Исмаил Гаспыралы және Алаш ағыны
1909 жылы Уфада Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы жарық көрді. Бұл жалғыз ақынның айқайы емес еді. Оның арғы жағында ширек ғасыр бойы бүкіл түркі-мұсылман жұртын дүр сілкіндірген үлкен ағын жатыр. Ол ағынның бастауы – Исмаил Гаспыралы (1851–1914) еді. Тарих бұл қозғалысты «жәдидшілдік» деп атады. Араб тіліндегі «жәдид» – «жаңа» деген сөз. Бірақ бұл тек жаңа оқу әдісі емес еді. Бұл отарлық бодандықта ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген халықтардың өзін-өзі сақтап қалуға жасаған батыл талпынысы. Қазақ даласында бұл ағын Алаш қозғалысына ұласты.
Бақшасарайдың баласы
Исмаил 1851 жылы наурызда Бақшасарай маңындағы Авджыкөй ауылында дүниеге келді. Әулеттің арғы мекені Гаспра ауылы болғандықтан, тегі «Гаспыралы» аталды. Орыс құжаттарында ол – Гаспринский. Әкесі Мұстафа ағаның орыс әкімшілігінде тілмаш болуы балаға екі әлемнің есігін қатар ашты. Ол Бақшасарайдағы Зынжырлы медреседе дін сабағын алды. Кейін Симферополь гимназиясында, Воронеж бен Мәскеудің әскери оқу орындарында оқыды. Мәскеуде жас Исмаил империяның құдіреті қылышта ғана емес, мектепте, кітапта, газетте екенін ұқты. 1871 жылы ол Парижге аттанды. Үш жылғы «Париж мектебі» – кітапханалар, баспаханалар, қызу пікірталастар – оның дүниетанымын біржола қалыптастырды. Деректерде ол осы жылдары тілмаш болып жұмыс істеп, жазушы Иван Тургеневпен таныс болғаны айтылады. 1874 жылы Солтүстік Африка, Мысыр, Грекия арқылы Ыстамбұлға келіп, Осман империясындағы танзимат реформаларын, түрік баспасөзінің тәжірибесін көзімен көрді. Осы сапарлардан ол бір қорытынды шығарды: түркі-мұсылман жұртының артта қалуының басты себебі – сауатсыздық. Үлгіні Еуропадан алуға болады, ал білім ұлттың өз тілінде, өз салт-дәстүрі негізінде берілуі тиіс. Кейін Алаш зиялылары да дәл осы қағиданы ұстанатын болады.
«Тәржіман» таралымы
Отанына оралған Гаспыралы 1878–1884 жылдары Бақшасарай қаласының басшысы болды. Бірақ оның басты ісі шенеуніктік емес еді. 1883 жылы сәуірде ол «Тәржіман» («Аудармашы») газетінің алғашқы санын шығарды. Газет отыз жылдан астам үзбей шығып, Ресей мұсылмандары баспасөзінің ең ұзақ ғұмырлы басылымдарының біріне айналды. Газеттің атауында терең мән бар. Гаспыралы өзін екі әлемнің арасындағы тілмаш деп білді: Еуропаның ғылымын мұсылман оқырманына, ал мұсылман жұртының мұңын орыс қоғамына жеткізуші. Газет алғашқы жылдары түркі және орыс тілдерінде қатар шықты. Ең бастысы – тіл. Гаспыралы Қырымның, Еділдің, Кавказдың, Анадолының оқырманы бірдей түсінетін жеңілдетілген ортақ түркі жазба тілін қалыптастыруға ұмтылды. Оның атақты ұраны осы мақсатты бір жолға сыйғызды: «Тілде, ойда, істе бірлік» «Тәржіман» Қазан мен Орынборға, Түркістан мен Бұхараға, қазақ даласының қалалары мен ауылдарына дейін жетті. Оқу-білімге шөлдеген қазақ оқырманы үшін ол әлемге ашылған терезе болды.
Қырық бес күндік ғажайып
Сол дәуірдегі мұсылман мектебінің халі ауыр еді. Гаспыралының өз есебінше, 1881 жылы Ресей түріктерінің 16 мыңға жуық мектебінде жарты миллион бала бес жыл оқығанымен, ана тілінде бес жол өлең жазып, оқи алмаған. Бала араб әріптерін буындап жаттап, мағынасын түсінбей жылдарын өткізетін. Бұл ескі әдіс «қадым» деп аталды. Гаспыралы оған дыбыстық әдісті – «усул-и саутия» немесе «усул-и жәдидті» қарсы қойды. 1884 жылы Бақшасарайда ашылған шағын мектепте 9–12 шәкірт оның «Ходжа-и сыбиян» («Балалар ұстазы») әліппесімен оқи бастады. Небәрі 45 күн, күніне төрт сағаттан сабақ – және шәкірттер жұрт алдында бұрын көрмеген кітаптан үзінді оқып, диктант жазып берді. Ескі мектепте жылдар бойы қол жетпеген сауат бір жарым айда ашылды. Жаңа мектепте ана тілімен қатар есеп, география, тарих, жаратылыстану оқытылды. Гаспыралы дінді білімге қарсы қоймады: иман жаңа мектептің рухани діңгегі болып қала берді. Жаңа әдіс тез тарады. 1893 жылы Гаспыралы Бұхараға барып, әмірдің рұқсатымен жаңа әдісті мектеп ашқызды. Аз жылда жәдид мектептері Еділ бойына, Кавказға, Түркістанға және қазақ даласына жетті.
Төте жазудың түбірі
Гаспыралы әдісінің қазақ топырағындағы ең биік жемісі – Ахмет Байтұрсынұлының реформасы. 1911 жылы «Айқап» журналында ол «усул-и жәдид», яғни «төте оқу» жолы бар екенін, бірақ ол қазақ арасында әлі аз таралғанын жазып, мақсат – соны елге кеңінен жаю деп көрсетті. А. Байтұрсынұлы Гаспыралы әдісін жай көшірмеді, оны қазақ тілінің табиғатына бейімдеді. Араб графикасын қазақ тілінің дыбыс жүйесіне келтіріп, «төте жазуды» жасады. 1912 жылдан бастап «Оқу құралы», кейін «Тіл құралы» (1914) мен «Әліпби» (1914) жарық көрді. Қазақ баласы ана тілінде, өз дыбысымен оқи бастады. Бір қызығы, Гаспыралы ортақ түркі тілін армандаса, Байтұрсынұлы әр ұлттың өз тілін дамыту жолын таңдады. Бұл шәкірттің ұстазымен дауласуы емес, ұстаз салған жолдың өз топырағында жаңа бағытқа бұрылуы еді. Жәдидшілдіктің ұраны «тілде бірлік» болса, Алаштың жауабы «әуелі өз тіліңді түзе» болды.
«Айқап» пен «Қазақ»: дала баспасөзінің тууы
Гаспыралының ең үлкен сабағы – газет пен мектептің бірлігі. Алаш зиялылары бұл сабақты жақсы меңгерді. 1911 жылы Троицкіде Мұхаметжан Сералиннің редакторлығымен «Айқап» журналы шыға бастады. Онда Байтұрсынұлы, Бөкейхан, Дулатұлы, Мәшһүр Жүсіп, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин сынды тұлғалар жазды. М.Сералин Гаспыралыны ерекше құрметтеді. Оның бейнелі сөзімен айтқанда: «Біз бұрын жансыз өлі кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді» дейді. 1913 жылы Орынборда Байтұрсынұлы мен Дулатұлы «Қазақ» газетін шығарды. «Тәржіман» Ресей мұсылмандарының үні болса, «Қазақ» бүкіл қазақ даласының үніне айналды. Гаспыралы бастаған іс жаңа сапада жалғасты.
«Түрік баласының» қаралы хаты
1914 жылдың қыркүйегінде Исмаил Гаспыралы Бақшасарайда дүниеден өтті. Бұл хабар қазақ даласына да жетті. «Қазақ» газетінде «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен «Исмайыл бек Гаспрински» атты қаралы мақала жарияланды. Оның авторы – Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан еді. Ә.Бөкейхан Гаспыралының ұзақ жылдар «Тәржіманның» басында тұрып, жұртқа көсемдік еткенін, мұсылмандарды оқу-жазуға үйретіп, мектеп ашқанын, әдебиет туғызғанын жазды.. Өзін «Түрік баласы» деп атаған Ә.Бөкейхан Гаспыралы армандаған түркі туыстығын терең сезінді. Бірақ оның басты мақсаты қазақ ұлтының өз мемлекеттігі еді. Түркілік бірлік пен ұлттық дербестік Алаш идеясында қатар өрілді.