Қазақтардың қытайдағы қоныстану аумағы және сол жерлердегі басым рулар

Автор:
206
Материалға сурет: Қазақтардың қытайдағы қоныстану аумағы және сол жерлердегі басым рулар

Сурет: ЖИ/Б.Нұрасыл

Қытайдағы қазақтар жайыла қоныстанған осыншама кең, самұрық құлашты аумақтың көлемі Қазақстандағы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Атырау облыстарының жалпы аумағына шамалас келеді.

Қытай тарапына назар аударсақ, қазақтар шоғырланған аумақтар мен сол жерлердегі басым ру-тайпалардың жалпы мәліметі төмендегідей: 

Алтай аймағының аумағы — 119 мың шаршы шақырым. 

Қазақ автономиясы берілген аймақ. 

Алтай аймағының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Алтай (Сарысүмбе) қаласы — Керейлер басым. Ауылдық жерлерінде сирек болғанымен, қала орталығында біршама Найман бар. 

Көктоғай ауданы — Керейлер басым. 

Қаба (Жеті-Қаба) ауданы — Керей, Найман аралас. 

Шіңгіл ауданы — Керейлер басым. 

Буыршын ауданы — Керейлер басым. 

Бурылтоғай (Жалпақ) ауданы — Керейлер басым. 

Жеменей (Сауыр) ауданы — Керейлер басым. 

Дөрбілжін (Бейтон) қаласы — қазақ аз. 

Тарбағатай аймағының аумағы — 98,1 мың шаршы шақырым. Қазақ автономиясы берілген аймақ. 

Тарбағатай аймағының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Толы (Майлы-Жәйір) ауданы — Керей, Уақ аралас. 

Дөрбілжін (Еміл) ауданы — Наймандар басым. 

Сауан ауданы — Керейлер басым. 

Шәуешек (Үш-Құлыстай) қаласы — Наймандар басым. 

Көрқарасу (Шиху) қаласы — Керейлер басым. 

Қобық торғауыт автономиялы ауданы — Наймандар басым. 

Шағантоғай (Барлық) ауданы — Керейлер басым. Бұл ауданда бұрын Наймандар басым болғанымен, 1962 жылғы көште көбі Үржар, Аякөз жеріне өтіп кеткен. 

Тасырқай (Шыхызы) қаласы — Керейлер басым. 

Үйеңкілі (Хуяңхы) қаласы — қазақ аз. 

Ақтерек (Бақты) қаласы — қазақ аз. 

Санжы облысының аумағы — 74,4 мың шаршы шақырым.

Санжы облысының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Шонжы (Шамбалық) ауданы — Керейлер басым. Шөрін, Умачаң ауылдарына қазақ автономиясы берілген. 

Құтыби ауданы — Керейлер басым. Тасбаспалдақ, Қаратөбе ауылдарына қазақ автономиясы берілген. 

Мори қазақ автономиялы ауданының қазақтар шоғырланған Мори қаласы мен Шоқпартас, Шөрін, Қырантөбе, Ақадыр, Аққабақ, Қалқантау, Сарынбұлақ, Іңгібұлақ ауылдарында — Керейлер басым. 

Санжы қаласы — Керейлер басым. Ашылы ауылына қазақ автономиясы берілген. 

Манас ауданы — Керейлер басым. Шындықозы (Көкөзен), Сусатқан, Тасырқай ауылдарына қазақ автономиясы берілген. 

Үшбөкен (Фукаң) қаласы — Керейлер басым. Аққол, Сангүң ауылдарына қазақ автономиясы берілген. 

Жемсары (Бесбалық) ауданы — Керейлер басым. 

Ужячүй қаласы — қазақ аз. 

Іле облысының аумағы — 57,5 мың шаршы шақырым. Қазақ автономиясы берілген облыс. 

Іле облысының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Күнес ауданы — Наймандар басым. 

Моңғолкүре (Өр-Текес) ауданы — Албан, Найман аралас. 

Нылқы (Қас) ауданы — Наймандар басым. 

Текес ауданы — Албан, Найман аралас. 

Тоғызтарау ауданы — Наймандар басым. 

Шапшал (Үйсінтау) сібе ұлтының автономиялы ауданы — Албандар басым. 

Құлжа (Желжүзі) ауданы — қазақтар Әулие, Қараағаш деген екі ауылына шоғырланған. Наймандар басым. 

Көкдала қаласы — Керейлер басым. Тарбағатай, Алтай Керейлерінің арасынан көшірілген. 

Құлжа (Су-Алматы) қаласы — қазақ аз. Найман-Албан аралас. 

Қорғас (Алмалы) ауданы — Найман, Албан аралас. Моғолстан хандығының астанасы болған мекен. Бұл ауданда бұрын Суандар басым болғанымен, 1962 жылғы көште көбі Жаркентке өтіп кеткен. 

Күйтүн қаласы — Керейлер басым.

Қорғас (Қарасу) қаласы — қазақ аз. Наймандар басым. 

Құмыл аймағының солтүстік, шығыс және орталық бөліктеріндегі қазақтар қоныстанған аумақ — 47,5 мың шаршы шақырым (Баркөл қазақ автономиялы ауданының аумағы — 36,6 мың, Құмылдағы төрт ауылдың аумағы — 6,7 мың, Аратүріктегі екі ауылдың аумағы — 3,9 мың шаршы шақырым). 

Құмыл аймағының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Құмыл (Еуірғол) қаласының қазақ шоғырланған Дебелдірік, Ұлатай, Қойлық, Ақтас ауылдарында — Керейлер басым. Дебелдірік, Ұлатай ауылдарында қазақ автономиясы берілген. 

Баркөл қазақ автономиялы ауданының қазақтар шоғырланған Баркөл қаласы мен Көлбойы, Шалаоба, Сарышоқы, Үлкен Құлыншәрі, Ағашоба (Бачаңзы) ауылдарында — Керейлер басым. 

Аратүрік ауданының қазақ шоғырланған Нарынкір, Тұркөл ауылдарында — Керейлер басым. Нарынкір ауылына қазақ автономиясы берілген. 

Жаңа Қутары (Шиншиң) қаласы — қазақ аз. 

Бұратала торғауыт автономиялы облысының аумағы — 27,9 мың шаршы шақырым. 

Бұратала облысының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Бұратала (Сайрам) қаласы — Наймандар басым. 

Жыңғылды (Ебі) ауданы — Наймандар басым. 

Арасан (Жылысу) ауданы — Наймандар басым. 

Алатау аузы (Еренқабырға) қаласы — қазақ аз. 

Қосөгіз қаласы — қазақ аз. 

Үрімжі қаласының аумағы — 14,2 мың шаршы шақырым. 

Қала ішіндегі Шүймогу (Диірменсай), Тәңіртау, Сайбақ, Жаңақала, Тутүнхы (Томар), Мидұң (Сандықоба) аудандарында Керей, Найман аралас. Мидұң ауданындағы Ақадыр ауылына қазақ автономиясы берілген. Үрімжі қаласының әкімдігі Шүймогу ауданында орналасқан. 

Үрімжі (Қаратау) ауданы — Керейлер басым. 

Дабанчың ауданы — Керейлер басым. 

Қарамайлы қаласының аумағы — 7,7 мың шаршы шақырым. Шығыс Түркістанның ішкі мұнай өндірісінің 45 %-ы осы Қарамайлы қаласында өндіріледі. Қарамайлы қаласының мұнай өндірісі бүкіл Қытай бойынша бесінші орында. 

Қарамайлы қаласының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Қарамайлы (Дәм) ауданы — Керей, Уақ, Найман аралас. 

Майтау ауданы — Керейлер басым. 

Жайранбұлақ ауданы — Керей, Уақ аралас. 

Орқы ауданы — қазақ аз. 

Ганьсу өлкесіндегі Жючуан (Сорбұлақ) аймағының Ақсай қазақ автономиялы ауданының аумағы — 29,2 мың шаршы шақырым. 

Ақсай қазақ автономиялы ауданының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Жыңғылды кенті — Керейлер басым. 

Айнакөл ауылы — Керейлер басым. 

Қалтын ауылы — Керейлер басым. 

Қанамбар (Ақши) ауылы — Керейлер басым. 

Ганьсу өлкесіндегі Линшя дүңген автономиялы облысының Қарақшытас (Жишышан) бауан-сарт-салар ұлттарының автономиялы ауданының аумағы — 0,9 мың шаршы шақырым. 

Бұл ауданда бауан ұлтын қалыптастырған Ілез руының адамдары тұрады. Бұлар тарихи өріс, генетикалық құрлым жағынан Жағалбайлы руының Ілез тармағымен табысады. Бұлар ислам дінінде болғанымен, тіл жағынан моңғолданған. 

Қарақшытас ауданының жеріндегі әкімшілік орындар: 

Дахыжя ауылы — Ілездер басым. 

Люжи ауылы — Ілездер басым. 

Көккөл өлкесіндегі Хайши (Ақсу) қошауыт-тибет қауымдарының автономиялы облысына қарасты Үлкен Сайдам ауданының Сайдам кенті орналасқан аумақ — 18,6 мың шаршы шақырым. 

Сайдам кентінің жеріндегі әкімшілік орын: 

Мақай (Аткөл) ауылы — Керейлер басым. Аткөл ауылына қазақ автономиясы берілген. 

Көккөл өлкесіндегі Малхо тибет автономиялы облысы Жайынша ауданының аумағы — 1.6 мың шаршы шақырым. 

Жайынша ауданының жеріндегі әкімшілік орын: 

Қаңған кенті — Қаңлылар басым. 

Бұлар өз жерінде Қаңға деп аталады, қытайша Каңжя. Олар ислам дінінде болғанымен, тіл жағынан моңғолданған. 

Көккөл өлкесіндегі Сожаң тибет автономиялы облысы Шүлен ауданының төменде аталатын үш ауылының аумағы — 10,2 мың шаршы шақырым. 

Шүлен ауданының жеріндегі осы үш әкімшілік орын: 

Молы кенті — біршама Тама бар. 

Сарлық ауылы — біршама Тама бар. 

Толы мал фермасы — біршама Тама бар. 

Бұлар өз жерінде Тома деп аталады. Олар ислам дінінде болғанымен, тіл жағынан моңғолданған. 

Қытайдағы осы аталған аумақтардың жалпы көлемі — 506,8 мың шаршы шақырымды құрайды. 

Қытайдағы қазақтар жайыла қоныстанған осыншама кең, самұрық құлашты аумақтың көлемі Қазақстандағы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Атырау облыстарының жалпы аумағына шамалас келеді. 

Бұл жер Түрікпенстан елінің аумағынан 15,6 мың шаршы шақырым, Өзбекстан елінің аумағынан 57,9 мың шаршы шақырымға артық. Қырғызстан елінің аумағынан 2,5 есе, Әзербайжан елінің аумағынан 5,9 есе үлкен. 

Көкбөрі Мүбарак, тарихшы