Бөкей Ордасына сапар: Қыздар училищесі
Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы ауылының әр ғимараты ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасының саяси, мәдени және ағартушылық өмірінен сыр шертеді. Сол тарихи нысандардың бірі – Қыздар училищесі. Қазір бұл ғимаратта «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі орналасқан. Бір жарым ғасырға жуық тарихы бар нысан қазақ даласындағы әйелдер білімінің қалыптасуын көрсететін маңызды ескерткіштердің бірі саналады.
* Қыздар училищесі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар
ХІХ ғасырда Хан Ставкасы, қазіргі Хан Ордасы, Бөкей Ордасының әкімшілік орталығы ғана емес, білім мен мәдениет шоғырланған маңызды орталыққа айналды. Бұл бағыттағы үлкен өзгеріс Жәңгір ханның тұсында басталған еді. Оның бастамасымен 1841 жылы Ордада жаңа үлгідегі мектеп ашылып, кейін Бөкей Ордасының әр бөлігінде мектептер саны көбейе бастады. 1879–1880 оқу жылында Жәңгір мектебі Халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училище болып қайта құрылды.

Алғашында білім беру ісі негізінен ер балаларды қамтығанымен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қыз балаларды да оқытуға мүмкіндік жасала бастады. Соның нәтижесінде 1883 жылы Хан Ставкасында қыз балаларға арналған бір сыныптық училище ашылды. Бұл – Қазақстан аумағында әйелдердің зайырлы білім алу тарихындағы алғашқы оқу орындарының бірі. Училищенің ашылуы сол кезең үшін елеулі жаңалық еді. Өйткені қыз балаларға арнайы мектеп ашып, олардың тұрақты түрде сауат ашуына жағдай жасау қазақ даласында әлі кең тарамаған болатын. Мұнда қыздар оқу мен жазуды меңгеріп қана қоймай, есеп шығаруды, грамматиканы және тұрмыста қажет болатын қолөнер түрлерін де үйренді. Училище ашылған 1883 жылы мұнда 22 қыз білім алды. Оның жетеуі қазақ, қалғандары орыс қыздары болды. Ал училищенің алғашқы алты жылында 86 қыз оқуын аяқтаған.

Оқу орнының жұмысына мемлекет тарапынан арнайы қаражат қарастырылған. Мектеп ғимаратын салуға 2150 сом бөлініп, училищенің жыл сайынғы қажетіне қазынадан 2555 сом жұмсалған. Бұл қаражат мұғалімдердің еңбекақысына және оқу орнының шаруашылық қажетіне, тәрбиеленушілерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Мектеп жанынан 20 орындық жатақхана да ашылды. Бұл Хан Ставкасынан шалғай орналасқан елді мекендерден келген қыздардың осында жатып оқуына мүмкіндік берген. Жатақханадағы тәрбиеленушілердің күнделікті қажеттілігінің бір бөлігі қазына есебінен өтеліп отырған. Мәселен, музей қорында сақталған 1896 жылға арналған шығындар сметасында 20 тәрбиеленушіге қысқы пальто, жылы орамал, етік пен калош, көйлек, іш киім, мектеп формасы, шұлық, қол орамал және төсек жабдықтарын сатып алу қарастырылған.
Қыздар училищесінің ғимараты оқу орны ретінде бірнеше тарихи кезеңді бастан өткерді. Кеңес дәуірінде ол өзінің бастапқы міндетін тоқтатып, біраз уақыт М.Горький атындағы Орда орта мектебінің шеберханасы ретінде пайдаланылды. Соған қарамастан, ХІХ ғасырдан жеткен ғимарат бұзылмай сақталып, кейін Бөкей Ордасының ағарту тарихын танытатын маңызды тарихи нысанға айналды.

Ғимаратты музейлендіру жұмыстары 1990-жылдары қолға алынды. Бұл кезеңде Ордадағы тарихи мұраны жүйелі түрде жинақтап, жекелеген көне нысандарды музейге айналдыру жұмысы жүріп жатқан еді. Жалпы Хан Ордасындағы музей ісінің тарихы 1962 жылдан басталады. Сол жылы мұнда қоғамдық негізде Орда тарихи-революциялық музейі ашылған. 1967 жылы ол мемлекеттік музейлер қатарына енгізіліп, 1969 жылы бұрынғы Қазынашылық ғимаратына көшірілді. Ал 1997 жылы Орда тарихи-революциялық музейінің атауы Орда тарихы музейі болып өзгертілді. Дәл осы 1997 жылы бұрынғы Қыздар училищесі ғимаратында Бөкей ордасы тарихи музейінің «Халыққа білім беру» бөлімі орналастырылды. Экспозицияда Жәңгір хан тұсында басталған мектеп ісінен бастап, ХІХ–ХХ ғасырлардағы білім беру жүйесінің дамуына қатысты материалдар жинақталды. Уақыт өте келе Орда тарихы музейіне қарасты тарихи ғимараттардың саны көбейді. Соған байланысты 2002 жылы музейдің мәртебесі өзгеріп, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрылды. 2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қалпына келтірілгеннен кейін арнайы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ретінде қайта жасақталды.
* Қыздар училищесі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар