Бір әннің тарихы: «Заман-ай»

Автор:
80
Материалға сурет: Бір әннің тарихы: «Заман-ай»

«Заман-ай» – Семей ядролық полигонының қасіретін ән арқылы жеткізген ең белгілі туындылардың бірі. 1989 жылы дүниеге келген әннің музыкасын композитор Төлеген Мұхамеджанов, сөзін ақын Ұлықбек Есдәулет жазды. Ол Семей полигонын жабуды талап еткен «Невада–Семей» антиядролық қозғалысымен бірге туып, көп ұзамай сол қозғалыстың музыкалық нышандарының біріне айналды. 

Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Әнім сен едің»

«Заман-айдың» тарихы 1989 жылғы қоғамдық оқиғалармен тікелей байланысты. Семей ядролық сынақ полигонында 1949 жылдан 1989 жылға дейін 456 ядролық сынақ жүргізілді. Оның 116-сы атмосферада және жер бетінде, 340-ы жер астында жасалды. Қырық жыл бойы жалғасқан сынақтар өңірдің табиғатына және халықтың өміріне ауыр зардап әкелді. 1989 жылдың ақпанында полигондағы кезекті сынақтан кейін радиоактивті газдың сыртқа тарағаны жөніндегі ақпарат қоғамға белгілі болды. 26 ақпанда ақын Олжас Сүлейменов теледидар арқылы ядролық сынақтарды тоқтатуға шақырды. Ал 28 ақпанда Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының алдында өткен митингте «Невада–Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды. Қозғалыс сол жылдың сәуірінде ресми тіркелді. Осы митингке қатысқандардың арасында композитор Төлеген Мұхамеджанов та болды.

Төлеген Мұхамеджановтың бұл тақырыпты жүрегіне жақын қабылдауының өзіндік себебі бар еді. Ол бұрынғы Семей облысының Бесқарағай ауданындағы Беген ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ядролық полигонға жақын аймақта өтті. Композитор кейінгі сұхбаттарында бала кезінде жарылыстарды көргенін, алайда оның қаншалықты қауіпті екенін ол кезде түсінбегенін еске алады1989 жылғы Жазушылар одағында өткен алғашқы антиядролық митинг оның санасында үлкен өзгеріс жасады. Композитор сол жиында полигон туралы бұрын білмеген шындықтарды естиді. Жарылыстың зардабы туралы айтылған әңгімелер оның бала кезіндегі көріністерін қайта жаңғыртады. Ерте қайтыс болған жақындары, туған өлкесіндегі ауыр тағдырлар ойына оралады. Митингтен шыққан Төлеген Мұхамеджанов осы тақырыпқа үлкен шығарма жазуға бекінеді. Бірнеше күннен кейін жаңа әуен туады. 

Төлеген Мұхамеджанов «Заман-айдың» әуенінің қалыптасуына қазақтың тарихи жадында терең орныққан «Елім-айдың» сарыны ықпал етті дейді. XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретімен байланысты «Елім-ай» халық басына түскен зобалаңды жеткізсе, жаңа ән ХХ ғасырдағы ядролық сынақтан зардап шеккен елдің мұңын айтуы керек еді. 

Әуен дайын болған соң Төлеген Мұхамеджанов ақын Ұлықбек Есдәулетті шақырыпоғансөз жазуды ұсынады. Бұл кезде ақынның өзі де «Невада–Семей» қозғалысының жұмысына араласып жүрген. Қозғалысқа халық бірге айта алатын, оның мақсаты мен үнін жеткізетін ән қажет болды. Сол міндет Ұлықбек Есдәулетке жүктеледі. Композитордың жаңа әуенін тыңдаған ақын әнді «Заман-ай» деп атауды ұсынады. Өлең ұзақ жазылған жоқ. Ұлықбек Есдәулет мәтінді бір түннің ішінде дайындап, келесі күні композиторға алып келеді. Сөйтіп музыка мен өлең бір арнаға тоғысып, «Заман-ай» дүниеге келді. Ән мәтінінің өзегінде Семей жерінің ғана емес, тұтас халықтың тағдыры тұрды. Ядролық жарылыстан бүлінген дала, туған жердің күйі, адам денсаулығына түскен зардап пен келер ұрпаққа деген алаң әннің негізгі мазмұнына айналды.

«Заман-ай» жазылған бойда тек сахнаға арналған шығарма болып қалған жоқ. Ол антиядролық қозғалыстың акцияларында шырқалып, көпшілік арасына тарай бастады. Әннің елге кеңінен таралуына Роза Рымбаеваның орындауы үлкен ықпал етті. Оның орындауындағы нұсқа көпшілікке жақсы таныс болып, «Заман-айдың» сахналық ғұмырын жалғастырды. 

Уақыт өте келе «Заман-ай» Қазақстан шекарасынан асып, ядролық қарудың зардабын бастан өткерген Жапонияға да жетті. 1999 жылы Хиросимадан келген делегация мүшелері Семейде өткен еске алу шаралары кезінде әнді тыңдайды. Кейін «Заман-айды» жапон тіліне аудару жұмысы басталады. 2000 жылы Жапонияда оқып жүрген қазақстандық студенттер әнді Хиросимадағы Бейбітшілік саябағында орындады. 2003 жылы оның жапон және ағылшын тілдеріндегі нұсқалары дайындалды, ал кейін ән жазылған диск те жарық көрді. 

1989 жылы «Невада–Семей» қозғалысы басталғаннан кейін Қазақстанда ядролық сынақтарға қарсы қоғамдық қысым күшейді. Сол жылы полигонда жоспарланған сынақтардың бір бөлігі өткізілмей қалды. 1989 жылғы 19 қазанда Семей полигонында соңғы ядролық сынақ жасалды. Арада екі жыл өткенде, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Ал «Заман-ай» сол күрес жүріп жатқан тарихи кезеңнің музыкалық куәсі болып қалды.