Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында Ұлттық ғылым академиясы Білім және қоғамдық даму орталығының жетекшісі, саясаттану ғылымдарының PhD докторы Жеңісбек Төленмен сұхбаттастық. Әңгіме барысында тарихшы қазақ даласындағы құқықтық мәдениеттің ерекшелігі, жазылмаған заңдардың қоғам өміріндегі рөлі, билер институты, тәңіршілдік пен ислам сабақтастығы, құн төлеу жүйесі, әйелдің қоғамдағы орны және қазіргі құқықтық жүйенің тарихи негіздері туралы кеңінен сөз қозғады.
Жазылмаған заңдар қоғамды қалай басқарды?
Қазақ тарихында құқықтық жүйе туралы сөз болғанда көпшіліктің ойына бірден Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы немесе Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» келеді. Алайда Жеңісбек Төлен қазақ қоғамының құқықтық мәдениетін тек заңдар жинағы ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін айтады.
Оның пікірінше, көшпелі қоғамда жазылған заңдармен қатар халықтың санасына сіңген әдет-ғұрыптық нормалар, моральдық қағидалар мен қоғамдық құндылықтар қатар қызмет атқарған.
«Қазақ даласында қоғамды тек заңдар арқылы ғана басқарған жоқ. Қоғамның өзіне тән әдет-ғұрыптары, дәстүрлері, ауыздан-ауызға жеткен құндылықтары болды. Заң қоғамның тәртібін реттеп отырса, оның сыртында халықтың санасына бекіген нормалар мен ережелер өмір сүрді. Үлкенді құрметтеу, әр адамның өз орнын білуі, қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты ұстанымдар заңда жазылмаса да халықтың өмір салтына айналды», – дейді тарихшы.
Осы тұрғыдан алғанда көшпелі қоғамдағы құқықтық мәдениет қағазға түскен баптармен ғана өлшенбейді. Ол халықтың күнделікті тіршілігіне, дүниетанымына және мінез-құлқына сіңіп кеткен тұтас жүйе болатын.
«Бұл әлсіздік емес, көшпелі өркениеттің ерекшелігі»
Кейбір батыстық зерттеушілер көшпелі мәдениетті өркениет деңгейіне көтермей, жазба дәстүрі әлсіз қоғам ретінде сипаттап келгені белгілі. Жеңісбек Төлен мұндай көзқараспен келіспейді.
«Көшпелі қоғамда көптеген нормалардың ауызша сақталуы әлсіздік емес. Керісінше, бұл – көшпелі өркениеттің ерекшелігі. Өйткені олардың тұрмыс-тіршілігі, өмір салты көшпелі өмірмен тікелей байланысты болды. Сондықтан ауыз әдебиеті де, ауызша мәдениет те ерекше дамыды. Халықтың санасына сіңген құндылықтар мен нормалар жазылмаған заңдар арқылы да қоғамды реттеп отырды», – дейді ол.
Ғалым мұны қайталанбас номадтық өркениеттің бір белгісі ретінде бағалайды.
Тәңіршілдік пен ислам: қайшылық емес, сабақтастық
Сұхбаттағы маңызды тақырыптардың бірі – көшпелі дүниетаным мен ислам арасындағы байланыс болды.
Жеңісбек Төлен түркі халықтарының тәңіршілдігін қазіргі түсініктегі көпқұдайшылықпен шатастыруға болмайтынын атап өтті.
«Көшпелілерде политеизм болды деген пікірлер кездеседі. Бірақ көптеген зерттеушілер түркілерде монотеизм болғанын дәлелдейді. Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларының өзінде бір Тәңірге сену идеясы көрініс тапқан. Бір Тәңірге сену қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етті. Кейін ислам келген кезде де осы дүниетаным исламның тез қабылдануына әсер етті», – дейді тарихшы.
Оның айтуынша, ислам түркі даласына келгенде бұрынғы дүниетанымды толық ығыстырған жоқ.
«Исламды қабылдаған кезде тәңіршілдіктің кей элементтері исламмен синкреттелді. Табиғатты құрметтеу, жер мен суды кие тұту, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау сияқты ұстанымдар сақталып қалды. Бұл – бүгінгі тілмен айтқанда экологиялық сананың тарихи негізі», – дейді ол.
Ясадан «Жеті жарғыға» дейін
Қазақ құқықтық мәдениетінің қалыптасу жолын түсіндіре келе тарихшы құқықтық нормалардың эволюциялық даму кезеңдерін атап өтті.
Шыңғыс ханның «Яса» заңдарынан басталған жүйе кейін Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы арқылы дамып, Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» мемлекеттік деңгейдегі құқықтық жүйеге айналды.
«Әз Тәукенің “Жеті жарғысын” қазіргі түсінікпен салыстырсақ, мемлекеттік заң деңгейіндегі құжат деуге болады. Бұл көшпелі қоғамдағы құқықтық нормалардың эволюциялық түрде қалыптасқанын көрсетеді. Ясадан бастап Қасым хан мен Есім хан кезеңіндегі құқықтық тәжірибелер кейін “Жеті жарғыда” жүйеленді», – дейді Жеңісбек Төлен.
Билер институты – дала демократиясының өзегі
Сұхбат барысында тарихшы билер институтына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, билер халықтан бөлінген элита емес, керісінше халықтың ішінен шыққан беделді тұлғалар болған.
«Билер халықтың ішінен шықты. Олар мансап иесі немесе төре тұқымы болғандықтан емес, халықтың құрметіне ие болғандықтан би атанды. Олар шешен болды, қоғамды терең түсінді, халықтың мұң-мұқтажын білді. Сондықтан олардың сөзіне жұрт тоқтады», – дейді ол.
Жеңісбек Төлен билер институтын қазіргі тілмен айтқанда медиациялық құрылымға ұқсатады.
«Билер халық пен биліктің арасындағы көпір болды. Олар халықтың мәселесін жүйелеп ханға жеткізді, ал биліктің шешімдерін халыққа түсіндірді. Осы арқылы билік пен қоғам арасында тұрақты диалог қалыптасты. Бұл – дала демократиясының маңызды көріністерінің бірі», – дейді тарихшы.
Құн төлеу жүйесінің мақсаты – кекті тоқтату
Қазақ қоғамындағы құқықтық тетіктердің бірі – құн төлеу институты. Бүгінгі көзқараспен қарағанда бұл жүйе кейде түсініксіз көрінуі мүмкін. Алайда оның негізгі мақсаты жазалау емес, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау болған.
«Егер құн төленбесе, бір ру екінші рудан кек алады. Ол кек жалғаса береді. Сондықтан құн төлеу жүйесі екі тарапты келісімге келтіруге бағытталды. Құн арқылы дау тоқтатылып, мәселе ушықтырылмай шешілді», – дейді Жеңісбек Төлен.
Оның айтуынша, бұл жүйе қазіргі медиация институтының тарихи бастауларының бірі ретінде қарастырылуы мүмкін.
Өлімнен де ауыр жаза болған
Тарихшы көшпелі қоғамдағы жаза жүйесіне қатысты да қызықты ой айтты. Оның пікірінше, қазақ қоғамында ең ауыр жаза әрдайым өлім жазасы болмаған.
«Қазақта “Өлімнен ұят күшті” деген сөз бекер айтылмаған. Көшпелілер үшін бүкіл елдің алдында қарабет болу, абыройдан айырылу, қоғамның айыптауына ұшырау кей жағдайда өлімнен де ауыр жаза саналған», – дейді ол.
Бұл түсінік қоғамдағы қоғамдық бақылаудың қаншалықты күшті болғанын көрсетеді.
Әйелдің қоғамдағы орны туралы жаңсақ түсініктер
Соңғы жылдары қазақ қоғамындағы әйелдің тарихи орны туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Жеңісбек Төлен көшпелі қоғамда әйел тек ошақ қасында отырды деген пікірді жаңсақ түсінік деп есептейді.
«Әйел тек үй шаруасымен айналысты деу дұрыс емес. Ол ұрпақ тәрбиеледі, құндылық қалыптастырды. Қазақ тарихындағы көптеген тұлғалардың қалыптасуына аналар мен әжелер ықпал етті. Абайдың тұлға болып қалыптасуына Зере мен Ұлжанның әсерін еске алсақ та жеткілікті», – дейді тарихшы.
Оның айтуынша, көшпелі қоғамда әйел мен ердің қызметі әртүрлі болғанымен, қоғамдағы маңызы тең дәрежеде қарастырылған.
Заң халықтың құндылықтарына сүйенуі керек
Сұхбат барысында қазіргі құқықтық жүйе мәселесі де қозғалды.
Жеңісбек Төлен француз ойшылы Монтескьенің пікіріне сүйене отырып, кез келген заңның өміршеңдігі халықтың мәдениеті мен құндылықтарына байланысты екенін айтты.
«Кез келген мемлекеттің заңдары сол халықтың дәстүріне, мәдениетіне, құндылықтарына негізделуі керек. Сонда ғана заң өміршең болады. Біз де құқықтық нормаларды қалыптастырғанда өзіміздің тарихи тәжірибемізді, құқықтық мәдениетімізді ескергеніміз жөн», – дейді ол.
Тарихшы қазіргі медиация институтын дамытуда да билер институтының тәжірибесін ескерудің маңызы зор екенін атап өтті.
Алтын Орда мұрасы әлі толық зерттелген жоқ
Симпозиумның басты тақырыбы болған Алтын Орда мәселесіне тоқталған ғалым бұл мемлекетті әлі толық зерттеп болдық деуге ерте екенін айтты.
Оның пікірінше, Алтын Орда тек әскери немесе саяси құрылым емес, өзіндік құқықтық жүйесі, басқару дәстүрі, қоғамдық институттары қалыптасқан ірі мемлекет болды.
Сондықтан бүгінгі Қазақстанның құқықтық мәдениеті мен мемлекеттік дәстүрлерін зерттегенде Алтын Орда мұрасын айналып өту мүмкін емес.
Жеңісбек Төленнің пайымдауынша, қазақ қоғамының құқықтық мәдениетін түсіну үшін тек заңдарға қарау жеткіліксіз. Өйткені Ұлы далада қоғамды ұстап тұрған күш қағазға түскен баптар ғана емес, халықтың санасына орныққан құндылықтар, қоғамдық жауапкершілік, абырой, сенім және әділет ұғымдары болған. Дәл осы қасиеттер көшпелі өркениеттің өміршеңдігін қамтамасыз етіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани әрі құқықтық сабақтастықтың негізіне айналды.