Жылқышы Ақтайұлы және Қобдаға бет түзеген қазақ көші

196
Жылқышы Ақтайұлы және Қобдаға бет түзеген қазақ көші - e-history.kz

Алтай мен Қобда бетін жайлаған қазақ көшінің тарихы – ұлтымыздың атамекеннен тысқары аймақтарда өз болмысын, тілі мен ділін сақтап қалу жолындағы ең ауыр әрі тәуекелге бел буған кезеңдерінің бірі.

Биыл – Баян-Өлгей мен Қобда өлкесіндегі қазақтардың тарихында екі бірдей ірі тарихи оқиға қабат келіп тұр. Нақты айтар болсақ, Алтайдың арғы бетіне, яғни Монғолияның Қобда өңіріне қазақтардың жаппай қоныстана бастағанына 160 жыл және осы тарихи ұлы көштің басы-қасында болып, елді соңынан ерткен ірі қоғам қайраткері, үкірдай Жылқышы Ақтайұлының туғанына 200 жыл толып отыр.

XIX ғасырдың ортасына қарай Абақ Керей тайпалары Алтай тауының күнгейі мен теріскейін, соның ішінде Шынжаңның Алтай аймағын тұрақтап отырған болатын. Алайда, 1860-жылдардан бастап бұл аймақтағы саяси жағдай күрт өзгерді. Цинь империясының ішкі саяси дағдарысы, тайпин және дүңгендердің қанды көтерілістері жергілікті халықтың тыныш өмір сүруіне қауіп төндірді. Ел ішінде «Сары орыс», «Қызыл аяқ» деп аталған тонаушы, қарақшылық топтар қазақ ауылдарын шауып, мал-жанын талауға салды.

Осындай қысылтаяң шақта бейбіт отырған ел мал өсіруге қолайлы, қауіпсіз жаңа қоныс іздеуге мәжбүр болды. Осыдан 160 жыл бұрын, яғни 1860 жылдардың ортасында (шамамен 1864-1867 жылдары) басталған бұл қоныс аудару процесі тарихта «Қобда бетіне өту» деген атпен қалды. Бұл – бүгінгі Монғолия қазақтарының (Баян-Өлгей аймағының) негізін қалаған тарихи ұлы көш еді.

Сегіз қырлы, бір сырлы көшбасшы

Биыл туғанына 200 жыл толып отырған Жылқышы Ақтайұлы (1826-1894) қазіргі ҚХР-дың Алтай аймағы, Буыршын өлкесінде дүниеге келген. Ол — ХІХ ғасырдың екінші жартысында Монғолия жеріне қазақтарды түбегейлі орнықтыруға өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Жылқышы атамыз тек алты шеруші руының ғана емес, барша ел-жұрты сыйлаған ардақты ағасы болды.

Жылқышы Ақтайұлы жас күнінен талай рет арысқа түсіп, белдескенін алып ұрған атақты балуан атанған. Ержете келе нағыз айбынды батырға айналып, ел қорғаны болды.

Кейін әкесі Ақтайдың орнын басып, Шеруші елін ақыл-парасатпен басқарды. Ол Мәнжу-Қытай билігі тарапынан «Үкірдай» (тұтас бір аймақты басқаратын лауазым) шенін алып, елге кең қоныс әперді.

Көршілес монғол, орыс халықтарының лауазымды тұлғаларымен, Қобдадағы Мәнжу империясының көсемдері және монғол нояндарымен терезесі тең деңгейде келіссөз жүргізе білді. Осы дипломатиялық қабілетінің арқасында қазақтардың Қобда бетінде ресми, заңды түрде мекендеу құқығын қорғап қалды.

Жылқышы атамыз сезімтал, ақынжанды, сонымен бірге майталман сыбызғышы болған. Ел ішінде оның тұлғасына қатысты айтылатын көптеген деректі оқиғалар, есті сөздермен қатар, арнайы шығарылған сыбызғы күй-аңыздары да осы күнге дейін жеткен.

Жылқышы би өмірінің соңына дейін ел бірлігі мен қазақ жұртының жаңа қоныста бекем орнығуы үшін аянбай еңбек етті. Ол өз заманында Мәнжу (Цинь) империясының, Ресей патшалығының және Монғолия билеушілерінің ресми өкілдерімен хат алмасып, ішкі билікті билер соты арқылы дербес жүргізуге күш салды.

Жылқышы атамыз 1894 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағы, Сеңгіл сұмыны аумағында көз жұмды. 1996 жылы Баян-Өлгей аймағы, Ұлаңқұс сұмынының Соғақ өлкесінде Жылқышы бидің 170 жылдығына орай үлкен ас беріліп, рухына тағзым жасалды.

160 жыл бұрын басталған қоныс аудару процесі мен Жылқышы үкірдайдың ерен еңбегінің нәтижесінде Монғолияның батысында біртұтас қазақ қауымдастығы қалыптасты.

Осы ұлы көштің арқасында қазақтың байырғы табиғи болмысы сақталып, салт-дәстүрі, тілі, ақындық өнері, бүркітшілік мектебі мен сыбызғышылық дәстүрі ешқандай ассимиляцияға ұшырамай, таза күйінде бізге жетті.

Осыдан 160 жыл бұрын Жылқышы үкірдай салған саяси-дипломатиялық соқпақ негізінде 1940 жылы Монғолия құрамында негізінен қазақтар мекендейтін Баян-Өлгей аймағы құрылды.

Сол секілді тоқсаныншы жылдардан басталған Тәуелсіз Қазақстанға бағытталған «Ұлы көштің» алтын діңгегі де осы өлкеден бастау алды.

Жылқышы Ақтайұлының 200 жылдық мерейтойы мен қазақтардың Қобда бетіне қоныстанғанына 160 жыл толуы – бұл жай ғана тарих хронологиясы емес. Бұл – ұлттық бірліктің, қиын-қыстау шақта дұрыс геосаяси шешім қабылдай білудің және ата-баба аманатына адалдықтың символы.

Бүгінгі таңда Жылқышы бидің есімін ұлықтау, оның өнері мен қайраткерлігін зерттеу – Алтай мен Арқаның, Қобда мен Алатаудың арасындағы рухани тұтастықты нығайта түсетін маңызды қадам болып отыр. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз