Ұлт рухына сәуле шашқан «Шолпан»
1922 жылдың қазан айында Ташкент қаласында жарық көрген «Шолпан» журналы қазақ баспасөзі тарихындағы ең тағдырлы әрі мазмұны аса бай басылымдардың бірі саналады. Түркістан АКСР Орталық Атқару Комитетінің білім, әдебиет, шаруашылық және саяси журналы ретінде шыққан бұл басылымның ғұмыры небәрі сегіз санмен шектелгенімен, оның ұлттық ағарту мен ғылымға қосқан үлесі өлшеусіз болды.
Журналдың маңына қазақ зиялыларының таңдаулы өкілдері топтасты. Оның беттерінде Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедов, Әбубәкір Диваев, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов секілді қайраткерлердің еңбектері жарияланды. Ал басылымның ұйымдастырылуы мен бағдарламасын қалыптастыруда бас редактор Иса Тоқтыбаевтың еңбегі ерекше болды. Қызылорда өңірінің тумасы Иса Тоқтыбаев – мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, бірнеше басылымды басқарған тәжірибелі журналист. Кейін үш мәрте саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тек 1957 жылы ғана ақталған ол өмірінің соңына дейін қазақтың білім беруі мен мәдени мұрасын дамытуға қызмет етті.
«Шолпан» журналы ең алдымен халықты білімге шақыруды мақсат тұтты. Оның «Оқу бөлімі» мен «Түркістандағы халық ағарту ісі» айдарларында мектеп бағдарламалары, оқыту әдістемесі, мұғалім даярлау, бала тәрбиесі сияқты өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Халел Досмұхамедовтың «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама» атты мақаласында қазақ мектептеріне арналған алғашқы оқулықтарды әзірлеу ісі жан-жақты баяндалып, Сұлтанбек Қожанов, Қошке Жәленов, Ахмет Таныбаев және басқа да қаламгерлердің жазуға міндеттенген кітаптары туралы нақты мәліметтер берілді.
Журналдың тағы бір құндылығы – қазақ мәдениеті мен ғылымының шежіресін сақтап қалуында. Оның беттерінде Әбубәкір Диваев жинаған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Бекет батыр», «Едіге батыр» секілді эпостардың баспаға дайындалуы жөнінде хабарлар жарияланды. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлы шығармаларының жаңа басылымдары туралы ақпарат беріліп отырды. Осы арқылы «Шолпан» бүгінгі зерттеушілер үшін XX ғасырдың басындағы қазақ кітап ісінің маңызды дереккөзіне айналды.
Басылым тек әдебиет пен ағартуды ғана емес, қоғамның экономикалық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Салық жүйесі, шаруашылық жүргізу, халықтың тұрмысын жақсарту жолдары туралы мақалалар қарапайым тілмен түсіндіріліп, оқырманның экономикалық сауатын арттыруға күш салынды. Бұл сол кезеңдегі қазақ баспасөзінде сирек кездесетін бағыттардың бірі еді.
«Шолпан» қазақ киносының тарихына қатысты да қызықты деректер қалдырды. Халел Досмұхамедов мақаласында «Бекет батыр» туралы кинематографиялық жоба әзірленіп жатқанын атап өтеді. Бұл мәлімет қазақ кино өнерінің алғашқы қадамдарын зерттеуде ерекше тарихи маңызға ие. Журналдың тағы бір ерекшелігі – бүркеншік есімдердің кең қолданылуы. Онда Жаяу сал, Қоңыр, Мадияр, Сұлу батыр, Қатаған, Алып Ер, Балықшы сияқты лақап аттармен жарияланған мақалалар көп кездеседі. Кейінгі зерттеулер олардың біразы Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлт зиялыларына тиесілі екенін дәлелдеді. Бұл құбылыс сол кезеңдегі саяси қысымның әсерін де аңғартады.
Өкінішке қарай, кеңестік идеологиялық бақылау күшейген тұста журналдың жекелеген мақалалары «ұлтшылдық көзқарасқа жол берген» деген айыппен бағаланып, 1923 жылдың мамырында сегізінші санынан кейін жабылды. Алайда қысқа ғұмыр сүргеніне қарамастан, «Шолпан» қазақ қоғамының рухани жаңғыруына қызмет еткен, ұлттық ғылым, әдебиет, білім беру және қоғамдық ойдың қалыптасуына зор ықпал жасаған бірегей басылым ретінде тарихта қалды.