Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген, Қаһарман Мұқашұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітап негізінде желілес беріліп келе жатқан мақаламызды жалғастырамыз. Бұл жолы Чянлұңның 21-жылы 3-айдың 1-күніне, яғни 1756 жылғы 1 наурызға қатысты Абылай ханға арнайы жолданған жарлықты талдап көрмекпіз. Бұл құжатта Чиң империясының Қазақ хандығына қатысты ұстанымы бұрынғыдан да ашық әрі қатаң сипат алып, Әмірсана мәселесі қазақ-чиң қатынасының ең күрделі түйініне айналғаны анық байқалады.
Чянлұңның 21-жылы 3-айдың 1-күні
(1756 жылы 1 наурыз)
Қазақ ханы Абылайға: соңғы жылдары Жоңғарларды бүлік жайлап, бір-бірімен қырқысу салдарынан Ойрат жұрты торғайдай тозып, кіріптарлыққа ұшырап, ел болудан қалған еді. Мен күллі аспан астының әміршісі ретінде бұған қол қусырып қарап отыра алмай, көктің атынан жаза жорығын жасап Ілені бейбіт күйге келтірдім, оларды көсегесін көгертіп бақытқа кенелттім. Бейбітшілікті баянды ету үшін кейінгі істерді кезегімен тындырар тұста, опасыз Әмірсана ойда-жоқта бүлік шығарып әбден әлінен асты. Сондықтан генерал, амбандарыма қол бастап оны суыт қуғындауды бұйырдым. Оның үстіне Жоңғар тайпаларының тәйжі, жайсаңдары да қол құрап оны ұстауға жұмылды. Қазір қару көтеруге қауқары қалмаған, елінен де біржола түңілген Әмірсананың шығанға шырқап, қазақ еліне барып паналағанында дау жоқ. Қылмысы бастан асқан қарақшыны қашып қайда барса да бәрібір ұстап жазалаймыз. Оның құтылуы мүлде мүмкін емес. Абылай, сіздің Чиң әулетіне бағынатыныңызды білдіріп, амандасуға арнайы елші жібергеніңізден адалдығыңызды байқап едім. Бірақ, қарақшының (Әмірсананың) орта жолдағы кедергісінен құзырымызға келе алмағаныңызды білем. Бұл қарақшының арамза сұрқиялығына келсек, оның құлқы сіздерге мәлім болса керек. Оны әсте қанат астына алушы болмаңыз. Егер ол қарақшыны қолтыққа алар болсаңыз, ұлыстарыңызға пайдасы емес, кесірі ғана тиеді. Кезінде Ғалдан Черіңнің тұсында сіздер Жоңғармен шектескен ұлыс ретінде олардан көп жәбір көргенсіздер. Жоңғарды ішкі қырқыс әбден әлсіреткен соңғы кездері ғана қайта ес жиып өркендей бастадыңыздар. Бұл күнде батыс өңірдегі ұлыстар түгел біздің иелігімізде. Опасызды қолтыққа алғандарыңызбен, Жоңғар жұртынан Әмірсананың тілеуін тілейтін бірде-бір адам шықпайды. Көптің көзіне топырақ шашқан жарамас. Бір адамды деп жауды көбейтіп алмаңыз. Оның үстіне, жер қайысқан ауыр қолымыз дәл іргеңізде тұр. Олар қашқынды ұстау үшін жеріңізге басып кірер болса, ұлысыңыз береке таба алам ма? Оның арты орны толмас өкініш деген сөз. Пайда-зиянын құнттап ойланарсыз. Ал егер жарлығымды бұлжытпай орындап, Әмірсананы ұстап берсеңіз, менің мәңгі жарылқауымда боласыз. Қалай да мұқият толғанғаныңыз жөн!
(508-бума, 4-6-беттер)
**
1756 жылғы 1 наурыздағы бұл жарлық — Чиң сарайының Абылай ханға тікелей бағытталған ең ашық әрі салмақты саяси үндеулерінің бірі. Бұған дейінгі жазбаларда Чянлұң сарайы қазаққа көбіне жанама түрде жасауылдар, елшілер, шекаралық қолбасшылар арқылы сөйлеп келген еді. Ал мына құжатта императордың сөзі тікелей Абылайдың өзіне қарата айтылып отыр. Өйткені 1755 жылдың соңына қарай Чиң сарайы қазақпен дипломатиялық байланыс орнатып үлгерді, Абылайдың елшілік жібергенін “адалдықтың белгісі” ретінде қабылдады, енді сол байланысты нақты саяси талапқа айналдыруға көшкен.
Жарлықтың алғашқы бөлігінде Чянлұң Жоңғарияның күйреуін өзінің “аспан астының әміршісі” ретіндегі әрекетімен байланыстырады. Мұнда ол Жоңғар хандығының ішкі қырқыс салдарынан әлсірегенін, ойраттардың “торғайдай тозып” ел болудан қалғанын айтып, Ілені “бейбіт күйге келтіргенін” мәлімдейді. Бұл Чиң империясының дәстүрлі саяси риторикасы еді. Яғни жорық жаулап алу емес, “тәртіп орнату”, “бейбітшілік әкелу” ретінде көрсетіледі. Бұған дейінгі 1755 жылғы маусым және қыркүйек жазбаларында да Чянлұң өзін Жоңғарияға тыныштық орнатушы күш ретінде сипаттағаны бар. Бірақ бұл жолы сол риторика тікелей Абылайға бағытталып отыр. Мұндағы мақсат айқын, яғни Чиңнің Жоңғариядағы үстемдігін заңды әрі табиғи құбылыс ретінде қазаққа мойындату.
Жарлықтағы келесі маңызды тұс Әмірсананың толықтай “қарақшы”, “опасыз”, “сұрқия” ретінде сипатталуы. Бұл жерде Чиң сарайының Әмірсанаға деген көзқарасы түбегейлі өзгергені анық көрінеді. 1755 жылдың басында ол Чиң үшін Давачиге қарсы пайдаланылатын маңызды тұлға еді. Тіпті кейбір жарлықтарда оның қазақтармен қоңсылас болуға ұмтылғаны, Тарбағатайды мекендеуді көздегені айтылған. Бірақ сол кезде-ақ Чянлұң оны толық сенімді адам ретінде қабылдамаған. 29 ақпандағы жарлықта император Әмірсананы жеке хан етіп күшейтуге қарсы екенін ашық жазған еді. Ал енді, міне, 1756 жылдың көктеміне қарай ол толықтай империяның басты жауына айналып отыр.
Жарлықтағы “қару көтеруге қауқары қалмаған, елінен де біржола түңілген Әмірсананың қазақ еліне барып паналағанында дау жоқ” деген жолдар сол кездегі саяси ахуалды айқын көрсетеді. Әмірсана бұл тұста Чиңмен ашық текетіреске шығып, Жоңғария ішіндегі тірегінен айырылып, енді қазақ даласын ықтимал саяси және әскери пана ретінде қарастыра бастаған. Чиң сарайы үшін бұл аса қауіпті жағдай еді. Өйткені бұған дейінгі жазбаларда қазақтың Әмірсанаға ықтимал қолдау көрсету мүмкіндігі бірнеше рет күдік ретінде айтылған болатын. Енді ол күдік нақты қауіпке айналған.
Сондықтан жарлықтың негізгі өзегі Абылайды Әмірсанадан алыстату екені анық байқалады. Чянлұң бұл жерде дипломатиялық жұмсақтықтан гөрі, саяси қысым мен ескертуге көбірек көшеді. Ол Абылайдың бұрын елші жібергенін еске алып, “адалдығын” мойындайды. Бұл жай мақтау емес, психологиялық тәсіл. Яғни император: “сен бұған дейін дұрыс бағыт ұстандың, енді сол жолдан тайма” деген ойды алға тартады. Сонымен қатар қазақ елшілігінің Бейжіңге жете алмай қалуын Әмірсананың “орта жолдағы кедергісімен” байланыстырып, бүкіл кінәні соған аударады. Мұның астарында тағы бір маңызды мақсат жатыр. Ол болса қазақ-чиң қатынасының бұзылуына кінәлі тарап қазақ емес, Әмірсана екенін көрсету еді.
Жарлықта Абылайға жасалған ашық ескерту де жасалады. Чянлұң: “Оны әсте қанат астына алушы болмаңыз” дейді. Бұл дипломатиялық ишара емес, нақты талап деуге болады. Одан кейінгі сөйлемдер тіпті қатқыл: егер Әмірсананы қолдасаңыздар, оның пайдасынан гөрі кесірі тиеді; бір адам үшін жауды көбейтпеңіздер; жер қайысқан ауыр қолымыз дәл іргеңде тұр дейді. Мұнда Чиң сарайы алғаш рет қазаққа қатысты әскери қысымды ашық түрде дипломатиялық аргументке айналдырып отыр. Бұған дейінгі жазбаларда да шекара бұзылса жаза жорығы болатыны айтылған еді, бірақ бұл жолғы мәтінде мәселе әлдеқайда тікелей қойылған, яғни Әмірсананы бермесеңіздер, Чиң әскері қазақ жеріне кіруі мүмкін дегенді тұспалдайды.
Бұл жерде Чянлұңның сөз саптауы өте есепті. Ол бірден қорқытып бастамайды. Әуелі Абылайдың адалдығын мақтайды, қазақтың Жоңғардан көп жәбір көргенін еске салады, жоңғар әлсірегеннен кейін ғана қазақтың қайта күшейе бастағанын мойындайды. Қарап отырсаңыз, бұл Абылайдың тарихи жадын қозғау амалы. Яғни император қазақтың жоңғарға деген өшпенділігін пайдаланып отыр. “Сіздер кезінде Ғалдан Черіңнен жапа шектіңіздер, енді сол Жоңғардың қалдығын қорғап не қыласыздар?” деген астар байқалады. Бұл өте шебер құрылған саяси шырға деуге болады.
Сонымен қатар жарлықта Чиңнің Жоңғарияға толық үстемдік орнатқанын бірнеше рет қайталау да бекер емес. “Бұл күнде батыс өңірдегі ұлыстар түгел біздің иелігімізде” деген сөйлем арқылы император Абылайға жаңа күш тепе-теңдігін мойындатуға тырысады. Яғни енді Жоңғария тәуелсіз аралық аймақ емес, Чиң бақылауындағы кеңістік. Сондықтан Әмірсананы қолдау тек бір адамды паналату емес, Чиң билігіне қарсы шығумен тең деген ойын астарлап жеткізеді.
Жарлықтағы “жер қайысқан ауыр қолымыз дәл іргеңізде тұр” деген тіркес те аса маңызды. Бұл жай сес көрсету емес, нақты әскери шындық еді. 1755-1756 жылдары Чиң армиясы Іле мен Жоңғарияда өте ірі әскери күш шоғырландырған болатын. Сондықтан бұл сөз құр қорқыту емес, Абылай жақсы түсінетін нақты күш балансы туралы ескерту. Чянлұң қазаққа: “Жоңғария енді сендердің батыстағы әлсіреген көршілерің емес, біздің әскери аймағымыз” дегенді ашық аңғартып отыр.
Дегенмен жарлық толықтай қоқан-лоқыдан тұрмайды. Соңында император: “Егер Әмірсананы ұстап берсеңіз, мәңгі жарылқауымда боласыз” деп жұмсақтаған сыңай танытады. Бұл Чиң дипломатиясының дәстүрлі “қорқыту мен марапатты қатар қолдану” тәсілі. Бір жағынан әскери қысым көрсетіледі, екінші жағынан тиімді ұсыныс жасалады. Бұған дейінгі жазбаларда да “жарылқау”, “шен-лауазым”, “қоныстан айырмау” сияқты уәделер айтылған еді. Енді сол саясат нақты шартқа айналған, яғни Әмірсананы тапсырсаң — сый-құрмет бар, тапсырмасаң — ауыр қол бар.
Бұл жазбаны 1755 жылғы құжаттармен байланыстыра қарасақ, үлкен саяси эволюция анық көрінеді. Жыл басында Чиң сарайы қазақты Жоңғария төңірегіндегі әскери фактор ретінде бақылап отырды. Кейін Абылайға жарлық жолдап, шекараны бұзбауды талап етті. Қыркүйек пен желтоқсанда қазақ елшілігінің Бейжіңге жетуі мен Абылайдың “адалдығы” оң бағаланды. Ал 1756 жылдың наурызында мәселе жаңа деңгейге шықты: енді Чиң сарайы қазақпен тек бейбіт байланыс орнатуға емес, оны өз геосаяси мүддесіне сай нақты таңдау жасауға итермелейді. Сол таңдау Әмірсана мәселесі еді.
Бұл құжат Абылай ханның сол кезеңдегі жағдайының қаншалықты күрделі болғанын да көрсетеді. Бір жағынан, ол Жоңғариядан қашқан Әмірсана секілді тұлғаларды бірден ұстап беруге асықпауы мүмкін. Өйткені дала дәстүрінде пана сұраған адамды қорғау ұғымы бар. Екінші жағынан, қарсы алдында Жоңғарияны жаңа ғана бағындырған алып Чиң империясы тұр. Сондықтан Абылай үшін бұл жай бір адам тағдыры емес, Қазақ хандығының сыртқы саяси бағытын анықтайтын өте күрделі таңдау болатын.
Түйіндей айтқанда, 1756 жылғы 1 наурыздағы бұл жарлық — қазақ–чиң қатынасының ең шиеленісті кезеңдерінің бірін көрсететін маңызды құжат. Мұнда Чиң империясы алғаш рет Абылай ханға тікелей әрі ашық қысым жасап, Әмірсана мәселесінде нақты ұстаным талап етеді. Сонымен бірге бұл жазба Жоңғария құлағаннан кейінгі жаңа геосаяси шындықты да айқын көрсетеді: енді Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасына бөгет болып тұрған Жоңғар мемлекеті жоқ, ал екі жақтың қатынасы тікелей саяси, әскери және дипломатиялық есепке құрылған жаңа кезеңге өткен.
***
- Мәртебелі мансаптар
- Чянлуң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 29 ақпан
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 1 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 6 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 10 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 ж 8 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 9 наурыз
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 17 маусым
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 29 маусым
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 11 желтоқсан
- Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1756 жылы 1 наурыз