Бөкей Ордасына сапар: Қазақ даласындағы тұңғыш баспахана
Бөкей Ордасына сапарымыздың келесі аялдамасы – Хан Ордасындағы тұңғыш қазақ кеңес баспаханасының тарихына арналған музейлік экспозиция. Бір қарағанда шағын ғана бөлме. Алайда осы жерде қойылған ауыр баспа машиналары, қорғасын әріптер мен көне газет көшірмелері қазақ баспасөзінің тұтас бір дәуірінен сыр шертеді. Тарихи баспахана орналасқан негізгі ғимарат кейінгі кездері тұрғын үй ретінде пайдаланылатындықтан, оның ішкі жұмыс кеңістігі музейде қайта жасақталған.
* Тұңғыш баспахана туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар
Музейге кірген сәттен-ақ ХХ ғасыр басындағы баспа ісінің қаншалықты күрделі еңбек болғанын аңғаруға болады. Қазір бірнеше секундта теріліп, бір батырмамен басылатын газет ол кезде мыңдаған қорғасын әріпті қолмен орналастыру, баспа қалыбын дайындау, бояу жағу, қағазды станоктан өткізу және әр парақты жеке өңдеу арқылы жасалған. Баспахананың тарихи ғимараты Хан Ордасы ауылының орталығында сақталған. 1818 жылы салынған ағаш үйде 1918 жылдың жазында қазақ кеңестік баспаханасы жұмысын бастаған. Қазіргі музей тарихи баспахананың бұрынғы үлгісі негізінде қайта жасалған жеке ғимаратта орналасқан. Ол 2013 жылы Бөкей Ордасы тарихи-музей кешенінің құрамында ашылды.

Музейдің алғашқы бөлімі Бөкей Ордасында баспасөз ісінің қалыптасу тарихына арналған. Мұнда ХХ ғасырдың басында жарық көрген газеттер, журналдар, олардың редакторлары мен шығарушыларын таныстыратын құжаттар, фотосуреттер және ақпараттық материалдар қойылған. Экспозициядан 1911–1913 жылдары шыққан «Қазақстан» газеті туралы мәліметтерді көруге болады. Басылымды шығаруға Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев және басқа да ұлт зиялылары атсалысты. Газет бетінде оқу-ағарту, жер, шаруашылық, кәсіп, мәдениет және қоғамның саяси өміріне қатысты мәселелер көтерілді. Музейде «Қазақстан» газетінің халыққа мерзімді басылымның қызметін алғаш түсіндірген мақалалары да таныстырылады. Солардың қатарында Ғұмар Қараштың «Газет деген не зат?» және «Газет не үшін керек?» атты еңбектері бар. Бұл мақалаларда газет ел ішіндегі жаңалықты таратып, жұртты білімге, қоғамдық іске және бірлікке шақыратын құрал ретінде сипатталған.

Экспозицияда 1917 жылы Ордада жарық көрген «Ұран» газетіне де арнайы орын берілген. Басылымның редакторы – бірнеше тіл меңгерген ағартушы, шығыстанушы және қоғам қайраткері Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Газет жұмысына Ғұмар Қараш, Нұғман Манаев, Бақыткерей Құлманов және басқа да қазақ зиялылары араласқан. Музейдегі газет көшірмелері мен ақпараттық тақталар бір басылымның орнын екіншісі қалай жалғастырғанын көрсетеді. Мұнда «Хабар – Известия», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналы туралы деректер ұсынылған. Кейінгі кезеңдердегі «Жаңа жол» және қазіргі «Орда жұлдызы» газетінің тарихы да осы баспасөз дәстүрімен сабақтастырылады.

Музейдегі ең қызықты жәдігерлердің бірі – баспа әріптері. Қазіргі пернетақтадағы әріптердің әрқайсысы ол кезде жеке металл таңба түрінде болған. Әріптер қорғасыннан немесе қорғасын қосылған металл қоспасынан құйылып, көлемі мен қаріп үлгісіне қарай жеке ұяшықтарға бөлініп сақталған. Газет мәтінін теру үшін жұмысшы қажетті әріпті жәшіктен бір-бірлеп алып, оларды жол бойымен арнайы қалыпқа орналастырған. Бір ғана сөйлем ондаған жеке таңбадан, ал бір газет беті мыңдаған металл әріптен құралған. Қазақ тіліндегі газеттер араб графикасына негізделген жазумен басылған. Сондықтан әріп теруші мәтінді оңнан солға қарай құрастырып, әр таңбаның сөз ішіндегі орналасуына ерекше назар аударған.

Экспозицияда баспахана қызметкерінің жұмыс орны да жасақталған. Үстел үстіндегі құралдар мен әріптер орналасқан бөлімдер арқылы келушілер газет бетінің қалай құрастырылғанын көре алады. Әріп теруші алдымен қолжазба мәтінді оқып, оны жол-жолға бөліп терген. Жолдар бір қалыпқа біріктіріліп, кейін тұтас бағанға айналдырылған. Бірнеше бағаннан газет бетінің баспа қалыбы жасалған. Бұл жұмыста әріптердің биіктігі бірдей болуы шарт еді. Бір таңба төмен немесе жоғары орналасса, оның бояуы қағазға дұрыс түспейтін.

Музейде газет мәтініндегі қатені тексеруге және түзетуге арналған жұмыс үстелі бар. Газеттің негізгі таралымы басылмай тұрып, қалыптан бір сынама парақ шығарылған. Оны редактор немесе корректор қолжазбамен салыстырып тексерген. Қате табылған жағдайда дайын қалып ашылып, дұрыс қойылмаған металл әріп алынып, орнына қажетті таңба салынған.

Музейдегі көлемді жәдігерлердің қатарында әр кезеңде қолданылған баспа машиналары бар. Салмағы ауыр, негізінен темірден жасалған бұл құрылғылар қазіргі принтердің қызметін атқарған. Алдымен әріптерден құрастырылған баспа қалыбы станокқа бекітілген. Оның бетіне арнайы білікпен бояу жағылып, үстіне қағаз орналастырылған. Машина қалып пен қағазды бір-біріне қатты қысып, мәтінді парақ бетіне түсірген. Алғашқы станоктардың көп бөлігі қол күшімен қозғалған. Баспа қызметкері машинаның тетігін немесе тұтқасын әр парақ сайын қайта іске қосқан. Кейін электр қуатымен жұмыс істейтін құрылғылар пайда болып, басу үдерісі біршама жеңілдеді.

Экспозициядағы ірі жабдықтардың бірі – қағаз кесуге арналған машина. Баспа станогынан шыққан парақтар бірден дайын газет түрінде болмаған. Олардың жиектері өлшеніп, бір көлемге келтіріліп кесілген. Қағаздың бірнеше қабаты құрылғыға қатар салынып, ауыр әрі өткір пышақ арқылы бір қозғалыспен кесілген. Бұл жұмыс аса сақтықты қажет еткен. Қазіргі автоматты құрылғылармен салыстырғанда, бұрынғы кесу машинасының тетіктері де негізінен қолмен басқарылған.

Музей төрінен әр кезеңде жарық көрген газеттердің көшірмелері, жеке беттері және үлкейтіліп көрсетілген мақалалар орын алған. Араб графикасында басылған мәтіндерді қазіргі оқырман бірден оқи алмайтындықтан, музейде кей материалдардың қазіргі қазақ жазуына түсірілген нұсқалары берілген. Бұл келушілерге ғасыр бұрын көтерілген мәселелердің мазмұнымен танысуға мүмкіндік береді. Газет беттерінен оқу-білім, халықтың сауатын ашу, ел басқару, шаруашылық, жер, мәдениет және қоғамдағы өзгерістер туралы мақалаларды көруге болады.

Экспозицияның жеке бөлігі Ордадағы баспасөз ісін ұйымдастырған және газет шығаруға атсалысқан қайраткерлерге арналған. Олардың қатарында Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейтқали Меңдешев, Мұстафа Көкебаев, Ғали Бегалиев, Ишанғали Меңдіханов және басқа да тұлғалар бар.
* Тұңғыш баспахана туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар