«Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде оқушылар арасында «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» атты оқу-зерттеу жұмыстары конкурсының қорытынды кезеңі өтті. Байқауға қатысқан 60 оқушы тарихшылар мен архив саласының мамандары алдында өздерінің зерттеу жобаларын қорғап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Президент Архиві «Астана дарыны» және «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырған конкурсқа биыл 140 зерттеу жұмысы ұсынылды. Сараптамалық іріктеу нәтижесінде ең жоғары балл жинаған Астана мен Алматы қалаларынан 30 жобадан қорытынды кезеңге жолдама алды. Қорытынды іс-шара екі қалада қатар ұйымдастырылды.

Конкурстың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын архивтік құжаттармен жұмыс істеуге үйрету, отбасылық тарихты ғылыми тұрғыдан зерттеуге қызықтыру, тарихи деректерді іздеу, жинақтау және талдау қабілеттерін дамыту. Бұл бастама жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, туған жері мен отбасының өткеніне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов қатысушыларға арнаған сөзінде архив құжаттарының отбасы тарихын зерделеудегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің тарихи-құжаттық мұрасын сақтау, зерттеу және оны жас ұрпаққа таныту – Президент Архиві қызметінің басым бағыттарының бірі.

«Президент Архиві 2022 жылдан бері архивтік құжаттар мен дереккөздер негізінде өз отбасының тарихын зерделеуге, оқушылардың зерттеу дағдыларын, шығармашылық әлеуетін және тарихи санасын дамытуға бағытталған конкурсты ұйымдастырып келеді. Осы уақыт ішінде конкурсқа 350-ден астам оқушы қатысып, өздерінің отбасыларының тарихына арналған зерттеу жобаларын таныстырды», – деді Қайрат Әлімғазинов.
Биылғы байқауға ұсынылған жұмыстардың тақырыптық ауқымы кең болды. Оқушылар өз әулеттерінің шежіресін, ата-бабаларының өмір жолын, тарихи кезеңдердегі тағдырын зерттей отырып, отбасы тарихын Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалармен сабақтастырды. Атап айтқанда, жобаларда Азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс, Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдері қамтылды. Сонымен қатар отандық ғылым, медицина және басқа да салалардың дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірбаяны мен қызметіне қатысты деректер ұсынылды.

Қатысушылар зерттеу барысында архив құжаттарын, отбасылық фотосуреттерді, естеліктерді және басқа да тарихи дереккөздерді пайдаланды. Бұл жұмыстардың ерекшелігі – үлкен тарихи оқиғаларды жеке адамдар мен отбасылардың өмір жолы арқылы зерделеуінде. Осылайша, оқушылар мемлекеттік деңгейдегі тарихи үдерістердің адам тағдырымен байланысын көрсетуге ұмтылды.
Зерттеу жобаларын бағалауға тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, архив мамандары және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Астанада конкурстық комиссия құрамында 11 сарапшы жұмыс істеді. Қатысушылар 15 адамнан екі топқа бөлініп, өз жобаларын көпшілік алдында қорғады. Қорғау барысында зерттеу тақырыбының өзектілігі, пайдаланылған дереккөздердің құндылығы, жұмыстың мазмұны мен зерттеу нәтижелері бағаланды.

Конкурс қорытындысы бойынша Астана қаласының қатысушылары арасында I орынды Балгина Алина Қанағатқызы иеленді. II орынға Машанбаев Илияс Нұрланұлы мен Жақсыбай Әлима Әмірқызы лайық деп танылды. Ал III орын Садуакасов Илия Дмитриевич, Абай Кәусар Идаятқызы және Жақып Толғанай Жанатбекқызына бұйырды. Сонымен қатар Астанада алты қатысушы арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Алматы қаласында да конкурстың қорытынды кезеңі өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Байқаудың I орын иегері Алина Балгина жобаға қатысу өзінің отбасылық тарихын тереңірек тануға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Бұл жоба маған ерекше әсер етті. Себебі мен өз ата-бабамның тарихын зерттедім. Өткенін білген адам бүгінін бағалап, ата-бабасының өнегесін келешек ұрпаққа жеткізе алады деп ойлаймын. Осы жоба арқылы атамның өмір жолын тереңірек танып, елімнің де тарихын зерттеуге мүмкіндік алдым», – деді Алина Балгина.
Байқауды өткізуге «Атамұра», «Алматыкітап», «Фолиант» баспалары, «MARWIN» және «Yandex Qazaqstan» компаниялары қолдау көрсетті.
Отбасы тарихын зерттеу – тарихи жадты қалыптастырудың маңызды жолы. Өйткені архив құжаттарында сақталған әрбір адамның өмірбаяны, еңбек жолы, хаттары мен фотосуреттері белгілі бір кезеңнің қоғамдық, әлеуметтік және мәдени келбетін тануға мүмкіндік береді. Жеке адамның тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің тарихын зерделеуге болады.

Осы тұрғыдан алғанда, «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» конкурсының маңызы оқушылар арасындағы шығармашылық жарыспен ғана шектелмейді. Ол жас зерттеушілерді тарихи дерекпен жұмыс істеуге, ақпаратты салыстыруға, құжаттардың мазмұнын сыни тұрғыдан бағалауға және ғылыми тұжырым жасауға үйретеді. Сонымен қатар отбасы мен ұрпақтар сабақтастығы туралы түсінікті тереңдетіп, тарихи мұраға деген жауапкершілікті қалыптастырады.
Президент Архивінің 2022 жылдан бері жүйелі түрде өткізіп келе жатқан бұл бастамасы жас ұрпақтың зерттеушілік әлеуетін дамытуға, архив ісін кеңінен насихаттауға және қоғамдағы тарихи сананы нығайтуға үлес қосып келеді. Өйткені өз отбасының тарихын таныған ұрпақ ел тарихын да тереңірек түсінеді.