Президент: Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуына қатысты.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент ұлттық жады мен тарихи сана мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы тарихты күмәнді деректер мен бұрмаланған мәліметтерге сүйеніп жазуға болмайтынын айтты.
Ұлттың жадын бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды
«Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.
Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз.
Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды.
Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.
Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.
Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние.
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын».
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев төл тарихты тұтас тану ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тарихты жаңғырту өткенді әсірелеп көрсету немесе даңғаза мақтанға салыну деген сөз емес.
Тарих – ұлттың темірқазығы
«Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз.
Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді.
Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?!
Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама.
Себебі, қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық.
Санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады. Әсіресе, қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды».
Президент тарихи сана қалыптастыруда ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара-жігін ажырату қажет екенін де айтты. Ол бұл ретте білім мен ғылымға сүйеніп, нақты іске ден қоюға шақырды.
Төл тарихымызды ел мүддесіне қызмет еткен тұлғалар жазды
«Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек.
Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн.
Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз.
Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады.
Елімізді көркейтеміз десек, осындай ұлт перзенттерінің өмірін, ұстанымдарын үлгі-өнеге етуіміз керек. «Ондай болмақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес.
Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы».
Осылайша, Мемлекет басшысы тарихи сананы қалыптастыруда өткенді біржақты бағалаудан, тарихты бұрмалаудан және құр мақтанға салынудан аулақ болып, ғылыми әрі шынайы көзқарасты басшылыққа алу қажеттігін алға тартты.