Тарихи атауларды таспаласақ, әсіресе, Кереку деген атауға тоқталсақ кекілін көршіге қарап тарайтындар күжірейіп, әлпеттерінен әр қашып сұрлана қалатындар баршылық. Көлденең дәлелдерін тартпақ болғандарымен, бұл қаламыздың тарихи атауы, одан ауылымызды алыс сала алмаймыз. Кешегі күміс сақал, сары тіс ақсақалдардан қалған сөз, қаншама жазушы еңбектеріне сол күйінде қолданған үкілі атау.
«Бұл зерттеу мақала тарихи
атауларды қайтару мақсатында емес,
түп тамырымызды біліп жүрейік
деген мақсатты жазылды»
(автор)
Кереку
«Кереку» деген сөзді Сәкен Сейфулин де, Әлкей Марғұлан да, Қаныш Сәтбаев та жиі қолданған. Жазушы Сәбит Мұқанов Шоқан Уәлихановтың өмір жолын суреттеген «Аққан жұлдыз» романында: «Бұл ара – «Коряковск», қазақша – «Кереку» аталатын қаланың деңгейі екен. Қаранардың айтуынша қала жақын», – деп жазады. Бізге қажеті Кереку атауының қайдан шыққаны емес, осы атау бұрыннан қолданылып жүргенін дәлелдеу.
Жергілікті жиырмасыншы ғасырда қалам тербеген ақын-жазушылар мен өлкетанушылардың шығармаларында да өріп жүр. Жаңа ғасырда есті сөзімен ескінің көзіндей болған ақсақалдардың да еңбектерінен орын тапқан. Мысалы: генерал Самат Бәкіров «Өмірге менің өкпем жоқ» атты кітабында: «Мұстафа атамыз да атқа ерте мініп көзге түсіпті. Қаршадайынан ауыл, аймақты басқарыпты. Сол бір жылдары ағаларын басқарып, Керекуге, қалаға шығыпты», «...Ол кезде Баянауыл да, Кереку де Омбы губерниясына бағынады» деп жазады. Ал Н. Жәміновтің «Құтты аймақ» кітабында: «Лекер әулие Меккеде ғайып болған (Қаржас Бақтыбай қажы айтып келген), ал немересі Әліш диуана Керекудің ақ түрмесіне қайтқан», – дейді. Керекудің ақ түрмесі өткен ғасырдың еншісіндегі мекеме, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов та 1906 жылы Тұзқалада ұсталып, осы қапаста болған. Автор осы еңбегінде «Ол керекулік бай, көпес А.И. Деровтың қарамағында кен іздеуші қызметін атқарған кездері болыпты» дейді. Ал жазушы М. Жаманбалинов «Әйгілі аудан - Ертісім» кітабында: «Бір жылы Керекуде үйез бастығының қорасынан айтулы екі арғымақ жоғалады», – деп, уезд уақытын меңзейді. Е. Кейкінің баянауылдық шежіреші ақсақал Өкпенің Кәрімтайы туралы «Өкпеұлы Кәрімтайдың ғибратты ғұмыры» еңбегінде ақсақалдың әңгімелерін берген. «Қайырбек Кереку жаққа бір байдың малшысы болып жалданды» деп әңгіме өрбітеді ол. Тере берсек мұндай мысалдар жетерлік. Бәрі ескі күндерден елес береді.
Ал қазіргі қаламыз өркен жайып, аумағы кеңейгенге дейін де бүгінгі кейбір мөлтек аудандардың өз қазақша тарихи атаулары болған. Мысалы бүгінгі орталық стадион тұрған жер базар аумағы болса, Абай мектебі орналасқан аумақта жылқы базары орналасқан. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің 1961 жылғы 12 қарашада жарық көрген №231 (5881) санында қарт журналист Ғаббас Әміровтің «Сәкен болған өңірде» деп аталатын мақаласы жарық көрген. Сол мақалада қаламгер былай деп жазады: «Міне, сол кездегі жылқы саудасын жасайтын жерде осы күнде Абай атындағы мектептің зәулім үйі. Сәкеннің қазақтың атының құйрығын кесіп алған солдатты көрген жері осы ара».
Бүгінгі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті орналасқан аумақ бұрын қалай аталғанын білесіз бе? Тағы да осы авторға жүгінеміз. «Сәкен Керекуге (Павлодарға) келіп, жатақ ішіндегі Әбдірахман деген саудагердің үйінде екі күн қонады. Жаумасақтың Әбдірахманы деген шолақ саудагер менің жақсы білетін адамым. Оның Келиман деген әйелі, одан бұрынғы әйелінен, Омбыдағы алған байдың қызынан қалған 8-12 жасар шамасында екі қызы барды. Ол кезде Әбдірахман қаланың шығыс-түстігіндегі «Тінібай жатағы» деген қалың ауылда (қазіргі индустриялық институт орнаған тұс) тұратын еді. Жатақ қала үлгісімен емес, сол кездегі ауыл тұрмысы сияқты қалай болса солай, ығы-жығы салынған көң-қоқыры көп ел мекені болатын. Тақтаймен қоршалған шатырсыз, бірен-саран ғана сұрықсыз үйлер болушы еді». Осы үзіндіден-ақ қазіргі С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тұрған аумақ бұрын «Тінібай жатағы» аталған жер екендігіне көз жеткізесіз.
Бүгінде Павлодар қаласында жаңа үйлер бойы көтеріп, «Сарыарқа» деген атау алған мөлтек аудан бар. Уақытында екі қабатты, пеші пәтерден жағылатын «хрушевкалар» қалашығы болған. Тарихқа көз жүгіртсек, ол алюминий зауытын салуға келгендер мен жұмысшыларға арналып салынған үйлер. «Алюминистрой» деп бертінге дейін аталған. Қазіргі «Сарыарқа». Бұл аумақтың да тарихи атауы бар. Ғаббас Әміровтің мақаласында: «Ол кезде «Абрамның Мишкасының көк үйі» дейтін орыс көпесінің шатыры көк сырмен сырлаған үлкен ағаш үйі қаланың күншығыс жағында оқшау, қаладан бір шақырымдай (жатақпен екі ортада) алыста тұрушы еді. Ол үй казірде де бар. (Толстой көшесі мен Мәшһүр Жүсіп көшелерінің (бұрынғы Бірінші Май көшесі) бұрышында). Қазақтар жағы, жұмысшылар осы күнгі кеме жөндеу заводы, ұн комбинаты, сыра заводы, №2 мектеп-интернат, №13 он бір жылдық мектеп үйлері, В.В. Куйбышев атындағы өзеншілер клубы тұсында «Сәрсекей жатағы» тұратын. Осы күнгі Алюминий заводы құрылысшыларының қалашығы орналасқан жер жатақтардың малы жайылатын өріс болатын». Бірінші Май көшесі қазір Мәшһүр Жүсіп көшесі екенін айта кетейік.
Сонымен «Сарыарқамыз» бұрынғы «Сәрсекей жатағы» екен. Ал Толстой мен Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысындағы бүгінгі «шеге сататын» дүкен (Толстой көшесі, 35) атақты Жексен бай Бекжігітұлының дүкені болған, халық «Бай Жексен» дүкені деп атаған. Ол 1880-1890 жылдары салынып жұмыс істеген. Уақытында қаланың көпестері кімнің байлығы басым деп бәстескенде намыс қысқан Жексен табан балықтың көлеміндей жалпақ «Мекалайдың ақшасымен» (1917 жылы құлаған Николай патшаның ақшасы) самауыр қайнатыпты-мыс. Мүмкін «Керін» ақшасы (Керенский) шығар. Ол уақытта ақшаның құны түсіп, адамдар дудыратып сандықта ұстапты деген де дерек кездеседі. Сөзге дәлел іздесеңіз қайталап З. Ақышевтің «Ақбел асуын» парақтаңыз. «Қырдағы қазақ байлары мен орыс помещиктері, кулакта-ры әлде қандай күн туады деп, жүректеріне ас батпайды. Малды ақшалап, қалтаға басып алуға ақшаға да сенім жоқ. Мекалай патшаның бас сүйегі басылған күміс теңгеліктің құны бір тостаған саумал ғұрлы болмай қалды. Керіннің көк-ала қағазы кей үйдің төрінен босағасына дейін шашылып жа-тыр. Мал санағының алдында Әліпбектің, Терентьевтің ақы-лымен көп қатыны бар байлар қатындарын тастап-тастап», малдарын солардың аттарына бөліп жаздырды».
Мұндай ақшамен самауыр қайнату, қазандық тұтату секілді «ерлік» көптеген жергілікті бай-көпестерге таңыла береді. Шәукен байға қатысты да айтылады. Тіпті байлығына мастанған Дүзей деген бай күйсеген сиырдан сағыз сұрапты деген сөз де бар.
Дүниеден өтер алдында сол Жексен үш күн бойы садақа таратыпты. Сол кезде үш қайтара алдына барып садақа алғандар да болыпты деседі. Сол Жексеннің баласы Аспандияр отызыншы жылдары кәмпескеленген. Тереңкөл ауданындағы қалың қайыңды алқапта «Жексен аралы» деген жер атауы сақталған. Аспандияр сол жайлауда ірі қара мал семіртіп, Ресейдің шекаралас Қарасуық, Купино секілді қалаларына апарып өткізіп тұрған. Дудан Қайырбекқызы Ысқақованың 2014 жылы жарыққа шыққан «Біз алтыншы ауылданбыз» атты кітабында осы Аспандияр туралы дерек келтірілген. «Әкесі Жексен Бекжігітұлы (1850-1918) алтыншы ауылда туған. Жас кезінен мал бағып, күзетші болады. Жексен атамыз Омбы облысында Никитинко қаласында бір байдың күзетшісі болыпты. Күзетте жүргенде, түн ішінде ағаш арасынан от көрінеді, бұл не деп ақырын отқа қарай келеді, оттың жанында жеті кісі ақшаларын жайып, санап, бөлісіп отырады. Олар банк тонап, бөліскен ұрылар екен. Сол кезде қос ауыз мылтығымен жоғары атады, сол кезде ұрылар жан-жаққа қашады, ақша от басында қапшығымен қала береді. Жексен атам тоқтамастан, қапшықты алып кетеді, бірнеше рет оқ атып ұрыларды қорқытады. Сол қапшықтағы ақшаны үш жыл бойы ешкімге айтпай үйінде сақтайды. Үш жылдан кейін іздеушілер болмаған соң, ақшаны іске жаратады. Содан мал сатып алып жұрттан, оны өсіреді, Ресейге сатады. Агентке Сұлтанов Шешбанды алады, ол ақшаға мал жинайды (57-бет)». Ал 1910 жылы жарыққа шыққан «Материалы по обследованию хозяйства и землепользования киргиз семипалаттинской области. Том І. Павлордарский уезд» атты жинақта Тереңкөл болысының бесінші әкімшілік ауылының тұрғыны Жексен Бекжігітұлының аузынан жазып алынған материалдар берілген. Яғни авторлар оның жиырма жылдан астам уақыт бойы мал саудасымен айналысқаны, көктемде сатып алынған ірі қара малы жазда жайлауда бағылып, тек қана бақташысына ақы төлейтіні, 1910 жылы 230 сатылымға арналған ірі қарасы болғанын айтады. Мұның барлығы жоғарыда айтқан сөзімізге дәлел.


Жексен бай 1918 жылы қайтыс болған, зираты Павлодар қалалық қорымында. Аспандияр Жексенұлы болса «бай баласы» деп 1920-1930 жылдары тәркіленіп, жер аударылғанын айттық. Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған істе (Қ.17. Т.1. 5-іс.) «22. Джексенев Аспандар – эти перечисленные баи 28/29 году по приговору суда высланы, потом они обратно приехали сюда. В настоящее время некоторые высланы и некоторые находятся в ауле №6 Павлодарского района. 28/29 г. У каждого имелось от 180 до 400 голов скота. Перечисленные баи имели собственные земельные наделы, эксплоатировали чужой труд, были волостным управителями и судьи.
ПОСТОНОВИЛИ: Имея ввиду, что переисленные баи были высланы и затем неизвестно, по какой причине возвратились, поручить Аульсовету доставить их в распоряжение ГПУ (г. Павлодар)» деп анық жазылған. Бір өкініштісі осы Аспандияр әлі күнге дейін ақталған жоқ.
Жоғарыда аталған Ғаббас Әміровтің мақаласына қайта оралсақ. «Сәкен ол кезде «Революцияға дейін қаланың солтүстік-батысында сегіз километрдей жерде «Көкі жатағы» деп аталатын тұста былғары илеу кәсібімен айналысатын қазақ кедейлері мекендеуші еді. Кәзір мұнда ағаш өңдеу заводы, ет комбинаты, былғары заводы, мұнай базасы, тұрғын үйлер салынып, қаланың бұл жағы да орталықпен ұласып кетті», – дейді. Ал «Қаланың солтүстігінде екі-үш километрдей жерде «Дәуен шұңқыры» деп аталатын ойпат болушы еді. Машина жасау заводының құрылысшыларына арналған бес этажды зәулім үйлер осы арада қатар түзеді» дегенін павлодарлықтар қай жер екенін анық түсінсе керек. Ендігі мәселе адам аттарымен аталған «Көкі», «Дәуен», «Сәрсекей», «Тінібай» деген жатақтардың нақты кімге тиесілі болғанын анықтау шарт. Тұтастай қоныстар есімдерімен аталуына қарағанда бұлар белгілі бір рудың ақсақалы, беделді адамдары болуы керек.
Автордың мақаласының басында Сәкеннің жүрген жолы туралы айта келіп, «Кереку жатағы» деп аталатын қаланың шет жағын мекендеген қазақтардың, қаланың өмірімен танысады» деп жазуынан көп нәрсені аңғаруға болады. Ертеректе қазақтар үйлерін Ертіс өзенінің бойынан әрірек салған. Бірақ бұл мал шаруашылығын дөңгелеткендер үшін кедергі болмаған. Қысы-жазы суын ішкізіп, нуын от қылған. Жазушы Ахат Жақсыбаев «Иса ақын» романында былай жазады. «Павлодардың батыс бетіндегі Ертіс өзеніне жақын көшелерде көбіне ауқатты казак-орыстар, татар саудагерлері, қызметке іліккен, жағдайын түзеген қазақ оқығандары тұрады. Үйді бөренеден салады. Кейбірі тақтаймен қапталған, шатырлы, терезелерінің қақпағы бар. Биік қоршаулы кең, аулада бақша өсіреді, құс ұстайды. Байлаулы қабаған иттері болады. Ертістің жағасында әркімнің терең қазыққа шынжырмен байланып, құлып салынған өзіне тиесілі қайығы қатарласып, тізіліп тұрады. Кешкісін қайықпен серуендеп, гормонь тартып, ән салып, арғы жағаға шығады. Қаласа балық аулайды, тоғай аралайды. Қарап тұрсаң тұрмыстарына қызығасың. «Дәурен осылардікі» дегізеді. Ал қаланың қыр жақтағы күн шығыс бетінде көбінесе ұсақ кәсіп кұратын, кара жұмыс істеп, мал ұстап күн көретін ауылдан келген жатақтар тұрады. Үйлері аласа, шатырсыз. Ауласы қоршалмайды, иттері байланбай бос жүреді. Суды ауладағы құдықтан ішеді. Кейбірі атпен, қол арбамен Ертістен бөшкемен тасиды. Иса бұлардың да өмірімен таныс. Шақырумен шілдеханаға барғанда «ақынды көреміз» деп жан-жақтан жиналған жұрт үйге сыймай, кезектесіп кіріп-шығып, түннің бір уағына дейін қаумалап, босатпаған еді. Сәбиге Иса деп ат қойып, бата сұрағанда қол жайып, өлеңдетіп, «сұлуға арман бол, еліңе қорған бол» деп тілек айтып, «көрімдігі» деп, күміс сағатын үй иесіне сыйлаған болатын». Осыбір үзіндіден-ақ қалаға қоныс аударған қазақтардың салт-дәстүрін сақтағанын аңдаймыз.
Қазіргі Толстой көшесі барып тірелетін Ертіс өзенінің тұсында «паром» тартқан. Қырдан келетін қазақтар сол жерге аялдап, екі-үш күн кезекке тұрған. Ертістің арғы жағында болған ауылдың орны әлі де сақталған. Сал тарту кәсібін бәсентиін руының ішіндегі Апай руының «бөкенбайлары» атқарған. Белгілі өлкетанушы, «Жас Ұлан» ұйымының мүшесі Қайролла Қаженов ағамызбен болған бір сұхбатта былай деп еді. «Ол кезде қазіргідей көпір жоқ. Паромды жиектегі және қаладағы бәсентиіндер ұстаған. Оның ішінде бөкенбайлардың түкірігі жерге түспей тұрған кез екен. Ел ішінде мынадай өлең жолдары да қалған.
Апайдың бір тентегі Бөкенбайы,
Қашса ұстап, қуса ешкім жете алмайды.
Қыр қазағы қалаға келсе жаздай,
Бөкенбайсыз Ертістен өте алмайды.
«Паром» ұстаған бөкенбайларға өзеннен өтпек болғандар не сұраса да қолдарына ұстатып кетіп ортырған. Ешкім жоқ деп айта алмайды. Сұрағанын береді. Өзеннен өту керек. Өз басым паромшы Салықбайды көрдім, Қасенді де көрдім, мықты жігіттер болатын. Жиекте тұратын «Қаржау-Күшіктер» қалаға қи, тезек, ағаш отын әкеліп сатады да ақшасына азық-түлік, бұл, айна, бит тарақ секілді тұрмыстық заттар алады. Сол кезден қалған тағы да бір өлең жолдары бар.
Жар жағалай тұрады Қаржау-Күшік,
Қала десе тұрады құстай ұшып,
Жарты қалаштарын қойнына сап,
Кешке жақын келеді мұрттай ұшып».
Бұл өлең жолдарын жазушы Рамазан Тоқтаров та романдарында қолданады. Айта берсек, әңгіме көп. Сол кезеңде жұрт аузында әзіл-қалжыңы аралас «Үй болған соң бір пароходсыз болмайды екен» депті ғой Ертіс жағасындағы Қаржау-Күшіктің бір байы» деген сынды сөз өріпті.
Жергілікті ақсақалдардың жазып қалдырған деректеріне қарағанда, Ертістің жиегі биік жарұқабақ болыпты да, адамдар ол жерден тұрмысқа қажетті балшық алған. Тіпті ішін ұңғып, жауын-шашыннан сақтанатын ұра жасап алған. Сол ұра құлап, қазалы жағдайлар да орын алған. Сонымен Ертістің жағасында өрт сөндіретін мекеме, қаланың үстінен қарап тұратын «домна» дейтін биіктік, оның түбінде алтыншы мектеп, балалар үйі де болған. Тіпті алғашқы «Ақ түрме де» осы жағалауда орналасқан, кейін жаңасы салынған. Шырамытуымыз бойынша ол түрме қазіргі «ЭКО» баспасы орналасқан мекеме.
Қазақ жатақтары бұл аумақтан кейін қазіргі «Казкрай» аталып кеткен аумаққа ойысқан. Сол жерден үйлерін салып, үлкен ауыл секілді болып отырған. Соғымдарын сойып, пішендерін шауып, қазақылықты жоғалтпаған. Шындығында қалада қазақылықты сақтап қалған осы намысты «Казкрайдың» адамдары. Ал үйлердің көбісі қазіргі Май ауданында шығарылатын «ақ топырақпен» салынған. Оны сол жақтан әкеліп Ертіс жиегіндегі портқа түсірген, бұл топырақ отқа төзімді болып келеді. Сондықтан да оны Новокузнецкідегі металлургия зауытына темір балқытатын пештерді майлауға жібереді екен. Жергілікті жұрт сол топырақтан кірпіш соғып, баспаналарының қабырғаларын көтерген. Сол секілді қаланың шығыс жақ бетіндегі «Кірпіш сарай» деген жерден саз балшық қазып әкеліп пайдаланған. Ал төбесін жабуға «Усолка» мөлтек ауданынан тал шауып, ат, өгіз арбаға тиеп, буып әкеліп жапқан. Ол уақытта бүгінгі Усолка мөлтек ауданында қалың орман болған екен. Бір қызықтысы бұл жердің де тарихи атауы болуы шарт, алайда әзірге ондай дерек кездестірген жоқпыз.
Қалада көпес Деровтың тері илейтін және «қара май» шығаратын өндіріс орындары болған. Ол майды жұрт арба-шаналарын майлауға алған, ішкі Ресейге сатқан. Сөзіміз дәлелді болуы үшін З. Ақышевке жүгінейік. «Деровтың меншігіндегі тағы бір «өнеркәсіп» орны – сүйек қайнататын завод. Ат жетер жердегі елдің құдыққа жығылып, қасқыр тартып арам өлген малының еті мен сүйегі арба-арба боп жиналып келіп завод маңына төгіліп жатады. Ауыл арасын кезіп жүріп өлексе жинайтын адамдары да бар Деровтың. Бұл жиналған «шикізаттан» арба майлайтын қарамай жасалады. Деров өзінің бұл өндірісін «сабын қайнататын завод» деп атайды, бірақ оның сабыны көбінесе қара май боп шығатын болғандықтан халық оны «сүйек қайнататын завод» деп кеткен. Халықтың олай деуінің тағы бір себебі атан түйенің асықты жілігінен бастап, көтеремнен өлген кәрі саулықтың сирағына дейін бар. Қыруар өлексенің сүйегі әуелі өртеніп, күл болады. Оның үстіне шіріген теріні, сасыған етті, сіңірді, тарамысты, жұлынды, жілік майды араластырып қайнатқаннан шыққан қоймалжың қоспаны құйып жіберіп бір күн, бір түн өртесе қарамай шығады. Қарамайдың шелегіне тоқтылы қойын өзі айдап әкеп беріп алып кетіп жатады маңайдағы жұрт».
«Арынның ақ бәлнисасы»
Бүгінгі жұртшылық қаладағы «Арынның ақ бәлнисасын» біле ме? Үлкендер жағы болмаса, мұндай мекеме түгілі Арын Сүлейменовтің де кім екенін білетіндер шамалы. Арын Омбыдағы орталық фельдшерлік оқу орнына 1897 жылы түсіп, оны үздік белгімен бітіріп, «фельдшер» мамандығын игерген қазіргі Ақсу ауылдық аумағы мен Май ауданы аумағында дүниеге келген жергілікті қазақ. Оқудан елге оралғаннан кейін қазақ ауылдарын ат арбасымен аралап шешек, қызылша, сүзек, оба секілді жұқпалы ауруларға қарсы екпе егу жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы бұған дейін жазылған мақала жарық көрген, ол «Елтұғыр» кітабына енген. Сол себепті қайталамай, тек там-тұмдап көрейік.

Жазушы, өлкетанушы Қалмұқан Исабаев «Әке өсиеті» деген мақаласында: «Сол жылдары Павлодар қаласының аумақты орамына уездік аурухана сала бастайды. Бертінге дейін өмір сүрген Рәбиғаның сөзіне қарағанда, құрылыс басына апамыз киіз үйін тігіп отырған. Арын атамыз әрі құрылысты басқарады, әрі ауру-сырқау жандарды қабылдап, ем-домдық жәрдем көрсетіп, екі міндетті атқарады. Артынан халық «Ақ бәлниса» деп атап кеткен екі қабатты үйдің қабырғасына аты жазылып, осы қаланың жергілікті ұлт өкілдері арасынан шыққан тұңғыш фельдшер Арын Сүлейменовке бір көшенің есімі беріліп, мемориалды тақта ашылған көрінеді», – деп жазады.
Жас фельдшердің талассыз медициналық қабілеті сол кездегі медицина саласы басшылығының назарынан тыс қалмай, ол учаскелік дәрігер болып еңбек ете бастаған. Мұндай міндет қатардағы фельдшерге құрдан-құр жүктелмегені анық. Ол үшін Гиппократ антына берік, қолынан іс келетін тұлға болуы заңды. Жазушы, өлкетанушы Зейтін Ақышевтің «Ақбел асуы» атты романы бар. Сол шығармасында жазушы Кереку өңіріндегі кеңес үкіметінің орнауы туралы жазады, Типалов деген совет үкіметінің жалауын көтерген кейіпкерді айтады және тарихи деректі оның өз аузынан бұзбай жазғанын келтіреді. Сол Типаловты Колчактың адамдары он бір жерінен найзалағанда өмірін ажалдан аман алып қалған екі дәрігерің бірі – Арын Сүлейменов. «Сонда маған Иван Данилов дейтін орыс дәрігерінің, Арын Сүлейменов деген жас қазақ фельдшерінің сіңірген еңбектерін өмір бойы айтып тауыса алмаспын, істеген жақсылықтарын іспен қайтара алмаспын, – деп бертін келе аузынан тастамайтын Типалов», – дейді.
Жергілікті тұрғындардың көбісі Арын Сүлейменовке зор сенім білдіріп, шалдыққан кеселдерінен арылу мақсатында нақты соның алдына бару үшін кезекке тұрған. Яғни қазақтардың дені Арынның аялы алақанына сенген. Бұл оның науқастармен жылы қарым-қатынаста ғана болғаны емес, сонымен қатар өз ана тілінде кеңес беріп, ем-дом жүргізгендігінің жемісі. Орыс тілін жетік білмейтін ол кезеңде қазақ ұлты өкілдерінің оған жүгіну сырының бірі де осы болса керек. Сол секілді, уездік аурухананың бір бөлмесінде ол отбасымен тұрғанын да атап өткен артық етпес.
Екі қабатты «Арынның ақ бәлнисасы» қазіргі «Қан орталығының» жанында. 2020 жылдары белгілі ұлт қайраткері Қуат Есімханов ағамен бірге қаладағы онкологиялық ауруханаға Арын Сүлейменовтің есімін беру бойынша жұмыстар атқарып едік. Ол туралы арнайы мақалалар дайындадым, Май аудандық «Шамшырақ» газетінде Арынның ұлы, медицина ғылымдарының докторы Арғын Сүлейменовтің естелігін бастырдық, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде мақалалар жарияланды. Қалалық әкімдікте болашақ ескерткіштің эскизін жасау жұмыстары да қолға алынған. Бірақ атың өшкір тәжтажал індеті басталып кетті де, аға да сол кеселге шалдығып, жұмысымыз өнбей қалды.

Арын Сүлейменов салдырған «Ақ бәлниса»

«Коряковка» емес Құрмантұз...
Павлодар ауданына қарасты Заңғар селолық округінің құрамдас аумағына енетін Коряковка деген ауыл бар. Атауы жанай орналасқан Коряковка көліне қатысты қойылған. Бұл көлден бір деректерде 1720 жылдан, басқа деректерде 1747 жылдардан бастап тұз өндіріле бастаған деп жазылады. Ол замандарда патша үкіметі тіпті көлді «Соляный клондайко» деп атаған. Клондайк Канаданың Аляскамен шекаралас аймағы. Бұл ғылымда «қазына тұнған» деген мағына береді екен. Яғни, патшаның айдарлап отырғаны тұз қазынасы дегенге келеді. Ол заманда тұз ақшаның орнына жүретін айырбас құралы болғанын тарихтан жақсы білеміз. 1850 жылдары бұл жерде тұз айлағын салу туралы да бұйрық болған (қараңыз: Тобольские губернские ведомости. 1859, № 3 (17 янв.).

Ресейдің ішкі қалаларына лаумен тұз тасылған. Қазақстанның ішкі қалаларына да жергілікті байлар кіре тартқан. Қалмұқан Исабаев ағамыздың «Шоң би» трилогиясында да Қазанғап пен Шоң бабаларымыздың тұз саудасын қалай жүргізгені айтылады. Ал көлдің атауы Коряковка болмай тұрып Құрмантұз, Құрманкөл деп аталған. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жазбаларына сүйенсек.
«Керекуге жиырма бес шақырым жерде «Құрман тұзы» − деген тұз бар. Сол Құрман − Қыпшақ екен де, өзі мейлінше бай болған екен: жылқысының есеп санын өзі де білмейді, − деп жазады. Ал тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев «Орта Ертіс өңірі мен Қарақаралы тарихының жұмбақ кезеңі» деген мақаласында «Керекуге 25 шақырым жерде «Құрман тұзы» деген тұз бар» деп Мәшһүрдің жазып отырғаны ертеде Құрман тұз, 1754 жылдан бастап «Коряковское озеро» атанған Ертіс бойына белгілі қоныс. Бұл кезең Кереку жардағы (Коряков яр) Коряков форпосты бекініске айнала бастаған уақыт. Орта Ертіс өңіріндегі көлдердің көпшілігі патша үкіметін тұз өндірісімен қызықтырған. Жалпы Жәміш көлі (Ямыш) көлі сияқты тұзды көлдерге тұз алуға бүкіл Сібір аймағының татары мен орысы ХVІІ ғасырда кіре тартып келіп жүргені белгілі. Әз Тәуке хан заманында Жәміш (Ямыш) тұз саудасының орталығы болды да, Тұз қала атанды. Кейіннен тұз саудасының орталығы Керекуге (Коряков яр) көшіп, Коряков атауы Құрман тұзға да берілетіні осы себептен. Керекуге ең жақын тұз өндірілетін көл осы Құрман тұзы. Көлдің айдыны үлкен − солтүстіктен оңтүстікке қарай қоржынның екі басындай жайылып жатыр. Құрман деген сөздің түпкі мағынасы қоржын екенін ескертеміз», − деп дәлелдейді. Бұл жерде Жәміш көліне қатысты ешкім де дау жоқ шығар.
1895 жылғы 12 наурызда Омбы қаласында басылып шыққан «Киргизская Степная газета» деген газеттің оныншы санында жерлес қаламгер Қорабай Жапановтың «Вести из степи» деген айдарымен мынадай жазбасы берілген. «В Павлодарском уезде находится станица Ямышевская, которую киргизы называють Тузь-Кала, т. е. соленый-городок. Это очень древнее поселение в киргизской степи. По сказаниям киргиз здесь было расположена становище калмыцкого витязя Жамыша, от имени второго произошло названее самой стоницы. По сказаниям каргизъ становище Жамыша будто-бы было посещение даже Ермаком, покорителем Сибирскаго царства. Во время бунта Султани Кенесары Касимова станица Ямышевская служила укрывительным пунктом, где постоянно стояль двухтысичный гарнизонъ» делінген. Осыбір үзіндіден-ақ оның тарихы қаншалықты тереңде жатқанын аңғаруға болады.
Құрмантұзға қайта ораласақ. Оның тағы да бір байырғы атауы − Апай көлі. Қазіргі Кереку орналасқан аумақты уақытында Арғын руы ішіндегі Бәсентиін тармағы өкілдерінің құт қонысы болғанын дәлелдеп жату артық болар. Апай сол бәсентиіннен тарайтын бір ата. Бұл деректер ғалымдар мен өлкетанушылардың еңбектерінде жиі кездеседі, дауға жатпайтын әңгіме. Осыны ескерсек, көлдің Апай атануы заңды жағдай. Заңғар жазушы, документалист Медеу Сәрсеке «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Қазақтың Қанышы» атты дерекнамалық еңбегінде де осы Апай көлі жайлы айтады. «Мың шақырымдық Ертіс қорғаныс шебінің бекіністерін күшейту үшін жеті жерден форпост (қарауыл күзеттері) тұрғызу жоспарланған, солардың бірі 1720 жылы ірге тепкен Коряков станциясы. Бертіндегі жазбаларда Коряковты көпес деушілер бар. Анығында ол Ертіс өңіріне әскери міндетін өтеуге отбасымен көшірілген казак-орыстардың бірі, жүздік шені болған, форпост салынған кезде іргедегі көлден (бұрынғы аты «Апай көлі. Павлодар қаласы орныққан жерде Арғынның Бәсентиін руының Апай бұтағының ата қонысы) ас тұзын алғаш ұйымдастырған адам» дейді де, Павлодар уезіне қарасты 12 тұзды көлді атайды. Олар: Қарабас, Жақсы тұз, Шақшан тұз, Үлкен Қалқаман, Кіші Қалқаман, Тайқоңыр, Бестұз, Қарасор, Вишневое, Үлкен Тобылжан, Кіші Тобылжан, Коряков (Апай көлі). Ал «Дауа» газетінің 1990 жылғы қаңтар айындағы нөмірінде соғыс және еңбек ардагері Ж. Сағындықов «Архив дерегінің бәрі шындық емес» атты мақала жариялап, «Ал Тұз өндіру көлемі ұлғайған соң Батыс-Сібір губерния әкімшілігі 1750 жылы Ертіс өзенінің бойында, қазіргі Павлодар қаласы тұрған тұста айлақ жасап, жабық қоймалар салу туралы шешім алады. Ертеде «Шәукен құмы» аталған бұл жердің аумағы қазіргі қала аумағына жуықтас келетін. Одан бері де Ертіс арнасынан бермен қарай 2-3 шақырымға жылжыды. Осыдан кейін «Коряков форпосты» деген атау Құрмантұздан осында ауысты» деген ақпарды алға тартады.

Келтірілген деректердің барлығы да Коряковканың тарихи атауы Құрманкөл, Құрмантұз, Апай көлі екендігіне көлденең дәлел.
«Павлодарское» емес Шәукен
Керекудің іргесінде, жағасына бұйра тал өріліп көмкерілген ақ Ертістің жиегінде жаймашуақ түтін түтеткен Шәукен деген ел бар. Әкімшілік аумағы бойынша Павлодар ауданының құрамына енген ауыл, 2004 жылы Жаңауыл селолық округінің құрамында болған ауыл таратылған. Одан бұрын Павлодар мал күту аудандық арнайы шаруашылық бірлестігінің бөлімшесі еді. Қазіргі Павлодарское ауылынан 4 шақырымдай жерде орналасқан. Айтпақшы, Павлодарское ауылы уақытында «Қыпшақ ауылы» атанғаны жайлы деректер де ара-тұре кездесіп тұрады.
Ал енді Шәукен дегенде елдің есіне бірінші құрылысқа қажетті құм өндірілетін кен орны түседі. «Ол жер неге Шәукен атанған?», жалпы «Шәукен деген кім?» деген сұраққа жауап іздегендер шамалы.
Республикалық қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның құрамында жұмыс істеген уақытта мұрағаттар мен музейлердің қорынан 1928 жылы кәмпескеленіп, бірінші топ бойынша Ақтөбе округі мен Ресейге жер аударылған керекулік байлардың алғашқы легінде, яғни 33 адамның ішінде Ғабдолла мен Уәли Шәукеновтердің болғаны анықталды. Бұлар біз қозғап отырған Шәукен байдың балалары. Тілеке Жеңістің тек таратуы бойынша Иса (Шәукен) – Баймағамбет – Сазан – Ерубай – Нарбота – Қоскөл – Сейітқұл – Жандос – Қараша – Құлатай – Төбет − ... −Қыпшақ деп тармақталады.

Сейсен Мұхтарұлының «Кәмпеске» кітабынан
Тарихшы ғалым Әсет Жәнісовтің Қасым қажы жайлы жазған еңбегінен үзінді келтірсек. «Біздің қолымызда Қасым Мұстафаұлының қай ауылда туғандығы жөнінде мәлімет жоқ, ал тергеу жасалған уақытында Ұрық болыстығының №2 ауылында тұрған (қазіргі Павлодар ауданының Шәукен ауылы).
Ф.Щербинаның экспедициялық материалдарында ХІХ ғасырдың аяғындағы Павлодар уезінің ауылдары бойынша кестесі келтірілген. Кестелер ру басындағы ақсақалдар жайлы, ауылдардың қай жерде орналасқандығы, қанша адам болғандығы, малдарының саны жөнінде мәлімет беретін құнды дерек болып табылады. Ұрық болыстығының №2 ауылы бойынша келтірілген мәлімет бойынша ауылдың негізгі тұрғындарын құлатай-қыпшақтан тарайтын Алыбай мен Нарбота ұрпақтары және аз мөлшерде бәсентиін руының өкілдері құраған. Шежіре бойынша Алыбай мен Нарбота туған ағалы-інілі, Қоскөлдің ұлдары. Алыбайдан Ертісбай батыр, ал Нарботадан сол кезеңнің беделді ру басшысы Шәукен (Иса) Баймағамбетұлы шыққан екінші тармақ тарайды. Құм деген жерге қоныстанған Шәукен 1000 жылқы айдаған ірі бай болған адам». Автордың аталмыш еңбегінен «Мешіттің орнын өлкетанушы Мүкаш Мүбәракұлының сөзі бойынша Шаукен ауылының тұрғыны Нұрланбек Байдәулетов қария (1921 жылы туып – 2005 жылы қайтыс болған) көрсеткен. Медресе болса сол Мүкаш ақсақалдың айтуына қарағанда Шәукен «8» деген жерде тұрған, біздің пікірімізше ол жоғарыда аталған кестедегі тізімде 8-ші болып берілген «Сапақ арал» деген жер», – деген дерек те келтірілген. Ал Сейсен Мұхтарұлының мұрағат деректеріне сүйеніп жазған «Кәмпеске» атты кітабының (Бірінші кітап) 329-бетінен мынадай дерек кездестірдік. «Өкірік уәкілі Сүлейменұлы, аудан уәкілі Төрқожаұлы, ауатком ағасы Шынтемірұлы, хатшысы Қасенұлы және жәрдемком мүшесі Түлкімбекұлы бекіткен Шәукен балаларына толтырылған мінездемеде: «Бұлар атасы Шәукеннен бері қарай Ертіс бойында жер алып, Шәукен атына «Құмбасы» деген жерге ие боп, осы уақытқа дейін келген». Бұл үзінділерден Шәукен байдың түп-төркіні, мекендеген жері анықталып отыр. Бұл аймақтың тарихи атауы – Құмбасы.

Сайып келгенде, Шәукен ауылына тиесілі тарихи атаулардың түйіні шешімін тапқан секілді. Байдың балалары жылқы түлігін асылдандыру жұмыстарымен айналысқанын, кезінде «Шаукеновские рысаки» деген жылқы тұқымын да атап өту ләзім. Ал белгілі ұлт жанашыры болған, өлкетанушы Тілеке Жеңістің 1998 жылы жарық көрген «Шежіре» кітабында берілген 1837-1868 жылдары Баянауыл сыртқы округіне қарасты болыстық қызмет атқарған болыс басқарушыларының тізімінде Ғабдолла Шәукенұлының Ұрық болысын басқарғаны айтылады.
Жетекші ауылының тарихи атауы – Тоқтамыс
Павлодар қаласының іргесінде Жетекші деген ауыл бар. Бұл кеңес кезінен қалған атау екені әмбеге аян. Орысша тәржімалағанда «Передовик» деген мағынада қойылғаны сөзсіз. Ал ол ауылдың тарихи атауы – Тоқтамыс екенін біреу білсе біреу білмес.
Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің 1945 жылғы 7 желтоқсандағы санында ССРО Жоғарғы Советінің сайлауына әзірлік барысында сайлау участоктері туралы Еңбекшілер депутаттарының Павлодар аудандық советі аткомының қаулысы жарияланған. Сонда «№27 Тоқтамыс (орталығы «Жетекші» колхозы)» екендігі тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл аз десеңіз аталмыш газеттің 1945 жылғы 17 қарашадағы нөмірінде жарық көрген Ә. Аукеновтің «Жетекші десе Жетекші» деген мақаласында бұлтартпас дерек келтірілген. Сонымен...
«Әлі есімде. 1929 жылдың күзі. Әлсіз, бытыранды шаруалар шаруашылығын зор шаруашылыққа ұйымдастыру туралы мәселе қаралған жиналысқа Павлодар жағының кедейлері симай кетті.
– Бұрын аузымызға ас, астымызға ат тимеген.
– Енді келешегі зор, қоғамдық шаруашылық құрғалы отырмыз.
– Жер де, су да өзіміздікі болады, – дегенді айтып, қуанышқа бөленген жатақ кедейлері жиналыс болған қос ағаш үйді басына көтерген еді. Колхоз болу туралы қаулы алынып, оның атын қоюға келгенде колхозға мүше болып бірінші жазылған Бектасов Тұяқбай ұсыныс жасады.
– Біз қалаға, мәдениетке жақын колхоз болғалы отырмыз. Сондықтан колхоздың атын басқаларға үлгі, жетекші болу үшін «Жетекші» деп қою керек, – деді ол. Бұл ұсынысты көпшілік бір ауыздан қабылдап, қала жатағына ұйымдасқан тұңғыш колхоздың аты «Жетекші» болып еді.
Оған бірнеше жыл өтті, «Жетекші» мүшелінен асып буыны бекіп, бұғанасы қатып, соғыстың қиын-қыстау күндерінен де сүрінбей өтті.
Сол «Жетекші»-ні енді бір көруге ынтыққан біз «Тоқтамыс» дөңі көрінісінен-ақ жүрісті үдете бастадық. «Жетекші» колхозы осы Тоқтамыста тұрады. Тоқтамыс дегеніміз баяғыда Тоқтамыс деген байдың атына қойылған жердің аты. Тоқтамыстың жері шұрайлы. Оның ортасында аяққа құйған ас сияқты кішкене көлі бар. Көлдің оңтүстік жағында жалғыз екпе терек тұрушы еді. Көлдің төрт құбыласы өрлеп кететін дөңес-бел болатын. Бұл жердің төңірегінің бәрі дерлік малдың жайылымы, егістік жай. Бірақ, ол керкеткен заманда халықтың қанын сүліктей сорған Тоқтамыстың, одан кейін оның немере-шөберелерінің, ақырғы кезде Нұрғалиев Темір дегеннің жазғы жайлауы ғана болатын. Көлді жиектей қонған байлардың 6-7 қанат кигіз үйлерінің айналасына тігілген қараша үйлер мен кішкене күркелердегі ер-әйелдер солардың күңі мен құлдары еді. Олардың күні байлардың малын бағу, тезегін теру мен ауыр азаптың астында өтті. Қыс айлары Ертіс жиегіндегі қыстауларына көшкенде «Тоқтамыс» басында жалғыз терек пен қатқан көлден басқа ешқандай тіршілік бейнесі қалмайтын, құлазыған қу дала болатын да тұратын еді.
Қаладағы жатақ кедейлері колхозға ұйымдасқаннан кейінгі бір жылдан соң партия мен үкімет қамқорлығының арқасында жетекшідегілер осы «Тоқтамыс» басын мекендеді. Бүкіл халық болып жұмыла еңбек еткен социалистік шаруашылық орнағаннан кейін «Тоқтамыс» басының бейнесі де мүлде өзгерді», – деп жазады.
Сонымен қазіргі Жетекші ауылының тарихи атауы – Тоқтамыс екені белгілі. Ал Тоқтамыстың қай ру өкілі екені белгісіз. Кеңес үкіметі кезеңінде елдегі байларды жексұрын қылып көрсету «науқаны» жүргізілгені айқын. Сондықтан авторға да кешіріммен қараған абзал болар. Бұл ауыл атауын өзгерту керек деген ой емес, өлке тарихына қосылған бір дерек болсын деген ниетпен жазылған дүние.
Бейбіт БӨЖЕН,
ҚР Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Павлодар қаласы.