«Абылайдың жүрегі шайлығып, беті қайтты»: Чиң құжаттары нені көрсетеді?

88
«Абылайдың жүрегі шайлығып, беті қайтты»: Чиң құжаттары нені көрсетеді? - e-history.kz

Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген, Қаһарман Мұқашұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған *«Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер»* атты кітап негізінде желілес беріліп келе жатқан мақаламызды жалғастырамыз. Бұл жолы Чянлұңның 21-жылы 9-айдың 4-күніне, яғни 1756 жылғы 27 қыркүйекке қатысты сарай жазбасын талдаймыз. Бұл құжатта Чиң қолбасшылары қазақтармен болған шайқас туралы хабар беріп қана қоймай, Абылай ханның Әмірсанаға қатысты ұстанымын, қазақ қоғамындағы пікір қайшылығын және сол кездегі әскери-саяси ахуалды өз көзқарастары тұрғысынан сипаттайды.

Чянлұңның 21-жылы 9-айдың 4-күні
(1756 жылы 27 қыркүйек)

Шекараны орнықтырушы қосынның сол қол кіші генералы Хадахалар былай деп мәлімдейді: Даржа бейсілер[1] шекара қарауылда қазақтардан мыңдай адам қазір Баян таудан батысқа бет алды деп хабарлады. Біз оларға шабуылдау үшін жасақ Сандупты алты жүз шерікпен шұғыл аттандырдық. Іле-шала өзіміз де әскер бастап бір бүйірден тиіп қазақтарды екі жақтап жеңдік. Жүз шақты адамын жер жастандырып, жылқыларын және басқа заттарын олжаладық, бес адамын қолға түсірдік. Тұтқындарды тергегенімізде олар: қазіргі әскер бастап соғыс салған Абылайдың өзі. Әмірсана, Хожрбургіндер мыңдықтың бірін алып, батысқа қарай үлкен қосынды іздеп кеткен. Әмірсана қазақ жеріне келгелі бері, ұлысымыздың білікті ақсақалдары түгел Әмірсана төрт ойраттың түбіне жетіп қана қоймай, Ежен ханға қарағаннан кейін опасыздықпен қайта бүлік тудырып осылай қашты да, тыныш жатқан қазаққа да кесірін тигізе бастады. Егер оны тез арада ұстап қолдарына бермесек, бізге тыныштық болмайды деп санайды. Бірақ  Абылай: Әмірсана басына күн түсіп жан сауғалап келіп отыр. Бұтаға қорғалаған торғайдың халін кешкен кісіні ұстап берсек келіспейді деп қарайды. Сонан ол Әмірсанамен ақылдасып, жер-жерде жасақ жию туралы жарлық шашты. Бір мыңдықпен алдын ала Құбақазылық (Хохасілік) тауына көтерілген Абылай қосындарыңыздың қалың шоғырын алыстан көріп, мына нөпірге жан шақ келмес деп шошып кетті. Қосындарыңыз таяп келіп қалды деген хабарды естіген соң Абылай ел-жұртын алдын ала алыс жерге көшірген, т.б. деп мойындады. Біздіңше қазақтар қатты толқулы. Әмірсанаға көмек беремін деп, оның қулығына мықтап алданған Абылай міне бүгін табан тіреп соғыса алмай жеңіліп қаша жөнелді. Абылайдың жүрегі шайлығып, беті қайтты. Біз қуғындау жорығын тез арада жалғастырамыз. Бұл жағдайды соғыс уәзірлігіне де хабарласаңыздар.

(520-бума, 6-7-беттер)


[1] Бейсі лауазым. Хан, бек, бейлерден кейінгі 4-дәрежелі ұлық. 

1756 жылғы 27 қыркүйекке қатысты бұл жазба бұған дейінгі барлық материалдардың заңды жалғасы іспетті. Егер 1755 жылғы құжаттарда Чиң сарайы қазақтарды Жоңғариядағы оқиғаларға сырттай ықпал етуші күш ретінде қарастырса, 1756 жылдың көктемінен бастап негізгі мәселе Әмірсана төңірегіне шоғырланды. Наурыз айында Чянлұң Абылайға арнайы хат жолдап, Әмірсананы паналатпауға шақырды. Мамырдағы жарлықта оны ұстап беруді талап етті. Тамыздағы жазбада Әмірсана қазақ қолымен келе жатыр деген қауесет тіркелсе, қыркүйектің 22-сіндегі құжатта қазақ жасағымен екі мәрте шайқас болғаны айтылды. Ал бес күннен кейін жазылған мына хабарлама сол қақтығыстардың егжей-тегжейін баяндауға тырысады.

Құжаттың басында Даржа бейсілердің мәліметі беріледі. Онда қазақтардан мыңдай адам Баян таудан батысқа қарай бет алды делінеді. Осы хабарды алған Хадаха мен оның қарамағындағы қолбасшылар дереу әрекетке көшіп, Сандуп бастаған алты жүз шерік аттандырады. Кейін негізгі күштер де келіп қосылып, қазақ жасағына екі жақтан соққы бергені айтылады. Құжаттағы баяндауға қарағанда, қазақтар жеңіліп, жүз шақты адамынан айырылып, бес адам тұтқынға түскен.

Алайда мұнда бір нәрсені естен шығармаған жөн. Біз бұл оқиғаны тек Чиң әскери басшылығының рапорты арқылы көріп отырмыз. Бұған дейінгі жазбаларда да Чиң қолбасшылары өз жеңістерін ерекше атап көрсетіп, қарсы жақтың шығынын үлкейтіп көрсетуге бейім болғанын байқауға болады. Сондықтан мұндағы сандық мәліметтерге сақтықпен қарау керек. Дегенмен құжаттың өзі қазақ пен Чиң күштері арасында нақты әскери қақтығыс болғанын көрсетеді.

Жазбаның ең қызықты тұсы – қолға түскен бес адамның жауабы. Олардан алынған жауаптар арқылы Чиң қолбасшылары қазақ қоғамындағы көңіл күйді түсіндіруге тырысады. Тұтқындардың айтуынша, қазақтың беделді ақсақалдары Әмірсананы жақтауға қарсы болған. Олар Әмірсана төрт ойраттың түбіне жетіп қана қоймай, Чиңге бағынғаннан кейін қайта бүлік шығарып, енді қазаққа да кесірін тигізіп отыр деп есептеген.

Бұл мәліметтің өзі өте маңызды. Өйткені ол қазақ қоғамын біртұтас әскери-саяси күш ретінде емес, әртүрлі пікір ұстанған топтардан тұрған орта ретінде көрсетеді. Бұған дейінгі жарлықтарда да Чянлұң Абылайдың өзіне сенім білдіруге тырысқанымен, шекарадағы қазақтардың әрекетіне шағымдана берген. Демек, қазақ даласында Әмірсана мәселесіне қатысты бірыңғай көзқарас болмаған болуы мүмкін.

Жазбада ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – Абылайдың сөзі ретінде берілген уәж. Құжат бойынша Абылай: «Әмірсана басына күн түсіп жан сауғалап келіп отыр. Бұтаға қорғалаған торғайдың халін кешкен кісіні ұстап берсек келіспейді» деген екен.

Әрине, бұл сөздің дәлме-дәл айтылғанын тексеру қиын. Өйткені ол Чиң қолына түскен адамдардың жауабынан алынған, кейін әскери есепке енгізілген мәлімет. Бірақ мазмұны жағынан алғанда, бұл сөз қазақ даласындағы дәстүрлі саяси-этикалық түсінікке сай келеді. Дала мәдениетінде паналап келген адамды бірден жауына ұстап беру абырой саналмаған. Сондықтан бұл жердегі мәтіннің тарихи қисыны бар.

Бұл үзінді Чиң сарайының Абылайды қалай түсінгенін де көрсетеді. Бұған дейінгі жарлықтарда Чянлұң Абылайды «адал», «ақылды» билеуші ретінде сипаттап, оны Әмірсанадан ажыратуға тырысқан еді. Ал бұл құжатта Абылай әскери-саяси есеп пен дала дәстүрінің арасында қалған тұлға ретінде көрінеді.

Құжатта тағы бір маңызды есім аталады – Хожырберген. Бұл есім, шамасы, қазақ деректеріндегі Қожаберген батырға сәйкес келеді. Бұған дейінгі кейбір ойрат және моңғол деректерінде Қожабергеннің Әмірсанамен бірге Чиң күштеріне қарсы соғысқаны туралы мәліметтер кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жазба басқа дереккөздердегі мәліметтермен белгілі бір деңгейде қабысады.

Сонымен бірге құжатта Әмірсана мен Хожырбергеннің мыңдықтың бір бөлігін алып, батысқа қарай үлкен қосын іздеп кеткені айтылады. Бұл мәлімет Әмірсананың сол кезде әлі де жаңа тірек іздеп жүргенін көрсетеді. Шын мәнінде, 1756 жылдың күзінде Әмірсананың жағдайы өте ауыр еді. Ол Жоңғариядағы негізгі тіректерінен айырылды, Чиң әскері үздіксіз қуғындады, ал қазақ даласында да оның тағдырына қатысты пікірлер біркелкі болмады.

Чиң қолбасшыларының есебінде ерекше байқалатын нәрсе – насихаттық сарын. Құжаттың соңына қарай олар: «Абылайдың жүрегі шайлығып, беті қайтты» деп жазады. Мұндай тұжырым әскери есептен гөрі саяси бағалауға көбірек ұқсайды. Өйткені қарсы жақтың ішкі көңіл күйін дәл осылай анық айту қиын. Сондықтан бұл сөйлемді нақты тарихи факт емес, Чиң қолбасшыларының өз императорына ұсынған түсіндірмесі ретінде қарастырған дұрыс.

Дегенмен бұл жерде белгілі бір шындықтың ұшығы болуы да мүмкін. Өйткені бұған дейінгі жарлықтардан көргеніміздей, Чиң әскері қазақ шекарасына барған сайын жақындай түсті. Империя бірнеше мәрте Абылайға хат жолдап, бір мезгілде дипломатиялық қысым да, әскери қысым да көрсетті. Мұндай жағдайда қазақ билеушілерінің қауіп-қатерді қайта есептеуі табиғи құбылыс еді.

Жазбадағы тағы бір маңызды мәлімет – Абылайдың өз елін алдын ала көшіргені туралы хабар. Егер бұл рас болса, онда қазақ билеушілері Чиң әскерінің қозғалысын мұқият бақылап отырғанын көрсетеді. Яғни қазақтар бұл кезеңде тек шабуыл жасаушы күш емес, қажет болған жағдайда көшіп-қонып, қарсыластың екпінін бәсеңдетуге тырысқан көшпелі соғыс тәсілдерін де қолданған.

Бұл құжаттың жалпы мазмұнына қарасақ, онда Чиң империясының қазақтарды толық бағынған ел ретінде қабылдамағаны анық байқалады. Егер қазақтар толығымен Чиң билігіне мойынсұнған болса, мұндай қақтығыстардың өзі болмас еді. Керісінше, құжаттың әр жолынан қазақ даласының әлі де дербес саяси кеңістік болып тұрғаны көрінеді. Чиң әскері жорық жасап жатыр, бірақ қазақтарды түпкілікті бағындырдым деп айта алмайды. Сондықтан әрбір жеңісті ерекше дәріптеуге мәжбүр.

Қорыта айтқанда, 1756 жылғы 27 қыркүйектегі сарай жазбасы Әмірсана төңірегіндегі күрестің қазақ даласына қаншалықты әсер еткенін көрсетеді. Құжатта Чиң әскері өз жеңісін баяндайды, Абылайдың райынан қайтқанын жазады, қазақтардың үрейленгенін көрсеткісі келеді. Бірақ осы мәтіннің өзінен қазақ қоғамының ішінде әртүрлі пікір болғанын, Абылайдың күрделі таңдау алдында тұрғанын және қазақ даласының әлі де аймақтағы маңызды саяси күш болып қала бергенін көруге болады. Сондықтан бұл жазба тек бір әскери қақтығыс туралы ғана емес, XVIII ғасыр ортасындағы қазақ–чиң қатынасының ең шиеленісті кезеңдерінің бірі туралы маңызды тарихи дерек болып табылады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз