Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек - Тоқаев

40
Материалға сурет: Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек - Тоқаев

Сурет: aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Ұстаздардың биылғы жиыны«Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналып отыр, деп хабарлайды e-history.kz порталы.  

Пленарлық отырыста Мемлекет басшысы тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді. 

«Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы. Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білім саласындағы тағы бір маңызды бағыт ретінде жасанды интеллектіні атады. Оның айтуынша, биыл мамыр айында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге қатысты арнайы Жарлыққа қол қойылған. Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында бұл тапсырма тиісті деңгейде орындалмаған. Тоқаев мұны үлкен кемшілік деп бағалады.

Мемлекет басшысы балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні дұрыс әрі жүйелі пайдалану тәртібін айқындайтын тиімді шараларды шұғыл қабылдау қажет екенін айтты. Сонымен бірге жастардың, әсіресе ауыл жастарының цифрлық құрылғыларды тек көңіл көтеру үшін емес, тұрақты табыс көзіне айналдыра алуы маңызды екенін атап өтті.