Бір әннің тарихы: «Қарлығаш»
Қазақ музыкасының алтын қорына енген «Қарлығаш» – бірнеше буынның сүйікті әніне айналған лирикалық туынды. Жеңіл қалықтаған әуені мен нәзік сөзі өзара табиғи үйлесім тапқан. Ал көпшілікке кеңінен тараған бұл әннің арғы жағында шынайы махаббат оқиғасы жатыр.
Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Ғашықтар жыры»
«Қарлығаш» әні 1941 жылы дүниеге келген. Туындының музыкасын қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, композитор әрі дирижер Ахмет Жұбанов жазса, сөзін ақын-драматург Ибадолла Матақов шығарған. Әннің тарихы Ибадолла Матақовтың Жәмила Ахметова есімді әнші қызға деген сезімінен басталады. Жәмила сол кезде Ахмет Жұбанов жетекшілік еткен мемлекеттік хор капелласында өнер көрсеткен. Бойжеткенді ұнатқан Матақов оған арнап осы өлеңді жазады. Өлең жолдары Ахмет Жұбановтың қолына түскенде, композитор мәтіннің табиғи лирикасына назар аударып, оған әуен жазуға келіседі. Сөйтіп ақынның сүйген қызына арнаған өлеңі кәсіби композитордың қолынан көркем әнге айналды. Кейін Ибадолла Матақов пен Жәмила Ахметова шаңырақ көтерген.
Жазушы Зәкір Асабаевтың айтуынша «Қарлығашты» алғашқылардың бірі болып Кәмила Мұқымқызы Абдуллина орындаған. Ол – белгілі опера әншілері Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің әпкесі, кейін әлемге танылған әнші Әлібек Дінішевтің анасы. Кәмила Абдуллинаның сөзінше, әнді айтуды оған Ахмет Жұбановтың өзі ұсынған. Ал алғашқы орындау кезінде композитор әншіні фортепианода өзі сүйемелдеген. Соғыс жылдарында Кәмила Абдуллина концерттік топтардың құрамында ел аралап, «Қарлығашты» бірнеше рет орындаған.
Сахнада орындалып, радиодан беріле бастағаннан кейін «Қарлығаш» ел арасына жылдам тарады. 1940–1950 жылдары шығарма көпшілік жиі сұрайтын, халық сүйіп тыңдайтын әндердің біріне айналды. Оның әуенінен қазақтың дәстүрлі ән өнеріне тән интонация анық сезілгенімен, туындының құрылымы мен музыкалық өрнегінен Ахмет Жұбановтың кәсіби композиторлық мектебі байқалады. Әннің кеңінен танылуына оның «Абай» операсына енгізілуі де ықпал етті. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған операның төртінші көрінісінде үйлену тойы бейнеленіп, мерекелік биден кейін лирикалық «Қарлығаш» әні орындалады.
Уақыт өте келе ән әр буын өкілдерінің репертуарынан орын алды. «Қарлығаш» академиялық вокал мәнерінде де, халық әніне жақын үлгіде де, эстрадалық өңдеуде де орындалды. Әншілер шығарманы өз дауысы мен орындау ерекшелігіне сай жаңғыртып, оның жаңа нұсқаларын ұсынды. 2000-жылдары «Дауыс International» тобы әнді көпдауысты эстрадалық үлгіде орындап, туындыны жаңа буын тыңдармандарына таныстырды. Кейін әнді Қарақат Әбілдина және басқа да қазақстандық өнерпаздар өз репертуарына енгізді. «Қарлығаш» тек вокалдық шығарма ретінде ғана шектелген жоқ. Музыканттар әннің аспаптық нұсқаларын орындап, оның әуенін камералық музыка үлгісінде ұсынды. Сөзсіз орындалған нұсқаларда да шығарманың негізгі лирикалық сипаты мен нәзік әуені сақталды. Әнге шетелдік орындаушылар да назар аударған. Ғаламторда тараған Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің жұбайы, танымал әнші Пэн Лиюань орындаған қытай тіліндегі әннен жұртшылық Ахмет Жұбановтың «Қарлығашының» бірден таныды.
Сексен жылдан астам уақыт өтсе де, «Қарлығаш» әлі күнге дейін ескірген жоқ. Ол шынайы сезімнен туып, қазақ музыкасының мәңгілік мұрасына айналды.