400 күнге созылған өрт: Осыдан 41 жыл бұрын Теңіз кен орнында не болып еді?

85
400 күнге созылған өрт: Осыдан 41 жыл бұрын Теңіз кен орнында не болып еді? - e-history.kz

Осыдан тура 41 жыл бұрын яғни 1985 жылжың 25 маусымында Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы Теңіз кен орнында техногендік апат болды.

Тереңдігі 4467 метр №37 барлау ұңғымасынан газ аралас мұнай атқылап, арты алапат өртке ұласады. Қызыл жалынды фонтанның биіктігі 300 метр, ені 50 метрге жетті.  Отты діңгектің ошағындағы температура Цельсий бойынша 1500 градусқа дейін жеткен. 

Бұл сұмдық көріністі куәгерлер «Ұңғымадан бір шақырымдай қашықтықта тұрсаң да, құлақ жарарлық қорқынышты гүріл денеңді түршіктіреді. Өрт бәрін жалмап жатыр, техникалар пластик құсап балқып кетті. Аспаннан отқа тартылып, тірідей күйіп түскен жыл құстары құлап жатты» деп сипаттаған. 

«Өрт тұтанғаннан кейін бес минут ішінде салмағы шамамен 300 тонна болатын алып бұрғылау мұнарасы құлады. Ол кезде мұнда әлі американдықтар жоқ еді. Волгоград, Теңіз, Грозный және Полтава әскерилендірілген жасақтары жұмыс істеді. Осы лаваның ішіне құлаған техниканың бәрін солар сүйреп шығарды. Арнайы жабдық та, техника да болмаған. Қолда бар өртке қарсы костюмдер жоғары температураға шыдамады, сол кезде олардың 2 мыңға жуығы жанып кетті. Кеңес Одағы құрамында мұндай күкіртсутегі бар кен орындарын игеру кезіндегі апаттарға дайын болмай шықты», - деп еске алады Мұнай өнеркәсібінің ардагері Төлеген Байзақов. 

Өртті сөндіруге бүкіл КСРО-дан ең таңдаулы мамандар жұмылдырылды. Кейін шетелден маман шақыртуға тура келді. Себебі, құрамында күкіртсутегі көп және ұңғыма ішіндегі қысымы өте жоғары мұндай газ заралас мұнай фонтанын өшіруге одақтың шамасы жетпейтін еді. Бұрын-соңды мұндай жайт тәжіридеде болмаған. Өрт тура 400 күнге созылды. 1986 жылдың 27 шілдесінде ауыздықталды. 

Өкінішке қарай, апат адам өлімінсіз болмады. 1985 жылғы 29 қазанда Украин КСР Геология министрлігінің қызметкері Владимир Бондаренко қаза тапты. Оның құрметіне «Теңіз» вахталық кентінде ескерткіш қойылған. 

Аталмыш апат туралы советтік басылымдар не жазылды екен деп көне газет-журналдарды ақтарып отырып, «Менің елім» Қазақстан балалар энциклопедиясынан мынадай қызық дерекке тап болды. Онда 1985 жылдың күзінде Атырау облысының Құлсары қаласына таяу манда тосын оқиға болғаны сөз болады.

«№ 37-скважинаның бұрғышылары мұнай қабатына жеткен кезде, ішкі қысымның күшімен клапанның тұтқышы жұлынып кетті. Сөйтіп мұнай мен газ сыртка қарай лап қойған. Мұнай бұрқағының күшті атылғаны сондай оншақты метр жоғары көтерілген. Іс жүзінде мұнай бұрқақтарының болуы сирек кездесетін оқиға. Тығындарды бітегеннен кейін барып, жер қойнауынан сұйық отынды сыртқа қарай айдауға болады. Сыртқа мұнаймен бірге улы күкіртсутегі бірге атқылаған. Оның айналаны уландыруы әбден мүмкін еді. Ондай болмауы үшін сырттағы газ бен мұнайды жағып жібереді. Бірақ соған қарамастан, скважинадағы қысым күшейіп, күркіреген отты бұрқақтың биіктігі 40-50 метрге дейін жеткен. Шалқыған от көз ұшынан жалындап көрініп тұрды. Облыс басшылығы оқиға болған жерге өртке карсы қолданылатын техникаларды үсті-үстіне жіберді. Бірақ жалындаған от сөнер емес. Қолдан келген шаралардың бәрі қолданылды. Тіпті гаубица аталатын үлкен зеңбірекпен де от ошағы атқыланды. Бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Бұл өрт қысқа дейін созылды. Тіпті оны орбитадан ғарышкерлер де көрген екен. Түтіннің ізі аспан астын айғыздап жатты. Сөйтіп адам қолынан жасалған тағы бір экологиялық апат айналаға қауіп төндірді», - делінген аталмыш дерек көзінде. 

Басында айтып өткеніміздей, Кеңестер елі алапат өртті сөндіре алмады. Өрт бір жылдан астам уақыт бойы жалындап, түтіні тіпті ғарыштан да көрінді. Ғарышкерлер орбитадан аспанды айғыздаған түтіннің ізін байқаған. Ақыры АҚШ-тан арнайы мамандар шақырылды. Олар бетоннан жасалған үлкен шар дайындап, скважинаның аузын тығындау арқылы өртті ауыздықтады. Бұл оқиға Қазақстанның мұнай тарихындағы маңызды бетбұрыс болды. Бұған дейін томаға-тұйық күй кешіп келген Теңіз кеніші еліміздің экономикалық өрлеуіне кең жол ашты.

Расы керек, 1985 жылдың күзінде Құлсары қаласында болған бұл оқиға Каспий мұнайына жаңа парақ ашқан еді. Облыс басшылығы өртке қарсы үздіксіз техника жіберіп, оны сөндіруге бар күшін салды. Тіпті гаубица зеңбірегімен атуға дейін барды, алайда еш нәтиже шықпады. Алапат өрт бір жылдан астам уақыт бойы жалындап тұрды, түтіні ғарыштан да көрінді. Ғарышкерлер орбитадан аспанды айғыздаған түтіннің ізін анық байқаған.

Бас-аяғы 400 күнге созылған бұл апаттың экологиялық зардабы орасан зор болды. Өрт кезінде 3,4 миллион тонна мұнай мен 1,7 миллиард текше метр газ төгілді. Атмосфераға 516 мың тонна күкіртті сутегі (HS) және 850 тонна улы меркаптан тарады. Сондай-ақ, 900 мың тонна күйе ұшып, 1 миллион тонна жанбаған көмірсутектер ауаны қатты ластады.Апаттың зиянды әсері 400 шақырымға дейінгі радиуста сезілді. Атырау облысы тұрғындарының ауру-сырқауы 50 пайызға өсіп, жүз мыңдаған құс қырылғаны туралы мәліметтер бар.

Апат КСРО-ның 1985 жылы 25 миллион тонна мұнай өндіру жоспарына ауыр соққы болды, өйткені Теңіз кеніші сол кездегі негізгі өндіріс ошақтарының бірі еді.

Апаттың себептері

Апаттың негізгі себебі – ұңғымадағы жоғары қысымды басқаруға қабілетсіз техникалық жабдықтар мен қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі болды. 4 467 метр тереңдікте орналасқан мұнай-газ қабатына жеткенде, клапан жүйесі қысымды ұстап тұра алмады. Оның үстіне Теңіз кенішінің геологиялық құрылымы өте күрделі еді. Әсіресе жоғары қысымды және күкіртті сутегі бар қабаттардың болуы апаттың ауқымын тіптен ұлғайтты.

Апатты жоюға қатысқан күштер

Апатты тоқтату КСРО үшін үлкен сынаққа айналды. Кеңес Одағы алты ай бойы от бұрқағын басуға тырысты, бірақ қолданған әдістер (әскери техника мен танкілерді пайдалану сияқты) нәтижесіз аяқталды.

Ақыры болмаған соң 1986 жылы шетелдік мамандар тартылды. АҚШ-тың Chevron компаниясы мен Канаданың Otis лифт компаниясы апатты тоқтату үшін арнайы технологиялар мен жабдықтар әкелді. Олар тереңдікке арнайы құбыр орнатып, қысымды басу үшін сұйықтық айдау әдісін қолданды.

Сондай-ақ, Батыс Германия, Франция, Венгрия және Чехословакия мамандары да апатты жою жұмыстарына белсене қатысты.Апат 1986 жылдың желтоқсан айында, яғни бір жылдан астам уақыттан кейін ғана толық тоқтатылды.

Бұл апат ауа мен топырақтың қатты ластануына әкеліп, Атырау облысы тұрғындарының денсаулығына ауыр зардабын тигізді. Күкіртті сутегі мен меркаптандардың таралуы өңірдің экологиялық жағдайын едәуір нашарлатты.Сонымен қатар, бұл оқиға КСРО-ның мұнай-газ өнеркәсібіндегі технологиялық тұрғыдан мүлдем артта қалғанын ашық көрсетті. Одақ басшыларының ойлағанындай емес, шетелдік технологиялар мен тәжірибені тарту қажеттілігін нақты дәлелдеді.

Дегенмен, 1985 жылдың күзінде Құлсары қаласында болған бұл оқиғаның Қазақ елінің оң жамбасына келген тұстары да аз емес еді.

Біріншіден, халықаралық ынтымақтастыққа кең жол ашылды. Апатты жоюға шетелдік компаниялардың қатысуы Қазақстан мұнай өнеркәсібінде халықаралық серіктестіктің бастамасы болды. Кейіннен, 1993 жылы Chevron компаниясы Теңіз кенішінің игерілуіне қатысып, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрды.

Екіншіден, сол кездің өзінде бұл экологиялық апаттың зардабы өте ауыр болғанымен, Теңіз кенішінің әлеуеті ғалымдарды таңғалдырды. Зерттеулер нәтижесінде мұнда бірнеше ғасырға жететін ірі мұнай мен газ қоры бар екені анықталды. Бұл ашылу Қазақ елін әлемдегі минералдық шикізат өндіруші елдердің алдыңғы қатарына шығарды.

Яғни, №37 ұңғымадағы апат Қазақстандағы мұнай өнеркәсібінің дамуындағы маңызды кезең болды. Бұл оқиға техникалық қауіпсіздік пен экологиялық стандарттардың маңыздылығын айқын көрсетті.Теңіз кенішінің әлемдік мұнай нарығындағы әлеуетін ашты, бірақ оның игерілуі күрделі әрі қиын екенін дәлелдеді.

Сондай-ақ шетелдік инвестициялар мен технологиялардың маңызын айқындады. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытуға берік негіз қалады.

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз