Президент Архивінде Сабыр Қасымовтың жеке қоры құрылды

Автор:
232
Президент Архивінде Сабыр Қасымовтың жеке қоры құрылды - e-history.kz

Сурет: Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві

Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен желтоқсаншыларды ақтау жолындағы мемлекеттік бастамалардың басы-қасында болып, тарихи әділдік жолында еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Қасымов өзінде сақталған құжаттарды ҚР Президенті Архивіне тапсырды. Енді келешекте қайраткердің жылдар бойы жинақтаған, тарихи кезеңдерден сыр шертетін құжаттық мұрасы зерттеушілер үшін қолжетімді болады. 

Қоғам қайраткерінің жеке архивіндегі құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдау шартына ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Сабыр Қасымовтың өзі қол қойды.

Әлия Мұстафина Президент Архивінің тарихи-құқықтық мұраны сақтаудағы қызметіне тоқталып, ХХ ғасыр құжаттарының, оның ішінде арнайы мемлекеттік архивтерден қабылданған деректердің тарихи құндылығы мен жеке тектік қорлардың маңызын атап өтті.

«Президент Архиві әлеуметтік-құқықтық құжаттар сақталатын мекеме болғандықтан, еліміздің қалыптасу тарихы мен құқықтық жүйесінің дамуына қатысты әрбір дерек біз үшін айрықша құнды. Өзіңіздің жеке архивіңізді бізге сеніп тапсыруыңыз – кездейсоқтық емес және ол біз үшін үлкен мәртебе. Бізге бүгін тапсырған және алдағы уақытта да тапсыратын мол мұраңыз еліміздің тарихын зерттеуге жаңа леп әкеліп, зерттеушілердің игілігіне жарайтынына сенімдімін», – деді Әлия Мұстафина.

Жаңадан құрылған жеке қордың құрамына мемлекеттік және қоғамдық қызметіне қатысты құжаттар, заң жобалары бойынша жұмыс материалдары, қолжазбалар, жеке хаттар, фотосуреттер және т.б. кіреді.

«Жеке архивімдегі құжаттарға қызығушылық танытып, оларды мемлекеттік сақтауға қабылдап отырған Президент Архивінің ұжымына алғысымды білдіремін. Мұның өзі тарихты сақтауға қосылған ортақ үлес деп білемін», – деді Сабыр Қасымов.

Ресми қол қою рәсімінен кейін Сабыр Қасымов Президент Архивінің реставрация және консервация зертханасын аралады. Ол арнайы мемлекеттік архивтерінен келіп түскен ескі құжаттарды қалпына келтіру үдерісін өз көзімен көріп, архив мамандарының құжаттардың бастапқы қалпын сақтауға бағытталған күнделікті жұмысымен танысты.

Айта кетсек, Президент Архивінде басқарушылық сипаттағы құжаттармен қатар, жеке тектік қорлар да сақталады. Олар – ел тарихында өзіндік орны бар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, жазушылардың және басқа да көрнекті тұлғалардың жеке архивтері. Әрбір жеке қорға бірегей нөмір беріліп, тарихи анықтама мен архивтік сипаттама жасалады. Архив мамандары құжаттарды сипаттап қана қоймай, әр қағазды жүйелі түрде реттеп, сол арқылы уақыт контекстін сақтап, жеке архивті ғылыми және мәдени мұраға айналдырады.

Еске салсақ, былтыр Архивте көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының жеке қоры ашылып, 22 мыңнан астам парақ пен 308 сақтау бірлігінен тұратын құжаттық мұра қабылданған еді. Оның ішінде көркем туындыларының түпнұсқалары, жеке қолжазбалары, саяси баяндамалары, ресми қызмет кезіндегі жазбалары, тіпті іссапарлық естеліктері бар.