтан оны Керімтай (Әбзи қажы) деп атаған.

Бұл мәлімет XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы құдалық институтының, әулетаралық қатынастардың және балаға ат қою дәстүрінің ерекшеліктерін көрсетеді. Сонымен қатар ол Серікбай қажы әулетінің әлеуметтік байланыстарының тек Найман тайпасымен шектелмей, Керей және Ұлы жүздің Үйсін руларына дейін таралғанын аңғартады. Мұндай байланыстар қазақ қоғамындағы саяси және әлеуметтік ықпалдастықты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі болған.

Жаманбала мен Садырбай ХІХ ғасырдың ортасында дүниеден озады. Серікбай қажы 1860-1870 жылдары Жаманбала мен Садырбайға арнайы кесене тұрғызған (1-сурет). 

1-сурет. Суретті түсірген: Нұртөлеуов. С (16.07.2026 ж.)

Кесене Кіндікті төбесінен шамамен екі шақырым солтүстік-батысқа қарай, Бақанас өзенінің жағасында орналасқан.

Нысанның архитектуралық ерекшеліктері мен орналасқан жері назар аудартады. Кесене өзенге жақын салынғанымен, табиғи бедерінің ерекшелігіне байланысты оның айналасына су жиналмайды. Бұл құрылыс орнының алдын ала ойластырылып таңдалғанын аңғартады.

Жергілікті тұрғындардан жазылып алынған ауызша мәліметтерге сәйкес, Садырбай қайтыс болар алдында жерленетін орнын алдын ала көрсетіп кеткен. Алайда бұл мәлімет әзірге жазба деректермен толық расталмағандықтан, оны халық жадында сақталған тарихи мәлімет ретінде қарастырған жөн.

Қазіргі уақытта кесене маңы өңірдің дәстүрлі қорымдарының біріне айналған. Далалық бақылау нәтижесінде оның айналасында шамамен жетпіске жуық жерлеу орны анықталды. Бұл жағдай кесененің тек әулеттік ескерткіш қана емес, жергілікті қауым үшін қасиетті тарихи-мәдени кеңістік ретінде қалыптасқанын көрсетеді.

Серікбай қажы мен Абай әулеті

Серікбай қажы әкесі Садырбай сияқты өз ұлдарына қалындықты текті жерден алып беруге тырысқан. Серікбай қажының туған құдасының бірі – Абай Құнанбайұлы. 

Арғын-Найман бас қосқан жиында Серікбай қажы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлы  төс қағыстырып құда болған. Серікбайдың Өрімнен туған бірінші ұлы Құдайбердіге Абай Ділдәдан туған қызы Райханды айттырады. Бірақ Райхан Абайқызы келін болып түскен соң, көп тұрмай, дүние салады. Абай қызының қазасынан кейін өзінің туысы Ақбердінің қызы Қарындашты айттырады. 

Халық арасында сақталған ауызша тарихи деректерге сәйкес, Серікбай қажы ұлы Құдайберген мен келіні Қарындашқа арнап кең әрі сәулетті тұрғын үй салдыруды жоспарлаған. Құрылысқа қажетті ағаш материалдары Аягөз–Семей бағыты арқылы Бесқарағай өңірінен түйе керуенімен жеткізілген. Аңыз бойынша, ағаш тиеген керуен Айғыз өзенінен өтіп, Құйған маңына жеткен кезде ауа райы күрт бұзылып, жолды жалғастыру мүмкін болмай қалады. Осыған байланысты керуеншілер түйелердегі ағаштарды түсіріп, уақытша бір жерге үйіп қалдырған.

Жергілікті халықтың айтуынша, осы оқиғадан кейін аталған жер «Ағаш үйген» атауымен белгілі болған. Бүгінде бұл тарихи топоним Өркен ауылынан шамамен 20 шақырым шығысқа қарай орналасқан аумақта сақталған (2-сурет). Бұл мәлімет ауызша тарихи дәстүр мен жергілікті топонимиканың өзара сабақтастығын көрсетеді.

2-сурет. Суретті түсірген: Нұртөлеуов. С (16.07.2026 ж.)

Микротарих тұрғысынан алғанда, мұндай топонимдер жергілікті қауымның тарихи жадын сақтайтын маңызды дереккөздердің бірі болып табылады. Олар жазба құжаттарда көрініс таппаған оқиғаларды толықтыруға мүмкіндік береді және белгілі бір тұлғаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі орнын айқындауға көмектеседі. Бұл ретте «Ағаш үйген» топонимі Серікбай қажының құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру ауқымы мен оның халық жадында сақталған қызметінің бір көрінісі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Ауызша тарихи деректерге сәйкес, ағаш керуені құрылыс материалдарын Кіндікті төбесіне сәтті жеткізген. Кейін осы материалдардың негізінде 1896–1897 жылдары Құдайбергенге арнап көп бөлмелі, саман кірпіштен тұрғын үй салынған. Жергілікті мәліметтер бойынша, құрылыс жұмыстарына Серікбай қажы Аягөз қаласынан тәжірибелі татар құрылысшыларын арнайы шақыртқан. Бұл дерек XIX ғасырдың соңында өңірдегі қазақ ауқаттыларының құрылыс ісінде кәсіби шеберлердің қызметіне жүгінгенін және көрші өңірлермен тұрақты әлеуметтік-экономикалық байланыс орнатқанын көрсетеді.

Далалық зерттеу барысында аталған тұрғын үйдің орны анықталып, оның іргетасы мен құрылыс іздері бүгінгі күнге дейін сақталғаны тіркелді (3-сурет). Бұл нысан Серікбай қажы әулетінің материалдық мұрасының маңызды элементтерінің бірі ретінде XIX ғасырдағы өңірлік құрылыс мәдениеті мен қазақ қоғамының тұрмыстық архитектурасын зерттеуге мүмкіндік береді.

3-сурет. Суретті түсірген: Нұртөлеуов. С (16.07.2026 ж.)

Пьер Бурдьенің мәдени капитал теориясы тұрғысынан қарастырғанда, мұндай сәулетті тұрғын үйлер тек тұрмыстық қажеттілікті өтеуге арналған құрылыс емес, әулеттің әлеуметтік мәртебесін, экономикалық әлеуетін және мәдени талғамын білдіретін символдық капиталдың көрінісі болып табылады. Сонымен бірге кәсіби құрылысшыларды тарту мен сапалы құрылыс материалдарын алыстан жеткізу Серікбай қажы әулетінің өңірдегі материалдық және мәдени ресурстарды тиімді пайдалана алғанын көрсетеді.

Серікбай қажының қайраткерлігі

Сонымен қатар, 1898 жылы Ақшатаудағы Көшбике қонысында өткен Қоңыркөкше болысының сайлауы кезінде Абайға қарсы жасалған күш көрсету оқиғасынан кейін кінәлілерге билік айтып, құн кескен беделді билердің қатарында Серікбай қажы да болған.

Осы оқиғаға қатысты деректерде ақын Уәйістің Абайды денесімен жауып қорғағаны, ал Серікбай қажының дау-жанжалдың құқықтық тұрғыдан шешілуіне қатысқаны баяндалады. Бұл мәліметтер Серікбай қажының XIX ғасырдың соңындағы Шыңғыстау–Аягөз өңіріндегі беделді би әрі қоғамдық мәселелерді шешуге ықпал еткен тұлға болғанын көрсетеді (Әлбеков, 2013: 183).

Серікбай қажының әділ билігіне қатысты Уәйіс ақынның мына өлең жолдары халық жадында сақталған:

«Абайдың қасына айттың әділ билік,
Қажеке, бір ісің жоқ бұған жетер...» 

Далалық зерттеу барысында Серікбай қажы әулетіне тиесілі қорым анықталды. Қорым Серікбай қажы салдырған мешіт-медресе орналасқан Кіндікті төбесінің оңтүстік беткейінде орналасқан (4-сурет). 

Зерттеу барысында қорым аумағында Серікбай қажы әулетіне жататын шамамен 20–30 жерлеу орны тіркелді. Қорымның орналасуы мен жерлеулердің шоғырлануы бұл аумақтың әулеттік пантеон қызметін атқарғанын көрсетеді.

 4-сурет. Суретті түсірген: Нұртөлеуов. С (16.07.2026 ж.)

Зерттеудің маңызды нәтижелерінің бірі – осы уақытқа дейін ғылыми әдебиетте қарастырылмаған Серікбай қажының құлпытасының анықталуы болды. Құлпытас қорымның орталық бөлігінде орналасқан және жақсы сақталған (5-сурет). 

5-сурет. Суретті түсірген және құлпытасты оқыған: Нұртөлеуов. С (16.07.2026 ж.)

Эпиграфикалық мәтінді оқу нәтижесінде онда мынадай жазудың қашалғаны анықталды:

«Әғузубилләһ

Бисмиллаһ

Куллу нәфсин зәикәтул әл маут

Хаж[ил]-хамраин

Серікбай ибн Садырбай

Дүниядан кешді 63 жасында

Алла қабірін жәннәт қылғай әумин

1905 жылда, 14 декабрде опат» - деп көрсетілген.

Құлпытастағы эпитафиялық мәтіннің ғылыми айналымға енгізілуі Серікбай қажының өмірбаянын нақтылауға мүмкіндік берді. Бұрын белгісіз болып келген деректердің орнына оның 1842 жылы дүниеге келіп, 1905 жылғы 14 желтоқсанда қайтыс болғаны эпиграфикалық дерек арқылы нақтыланды. Осылайша, құлпытас мәліметтері Серікбай қажының өмір сүрген кезеңін ғылыми тұрғыдан дәл анықтауға және оның қызметіне қатысты оқиғалардың хронологиясын нақтылауға негіз болды.

Эпиграфикалық мәтіндегі «Хажил-Харамаин» атауы Серікбайдың Мекке мен Мәдинаға қажылық сапар жасағанын білдіреді. Бұл дерек оның өңірдегі жай ғана би емес, исламдық ортада беделі мойындалған қажы мәртебесіне ие болған тұлға екенін көрсетеді. Сонымен қатар құлпытаста әкесінің есімі «ибн Садырбай» деп берілуі шежірелік мәліметтердің сенімділігін де растайды.

Микротарих тұжырымдамасы тұрғысынан қарастырғанда, Серікбай қажының құлпытасы бір адамның өмірбаянын нақтылайтын ескерткіш қана емес, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Аягөз өңірінің діни, әлеуметтік және мәдени тарихын реконструкциялауға мүмкіндік беретін бірегей дереккөзі болып табылады. Сонымен бірге эпиграфикалық деректерді шежірелік және ауызша тарихи мәліметтермен салыстыра талдау жергілікті тарихи жадтың жазба және материалдық деректермен сабақтастығын анықтауға жағдай жасайды.

Шежірелік және ауызша тарихи деректерге сәйкес, Серікбай қажы жиырма жасынан асқан шағында ел басқару ісіне араласып, болыс қызметін атқарған. Бұл кезең әкесі Садырбайдың жасы ұлғайып, шаруашылық пен қоғамдық міндеттердің біртіндеп ұлына жүктеле бастаған уақытымен сәйкес келеді. Серікбай болыстық қызметке дейін әкесі Садырбай ұйымдастырған сауда керуендерінің жұмысына қатысып, ағасы Жаманбаламен бірге Бұхара, Шәуешек және Сібір бағытындағы сауда қатынастарын ұйымдастыру тәжірибесін жинақтағаны жөнінде өңірлік деректер сақталған. 

XIX ғасырдың екінші жартысында Жаманбала мен Садырбайдың қайтыс болуынан кейін Серікбай қажы әулеттің ғана емес, Семіз-Найман ішіндегі қоғамдық істердің де негізгі ұйымдастырушысына айналды. Оның қызметі әкімшілік басқарумен шектелмей, діни-ағартушылық бағытта да жалғасын тапты. Осы мақсатта 1870 жылы өзінің Кіндікті қыстауында мешіт пен медресе салдырып, өңірдегі исламдық білім беру жүйесінің дамуына негіз қалады.

1870 жылы Кіндікті қыстауында жаңадан ашылған мешіт-медресеге Серікбай қажы дәстүрлі исламдық білім беру орталығы саналатын Бұхарадан қожа әулетінің өкілі, білікті мударис Ғалиақпар Мұхаметжанұлын арнайы шақыртты (Кәрібаев, 2013: 41). Бұл таңдау медреседе жоғары деңгейдегі діни білім беруді ұйымдастыруға ұмтылысты ғана емес, сонымен қатар Аягөз өңірінің Орта Азиядағы исламдық ғылыми орталықтармен тығыз рухани және интеллектуалдық байланыста болғанын көрсетеді. Ғалиақпардың келуімен Кіндікті медресесі тұрақты түрде шәкірт қабылдап, өңірдегі исламдық білім беру жүйесінің маңызды орталықтарының біріне айналды.

Пьер Бурдьенің мәдени капитал теориясы тұрғысынан алғанда, Бұхарадан жоғары діни білім алған мударисті арнайы шақырту Серікбай қажының материалдық мүмкіндігін ғана емес, оның діни білімнің сапасына ерекше мән бергенін көрсетеді. Мұндай қадам өңірде исламдық интеллектуалдық ортаның қалыптасуына жағдай жасап, кейінгі қазақ ағартушылығының дамуына негіз болған мәдени капиталдың жинақталуына ықпал етті.

Кіндікті төбесіндегі мешіт пен медресенің орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Жергілікті халық бұл тарихи нысанды «Қажы мешіті» немесе «Кіндікті мешіті» деп атайды (6-сурет). Далалық зерттеу барысында мешіт-медресенің орны анықталып, оның орналасу ерекшеліктері тіркелді. Бұл нысан өңір тұрғындарының тарихи жадында сақталып қана қоймай, бүгінгі күнге дейін қасиетті орын ретінде құрметтеліп келеді.

 

6-сурет. Суретті түсірген: Нұртөлеуов. С (16.07.2026 ж.)

 Серікбай қажының Мекке мен Мәдинаға қажылық сапар жасаған нақты уақыты жөнінде әзірге тікелей архивтік немесе жазба деректер анықталған жоқ. Дегенмен қолда бар эпиграфикалық, шежірелік және ауызша тарихи материалдарды өзара салыстыру оның қажылық сапарының мерзіміне қатысты белгілі бір ғылыми болжам жасауға мүмкіндік береді.

Ауызша тарихи деректерге сәйкес, Серікбай қажы Елқонды-Қаржау болысын тоғыз рет басқарған (Керімтаев, 2007: 168). Сонымен қатар А. Керімтаев оның болыстық қызметті жиырма жастан асқан шағында бастағанын көрсетеді. Ресей империясы кезеңінде болыстық басқару мерзімі негізінен үш жылдық сайлау кезеңімен байланысты болғанын ескерсек, Серікбай қажының әкімшілік қызметі шамамен жиырма жеті жылға созылған деп пайымдауға болады.

Осы хронологиялық реконструкция мен құлпытастағы «Хажил-Харамаин» атауын негізге ала отырып, Серікбай қажының Мекке мен Мәдинаға жасаған қажылық сапары 1889–1890 жылдар шамасында жүзеге асқан болуы мүмкін деген ғылыми болжам ұсынуға болады.

Қолжетімді деректерге сәйкес, Кіндікті медресесінің қызметіндегі жаңа кезең Серікбай қажының ұлы Әбдірахман қаридың Қазан қаласындағы діни оқуын аяқтап, туған жеріне оралғаннан кейін басталды. Осы кезеңнен бастап медресенің оқу-ағарту қызметі жүйеленіп, оның өңірдегі діни білім беру ісіндегі ықпалы едәуір артты.

Әбдірахман қари Серікбайұлы (1877-1931)

 

7-сурет. Әбдірахман қари Серікбайұлы (Кәдіржанов, 2006)

Әбдірахман қари Серікбай қажының алтыншы ұлы. Шежірелік деректер бойынша ол 1877 жылы Бақанас өзенінің бойында дүниеге келген. Алғашқы діни сауатын әкесі Серікбай қажы Кіндікті медресесіне Бұхарадан арнайы шақырған мударис Ғалиақпар Мұхаметжанұлынан алған. Осылайша Әбдірахманның білім жолы дәстүрлі исламдық оқу жүйесі негізінде басталды.

Ауызша тарихи деректерге сәйкес, Серікбай қажы болыстық қызметпен айналысқан кезеңде оның тұңғыш ұлы Құдайберген әулеттің сауда ісін басқарған. Әкесінің тапсырмасымен Құдайберген Әбдірахманды әуелі Семей қаласына, кейін Қазан қаласындағы медреселердің біріне оқуға апарған. Бұл мәлімет Серікбай қажы әулетінің балаларына жоғары діни білім беруге ерекше көңіл бөлгенін және оларды сол кезеңдегі ірі исламдық білім беру орталықтарына жібергенін көрсетеді. Әбдірахман қаридың Қазаннан оралғаннан кейін әкесі негізін қалаған Кіндікті медресесінде шәкірттерге дәріс бере бастағаны айтылады. Деректерде бұл оқиға 1890 жылмен байланыстырылғанымен, аталған мерзім қосымша жазба құжаттар арқылы нақтылауды қажет етеді. Соған қарамастан, XIX ғасырдың соңына қарай Әбдірахман қаридың Кіндікті медресесіндегі ұстаздық қызметі өңірдегі діни білім беру ісінің жаңа кезеңін бастағаны анық байқалады.

1890 жылы Бақанас өзені бойындағы жергілікті жұрт Әбдірахман қариға шәкірт ретінде өз балаларын берген. Қарастырылған деректерге сәйкес Әбдірахман қаридан алғаш ескіше оқу оқып, хат танығандардың қатарында Әбілғазы Иманбекұлы, Нұрмади Жиылысұлы, Шериаздан Сәметұлылар бар. 

Кіндікті медресесінің өңірдегі діни білім беру жүйесіне ықпалын көрсететін деректердің бірі – Медет руының өкілі Иманбек Бөшібалаұлының ұлы Әбілғазының білім жолы. Деректерге сәйкес, Иманбек жеті жасар Әбілғазыны алғашында Әбдірахман қари жетекшілік еткен Кіндікті медресесіне әкеліп, ескіше сауат аштырған. Кейін ол оқуын Аягөз қаласындағы Арапшах медресесінде жалғастырып, онда Сабыржан Ғаббасовтың әкесі ұйымдастырған оқу жүйесінде білім алған. Медресе де білім алып жүргенде Әбілғазы Сабыржан Ғаббасовтан орыс тілін меңгерген (Кәрібаев, 2013: 143). 

Әбілғазының білім алу жолы Аягөздегі оқуымен шектелген жоқ. Ол 1911 жылы Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесіне түсіп, 1911–1915 жылдар аралығында сонда білім алды (Хасан, 2025: 42). Осылайша, Әбілғазының білім траекториясы Кіндікті медресесінен басталып, Арапшах медресесі арқылы жалғасып, кейін Ресей империясындағы ең беделді мұсылман оқу орындарының бірі – «Ғалия» медресесіне ұласты. Бұл дерек Аягөз өңіріндегі дәстүрлі діни оқу орындарының оқшау құбылыс болмағанын, керісінше, оларды Ресей империясының мұсылмандық білім беру кеңістігімен байланыстырғанын көрсетеді. Кіндікті медресесінде қалыптасқан бастапқы білім кейін өңірлік және жалпыресейлік деңгейдегі исламдық оқу орындарында жалғасын тапқан.

1914–1915 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін тәмамдап туған өлкесіне оралған Әбілғазы Иманбекұлы Сергиополь қаласында алғашқы қазақ мектебін ашып, жергілікті балаларды оқыту ісіне белсене кірісті. Сонымен қатар ол ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлау мақсатында «Дарын мұғалім» курсын ұйымдастырды. Осы курсты аяқтаған жас мұғалімдер өңірдің әртүрлі ауылдарында жаңаша үлгідегі мектептер ашып, балаларға зайырлы пәндер негізінде білім бере бастады (Сыдықұлы, 2009: 8).

Бұл дерек Кіндікті медресесінде басталған діни білім беру дәстүрінің уақыт өте келе жаңашыл қазақ мектебінің қалыптасуына ұласқанын көрсетеді. Әбілғазы Иманбекұлының қызметі дәстүрлі медреселік білім мен XX ғасыр басындағы ұлттық ағартушылық қозғалысының арасындағы сабақтастықтың маңызды буыны болды.

Осы үдерістің нақты көріністерінің бірі – Әбілғазының бала күнгі досы Нұрмәди Жиылысовтың ағартушылық қызметі. Деректерге сәйкес, ол аталған курстты бітірген соң, Бақанас өңірінде қыс мезгілінде балаларды жаңаша әдіспен оқытқан. Ауызша мәліметтер бойынша, қыс мезгілінде Кіндіктідегі медресе ғимаратының суық болуына байланысты сабақтар Серікбай қажы арнайы салдырған көп бөлмелі тұрғын үйде өткізілген (3-сурет). Бұл жағдай Серікбай қажы қалыптастырған материалдық инфрақұрылымның оның өмірінен кейін де өңірдегі білім беру ісіне қызмет еткенін көрсетеді.

Бұл құбылысты Эверетт Роджерстің инновациялардың диффузиясы теориясы арқылы түсіндірсек, аталған теория бойынша, жаңа білім мен идеялар алғашында шағын әлеуметтік ортада қалыптасып, кейін сол ортаның өкілдері арқылы кең қауымға таралады. Осы тұрғыдан алғанда, Кіндікті медресесі саны жағынан шағын ауылдық діни оқу орны болғанымен, оның түлектері Аягөз өңірінде жаңа үлгідегі білім беру ісінің таралуына елеулі ықпал етті. Демек, өңірдегі қазақ жаңашыл мектептерінің қалыптасуының бастауында дәл осы жергілікті медреседе қалыптасқан білім беру дәстүрі тұрғанын байқауға болады.

Әбдірахман қари өңірде тек білікті шәкірт тәрбиелеуші ұстаз ғана емес, қазақтың ауызша тарихи дәстүрі мен шежіресін жетік меңгерген тұлға ретінде де танылған. Мұны қаридың көзін көрген абыз ақсақал Омар Қаймолдиннің естеліктері растайды (Қабдыкешов, 2002: 44).

Айтылған деректерге сәйкес, Әбдірахман қари өмірінің соңғы кезеңін Семей қаласында өткізген. Бұған Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік-саяси өзгерістер себеп болды. Бай әулетінен шыққан тұлға ретінде оның қызметіне шектеу қойылып, Кіндіктідегі мешіт пен медресе жабылған, ал өзі Қарқаралы округтік сотының қарауына тартылған. Осы оқиғалардан кейін Әбдірахман қари Семей қаласының сол жағалауындағы Алаш қаласына қоныс аударуға мәжбүр болған.

Әбдірахман қаридың өмірінің соңғы кезеңін Алаш қаласында өткізгенін архивтік құжаттар да растайды. Семей қаласында орналасқан «Абай облысы мемлекеттік архивінде» сақталған құжатта оның Алаш қаласының тұрғыны ретінде тіркелгені көрсетілген (ф. 133, т. 1, іс 5, п 9, 9-1.). Бұл дерек ауызша тарихи мәліметтердің архив материалдарымен нақтыланатынын және Әбдірахман қаридың ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Алаш қаласында өмір сүргенін айғақтайды.

 

8-сурет. Әбдірахмен қари мен бәйбішесі Жәкіш, ұлы Фарһул-Фуат. Семей қ, 1925 жыл. (Қабдыкешов, 2002: 45).

Аталған архивтік істе Әбдірахман қаримен қатар Алаш қаласында сол кезеңдегі қазақ қоғамының көрнекті қайраткерлері Биахмет Сәрсенов, Мәннан Тұрғанбайұлы, Қазы Нұрмұхамедұлы және Қаражан Үкібаевтың да тұрғаны көрсетілген. Бұл дерек Әбдірахман қаридың қазақ зиялылары шоғырланған тарихи-мәдени ортада өмір сүргенін және оның қызметінің сол кезеңдегі ұлттық интеллигенция қалыптасқан кеңістікпен сабақтас болғанын аңғартады.

Семей қаласында тұрған кезеңінде Әбдірахман қари қазақ зиялылары шоғырланған қоғамдық ортада өмір сүрді. Ауызша тарихи деректерде оның Мұхамеджан Тынышбайұлымен аралас-құралас болғаны айтылады. Әбдірахман қаридың төртінші ұрпағы Мұрат Бейсенұлының мәліметіне сәйкес, Мұхамеджан Тынышбайұлы қазақ халқының тарихына қатысты еңбегін дайындау барысында Найман руының шежіресіне байланысты мәліметтерді Әбдірахман қаридан сұратқан.

Бұл ауызша мәлімет белгілі бір дәрежеде Мұхамеджан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» атты еңбегімен сабақтасады. Аталған еңбекте автор шежірелік мәліметтерді жеткізген бірқатар адамдардың жасын көрсетеді. Солардың қатарында 1925 жылы Әбдірахман қаридың 48 жаста екені де берілген (Тынышбайұлы, 2024: 153). Бұл дерек Мұхамеджан Тынышбайұлының Әбдірахман қариды білгенін немесе ол туралы нақты мәліметтерге сүйенгенін аңғартады. Сондықтан ауызша тарихи деректерде сақталған олардың арасындағы байланыс туралы мәліметті толықтай жоққа шығаруға болмайды.

Әбдірахман қари 1931 жылы Семей қаласында қайтыс болды. Омар Қаймолдиннің естелік деректеріне сәйкес, ол кеңестік саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқынына ілігіп, Семей түрмесінде қыс мезгілінде дүние салған (Қабдыкешов, 2002: 44). Кейін оның денесі Семей қаласындағы Мұсылмандар қорымына жерленіп, қабірінің басына жазусыз ағаш белгі орнатылған. Алайда бүгінгі күні бұл ағаш белгі сақталмаған.

Бұл дерек ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде кеңестік биліктің дәстүрлі діни институттар мен олардың өкілдеріне қатысты жүргізген саясатының өңірдегі исламдық білім беру жүйесіне тигізген ықпалын көрсетеді. Энтони Гидденстің тарихи агенттік теориясы тұрғысынан қарастырғанда, Әбдірахман қари өз дәуірінде өңірдегі діни-ағартушылық қызметтің белсенді субъектісі болғанымен, тоталитарлық мемлекеттік құрылым оның қоғамдық қызметін тоқтатып, өзі қалыптастырған білім беру ортасының қызметін жоюға бағытталған саясат жүргізді.

Осылайша, Кіндікті медресесінің қалыптасуы мен дамуы Серікбай қажы мен Әбдірахман қаридың тарихи агент ретіндегі қызметімен тығыз байланысты болса, оның тоқырауы кеңестік саяси жүйенің дәстүрлі діни білім беру институттарына қарсы жүргізген саясатының тікелей салдары болды.

Қорытынды 

Зерттеу нәтижелері XIX ғасырдың екінші жартысында Аягөз өңіріндегі исламдық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы жергілікті қазақ элитасының ағартушылық қызметімен тығыз байланысты болғанын көрсетті. Осы үдерісте Серікбай қажының тарихи орны ерекше болды. Оның бастамасымен 1870 жылы Кіндікті қыстауында мешіт пен медресенің ашылып, Бұхарадан мударис Ғалиақпар Мұхаметжанұлының шақырылуы өңірдің дәстүрлі исламдық білім беру кеңістігімен тығыз байланыста дамығанын дәлелдейді. 

Зерттеу барысында архивтік құжаттар, эпиграфикалық деректер, далалық зерттеу материалдары және ауызша тарихи мәліметтер кешенді түрде пайдаланылып, Серікбай қажының өмірі мен қызметіне қатысты бұрын ғылыми айналымға енбеген тың деректер анықталды. Атап айтқанда, Серікбай қажының құлпытасы алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп, оның өмір сүрген жылдары (1842–1905) нақтыланды. Сонымен қатар Кіндікті мешіті мен медресесінің орны, әулеттік қорым зерттеліп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасына қатысты жаңа мәліметтер толықтырылды.

Кіндікті медресесінің өңірдегі дәстүрлі діни оқу орны ғана емес, қазақ жаңашыл мектептерінің қалыптасуына негіз болған маңызды ағартушылық орталық болғанын көрсетті. Медреседе қалыптасқан білім беру дәстүрі Әбдірахман қари мен оның шәкірттері арқылы жалғасып, Әбілғазы Иманбекұлының Сергиопольде тұңғыш қазақ мектебін ашуы және мұғалімдер даярлауы арқылы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осылайша, Кіндікті медресесінен бастау алған діни білім беру дәстүрі өңірдегі қазақ мектептерінің қалыптасуына ұласып, дәстүрлі медресе мен жаңашыл мектеп арасындағы тарихи сабақтастықты айқын көрсетті.

Зерттеу нәтижесінде Энтони Гидденстің тарихи агенттік теориясы, Пьер Бурдьенің мәдени капитал теориясы, Карло Гинзбургтің микротарих тұжырымдамасы және Эверетт Роджерстің инновациялардың диффузиясы теорияларының зерттеу материалдары арқылы нақтылана түсті. Серікбай қажы мен Әбдірахман қари өңірдегі білім беру кеңістігінің өзгеруіне ықпал еткен тарихи агенттер ретінде көрінсе, Кіндікті медресесінде жинақталған діни және мәдени капитал кейінгі ұрпаққа беріліп, жаңа білім беру үлгісінің таралуына негіз болды. Бір ауылдағы медресенің тарихы арқылы тұтас өңірдегі ағартушылық үдерістің даму логикасын көрсету микротарихи тәсілдің тиімділігін дәлелдейді.

Осылайша, Серікбай қажының ағартушылық қызметі жеке қайырымдылық бастамасы ретінде ғана емес, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Аягөз өңіріндегі исламдық білім беру жүйесі мен қазақ жаңашыл мектептері арасындағы тарихи сабақтастықты қамтамасыз еткен маңызды тарихи құбылыс ретінде бағаланады. Сондықтан Кіндікті медресесінің тарихы өңірлік деңгейдегі діни білім беру тарихының ғана емес, Қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасу эволюциясын зерделеудегі маңызды ғылыми мәселелердің бірі болып табылады.

Нұртөлеуов Сұлтанбейбарыс Талғатұлы.,

 «Тарих» білім беру бағдарламысының магистранты,

 Тарих және археология ғылыми орталығының

 кіші ғылыми қызметкері. 

 

Пайдалынған әдебиеттер

  1. Әсемқұлов Т. Шымдан повесі (https://otuken.kz/shymdan/) – 18.07.2020.  (қаралған күні: 18.07.2026).
  2. Әлбеков Т. Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2013. – Т. 97: Ауызекі әңгімелер. – 440 б.
  3. Кәдіржанов Е. Қазақтың Камалы. – Алматы: «Көркем» баспасы, 2006. – 200 б.
  4. Кәрібаев А. Әкемнің аманаты. – 2013. – 477 б.
  5. Кенжеханов Т. Қаракерей Баба – Қалың Орман ұрпақтар шежіресі. – Алматы, 2012. – 528 б., 60 б. сурет.
  6. Керімтаев А. Жиған-терген. – Алматы, 2007. – 252 б.
  7. Қабдыкешов Р. Қызылқия мектебі – дала академиясы. – Алматы: «Жазушы», 2002. – 96 б.
  8. Құлахмет Ғ. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: «Қайнар», 2020. – Т. 1. – 416 б.
  9. Нұрғали Р. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Атамұра», 1995. – 720 б.
  10. Сыдықұлы Т. Мектебім менің мерейім. – Алматы: Информ-Арна, 2009. – 152 б.
  11. Тынышбайұлы М. Қазақ халқының тарихы. – Алматы: AmalBooks, 2024. – 224 б.
  12. Хасан С. Уфа. Ғалия. Қазият: әдеби-танымдық зерттеу. – Алматы: «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ, 2025. – 288 б.