Ел болмаймын десең...
Тарихты ұмытсақ не болады? Ал тарихты бұрмаласақ ше? Басып өткен ізімізді өшірсек немесе өзгенің жазғанына телміріп қарап отыра берсек ұлттың келешегі қандай болады? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясы мен Құрылтай мінберінде тарих пен ұлттық сана мәселесіне қайта-қайта оралуы осы сауалдарды күн тәртібіне шығарып отырған тәрізді.
Ел боламын десең, ең әуелі жадыңды өшір, тарихыңды ұмыт, бабаңды таныма. Өткеніңді өзіңнен баста. Болмаса, тарихты ғылымнан ажыратып, аңызға айналдыр. Жеңілістің бәрін жасырып, жеңістің бәрін әсіреле. Деректі қажетіңе қарай бұр. Өзіңе ұнамаған кезеңді сызып таста, ұнағанын қолдан ұлғайт. Сонда бірнеше буыннан кейін сенің алдыңда өткенін білмейтін ғана емес, өткен мен өтіріктің арасын ажырата алмайтын ұрпақ тұрады. Бұл ұлттық жадыдан айырылудың басы десек қателеспесек керек. Әңгімені неге бірден бұлай бастап отырмыз?!
Қасым-Жомарт Тоқаев 28 тамызда бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында осы мәселеге айрықша тоқталды. Оның алдында, 26 тамыздағы Тамыз конференциясында Президент өскелең ұрпақтың санасына қандай тарихи түсінік сіңірілуі керек екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы қазақты «кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын», келешегіне сеніммен қарайтын «жеңімпаз ұлт» деп атап, жас ұрпақты өткенге тек өкпе артумен өткізбеу керектігін ескертті. Бұл ретте оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
Екі күннен кейін Президент осы ойды Құрылтай мінберінде одан әрі тереңдетті: «Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді».
Бұл сөздің салмағы бір қарағанда тарихшыларға ғана арналған талап сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мәселе әлдеқайда ауқымды. Өйткені тарих – кеше болған оқиғалардың тізбегі ғана емес. Ол – ұлттың өзі туралы түсінігі.
Ұлттық жады өшкен кезде тамыр солады
Адам жадынан айырылса, өзінің кім екенін ұмытады. Ұлттың да табиғаты осыған ұқсас. Оның «жады» – архивінде, шежіресінде, тілінде, жер-су атауында, фольклорында, әдебиетінде, археологиялық ескерткішінде, бабадан қалған қолжазбасында, тарихи тұлғаларының өмірінде сақталады. Осылардың арасындағы сабақтастық үзілген сайын ұлттың өзі туралы тұтас түсінігі де бұзыла бастайды. Өйткені тарихи жадтың әр қабатын өшіру – ұлт дейтін алып бәйтеректің тамырын балтамен біртіндеп шауып, түбінде оны өз қолыңмен құлатумен тең. Жер бетінде оған мысалдар көп.
Ұлтты әлсірету үшін оның әрбір өкілін физикалық тұрғыда жою міндетті емес. Оның баласын бабасының тілінен, тарихы мен әдебиетінен, дәстүр мен мәдениетінен ажырату жеткілікті болуы мүмкін. Ал мұндай үдерістің зардабын түзету үшін кейін бірнеше буын күреседі. Сондықтан тарих мәселесі өткеннің мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек қателеспейміз.
Қасіретті ұмытпау мен қасіретке байланудың ара-жігі
Ал тарихи жадыны сақтау дегеніміз өткеннің барлық жарасын қайта-қайта тырнау емес екенін білген жөн. Тоқаевтың Құрылтайда айтқан сөзінің ең маңызды тұсының бірі де осында.
«Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды», – дейді Мемлекет басшысы.
Иә, қазақ тарихында қасірет аз болған жоқ. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», Патшалық отарлау, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, репрессия, ядролық сынақтың зардабы, Желтоқсан оқиғасы... Жіпке тізсек кете береді. Әрине, оларды ұмытуға болмайды. Бірақ қазақ тарихын тек осылардан құрастыруға да болмайды. Өйткені сол тарихымызда өркениет те, даму да, жетістік пен жеңіс те болған. Мысалы, сақтар мен ғұндардың, Түрік қағанатының, Алтын Орданың, Қазақ хандығының тарихына үңіліңіз. Күлтегін мен Тоныкөктің тасқа қашалған сөзін оқыңыз. Әл-Фараби мен Ясауиды таныңыз. Керей мен Жәнібек, Қасым мен Хақназар, Тәуке мен Абылайды бетке алыңыз. Қазақтың мемлекеттілік дәстүрі, құқықтық мәдениеті, дипломатиясы, қалалары, сауда жолдары, әдебиеті мен музыкасы ұлтымыздың кешелі-бүгін ғана қалыптасқанын көрсетпесе керек. Демек, қасіретті тарихтан өшіру қылмыс болса, тарихты тек қасіреттен құрастыру ұлттың өзін өзі әлсіз сезінуіне бастайтынын да ұғынған абзал.
Сондықтан Президент: «Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ», – дейді.
Тарих мақтаныш үшін емес, тамырыңды тану үшін керек
Біз кейде ұлттық рухты көтеру мен тарихи фактіні шатастырып аламыз. Бір тұлғаны ұлықтау үшін оған болмаған ерлікті қосып, тым қолпаштап кетесіз. Қуатымызды көрсету үшін дәлелденбеген дүниені иемденіп қоямыз. Әлеуметтік желідегі әдемі аңызды академиялық зерттеуден жоғары санаймыз. Ол жоқ емес.
Бір қарағанда мұның зияны жоқ сияқты. Керісінше, «ұлттың рухын көтеріп жатырмыз» деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Бір өтірік әшкереленген кезде сол дерекке ғана емес, бір ұлттың бүкіл тарихына күйе жағылуы мүмкін.
Сондықтан Мемлекет басшысы: «Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді», – деді.
Бұл жерде Президенттің сөзі Ахмет Байтұрсынұлының бір ғасыр бұрын айтқан талабымен үндеседі. Ұлт ұстазы тарихты «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы» деп бағалап, тарихшының міндетін өткенді «болған күйінде айнытпай айту» деп түсіндірген. Ал бүгінгі әлеуметтік желі дәуірінде осы өлшем бұрынғыдан да маңызды бола түскен сияқты. Өйткені қазір тарихи өтіріктің таралу жылдамдығы тарихи шындықтың анықталу жылдамдығынан әлдеқайда тез. Мысалы, бір адам архивте бірнеше жыл отырып анықтайтын деректі біреу әлеуметтік желіде бес минутта бұрмалап тарата алады. Ендеше бүгін тарихшының қарсыласы тек уақыт емес. Алгоритм де, хайп та, жалған ақпарат та оның қарсы алдында тұр.
«Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт»
Алаш қайраткерлері мұны ерте түсінді. Тарих пен әдебиетсіз халықтың ұлттық болмысын сақтауы қиын екенін жеткізген Міржақып Дулатұлы «Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт» деген ой айтты. Алаш зиялылары қалдырған тағы бір тарихи мәтінде тарихын жоғалтқан елдің қайда тұрғанын, не істегенін және келешекте басына не келетінін бағдарлай алмай қалатыны жазылады. Осы сөздің айтылғанына бір ғасырдан асты. Бірақ мағынасы ескірген жоқ. Керісінше, цифрлық дәуірде тіпті тереңдей түсті.
Бұрын қолжазбаны өртесе тарих жоғалатын. Бүгін қолжазба сақталып тұрып та тарих жоғалуы мүмкін – егер ол оқылмаса; егер ол цифрланбаса; ғылыми айналымға түспесе; егер жас ұрпақ оған қол жеткізе алмаса; егер қазақтың тарихы туралы интернеттен іздеген адам алдымен ғылыми дерекке емес, күмәнді контентке тап болса... Демек ХХІ ғасырда тарихи мұраны сақтау – оны қоймада қымтап сақтау ғана емес, оны ақпараттық кеңістікте өмір сүргізу.
Тарихты түгендеу – өткенге оралу емес
Қазақстанда бұл бағытта кезең-кезеңмен нақты жұмыс атқарылып келеді. «Архив-2025» жобасының негізгі мақсатының өзі шетел архивтері, кітапханалары мен ғылыми орталықтарындағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды анықтау, көшірмесін алу, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу болды. Жоба аясында Ресей, Германия, Моңғолия, Беларусь, Армения, Түркия және басқа елдердегі архивтерден қазақ тарихына қатысты материалдар әкелінді. 2020-2025 жылдарды қамтыған жобаның қорытындысы бойынша 7 мыңнан астам құнды құжат ғылыми айналымға енгізілген көрінеді.
Түркиядағы зерттеулердің өзінде Осман архивінің ондаған қоры қаралып, қазақ жерінен шыққан ортағасырлық авторлардың еңбектері анықталған. Сол ізденістер барысында XIV ғасырға тән, Алтын Орда ханы Өзбек ханға қатысты құнды Құран қолжазбасы жөнінде де дерек табылған-ды.
2025 жылы «Хандар шежіресі» қолжазбасының UNESCO-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілуі де осы тарихи мұраны халықаралық деңгейде танытудың бір нәтижесі. UNESCO бұл XVIII ғасыр қолжазбасын түркі-моңғол, парсы және араб билеушілерінің тарихы мен генеалогиялық мәліметтерін сақтаған, қазақ халқының төл тарихын зерттеуге маңызды мұра деп сипаттайды.
Бұған қоса, Президент бұған дейін Қазақстанның жаңа академиялық тарихын әзірлеу міндетін алға қойған еді. 2026 жылғы Құрылтайда Тоқаев жеті томдық академиялық Қазақстан тарихын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын айтып, бұл еңбектің мемлекеттілікті нығайтуға және ұлттың тұтас тарихи санасын қалыптастыруға үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны цифрландыру, ұлттық жады мен білімнің цифрлық қорын жасау мәселесін көтерді. Мұның бәрі керек. Бірақ жеткілікті ме?
Архивтен табылған тарих мектепке жетпесе...
Тарихты табу істің басы ғана болса, оны халыққа жеткізу – үнемі жалғасуы керек жұмыс. Шетел архивінен жүз мың құжат әкелуге болады. Жеті емес, жетпіс том тарих жазуға, музейдің қорын миллион жәдігермен толтыруға болады. Бірақ сол білім мектеп оқулығына, университет аудиториясына, деректі фильмге, көркем киноға, музей экспозициясына, ғылыми-көпшілік кітапқа, қазақ тіліндегі сапалы интернет контентіне жетпесе, тарих қайтадан шағын ғылыми ортаның меншігінде қалып қояды. Тамыз конференциясында Тоқаевтың оқу-ағарту саласына жауапкершілік артуының себебі осында.
Президент мектептер сапалы біліммен бірге тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керектігін айтып, жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық және еңбекқорлық құндылықтарын сіңіру міндетін қойды. Сонымен бірге оқулық мазмұны заман талабына сай болуға тиіс екенін атап өтті. Демек тарихи саясаттың соңғы нүктесі архив емес, бала.
Архивте табылған дерек баланың санасына ғылыми әрі түсінікті түрде жеткенде ғана ол ұлттық жадыға айналады. Әйтпегенде ол – сөредегі қағаз ғана.
Бізге қандай тарих керек?
Бізге жеңілген жерімізді жасыратын тарих керек емес. Бізге жеңгенімізді әсіре асыратын тарих та керек емес. Қазақты мәңгі құрбан етіп көрсететін тарих та қажет емес. Бізге қазақты әлемдегі барлық өркениеттің жалғыз бастауы санайтын тарих та қажет емес.
Бізге шын тарих керек. Ол – қазақтың қай жерде жеңілгенін, неге жеңілгенін айтатын, қай жерде жеңгенін, оған қалай жеткенін түсіндіретін тарих. Ол – ханды хан болғаны үшін ғана дәріптемей, оның мемлекетті қалай басқарғанын зерттейтін тарих. Ол – батырды тек жауға шапқаны үшін емес, елді сақтап қалудағы орнын түсіндіретін тарих. Ол – Алашты тек ұранға айналдырмай, олардың еңбегін оқитын тарих. Ол – ашаршылықтағы құрбандардың санын ғана санамай, оған әкелген саяси, экономикалық тетіктерді ғылыми зерттейтін тарих. Ол – тәуелсіздікті 1991 жылдан басталған бос кеңістіктегі жаңа мемлекеттің пайда болуы ретінде емес, ғасырлар бойғы мемлекеттілік дәстүрінің жаңа саяси кезеңі ретінде түсіндіретін тарих. Сонда тарих мақтанатын зат емес, ойланатын ғылымға айналады.
Бүгін он жастағы бала Күлтегінді қалай таныса, ертең мемлекеттілікке солай қарайды. Абылайды қалай таныса, дипломатия мен ел бірлігін солай түсінеді. Алашты қалай түсінсе, мемлекет пен азаматтың жауапкершілігін солай бағалайды. Ашаршылықты қалай сезінсе, адам өмірі мен мемлекеттік шешімнің құнын солай сезінеді. Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін білсе, оның қадірін де соншалық терең ұғады. Сондықтан тарих пәні – өткен ғасырлардағы даталарды жаттау сабағы емес. Ол – азамат қалыптастыратын сабақ.
Осы тұрғыдан келгенде, Құрылтайда айтылған «Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние» деген сөздің салмағы ауыр. Өйткені тарихты бұрмалаудың екі жолы бар: Бірі – өзгенің сенің тарихыңды өшіруі; Екіншісі – өз қолыңмен өз тарихыңды өтірікке айналдыруың. Біріншісіне қарсы күресуге болады. Екіншісі әлдеқайда қауіпті. Себебі өтірікті өзің шындық деп қабылдай бастайсың.
Демек, архивтегі әр құжат, жер астынан табылған әр жәдігер, тасқа түскен әр таңба, шетел қорынан қайтарылған әр қолжазба – қазақтың «біз кімбіз?» деген сұрағына жауап беретін құнды қазына. Ал тарихымызды өз қолымызбен өшірсек, дерегімізді жоғалтсақ, ақиқатты аңызбен алмастырсақ, ұрпаққа бұрмаланған шежіре қалдырсақ біз жерімізді жоғалтпаған күннің өзінде жадымыздан айырыламыз. Сондықтан ел боламын десек – тарихымызды түгендеп, қадірлеп, ақиқаттан алыстамауымыз керек. Ал ел болмаймын десек соның кері...