Кие ұғымының мәні

48
Материалға сурет: Кие ұғымының мәні

Қазақ дүниетанымындағы «кие» ұғымы ғасырлар бойы қалыптасқан көне әрі терең түсініктердің бірі. «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігінде» кие «қасиет, аруақ, бірдеңенің кесепаты, зияны тиеді деген мәндегі мифологиялық ұғым» деп түсіндіріледі.

Ал этнографиялық еңбектерде кие «халықтық ұғымдағы жанды, жансыз заттарда болатын ерекше тылсым күш, қасиет» ретінде сипатталады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде бұл ұғым «қандай да бір заттың немесе тіршілік иесінің ерекше тылсым күшке ие қасиеті» деп көрсетіледі. Киенің тамыры қазақ даласының көне дүниетанымымен сабақтас. Ежелгі түркілер табиғатты адамнан бөлек дүние деп қабылдамаған. Көк аспан, жер, су, тау, от пен ата-баба рухы қасиетті саналды. Орхон-Енисей жазбаларында да түркілердің Көк Тәңірі, Жер-Су ұғымдарына ерекше мән бергені көрінеді. Бұл түсініктер кейінгі қазақ дүниетанымындағы киелі жер, қасиетті су, аруақты мекен туралы ұғымдармен үндеседі. 

Көне түркілерде белгілі бір жануарларға ерекше құрметпен қарау да кең тараған. Қасқырдың түркі халықтарының тарихи-мифологиялық жадында ерекше орын алуы, аққудың киелі құс саналуы, бұғы мен маралдың қасиетті бейне ретінде танылуы осы дүниетанымдық түсініктердің жалғасы болды. Кейін бұл түсініктер қазақтың дәстүрлі мәдениетінде де сақталды. Қазақ ұғымында киелі нысанды қорлау оның «киесін» қозғау деп қабылданған. Сондықтан бұлақтың көзін бітемеу, суды ластамау, жалғыз өскен ағашты кеспеу, құстың ұясын бұзбау, аңды орынсыз қырмау секілді тыйымдар қалыптасты. «Киесі ұрады», «обал болады», «киелі» деген сөздер халықтың табиғат алдындағы жауапкершілігін қалыптастырды. 

Кие ұғымы тек табиғатпен шектелмеді. Қазақ үшін қара шаңырақ, ата қоныс, қасиетті орын, ата-баба мекені де киелі саналды. «Киелі қара шаңырақ» деген тіркестің өзінде ұрпақ сабақтастығы мен ата-баба рухына деген құрмет жатыр. «Кие» сөзінің халық тіліндегі мағынасы да кең. «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» Жамбыл өңірінде бұл сөздің «шөп біткеннің жалпы аты» ретінде қолданылатыны көрсетіледі. Ал халықтық түсінікте кие «бір нәрсенің пірі, иесі, қасиеті» деген мағынаны да білдіреді. 

Осылайша, кие — көне мифологиялық сенімнен бастау алып, табиғатты қорғау, қасиетті құрметтеу және адам әрекетінің жауапкершілігін сезіну мәдениетіне айналған ұғым.