«Шура» журналы – түркі-мұсылман баспасөзінің айтулы басылымы
ХХ ғасырдың басы Ресей империясының құрамындағы түркі-мұсылман халықтарының қоғамдық және рухани өмірінде үлкен өзгерістер болған кезең. Бұл уақытта білімге, ғылымға, ұлттық тарих пен тілге деген қызығушылық артып, жаңа сипаттағы баспасөз қалыптаса бастады. Қазан, Орынбор, Уфа, Бақшасарай секілді қалаларда жарық көрген газет-журналдар халықтың саяси сауатын арттырып қана қоймай, әдебиет пен мәдениеттің дамуына да ықпал етті.
Сол дәуірдегі ең беделді басылымдардың бірі – Орынборда жарық көрген «Шура» журналы. Татар тілінде шыққан бұл журнал он жылға жуық уақыт бойы түркі-мұсылман халықтарының қоғамдық, ғылыми, әдеби және рухани өміріне қатысты мәселелерді тұрақты түрде көтеріп отырды. 1908 жылдың 10 қаңтарынан 1917 жылдың 31 желтоқсанына дейін журналдың барлығы 240 саны жарық көрген. Ол айына екі рет «Уақыт» газетіне қосымша ретінде басылып тұрған. «Шура» журналының дүниеге келуі Орынбордағы татар баспасөзінің өркендеуімен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың басында Орынбор Ресей империясының ішкі бөлігіндегі түркі-мұсылман халықтары үшін маңызды мәдени және баспагерлік орталықтардың біріне айналды. Журналдың негізін қалаушылар әрі баспагерлері – татардың белгілі кәсіпкерлері, меценаттары және әдебиетке жақын тұлғалар Мұхаммедшакир Рәмиев пен Мұхаммедзакир Рәмиев болды. Мұхаммедзакир Рәмиев әдеби ортада Дәрдмәнд деген есімімен танылған ақын еді. Рәмиевтер өз қаржыларымен Орынборда баспа ісін дамытып, «Уақыт» газеті мен «Шура» журналының тұрақты шығуына жағдай жасады. Журналдың алғашқы саны 1908 жылдың қаңтарында жарық көрді. Бас редакторлық қызметке ғалым, тарихшы, дінтанушы, жазушы әрі ағартушы Ризаэддин Фахреддин шақырылды. Осы сәттен бастап «Шура» жай ғана әдеби журнал емес, ғылым, тарих, әдебиет, білім, тіл және қоғамдық мәселелерді қатар қамтитын көпсалалы басылымға айналды.
«Шураның» тарихын Ризаэддин Фахреддиннің есімінсіз елестету қиын. Ризаэддин Фахреддин – ХХ ғасыр басындағы татар және жалпы түркі-мұсылман рухани әлемінің көрнекті өкілдерінің бірі. Оның ғылыми және ағартушылық көзқарастары журналдың мазмұнына айтарлықтай ықпал етті. Фахреддин «Шураны» дерекке, білімге және тарихи санаға негізделген басылым ретінде қалыптастырды. Журналда оның өзі көптеген ғылыми-танымдық, тарихи және әдеби мақалалар жариялады. Сонымен бірге ол белгілі тұлғалардың өмірбаянын жүйелі түрде жариялауға ерекше көңіл бөлді. Фахреддиннің журналда мұсылман мәдениетінің көрнекті тұлғалары туралы 179 өмірбаяндық мақала жариялағаны көрсетіледі. Осы ерекшеліктің арқасында «Шура» сол кезеңдегі оқырман үшін өзіндік тарихи-энциклопедиялық басылым қызметін атқарды.
«Шура» журналының мазмұны ХХ ғасыр басындағы түркі-мұсылман қоғамының рухани және әлеуметтік мәселелерін кең қамтыды. 1908–1917 жылдары Орынборда жарық көрген басылымда тарих, әдебиет, тіл, оқу-ағарту, дін, ғылым, мәдениет және қоғамдық өмірге қатысты мақалалар тұрақты жарияланып отырды. Журналдың редакторы Ризаэддин Фахреддин тарихи тұлғалардың өмірі мен мұрасын таныстыруға ерекше мән беріп, мұсылман әлемінің ғалымдары, ойшылдары, ақындары мен ағартушылары туралы көптеген өмірбаяндық материалдар жариялады. Осы арқылы тарихи жадыны қалыптастыруды көздеді. Әдебиет те «Шураның» негізгі бағыттарының бірі болды. Журналда көркем шығармалармен бірге әдеби сын, әдебиет тарихы, жаңа кітаптарға шолу және қаламгерлер шығармашылығына арналған зерттеу мақалалары жарық көрді. Зерттеулерде 1908–1917 жылдары журналда жүздеген автордың поэзиялық шығармалары жарияланғаны көрсетіледі. Сонымен қатар тіл мәселесі, әсіресе әдеби тілдің халыққа түсініктілігі мен оның даму жолдары туралы пікірталастар жүргізілді. Оқу-ағарту мәселесі де журналдың тұрақты тақырыптарының қатарында болды. Мектеп, мұғалім, жаңа оқыту әдістері, жастардың білім алуы және әйелдердің білім алу мүмкіндігі туралы материалдар жарияланды. Бұл мәселелер қоғамды жаңғырту, сауаттылықты арттыру және жаңа білімге жол ашу қажеттілігімен байланыстырылды. Дін тақырыбы да білім, тәрбие, мораль және қоғамдық жауапкершілік мәселелерімен сабақтастықта қарастырылды. Журналдың тағы бір маңызды қыры – кітаптар мен жаңа басылымдарға назар аударуы. «Шурада» библиографиялық шолулар мен сын мақалалары арқылы жаңа шыққан еңбектер оқырманға таныстырылып отырды. Ал Қазақстан мен Түркістанға қатысты материалдардың жариялануы журналдың географиялық ауқымының кең болғанын көрсетті. Қазақ қоғамының тарихы, тұрмысы, оқу-ағарту мәселелері сөз болып, қазақ қаламгерлерінің шығармалары мен есімдері татар оқырманына таныстырылды.
«Шураның» тарихи маңызын оның таралу ауқымынан да көруге болады. Журнал тек Орынбор мен Еділ-Орал өңірінде ғана оқылған жоқ. Ол Ресей империясының әртүрлі аймақтарындағы түркі-мұсылман оқырмандарына тарады. Зерттеулерде басылымның Түркістан, Қазақстан, Кавказ, Қырым және басқа да аймақтарда оқылғаны көрсетіледі. Бұл кезеңде түркі халықтарының арасында ортақ рухани және мәдени кеңістік қалыптасып келе жатқан еді. Әр халықтың өз тілі, әдебиеті мен қоғамдық ерекшеліктері болғанымен, олардың алдында ұқсас мәселелер тұрды: халықтың сауатын ашу, жаңа білімге ұмтылу, ұлттық тарихты тану, баспасөзді дамыту, ана тілінің мүмкіндігін кеңейту. «Шура» осындай мәселелерді талқылайтын ортақ ақпараттық алаңдардың біріне айналды.
«Шураның» маңызды ерекшеліктерінің бірі – әдебиетке кең орын беруі. Журналда татар әдебиетінің көрнекті өкілдерімен қатар басқа түркі халықтарының әдебиеті туралы материалдар да жарияланды. Әдебиеттану, әдеби сын, жаңа кітаптар, ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы мақалалар басылымның тұрақты тақырыптарының қатарында болды. Тіпті кейінгі зерттеулерде «Шураның» әдеби мәселелерді жүйелі түрде көтергені арнайы зерттеу нысанына айналған. Бұл тұрғыдан алғанда, журнал ХХ ғасыр басындағы әдеби процесті тіркеп қана қоймай, әдеби талғам мен тарихи-әдеби сананың қалыптасуына ықпал еткен басылымдардың бірі болды.
«Шура» журналына жазған қазақ қаламгерлері
«Шура» журналының тарихын қазақ оқырманы үшін қызықты ететін маңызды қырдың бірі – оның қазақ даласымен және қазақ зиялыларымен тығыз байланысы. Орынборда татар тілінде жарық көрген журналдың аудиториясы татар халқымен ғана шектелмей, Ресей империясының құрамындағы басқа да түркі-мұсылман халықтарын қамтыды. Сондықтан оның беттерінен қазақ қоғамының тарихы, тұрмыс-тіршілігі, оқу-ағарту мәселелері мен әдеби өміріне қатысты материалдарды кездестіруге болады. Зерттеулерде журналда қазақ тұрмысы, оқу-ағарту, жер мәселесі, қазақ кітаптары және түрлі хабарлар туралы жазбалар жарияланғаны көрсетіледі. Қазақ тарихына деген қызығушылық журналдың алғашқы жылдарынан-ақ байқалды. Бұл жайлы зерттеуші Абай Мырзағали Абай.кз жарық көрген «Шура» журналына қазақ қаламгерлері не жазды?», - деген мақаласында 1908 жылғы №4 санда Жәңгір ханға арналған «Җанибәк хан» атты тарихи материал жарияланып, ол 97–101-беттерді қамтыған. Журналдың библиографиялық каталогында бұл мақала «Мәшһүр адамдар һәм ұлы оқиғалар» («Мәшһүр адәмнәр вә олуг хадисәләр») айдарымен берілген. Бұл дерек «Шураның» қазақ тарихына назар аударғанын ғана емес, Бөкей Ордасы мен оның билеушісі Жәңгір хан туралы мәліметтерді татар оқырманына да таныстырғанын көрсетеді.
Қазақ тақырыбы журналда тарихи тұлғалармен ғана шектелген жоқ. Қазақ қоғамының күнделікті тыныс-тіршілігі, оқу-ағарту ісі, жер мәселесі және кітап шығару сияқты өзекті мәселелер де сөз болды. Сонымен бірге қазақ кітаптарына қатысты хабарландырулар мен мұғалім іздеу жөніндегі ақпараттардың жариялануы журналдың қазақ қоғамымен байланысының тек әдеби немесе тарихи сипатта болмағанын аңғартады. Яғни «Шура» қазақ даласындағы қоғамдық және мәдени өзгерістер туралы ақпарат таратып отырған басылымдардың бірі болды. Журналдың қазақ әдебиеті үшін маңызы одан да айқын. Оның беттерінде қазақ қаламгерлерінің мақалалары, өлеңдері мен аудармалары жарық көрді. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәңгерей Бөкеев, Жанұзақ Жәнібеков, Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев және басқа қазақ зиялылары бар. Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің зерттеу материалында Шәңгерей Бөкеев аударған Лермонтовтың «Қашқын» поэмасының да «Шура» бетінде жарияланғаны көрсетіледі. Осы қатарда Ғұмар Қараштың орны ерекше. Ол «Шурамен» тұрақты байланыста болған қазақ қаламгерлерінің бірі еді. Ғылыми зерттеулерде Ғұмар Қараштың 1909–1911 жылдары Ризаэддин Фахреддин редакторлық еткен «Шурада» 15 мақала жариялағаны және «Педагогика» еңбегін басылымда жариялағаны көрсетіледі.
Ғұмар Қараштың «Шурадағы» шығармашылық ізін нақты жарияланымдардан да көруге болады. Мысалы, оның «Ойлама өзіңді өзің білемін...» деп басталатын өлеңі журналдың 1909 жылғы №11 санында жарық көрген. Ал «Қазақ жыры» атты өлеңі 1911 жылғы №4 санда жарияланғаны туралы библиографиялық дерек бар. Оның «Шура» арқылы жарияланған шығармалары қазақ қоғамындағы білім, ағартушылық, рухани жаңғыру және адам тәрбиесі сияқты мәселелермен сабақтасып жатты. Қазақ қаламгерлерінің «Шураға» қатысуы сол дәуірдегі әдеби байланыстың бір ерекшелігін де көрсетеді. ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық баспасөзі енді қалыптасып келе жатқан кезде татардың баспа және журналистика тәжірибесі анағұрлым орныққан еді. Сондықтан қазақ зиялылары «Шура», «Уақыт» секілді татар басылымдарымен байланыс жасап, өз ойларын кеңірек түркі-мұсылман оқырманына жеткізді. Бұл әдеби байланыс біржақты болған жоқ: қазақ авторлары өз шығармаларын жарияласа, татар оқырманы қазақтың ақын-жазушыларымен, тарихи тұлғаларымен және қоғамдық мәселелерімен танысты.
Осы тұрғыдан алғанда, «Шура» – қазақ әдебиеті мен татар әдебиетінің және жалпы ХХ ғасыр басындағы түркі халықтарының ортақ рухани байланысын көрсететін маңызды баспасөз дереккөзі. Оның беттерінен қазақ даласының тарихы мен қоғамдық өмірін ғана емес, қазақ зиялыларының сол кезеңдегі кең мәдени-интеллектуалдық кеңістікке араласуын да көруге болады. Бүгінде «Шура» журналының он жылдық мұрасы тарихшылар, әдебиеттанушылар, тіл мамандары мен мәдениет зерттеушілері үшін құнды дерек көзі болып отыр. Журналдың барлық 240 санының сақталуы ХХ ғасыр басындағы қоғамдық ойдың қалай өзгергенін кезең-кезеңімен зерттеуге мүмкіндік береді. Оның беттерінен сол дәуірдегі әдеби процесті, білім мен ғылым туралы түсініктерді, тарихи тұлғаларға берілген бағаларды және түркі-мұсылман халықтарының өзара мәдени байланыстарын көруге болады. Ал қазақ әдебиеті үшін «Шура» – Алаш дәуіріндегі қаламгерлердің татар баспасөзімен байланысын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды архивтік дерек. Сондықтан бүгінде «Шураның» сарғайған беттерін парақтау – өткенді еске алу ғана емес, қазақ және жалпы түркі халықтарының ХХ ғасыр басындағы ортақ интеллектуалдық кеңістігін қайта тану.