Баян-Өлгийде «Бүркітшілер тойы-2026» фестивалі өтті

172
Материалға сурет: Баян-Өлгийде «Бүркітшілер тойы-2026» фестивалі өтті

Сурет: Ғаламтор бетінен

2026 жылы 3-4 қазан күндері Монғолияның Баян-Өлгий аймағында «Бүркітшілер тойы-2026» фестивалі өтті, деп хабарлайды e-history.kz порталы

Сарыкөлдің Артқы төбесінде өткен Бүркітшілер мерекесіне мыңдаған адам қатысты. Олардың қатарында әлемнің әр елінен келген туристер де бар. Жалпы 27-рет өтіп жатқан «Бүркітшілер мерекесіне» арнайы келіп тамашалайтын шетелдік туристер мен Монғолия азаматтарының да саны жыл сайын арта түскен. 

«Халқымыздың саятшылық дәстүрін әлемге таныту жолында өте көп жұмыстарды істеп жатырмыз. Бүркіт туралы, рухани құндылық жөнінде зерттеулер де жүргізіп келеміз. Үш жылдан бері біз Өлгей қаласы орталығында бүркітшілер сарайын салып іске қосуды қолға алып, іске кіріскен болатынбыз. Қазіргі күні «бүркітшілер сарайы» іске қосылып, жұмысын жақсы жүргізіп отыр. Мәдени мұраны сақтап, бүгінгі күнге жеткізіп отырған бүркітшілерімізге зор алғыс-ризашылығымды білдіргім келеді. рақмет Әлемнің әр түкпірінен келіп тамашалап жатыр. Өткен жылы 600-ге жуық турист келсе, биылғы жылы да 600-700 шетелдік турист келген деген ақпарат келіп жатыр. Биыл осы мерекеге қатысу үшін сексенге жуық бүркітші тіркелген. Жолда келе жатқан, енді тіркелетін саятшылар әлі де бар. Осыған қарағанда бүгінгі мерекеге 90-ға жуық бүркітші қатысып, сайысатын болады деп отырмыз», - деп атап көрсетті, осы сайысты ұйымдастырушылардың бірі Бекболат Бұғыбайұлы.

Мұнда бүркіт пен бүркітшінің шеберлігін сынайтын түрлі жарыстарынан өзге қазақтың дәстүрлі «Қызқуар», Көкпар» сайысы өткізіліп, қолөнершілер көрмесі келушілердің назарына ұсынылады.

Айта кетер болсақ, «Бүркіт тойы» – Моңғолиядағы қазақтардың атадан балаға мұра болып келе жатқан аңшылық өнерін, ұлттық ойындары мен тұрмыс-салт дәстүрін дәріптеуді көздейтін ауқымды іс-шара. Бүркітпен аң аулау дәстүрі Орталық Азияның көшпенділер арасында 6000 жылдан бері тамыры үзілмей келе жатқан бекзат өнер. Оны ең жақсы сақтаған халық - Моңғолия қазақтары. Осыны ескере отырып, тарихы тереңге жайылған дәстүрді насихаттап, шетелдік туристерге көрсетіп және сол туристердің сұрауы бойынша Моңғолияда «Бүркіт тойы» жылына екі рет өтетін деңгейге жетті.

Бұған дейін Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында «Бүркіт тойы – 2025» («Бүргэдийн баяр»)  халықаралық фестивалі өткенін хабарлғанбыз. Ел астанасына жақын орналасқан «Шыңғыс хан ордасы» туристік кешенінде өткен шараға 22 бүркітші қатысты. Халықаралық фестивальге Моңғолияның Баян-Өлгий, Төв, Сэлэнгэ, Архангай аймақтарынан және Қазақстан мен Қырғызстаннан бүркітшілер қатысты.