Ұлттық бірегейлік: дәстүрді сақтау не үшін маңызды?
2026 жылғы 21–22 тамызда Астана мен Бурабайда «Дәстүр мен қазіргі заман диалогы: рухани мәдениет ұлттық бірегейліктің негізі ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Екі күнге созылған алқалы жиын дәстүрлі мәдениетті сақтау, оны қазіргі қоғам талаптарына бейімдеу және халық шығармашылығының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін талқылауға арналды.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті модификациялау және қайта құру» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Ғылыми жиынға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары, докторанттары мен магистранттары, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Польша және басқа да елдерден келген зерттеушілер қатысты. Халықаралық құрам әртүрлі халықтардың тарихи-мәдени тәжірибесін салыстырып, ұлттық құндылықтарды сақтаудың ортақ мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Конференцияның алғашқы күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде пленарлық отырыс өтті. Жиында ғылыми бағдарламаның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Теңгеш Қаленова 2025–2026 жылдары жоба аясында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген ғылыми нәтижелерді таныстырды. Зерттеу барысында Қазақстанның әр өңірінде және шетелдегі қазақ қауымдары арасында этнографиялық экспедициялар, далалық зерттеулер мен ғылыми кездесулер ұйымдастырылған.
Пленарлық және секциялық отырыстарда дәстүр мен қазіргі заманның өзара байланысы, халық шығармашылығының әлеуметтік қызметі, рухани-мәдени мұраны келесі ұрпаққа жеткізу жолдары сөз болды. Ғалымдар жаһандану, урбанизация және ақпараттық технологиялардың дамуы жағдайында дәстүрлі құндылықтардың қалай өзгеріп жатқанын талқылады.