Халықты отырықшылық пен егін салуға шақырған жырау
Ақтамберді Сарыұлы халықты отырықшылыққа, егін салуға, тоған тартып, су шығаруға үндеген алғашқылардың бірі болды.
Аягөз өңірі - батырлар мен жыраулардың киелі мекені. Өткен аптада қазақтың ұлы тұлғасы, жырау, қолбасшы, дипломат Ақтамберді Сарыұлының туғанына 350 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар ұйымдастырылды.
Мерейтой барысында оның ерлігі, шығармашылығы және елдік істердегі үлесі ерекше аталып, әдеби кештер, ғылыми конференциялар, жыр мүшәйралары, ұлттық спорт жарыстары және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Ақын да, батыр да, балуан да, қолбасшы да бола білген жырау» атты әдеби кеште оның жырлары оқылып, тарихи деректер талқыланды.
Ақтамберді Сарыұлы
Ақтамберді Сарыұлы – 1675-1768 жылдар аралығында өмір сүрген атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері атанған тұлға. Оңтүстік Қазақстанның Қаратау өңірінде дүниеге келіп, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жүрекжота мекенінде дүниеден өткен.
Он екі жасынан бастап жорыққа аттанған. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» деген сөзінен-ақ Ақтамбердінің ел бостандығы жолындағы күреске тым ерте араласқанын аңғаруға болады.
«Ақтамбердінің арғы аталары Бөрі деген адам. Одан Бөлтірік туады. Бөлтіріктен Сақадам, Сары. Сарыдан Ақтамберді баба туған.
Найман тайпасының қаракерей руы, сыбан тармағынан шыққан.
Ол «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына бастан-аяқ араласып, 1738–1752 жылдардағы қазақ-қалмақ соғыстарына белсене қатысқан. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған хас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би әрі атақты жырау атанған тұлға.
Ақтамберді Сарыұлы - атақты жырау, қолбасшы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі әрі дипломат атанған тұлға. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелеген. Қысқа, нақыл, шешен сөздердің шебері.
Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау болған. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп, жыр-толғауға айналған.
Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан асады.
Азғантай қазынасының өзі аффаризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды», «Түйе мойнын тұз кесер», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» «Балпаң, балпаң кім баспас?», «От басар орыны отаудай» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы.
Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.
Ақтамберді толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18-19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілген.
Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.
Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады.
Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай рөл атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.
Көн теріден құтылған жырау
Жұрт арасында Ақтамбердіге қатысты мынадай аңыз сақталған:
Жоңғардың зәресін алып әбден мысына тиген Ақтанберді батырды жау қолы қалай да қолға түсірудің сан алуан құйтырқы әрекетіне барады. «Аңдыған жау алмай қоймайды», деп қазақ бекер айтпаса керек, ақыры батыр Ақтанберді абайсызда жау қолына түсіп қалады. Өзі шешен, өзі батыр, қолын шапса да тілімен қамшы үйіретін қазақтың Ақтанбердісін қолға түсіру қалмақ үшін аса үлкен абырой болса керек. Не дегенмен олар өзге де қазақ батырларының зәресін алып үрейлендіру мақсатында Ақтанберді батырды байлап, матаған күйі сиырдың жас терісіне орап тастайды. Теріге оралған батырды аптап ыстықтың астына құм далаға апарып тастайды да «енді ит-құсқа жем болып өледі» деп кетіп қалады. Бұл қалмақ зұлымдарының бұған дейін де қолданған аса қатал жазасының бірі-тұғын. Сол жазаны қазақтың от жүректі, орақ тілді батырына қолданулары да бекер болмаса керек.
Ай далада көк өгіздің жас терісіне оралған өзінен басқа тірі жанның жоғын сезген батыр бар дауысымен айқайлай жадында жатталған жырларына ерік береді. Айқай салып құм даланы басына көтерудің себебі де жоқ емес-ті. Бір жағынан ішкі үрейді жеңу болса, келесі бір амал – түз тағысының тісіне түспей, аман қалу. Не қылғанмен де түз тағысы қатты дауыстан секем алары сөзсіз. Осылайша өз үнімен кіл даланы жаңғыртқан Ақтанбердінің дауысын қыр астына көшіп келген бір ғана шаңырақта түтін түтеткен аналы-қызды екеу естиді. Олар күні бойы сай сүйекті сырқыратқан бұл үн иесінің тегін адам емесін сезген. Сезген де өзара сөз байласты. Не де болса, түн қарая теріге оралған бұл жанды босатып алуымыз қажет. Әйтпегенде қазақтың бір мықтысынан айрылып қалуымыз анық деді. Осылайша кеш қарайып, күн батқан. Ел орнына жатқан сәтте қыз бен анасы келіп, күн ыстығына бүрісіп қуара бастаған теріні тіліп жібереді. Іштен аһ ұрып кең ауаны кеудесін толтыра жұтқан Ақтанберді шығады. Екі жанға өзінің кім екендігін қысқа да нұсқа баяндайды да ақ жаулықты анадан бата алып, бұл жерден тез ізін суытады. Бұлай болмаса тағы болмас. Себебі қарауыл келіп қалса барлығының осы жерде көзі жойыларын бұл жақсы түсінеді.
Араға бірнеше ай уақыт салып Ақтанберді батыр қалың қол жинайды. Қол жинап, қорамсаққа оқ толтырып келіп, өзін көк өгіздің терісіне тыққан қалмақтардың қанын суша шашады.