Тоқтар Әубәкіров 80 жаста

Автор:
178
Материалға сурет: Тоқтар Әубәкіров 80 жаста

Бүгін, 27 шілдеде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жасқа толды. Ол аса күрделі әскери ұшақтарды сынаған, палубалық авиация тарихында із қалдырған, тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және ғарыш салаларын қалыптастыруға қатысқан мемлекет қайраткері. 

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы 1-Май ауылында дүниеге келген. Кейін бұл елді мекенге батырдың құрметіне Тоқтар ауылы деген атау берілді. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Болашақ ғарышкер еңбекке ерте араласып, 1962–1965 жылдары Теміртаудағы құю-механикалық зауытта токарь болып жұмыс істеді. Өндірісте жүріп кешкі мектепте білімін жалғастырды. 

Оның аспанға құштарлығы жасөспірім кезінде басталды. 1961 жылы парашют секциясына қабылданып, ал 1963 жылы Қарағанды оқу-авиация орталығының ұшқыштар бөліміне ауысты. 1965 жылы Тоқтар Әубәкіров Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы «әскери ұшқыш-инженер» біліктілігімен аяқтады. Одан кейін Қиыр Шығыстағы әскери бөлімдерде ұшқыш, звено командирі және эскадрилья командирінің орынбасары қызметтерін атқарды. 

1976 жылы ол КСРО Авиация өнеркәсібі министрлігінің сынақшы-ұшқыштар мектебін бітірді. Ал 1979 жылы Мәскеу авиация институтын инженер-аэрогидромеханик мамандығы бойынша тәмамдады. 1976 жылдан 1990 жылдың соңына дейін Тоқтар Әубәкіров А.И. Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюрода сынақшы-ұшқыш болып еңбек етті. Кейін бюроның шеф-ұшқышының орынбасары болды. Ол еңбек жолында бірқатар әскери ұшақтарды игеріп, МиГ-23, МиГ-25, МиГ-27, МиГ-29 және МиГ-31 ұшақтары мен олардың жаңа модификацияларын сынауға қатысты. 1988 жылы Тоқтар Әубәкіров МиГ-31 ұшағымен екі рет әуеде жанармай құйып, жерге қонбастан Солтүстік полюс аймағына ұшты. Бұл кеңестік әскери авиация үшін күрделі әрі ерекше сынақтардың бірі болды. Сол жылы жаңа авиациялық техниканы сынау кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» медалі мен Ленин ордені тапсырылды. 

Тоқтар Әубәкіровтің авиациядағы ең әйгілі жетістіктерінің бірі 1989 жылғы 1 қарашада жасалды. Ол МиГ-29К жойғыш ұшағын «Тбилиси» ауыр авиакрейсерінің палубасына қондырды. Бұл МиГ-29К ұшағының кемеге жасаған алғашқы палубалық қонуы болатын. 1990 жылы оған «КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы» құрметті атағы берілді.

Тоқтар Әубәкіровке ғарышкер болу туралы алғашқы ұсыныс 1985 жылы жасалған. Бірақ ол сол кезде ұшақтарды сынау жұмысын тастағысы келмей, ұсыныстан бас тартқан. Тек 1990 жылдың соңында Қазақстанның ғарыш бағдарламасына қатысу үшін қайта іріктелді. 1991 жылғы 21 қаңтарда оныңкандидатурасы арнайы комиссиядабекітілді. Медициналық тексеруден өткен соң Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығында жаттығуға кірісті. Тоқтар Әубәкіровтің дайындығы әдеттегі бірнеше жылдық циклмен емес, санаулы ай ішінде жүргізілді. Бұған дейінгі әскери және сынақшылық тәжірибесі оның күрделі бағдарламаны қысқа мерзімде игеруіне мүмкіндік берді. Ол бастапқыда Валерий Корзун және Александр Александровпен бірге қазақстандық ғылыми бағдарлама бойынша дайындалған. Кейін қаражатты үнемдеу мақсатында Қазақстан мен Аустрияның ғарыш бағдарламалары біріктіріліп, негізгі экипажға Александр Волков, Тоқтар Әубәкіров және аустриялық Франц Фибөк енгізілді. 1991 жылғы 13 қыркүйекте Әубәкіровке «ғарышкер-сынақшы» біліктілігі берілді. Ал ғарыш сапарында ол зерттеуші-ғарышкер міндетін атқарды.

1991 жылғы 2 қазанда «Союз ТМ-13» ғарыш кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылды. Кеме экипажының командирі Александр Волков, зерттеуші-ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Франц Фибөк болды. Олар Жер орбитасындағы «Мир» ғылыми станциясына аттанды. Осы ұшудан кейін Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер және КСРО-ның 72-ші ғарышкері атанды. «Союз ТМ-13» кемесі «Мир» орбиталық кешенімен түйіскеннен кейін Тоқтар Әубәкіров қазақстандық ғылыми бағдарлама бойынша жұмыс істеді. Ғарыш сапары барысында бес ғылыми эксперимент жүргізілді. Зерттеулер медициналық биология, ғарыштық тамақтану, биотехнология, металл қорытпаларының микрогравитация жағдайындағы әрекеті және Жерді ғарыштан бақылау бағыттарын қамтыды. Экспедицияның маңызды міндеттерінің бірі Арал теңізі аумағын ғарыштан зерттеу болды. Ғарышкерлер Арал маңындағы құмды және тұзды дауылдарды суретке түсіріп, зиянды аэрозольдердің басқа аймақтарға таралуын бақылаған. Сонымен қатар Қазақстан аумағының атмосферасы мен жер бедеріне қатысты бақылаулар жүргізілді. Тоқтар Әубәкіров 1991 жылғы 10 қазанда Жерге оралды. Ол ғарышқа «Союз ТМ-13» кемесімен көтерілгенімен, қайтар жолда «Союз ТМ-12» кемесіне отырды. Қону экипажында командир Анатолий Арцебарский, Тоқтар Әубәкіров және Франц Фибөк болды. Ғарышта өткізген нақты уақыты – 7 тәулік 22 сағат 12 минут 40 секунд. Ғарыш кемесі ұшқан кезде оның радиошақыру белгісі «Донбасс-2», ал Жерге қайтар кезде «Озон-2» болды. 

Ғарыш сапарынан кейін Тоқтар Әубәкіров Қазақстанға оралып, қорғаныс, қауіпсіздік және ғарыш салаларында мемлекеттік қызмет атқарды.

1992–1993 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болды. Осы кезеңде жаңадан құрылған ұлттық Қарулы күштерді ұйымдастыру ісіне қатысты.

1993–1994 жылдары Қазақстанның Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры және ғылым мен жаңа технологиялар министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

1994–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды.

1996–2000 жылдары Қазақстан Президентінің көмекшісі және кеңесшісі қызметінде болды. 

2000–2001 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқарды.

2002–2003 жылдары «Испат-Қармет» компаниясында корпоративтік мәселелер бойынша басшылық қызметте жұмыс істеді.

2004–2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. 

Осы қызметтердің барлығында оның әскери ұшқыш, инженер және ғарышкер ретінде жинаған тәжірибесі пайдаланылды. Тоқтар Әубәкіров қорғаныс қабілетін күшейту, ұлттық авиацияны дамыту, Байқоңырдың мүмкіндіктерін пайдалану және ғарыш саласына қазақстандық мамандарды тарту мәселелерін көтерді. Қазіргі уақытта Тоқтар Әубәкіров зейнет демалысында. Соған қарамастан, жастармен және әскери қызметшілермен кездесулерге, патриоттық тәрбиеге арналған іс-шараларға, ғылыми-білім беру жиындарына қатысып жүр.