Маңғыстаудың жерасты мешіттері
Күні кеше Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі кешендері «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» деген атаумен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. ЮНЕСКО бұл бес нысанды табиғи үңгірлерде, жартастардың ішінде немесе жер қабатына ойылып жасалған, Маңғыстау мен Үстірттегі көшпелі ортадан туған ерекше сәулет құбылысы ретінде сипаттайды. Кешендердің құрамына намаз залдары, михрабтар, оңаша құлшылық бөлмелері, әулиелер қабірлері, аулалар, су көздері, жолдар мен X–XX ғасырларды қамтитын қорымдар кіреді.
Шопан ата
Шопан ата кешені Қарақия ауданындағы Сенек ауылының солтүстігінде, жырымдалған сайдың беткейінде орналасқан. Бұл аумақ Каспийдің шығыс жағалауынан Хорезмге қарай өтетін көне керуен жолының бойында жатқан. Сол себепті мұнда жергілікті тұрғындармен қатар жолаушылар мен керуеншілер де аялдаған. Ақ борлы жартасқа ойылған мешіт бір-біріне жалғасқан шағын бөлмелерден тұрады. Олардың арасында намаз оқитын зал, михраб, құжыралар, тынығатын және тұрмыстық мақсатта пайдаланылған кеңістіктер бар. Мешіт ауласында тұт ағашы мен тас суат орналасқан. Бөлмелердің бірі Шопан атаның қабірімен жалғасады.
Шопан ата айналасындағы қорым – Маңғыстаудағы ең ауқымды мемориалдық кешендердің бірі. Мұнда мыңдаған қабірүсті ескерткіштері сақталған. Қорымның көне бөлігінде түрікмендердің тас қоршаулары, қойтастары, тас табыттары мен стелалары кездеседі. Кейінгі қазақ бөлігінде сағанатамдар, күмбезді кесенелер, сандықтастар, үштастар, бестастар және өрнекті құлпытастар салынған. Қабіртастарда қару-жарақ, қорамсақ, қылыш, айбалта, қоржын, жылқы және тұрмыстық заттардың бейнелері кездеседі.
Шопан ата туралы кең тараған аңыз Қожа Ахмет Ясауимен байланысты. Аңызда Ясауи асатаяғын алысқа лақтырып, шәкірттеріне оны іздеуді тапсырады. Есен есімді шәкірт асатаяқты Маңғыстаудан тауып, сол жерге тұрақтайды. Кейін ол Шопан ата атанып, асатаяқ табылған орынға мешіт салған делінеді.
Халықтық дәстүрде Шопан ата малшылар мен төрт түліктің, әсіресе қойдың қамқоршысы ретінде құрметтеледі. Оның есіміндегі «шопан» атауы да осы түсінікпен сабақтасып кеткен.

Шақпақ ата
Шақпақ ата кешені Түпқараған түбегінде, Таушық ауылы мен Сарытас шығанағына жақын аумақта орналасқан. Мешіттің нақты салыну мерзімі ғылыми еңбектерде әртүрлі межеленеді. Зерттеушілер оны ерте орта ғасырлардан XIV ғасырға дейінгі аралықпен байланыстырады. Мешіт борлы жартас сілемінің батыс жағынан қашалып жасалған. Оның басты ерекшелігі – айқыш тәрізді ішкі жоспары. Орталық залдан дүниенің төрт бағытына қарай бөлмелер тарайды. Залдың төбесі күмбез тәрізді ойылып, жоғары жағынан табиғи жарық түсетін саңылау қалдырылған. Орталық кеңістіктің бұрыштарында жартас массасынан қашалған бағандар бар. Бағандардың арасы арка тәрізді жалғасып, залға тұтас сәулеттік сипат береді. Михраб мешіттің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Жартас ішіндегі негізгі есіктен бөлек, кешеннің үстіңгі жағына шығатын жол да болған. Жарық түсетін саңылаудың үстінде алыстан байқалатын төртбұрышты құрылыс салынған. Ол жарық пен ауа өткізумен қатар, мешіттің сыртқы белгісі қызметін де атқарған.
Шақпақ атаны ерекше құнды ететін тағы бір белгі – қабырғаларындағы жазулар мен бейнелер. Мұнда араб, парсы және түркі-шағатай тілдеріндегі мәтіндер, діни тіркестер, келушілер қалдырған есімдер мен таңбалар кездеседі. Жазулар арасында Қажы-Тарханнан, Қазаннан, Әзербайжаннан, Хорезмнен, Бұхара мен Әндіжаннан келген адамдардың белгілері бар. Зерттелген мәтіндердің ең көнелерінің бірі 1707–1708 жылдарға жатады. Қабырғалардан салт аттылар, садақшылар, жылқы, жыртқыш аң, лотос гүлі және ашық алақан бейнелері де табылған.
Шақпақ атаның өмір сүрген кезеңі жөніндегі мәліметтердің басым бөлігі халық аңыздарында сақталған. Аңыздардың бірінде оның шын есімі Шахмардан болғаны, Шопан атаның ұрпағы саналғаны айтылады. «Шақпақ» атауы от тұтататын шақпақ таспен байланыстырылады. Ел ішінде оның қаруынан ұшқын шашылғаны немесе екі тырнағын бір-біріне тигізіп от тұтата алғаны туралы әңгімелер тараған.

Қараман ата
Қараман ата кешені Шетпе ауылынан шамамен 35 шақырым оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. Жерасты мешіті үлкен емес төбенің баурайындағы табиғи қуысты өңдеу арқылы жасалған. Кешен үш негізгі кеңістіктен тұрады: кіреберіс, намаз оқитын зал және Қараман атаның қабірі орналасқан дөңгелек бөлме. Төбені ұстап тұру үшін жартас қабатынан қалдырылған және арнайы тастан қаланған үш тіреу баған қолданылған. Жер қабаты жұқа болғандықтан, мешіт бөлмелері аласа. Ішке жарық түсуі үшін төбеден екі дөңгелек саңылау ойылған. Мешітті қоршаған үлкен қорымда ортағасырлық тас қоршаулар мен оғыз-түрікмен үлгісіндегі қабіртастар, XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ құлпытастары, сағанатамдар мен күмбезді құрылыстар кездеседі.
Қараман ата халық жадында әділдік пен адал анттың мекені ретінде белгілі. Ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы күрделі дауларды шешу кезінде тараптардың осы жерде ант бергені жөнінде көптеген әңгіме сақталған. «Қараман атадағы анттасу» ұғымы дауласқан адамдарды қантөгіске жеткізбей, келісімге шақыратын моральдық тетікке айналған.

Сұлтан үпі
Сұлтан үпі жерасты мешіті Түпқараған ауданында, Таушық ауылының солтүстік-батысында, Каспий жағалауына жақын жерде орналасқан. Сәулеттік және діни сипатына қарай зерттеушілер Сұлтан үпі кешенін XII–XIII ғасырлар шамасында сопылық қауым пайдаланған ханака үлгісіндегі ғибадат орны ретінде қарастырады. Мешіт кең әрі терең сайдың ішіндегі тастақ қабаттан ойылып жасалған. Оған тастан қаланған баспалдақ арқылы түседі. Кешен бір-біріне жалғасқан бірнеше камерадан тұрады. Баспалдақ алдымен төбесі биік негізгі залға алып келеді. Залдың қабырғалары көлденең тас қалау әдісімен бекітілген, биіктігі кей тұста үш метрге дейін жетеді. Негізгі бөлмеден тар өткелдер арқылы шағын кеңістіктерге өтуге болады.
Сұлтан үпі кешенінің ерекшелігі – мешіттің табиғи саймен және су көздерімен тығыз байланысында. Сай Каспийге қарай бірнеше шақырымға созылып жатыр. Оның түбінен бұлақтар шығып, Маңғыстаудың қуаң табиғатына тән емес қалың өсімдіктердің өсуіне жағдай жасаған. Кешен маңында тұщы су құдығы да бар.
Ел аузындағы аңыздарда Сұлтан үпі Сүлеймен Бақырғанидың, яғни Хакім атаның баласы ретінде айтылады. Ол теңізшілер мен балықшыларды су апатынан қорғайтын пір саналған. Дауыл көтеріліп, күн күркіреген кезде теңізге шыққан адамдар оның атын атап, амандық тілеген. Сұлтан үпі бейнесінің суға байланысты қалыптасуы кешеннің Каспийге жақын орналасуымен, сайдағы бұлақтармен және құдықпен табиғи түрде сабақтасады.

Бекет ата
Маңғыстаудағы жерасты мешіттерінің арасында Оғыландыдағы Бекет ата кешені ерекше танымал. Ол Үстірттің батыс бөлігіндегі биік борлы шатқалда орналасқан. Үстіңгі зиярат кешенінен мешітке қарай жартасты беткеймен ирелеңдеген жол түседі. Ғибадатхана шатқалдың орта қабатынан ойылғандықтан, алыстан қараған адам оның қай жерде орналасқанын бірден аңғара бермейді.
Бекет Мырзағұлұлы XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген діни ағартушы ретінде белгілі. XIX ғасырдағы жазба мәліметтер оның шамамен 1810 жылдардың алғашқы жартысында қайтыс болғанын көрсетеді. Тарихи әңгімелерде Бекет атаның Хиуа өңірінде Бақыржан қажыдан діни білім алғаны айтылады. Кейін ол Маңғыстау, Үстірт және Ембі бойындағы көшпелі ауылдарға білім таратып, балалардың сауатын ашқан. Оның есімі мешіт салушы сәулетші, сопылық жолдың өкілі және ел ішіндегі рухани тәлімгер ретінде сақталған.
Оғыландыдағы мешіт төрт бөлмеден тұрады. Аласа және тар есіктен кірген адам төбесінен жарық түсетін күмбез пішінді ауыз үйге өтеді. Батыс жағында михрабы бар намаз бөлмесі орналасқан. Оңтүстік-шығыс бөліктегі бөлмелердің бірінде Бекет атаның қабірі бар. Қабырғаларда шырағдан қоюға арналған шағын ойықтар жасалған. Бөлмелердің пішіні дөңгелекке жақын, биіктігі шамамен 2,7–3,5 метр аралығында.
