Бөкей Ордасына сапар: Алма Оразбаева музейі

Автор:
36
Материалға сурет: Бөкей Ордасына сапар:  Алма Оразбаева музейі

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы Хан Ордасы ауылының әр тарихи ғимараты белгілі бір дәуірдің ізін сақтап тұр. Солардың бірі – ХХ ғасыр басындағы қазақ әйелдерінің қоғамдық өмірге араласуы, білім беру ісі мен әйел құқығы жолындағы қозғалыс тарихымен байланысты Алма Оразбаеваның мемориалдық музейі. 

*   Алма Оразбаева музейі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар 

Алма Дінмұхамедқызы Оразбаева 1898 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Ол – педагог, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ әйелдерінің білім алуына, қоғамдық-саяси өмірге араласуына және құқықтарының қорғалуына атсалысқан тұлғалардың бірі. Алма алғашқы сауатын Хан Ставкасындағы орыс-қазақ қыздар мектебінде ашқан. Кейін білімін жалғастырып, қыздар училищесінде және мұғалімдер даярлайтын курста оқыды. Оның ұстаздық еңбек жолы Жаңақаладағы бір сыныптық қыздар мектебінде басталды. 

Мұғалім болып жүрген кезінің өзінде Оразбаева қазақ қыздарын мектепке көбірек тартуға күш салды. 1916 жылғы 19 желтоқсанда жазған есебінде оқушыларға арналған арнайы мектеп үйі мен жатақхана қажеттігін, оқу үдерісіне музыкалық аспаптар, қабырға сағаты, термометр, магнит пен компас секілді құралдар керектігін көрсеткен. 

1919–1928 жылдары ол Қазақ революциялық комитетінде, Орынбор губерниялық партия комитетінің қазақ секциясында, Бөкей губерниялық партия комитетінде, Қазақ Орталық Атқару комитетінде және Халық ағарту комиссариаты жүйесінде түрлі қызмет атқарды. 1925 жылдың қарашасында Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарғаны туралы дерек те сақталған. 

Бүгінгі мемориалдық музей орналасқан үй Хан Ордасындағы мектеп қалашығының құрамында салынған.  XIX ғасырдан сақталған бұл ғимаратта Алма Оразбаева1917–1919 жылдары тұрыпқызмететкен.

Ғимаратқа ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, тарихи нысан қалпына келтірілді. Кейін ол Алма Оразбаеваның өмірімен қызметін таныстыратын мемориалдық музей ретінде жабдықталып, 2023 жылғы 17 қазанда пайдалануға берілді.

Мемориалдық музейдің экспозициясы Алма Оразбаеваның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін таныстыруға құрылған. Мұнда оның Бөкей ордасындағы балалық және білім алу кезеңі, мұғалімдік қызметі, 1917–1919 жылдардағы Ордадағы қоғамдық жұмысы, кейінгі мемлекеттік қызметі, әйелдер қозғалысына қатысуы мен ағартушылық еңбегі туралы мәлімет беріледі. Хан Ордасы музей-қорығы Алма Оразбаева туралы өмірбаяндық және архивтік материалдарды ұзақ жылдар бойы жинап, зерттеген.

Экспозицияда тұлғаның өмір жолын таныстыратын тарихи фотоматериалдар мен құжаттық деректерге ерекше орын берілген. Оның ұстаздық еңбегіне, әйелдер арасында жүргізген жұмысына, мемлекеттік қызметіне және баспасөздегі еңбектеріне қатысты материалдар арқылы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қоғамдық өзгерістер де көрсетіледі. Музейдің өзі де негізгі жәдігердің бірі деуге болады.

Экспозиция Алма Оразбаеваның тек саяси қызметін ғана емес, ағартушылық бағытын да қамтиды. Оның қыздарға білім беру ісі, балалардың оқу жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстары, әйелдерге арналған ағарту жұмыстарын ұйымдастыруы, баспасөздегі мақалалары мен халық музыкасына қатысты еңбегі тұлғаның сан қырлы қызметін көрсетеді.

*   Алма Оразбаева музейі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар