Қазақ эстрадасындағы тыңдарман жүрегінен орын алып қана қоймай, тұтас бір дәуірдің символына айналған шығармалардың бірі – «Ғашықтар жыры». Шөмішбай Сариевтің сөзіне, Кеңес Дүйсекеевтің әніне жазылған бұл туынды алғаш жарық көрген күннен бастап халықтың сүйікті әндерінің біріне айналды. Ендеше, бүгін сол шығарманың қалай дүниеге келгеніне тоқталайық.
Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Құстар қайтып барады»
«Ғашықтар жыры» – қазақ музыкасындағы ең жемісті шығармашылық тандемдердің бірі саналатын композитор Кеңес Дүйсекеев пен ақын Шөмішбай Сариевтің ортақ еңбегі. Екеуі де Сыр өңірінің тумасы. Бірі әуен арқылы, екіншісі өлең арқылы қазақ эстрадасына жаңа леп әкелді. Жылдар бойы бірге еңбек еткен ақын мен композитордың шығармашылық қоржынында жүзден астам ән дүниеге келді. Олардың қатарында «Сәлем саған, туған ел», «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада» секілді елге кеңінен танылған туындылар бар. Уақыт өте келе олардың әндері қазақ эстрадасының классикалық шығармаларына айналып, бірнеше буын орындаушылардың репертуарынан берік орын алды.
«Ғашықтар жыры» 1980-жылдардың басында дүниеге келді. Бұл шығарма белгілі бір оқиғаның немесе нақты адамдардың тағдырына негізделіп жазылмаған. Ақын Шөмішбай Сариевтің айтуынша, өлеңдегі басты кейіпкер – махаббаттың өзі. Сондықтан ол бұл туындыны адамзатқа ортақ ең асыл сезімнің көркем бейнесі ретінде жазған.
«Адам баласының ең ғажайып серігі – махаббат. Адамның өмірге ынтықтығы да, болашаққа ұмтылысы да осы сезімнен басталады. Сондықтан бұл өлең мен үшін махаббаттың жиынтық бейнесі болды. Оны жазғанда халықтың сүйікті әніне айналады деп ойлаған жоқпын», – деп еске алады Шөмішбай Сариев.
Ақынның айтуынша, әннің ұзақ ғұмыр сүруі тек әсем әуенге ғана байланысты емес. Ол шығарманың өміршеңдігін ең алдымен мәтін айқындайды деп есептеген. Оның ойынша ән қос қанатты құс сияқты. Бір қанаты – музыка, екінші қанаты – мәтін. Екі қанаттың бірі әлсіз болса, ән де ұзақ самғай алмайды. Бұл ұстанымды композитор Кеңес Дүйсекеев те қостайды. Ол ән жазғанда сөз бен әуеннің табиғи үндесуіне ерекше мән берген. Соның нәтижесінде «Ғашықтар жыры» қазақ эстрадасында мәтіні мен әуені бір-бірін толықтырған, тыңдарман жүрегіне бірден жол тапқан шығармалардың біріне айналды.
Әннің сөзі мен әуені дайын болғанымен, шығарманың халыққа қалай жететіні орындаушыға тікелей байланысты еді. Сондықтан композитор Кеңес Дүйсекеев бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қараған. Ол әннің лирикалық табиғатын, нәзік сезімін дәл жеткізе алатын дуэт іздей бастайды. Алғашында композитор «Ғашықтар жырын» сол кезеңдегі танымал әншілер Сембек Жұмағалиев пен Нағима Есқалиеваның орындауында шығаруды жоспарлаған. Алайда өлең жолдарымен танысып шыққан Сембек Жұмағалиев әзілдеп:
«Қасың қандай, қарақат көзің қандай деп Нағимаға айту қиындау екен. Мәтінді өзгерту керек шығар...», – деген екен.
Өнер адамдарының кейінгі естеліктерінде бұл әңгіме шығармашылық ортадағы көңілді сәттердің бірі ретінде айтылады. Содан соң әнші композиторға жас әнші Мақпал Жүнісованы қарастырып көруді ұсынады. Ол кезде Мақпал енді ғана үлкен сахнаға қадам басып келе жатқан талантты орындаушылардың бірі болатын. Сөйтіп «Ғашықтар жыры» алғаш рет Сембек Жұмағалиев пен Мақпал Жүнісованың орындауында жазылды.
Әннің жазылу процесі ұзаққа созылған жоқ. Дегенмен орындаушылар әр жолдың эмоциясын, кейіпкерлердің ішкі сезімін дәл беру үшін шығармамен бірнеше күн бойы мұқият жұмыс істеген. Композитор да, ақын да әннің көрерменге шынайы жетуіне ерекше көңіл бөлді. 1983 жылдың соңында «Ғашықтар жыры» теледидардағы мерекелік концертте алғаш рет орындалды. Сол кездегі көрермен үшін қыз бен жігіттің сырласуы түрінде құрылған мұндай дуэт тың жаңалық еді. Ән эфирге шыққаннан кейін көп ұзамай халық арасында ерекше танымалдыққа ие болды. Оның сәтті шығуына әсер еткен басты себептердің бірі қос әншінің шығарманы бар жан дүниесімен орындауы еді. Олар әнді жай ғана шырқап қойған жоқ, сахнада ғашық жандардың сезімін шынайы жеткізуге тырысты. Бір-біріне қараған көзқарасы, сахналық қимылдары, дауыс ырғағы мен актерлік шеберлігі көрерменді еріксіз сендірді. Сондықтан да аз уақыт ішінде ел арасында екі әншінің өмірде де бір-біріне ғашық екені туралы түрлі әңгімелер тарай бастады. Көпшілік олардың сахнадағы үйлесімін шынайы сезімнің көрінісі деп қабылдады.